Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4872 46 пікір 3 Желтоқсан, 2021 сағат 13:49

«Нұр Отандағы» ауыс-түйіс - билік транзитінің жалғасы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы мемлекеттік билік тізгінін қолына алды. Екі жыл ішінде Президент билікті нығайту және қоғамды реформалау жұмыстарын іске асырды.

Президенттің қоғамдық өмірімізге шұғыл енгізген екі жаңалығын атап өткен дұрыс, ол – саяси реформалар және халық үніне құлақ асатын мемлекет принципі. Аталмыш өзгерістердің барлығы да Президенттің жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында іске асты. Саяси реформалар да біртіндеп іске асып жатқанын әділдік үшін айтқан дұрыс. Ауыл әкімдерін сайлау, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлау процесі іске асады. Митингке шығып, ой еркіндігін білдіру үшін енді рұқсат емес, митинг өтетіні жайлы ынталы топ жергілікті әкімдікке ескерту жазса жеткілікті. Сайлау мен саяси белсенділікті арттыратын партияларды тіркеу үшін 40 мың қолдан 20 мың қолға дейін түсіру, парламенттік сайлаудағы межені 7%-дан 5%-ға түсіру сынды өзгерістер болды. Бірақ ел арасында билік транзиті әлі аяқталмады деген де сөз бар.

23 қараша күні «Нұр Отан» партиясының жиыны өтті. Бұл жиынды шын мәнінде тарихи деп атаса болады. Себебі жиында партия төрағалығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілетіні анық болды. Партия съезінде Президент партия төрағалығын қабылдайды, съезд дәстүрлі форматта көктемде өтуі тиіс. Әрине съезде төрағаны анықтау үшін дауыс беріледі, дейтұрғанмен Президентті кандидат ретінде ұсынған Елбасының ұсынысы толық қабыл боларына күмән жоқ.

Президенттің партия төрағалығын қолына алуы нені білдіреді? Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктердің 71%-ы «Нұр Отан» партиясынан. Яғни бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарын толықтай өз қолына алды деген сөз. Бұдан былай Президентке барлық аймақ пен аудан, өңір басшылары партия Жарғысы бойынша да есеп беруге міндетті. Ал Президенттің алдында партияға жаңа импульс беру міндеті тұр. Еліміздегі коронадағдарыстан кейінгі әлеуметтік жағдайдың нашарлауы мен экономикалық доғарыс бас партияға деген сенім капиталын төмендетті. Президент аталмыш капиталды нақты істермен қалыптастыруға барын салады деуге негіз бар.

Өткен жылы Президент Қазақстан Халқы Ассамблеясының да тізгінін қолға алған еді. Бұл да саяси маңызы бар қадам. Осы арқылы ол еліміздегі 5 млн-нан астам этнос өкілдерінің де сеніміне ие болды, оның үстіне халықтар ассамблеясы Парламентте 9 депутаты бар орган екенін ескерсек, саяси салмағының да басым екенін түсіну қиын емес.

Президенттің партия төрағалағын алатыны белгілі болғаннан кейін, Алматы облысының әкімі А. Баталовты өз қызметінен босатты. Баталов жиырма жыл бойы аталмыш өңірді басқарды және оны алып, орнына Қ. Бозымбаевты қоюы шын мәнінде маңызды шешім. Алматы облысы еліміз бойынша тауар айналымы ең көп және қаржылық тұрғыдан аса ауқатты өңір. Қорғас кедені арқылы өтетін тауар айналымы бірнеше млрд долларды құрайды және шындығына келгенде өңірде көлеңкелі экономика да басым. Энергетика саласын басқарған Бозымбаев көлеңкелі экономика мәселесін реттеп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барын салуы тиіс. Ал ең басты міндеті млрдтап кіріп, бір тиын болып қазынаға түспей жатқан салықсыз сауда жүйесін жоюы қажет.

Аталмыш өзгерістердің барлығы да елімізде билік транзитінің өткенін білдіреді. Елбасы және Президент арасындағы өзара сабақтастық қандай да бір саяси қақтығыссыз, ақыл мен парасат деңгейінде болды деуге негіз бар.

Сонымен, Қазақстанда биліктің өтпелі кезеңі осымен аяқталды ма? Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі позициясының күшейе түсуі нені білдіреді? Біз осы сұрақтардың жауабын белгілі саясаттанушылардың аузынан естігенді қаладық.

Самат Нұртаза, саясатанушы:

