Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 3568 14 пікір 2 Желтоқсан, 2021 сағат 16:27

«Орыс тілі арқылы әлемдік біз әлемдік мәдениетке жеттік»

Бірінші желтоқсан «Тұңғыш Президент күніне» орай еліміздің мемлекеттік телеарналарында «Qazaq: алтын адамның тарихы» атты деректі фильм көрсетіле бастады. Картинада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан америкалық режиссер Оливер Стоун сұхбат алады.

Сегіз сағатта Қазақстанның 30 жылдық тарихынан һәм өзінің билік басында жүріп атқарған жұмыстарына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев тағы қандай мәліметтермен бөлісті? Аз-кем шолу жасап көрдік.

Горбачев пен Ельциннің ерегесі

Нұрсұлтан Назарбаев Совет одағының тарауы туралы еске алып, Горбачев пен Ельцин арасындағы текетірес туралы айтты.

«Горбачев менен 10 жас үлкен болатын, бірақ біз бір заманның ұрпағымыз. Бір саяси тәрбиені көрдік. Біз бір-бірімізді танитынбыз. Бір жүйеден шықтық. Бір қызығы, Ельцин менімен дос болғысы келді және шынында да біз жақсы араластық. Мен олардың арасындағы келіспеушілікті көріп, татуластырығым келді», - дейді Назарбаев.

Әрі қарай:

«Кеңес одағының ыдырау кезі. Субъективті. Горбачев пен Елциннің арасында аяқ-асты от тұтанды... Горбачевтың шақыртуымен Ельцин Мәскеуге барды. КОКП ОК хатшысы. Бірақ ол Саяси Бюроның мүшесі боламын деп ойлады. Бірақ Горбачев оны ол жаққа сайламады. Ол өте тәкаппар адам еді. Бұл оның намысына тиді. Оның наразылығын оппозиция пайдаланды. Сөйтіп Горбачевтан Елцинді ажырата бастады», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаев Горбачев пен Ельциннің бір-біріне шын қарсылығын Горбачевтың кабинетіне Ельцин кіріп келіп, қатқыл үнмен сөйлесе бастағынан көрген. Ельцин: «Мен сенің орныңда отыратын болам», - десе, Горбачев: «Мен әлі де Президентпін», - деп жауап берген. Ельцин: «Әзірге!», - деп шығып кетеді. Оның бар арманы Горбачевты құлату болды деп еске алады экс-президент.

«Орыс тілі арқылы әлемдік біз әлемдік мәдениетке жеттік»

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сұхбатында: «орыс тілі арқылы әлемдік біз әлемдік мәдениетке жеттік», - деп орыс тіліне баға берген екен.

«Орыс мәдениетімен байланыс қазақтар үшін өте қолайлы рөл атқарды. Орыс тілі арқылы біз әлемдік мәдениетке шыға алдық. Себебі қазақ тілінде аударылмай тұрып, тарихи, мәдени, ғылыми дереккөздер болған жоқ. Орыс мәдениеті мен орыс тілі арқылы жеттік. Революцияға дейін білімді адамдар 5-6% болса, қазір қазақтардың 100%-ы білімді», - дейді Назарбаев.

Елбасы «КАРЛАГ-та» дәрігерлер, профессорлар, басқа да білімді азаматтар болғанын, солардың әсер етуімен көптеген адамдардың оқуға талпынысы ашылғанын айта кетті. Алматыда «Мосфильм» бөлімшесі болып, «Иван Грозный» секілді тағы басқа да фильмдердің біздің қаламызда түсірілгенін еске салды.

Рахат Әлиев пен Мұхтар Әбләзов туралы не айтты?

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Австрия түрмесінде қайтыс болған бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы да сөз қозғады.

«Ол қаржы полициясын басқарды. Осыны пайдаланып, ол бизнестерді қысып, ақшасын тартып алды. Бір кездері мен оған «тоқта» деп ескерттім. Елестетіңізші, менің күйеу балам. Үш немерем бар. Менің қызым үш немеремді және олардың әкесін ертіп келді. Не істей аламын? Міне, ол қылмыскер дедім», - деп Рахат Әлиевті жоғары лауазымға тағайындағаны қате шешім болғанын айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін лауазымды орындарға 30-32 жастағы жігіттерді тағайындай бастайды. Өзімен қатар қызмет істеген әріптестерінің бәрі бұрынғы коммунист болғандықтан, ескі тәжірибе кедергі болмас үшін университетте нарықтық экономика мен капитализм туралы оқыған жастарға қызмет ұсынады.

«Және бұл қате болды. Керісінше, мемлекеттің ақшасын ұрлай бастады. Көбі жемқорлыққа жол берді. Оны (Әбләзов) Лондон соты халықаралық алаяқ деп танып, сотталды. Мен оны кешірдім», - дейді ол, бұрынғы БТА банкінің төрағасы, қазіргі күні банк мүлкін заңсыз пайдаланғаны үшін сырттай 20 жылға сотталған Мұхтар Әбіләзовты меңзеп.

«Ең үлкен қателігі – ол банкке қайтып барып, сол банкті тонап, бірнеше миллиард доллар алып кетті. Оған қоса, ол өзінің серігін тапсырыс беріп өлтіріп тастады. Американың ФБР-мен бірге біз мұны зерттедік», - деп сөзін аяқтады Елбасы.

«Тұңғыш Президент күні» жыл сайын бірінші желтоқсанда аталып өтетін мейрам. 2011 жылы Парламентте «Қазақстан Республикасы мерекелері туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, «Тұңғыш Президент күніне» арналған арнайы мейрам болып бекітілді.

Жылда бұл күні қазақстандықтар бір күн демалыс алады. Ал, мемлекеттік телеарналардан экс-президент Назарбаев туралы деректі және көркем фильмдер беріледі.

Айжан Темірхан

Abai.kz

14 пікір