Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2667 1 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 19:34

Жетісудың жас көшбасшылары марапатталды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында   Алматы облысының көшбасшы жастары марапатталды. Қалыптасқан дәстүрге орай,  Талдықорғанда «Көшбасшы - 2021» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

Көшбасшы атанғандар қатарында Ильфат Абдуллин «Үздік спортшы» деп танылды. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі. Токио Олимпиадасына қатысқан. Жапонияда өткен Олимпиадада жеке біріншілікте 64 қатысушының ішінен 9-шы орынға табан тіреді. Бұл - Қазақстанның тәуелсіздік жылдары тарихындағы үздік нәтиже.

Айтулы жетістіктерімен дараланғандар қатарында «Үздік студент» атанған Дария Ілияс та бар. Ол «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері. Талдықорған Агротехникалық колледжінде оқиды, еліміздің Үздік студенттері академиясының мүшесі.

«Үздік жас әдебиетші» атанған Асыл Сұлтанғазы – «Ақ қауырсын» әдеби байқауының лауреаты, «Тұл дүние» өлеңдер жинағының авторы, республикалық, облыстық әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ал жас кәсіпкерлер арасында Жанат Тәтібаев үздік деп танылды. Ол Жастар жылы аясында 3 млн. теңге көлеміндегі гранттың иегері болған, қазір құс фабрикасын ашуға дайындық жүргізіп жатыр, «Балапан» бағдарламасымен ашылған ясли балабақшаның директоры.

«Үздік жас орындаушы» номинациясында «AMANAT musik» Халықаралық фестивалінің лауреаты Дәурен Берікболов қара үзіп шықты. Сонымен қатар ол қырғыз-қазақ фестивалінде 14 елдің өнерпаздары арасынан ІІ орынды иеленген, Қырғызстандағы «Жыл таңдауы - 2020» сыйлығының «Жылдың жас, үздік әртісі» номинациясын жеңіп алған.

«Жетісу» телеарнасының редакторы Кәмшат Мұхаметжан «Үздік жас журналист» атанды. Ол «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері, Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған байқауда «Ақпарат тарататын үздік тілші» номинациясын жеңіп алды.

Үш бала тәрбиелеп отырған Нұрпейісовтер отбасы ең үздік жас отбасы ретінде марапатталды. Бұл жас шаңырақ - «Жас отау» облыстық байқауының жеңімпазы.Осы күні барлығы 20 жас көшбасшы марапатталып, оларға арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Abai.kz

1 пікір