Сенбі, 27 Сәуір 2024
Не дейді?! 6687 20 пікір 8 Желтоқсан, 2021 сағат 13:34

Машкевич тағы да қазақ байлығына ауыз салмақ па?

Естеріңізде болса, 21 қыркүйек күні Abai.kz порталында «Меморандум мәтіні: Сбер дауына Машкевичтің не қатысы бар?» атты мақала жарияладық. Біраз адам оқыды, пікірлесті. Мамин деген майтабан тізгінін ұстаған қазақ Үкіметі биыл ешкімге ескертпестен, ешкіммен ақылдаспастан, қоғамдық талқылау өткізбестен, «айттым бітті, кестім үзілдіге» салып, Ресейдің Сбер компаниялар тобымен меморандум жасасты. Оған бас емес, Ресей мен Қазақстан президенттері куә болды.

Қазақстанның «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасайтыны туралы ақпарат қоғамда біраз талқыға түсті. Ол не меморандум, оның жай-жапсары қалай екенін тәптіштеп тұрып жаздық. Сөз қайталамайық...

Үкіметтің өзімбелімдікпен қабылдаған бұл шешіміне қоғам һәм аталған сала мамандарының наразылығы бір бөлек, аталған келісімге қазақтың қазба байлығына қарық болып, тесік қалталарын томпайтып, ақырында тайып тұрған Еуразиялық үштіктің қатысы бар болып шықты...

Қазақстан Үкіметі мен Сбер компаниялар желісі арасында жасалған меморандумда Сбер қазақстандық «BTS Digital» ЖШС-ны стратегиялық әріптес ретінде таңдап алғаны анық жазылған. BTS Digital-дың жалғыз құрылтайшысы –  «Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership» компаниясы. Бұл да ашық дереккөздерінде бар ақпарат. Ал бұл компанияның қожайындары әйлігі Еуразиялық үштік – Александр Машкевич, Патох Шодиев және марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов.

Бұл бір деңіз... Сбер мен жасалған меморандумға қатысты қоғам қарсы дауыс көтергенде жас министр, жауапты саланы басқарып отырған Бағдат Мусин сөзсайысқа шықты. Ол да жарытып жауап берген жоқ. Facebook-те бірлі-жарым жазба жариялады. Сөзін өткізе алады деген төрт-бес блогерді шақырып, соларға меморандум жайын түсіндірді. Сонымен бұл тақырып жылы жабылып бара жатқан еді.

Әлгінде, «ulysmedia.kz» сайты Машкевичтерге қатысты тағы бір сұмдықтың бетін ашты. Жоғарыда айттық, Қазақстанның болашақ цифрлық трансформациясымен «Сбер» компаниялар тобы айналысатыны белгілі. Ал стратегиялық әріптес ретінде – «BTS Digital» ЖШС айқындалған. Бұл компания «Eurasian Resources Group (ERG)» еншілес құрылымы. «ERG» болса ресейлік қаржы конгломераты – «Сбербанк» ЖАҚ алдында белшеден қарыз екен. Қараңыз:

Қарызға батқан Машкевич

2011 жыл. «ВТБ-ның» Кипрлық еншілес ұйымы Машкевичтерге тиесілі «ERG-ге»  – 1 млрд доллар қарыз берген. Пайыздық мөлшерлемесі 6,1 пайыз. Бұл сома 2014 жылы 7,5% мөлшерлемесімен қайта қаржыландырылған.

2012 жыл. «Сбербанк» «ERG-ге» 2012 жылы 2 млрд доллар қарыз берген. Пайызы - 6,3%. Олардан бөлек, елішілік һәм Халықаралық қаржы ұйымдарынан алған қарыздары тағы бар.

2013 жылы «ERG-дің» жалпы қарызы 6,2 миллиард доллар деп есептелген.  2011-2012 жылы Ресейден алған ақшаға ERG көмір және металлургия активтерін сатып алыпты.  Ал 2016-2017 жылдары Ресей банктеріне берген несие төлемдері 200 млн долларға төмендеген-мыс.

2016 жылы «ERG-дің» негізгі кредиторлар – «ВТБ» мен «Сбербанк» алдындағы қарызы 5,8 миллиард долларға жеткен. Сол жылы «Тау-кен металлургия компаниясының» баспасөзі «ВТБ» және «Сбербанкпен» 2020 жылға дейін кредиттерді қайта қаржыландыру туралы уағдаласқаны туралы жазды.