–  «Нұр Отан» партиясының жетекшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткені, менің ойымша заңды үрдіс. Елбасы бастаған партияның Президентке берілуі заман талабы, әрі партия мен Президенттің билігі күшейе түседі деп ойлаймын. Бұл – тек қана позитивті құбылыс. Саяси өзгерістер күтеміз. Мүмкін Үкімет ауысатын шығар. Бұл ерте ме кеш пе болатын нәрсе. Лайықты адамдар министрлікке тағайындалып экономикамызды, белең алған короновирус ауруын жеңіп қоғамда тұрақтылық, ертеңгі күнге деген сенім пайда болса, ең басты орындалған мақсат сол деп ойлаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі халықтың экономикалық, әлеуметтік-саяси өмірінде біраз оң өзгерістер орын алды. Мысалы, Ұлттық Кеңестің, Реформалар агенттігінің құрылуы, аудан әкімдерін сайлау мәселесінің алға шығуы – біздің қоғамның демократизациялану көрсеткіші. Бұл жерде ешкім де Қазақстанды тотолитарлы-диктаторлық мемлекет деп санап жатқан жоқ. Керісінше бүкіл либералды-демократиялық мемлекетке тән нышандар біздің мемлекетте бар. Дін бостандығы, сөз бостандығына арналған реформалар жүргізілуде. Президент билікке келгеннен кейін «Жусан операциясы» ұйымдастырылып, діни радикализмге уланған бірталай қандастарымызды елге қайтарды. Бұл да Қазақстан Республикасының күш-қайратын көрсетті. Иракта болсын, Сирияда болсын қалған азаматтарды сыртқа тастамайды, оларды қорғай алады деген месседж қалдырды.

Казбек Майгелдинов, саясаттанушы:  

–  Жақын арада «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Аталмыш отырыста Елбасы партия төрағалығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдады. Жалпы, 2019 жылдан бері саяси транзит өтіп жатыр. Сондықтан бұл оқиғаны сол саяси транзиттің тағы да бір заңды жалғасы деп есептеуге болады. Бұған дейін Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясын Президентке берген болатын. Осы үрдістердің хронологиясын қарап отырсақ, бұл бүгінгі Қазақстандағы бейбіт түрдегі саяси транзиттің нақты көрінісі болса керек. Тоқаевтың партиядағы жетекші тұлғаға айналуы оған, яғни  Президентке беріліп жатқан құзіреттің кеңейтілгенін көрсетеді. Өйткені, бүгінгі таңда «Нұр-Отан» партиясы – 2021 жылы өткен сайлау жеңісінен кейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында өңірлерде, әрбір министрлікте 14-тен астам Республикалық қоғамдық кеңес құру арқылы осы бағдарламаның жүзеге асуын қадағалап отырған саяси орган. Міне осыдан-ақ,  Президенттің құзіретінің күшейгенін көруге болады. Үкіметпен қоса, осы бағдарлама бірлесе жүзеге асып жатыр. Бұл қосымша қадағалау құралы пайда болды деген сөз. Одан кейін, әрине, Президенттің «Нұр Отан» партиясының төрағалағына өтуі алдағы уақытта саяси науқандарда Тоқаев партия төрағасы ретінде өз кандидатурасын да  ұсынуға  мүмкіндік алып отыр. Негізгі өзгерістерді біз қазіргі таңдағы Мемлекет басшысы екі жыл бойы жүргізіп отырған ауқымды саяси реформалардың одан әрі жалғасатынынан көре аламыз.

Елдегі көппартиялық жүйенің дамуына Президент баса назар аударып отыр. Мәселен, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Партиялардың сайлау науқанының нәтижесіне орай Заң шығарушы органға өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді, «барлығына қарсымын» деген сайлау парақшаларында жазу пайда болды. Сонымен қатар, жастар мен әйелдерге 30 пайыз квота берілгені сияқты өзгерістердің өзі Президенттің жүйелі түрдегі көппартиялықты дамытуға қосып жатқан үлесі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігіне келгелі екі жылдан асты. Негізгі өзгерістер ең алдымен, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын атап өтуге болады. Мұндағы Президенттің басты мақсаты халық пен билік арасындағы диалогты нығайтуға арналған. Осы бағытта 2019 жылы Президент жанында Ұлттық Кеңес құрылды. Оның қазірге дейін алты отырысы өтті. Кеңес құрамына еліміздің белсенді қоғам қайраткерлері қосылды және Ұлттық қоғамдық кеңес аясында ұсынылған көптеген саяси өзгерістер шын мәнінде жүзеге асты. 30-дан астам заңға өзгерістер енгізілді. Соның ішінде «Бейбіт шерулер туралы» заңға өзгеріс енгізіліп,  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды.  Елдің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, пандемия кезіндегі ауыртпашылығын төмендетуге байланысты, тұрмысы төмен отбасылардың несиесін кешіруге байланысты жарлыққа қол қойылған болатын. Сонымен қатар, ел азаматтарының өздерінің зейнетақы қорының қандай да бір бөлігін қолдануға рұхсат берілді.

Ең маңызды оқиғалардың бірі – жер мәселесінің шешілуі. Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмайтыны туралы толықтай жер комиссиясының шешімі қабылданған болатын.

Бүгінгі күнгі саяси өзгерістердің оң бағыты ретінде ауыл, аудан әкімдерінің тікелей сайлауы туралы шешім қабылданды. 800-ден астам ауыл әкімі тікелей сайлаудан өтті. 2024 жылдан бастап аудан әкімдері, одан әрі облыс әкімдеріне дейін тікелей сайлау өтетін болады. Бұл Президенттің жергілікті өзін-өзі басқару жаңа концепциясының қабылдануына орай жасалып отырған шаралар. Осындай батыл реформалар жүргізу арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы оң өзгерістерге тікелей септігін тигізіп отыр. Біз сондықтан Тоқаев қолға алған саяси реформалар тек қана оң нәтижегеге жеткізеді деп сенеміз.

Abai.kz

46 пікір