2018 жылы «ERG» 350 млн доллардан астам сомаға жаңа ұзақ мерзімді банктік несие алыпты. Сол жылы тамызда «Moody's» халықаралық рейтинг агенттігі «ERG-дің» қарызы 7,8 млрд доллар болғанын мәлімдеген.

2019 жыл. «S&P Global Ratings» халықаралық рейтинг агенттігі «ERG-дің» дефолтқа ұшфрауы мүмкін екенін болжап айтқан. Себеп – компанияның көрсеткіштері түсіп, қарызы көбейген.

«ERG-дің» екі негізгі несие берушісі  («Сбербанк» пен «ВТБ») компанияға қолдау көрсетуде. Алайда, егер «ERG-дің» операциялық қызметінің көрсеткіштері төмен болып қала берсе, «ERG» бұл қолдаудан айырылуы мүмкін. Ондай жағдайда дефолтқа ұшырауы ықтимал», - делінген.  Сөйтіп, «ERG-дің» қарызы 8,4 миллиард долларға жуықтағаны айтылған.

Сол жылы «Сбербанкпен» арада 700 млн доллар шамасында қайта қаржыландыру туралы келісім жасалған. Басқа да кредиторлардан 300 млн доллар тағы несие алынған. Ал «ВТБ» 2022 жылға дейін тағы 3 млрд доллар мөлшеріндегі ьерешекті өтеу мерзімін ұзартқан.

2020 жылы «ВТБ» және «Сбербанкпен» кредиттік келісімдер бойынша қарызды өтеу кестесін қайта қараған. Екі банкпен де пайыздық мөшлерлемелерді сәл де болса азайтуға келіскен және «ВТБ» алдындағы борыштық міндеттемелерді өтеу мерзімін 2030 жылға дейін ұзартқан.

Қысқасы әлгі біздің әккі үштікке тиесілі «ERG» Ресейдің «Сберіне» белшесінен қарыз. Және оны уақытылы төлей алмай, жылдан-жылға ұзартып келеді, әне.

Осы тұста, Қазақстан Үкіметінің: «өзгенікі бор екен, орыстыкі зор екен», - деп жүріп, жасасқан меморандумында басқа-басқа емес, дәл жаңағы балағынан басына дейін қарызға батып отырған Еуразиялық үштікке тиесілі, ERG-дің еншілес компаниясы болып табылатын «BTS Digital» ЖШС-ның таңдалып алынуы көп күдікке жетелейді!

«Ulysmedia.kz» сайты: «Бұл сәйкестік пе? «ERG-ге» несие беруші немесе несие берушілер («Сбербанк» пен «ВТБ») әлгі миллиардтаған қарызды төлеудің орнына компанияға тиесілі активтерді беру туралы шарт қоюы мүмкін бе? «Сбербанк» «ERG-дің» негізгі кредиторы екенін және компания өзінің кредиторларына қомақты сома – миллиардтаған доллар қарыз екенін ескерсек, сол қарызды, халық даналығында айтылғандай, күліп алып, жылап береді емес пе?», - деп сұрайды.

Сұрақ өте орынды! Өйткені «Eurasian Resources Group» әлемдік нарықта табиғи ресурстарды өндіру һәм өңдеумен айналысатын ірі компания. «ERG-дің» ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, аталған компания дәл қазір Қазақстанда: «Қазхром»ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ), «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ), «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір», АҚ «3-Энергоорталык»АҚ, «ТрансКом» ЖШС,«3-Энергоорталық» АҚ және «ERG Service» АҚ өндірістік активтеріне егелік етіп отыр.

Енді заңды сұрақ: Неге «Сбердің» таңдауы дәл «BTS Digital» ЖШС-ға түсті? Бішкекте биотуалет салып жүріп, ақыры салпаң етіп Қазақстанға қашып келген, аз уақыттың ішінде Қазақстанның алюминий өндірісін бауырына басып, әлем алпауыттарының қатарына қосылып, әбден байыған, Қазақстанның қазба байлығына қожалық жасап жүріп, жер бетіндегі аса ірі байлардың тізімін жасап отыратын «Forbes» журналының  тұрақты кейіпкеріне айналған, Шодиев, Ибаргимов пен бірігіп «Еуразиялық топ» құрып, қазақ билігінің «спонсоры» болған, кейін өз туған ұлты төбесіне титтей тақия кигізіп, шақырып алған (Израиль азаматы) Александр Машкевич деген жөйттің не ойлағаны бар?.. Сұрақ көп, күдік көп. Ал Үкімет ше? Үкімет үндеместің дәрісін ішіп алған... Қазаққа қатысты шешімді қазақсыз қабылдай береді. Қоғамдық талқылау жасауға құлықсыз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

20 пікір