Жұма, 26 Сәуір 2024
Желтоқсан жаңғырығы 4582 4 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 17:06

Желтоқсан: Боздақтардың аруағы разы ма, бізге?..

Еліміздің егемендік алғанына отыз жыл, ал постсоветтік кеңістіктегі ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы қарлығашы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне шамалы уақыттан кейін отыз бес жыл толады екен.

Осы уақыттың ішінде біз, қазақ халқы, сол алаңға шығып, бізге, мемлекетімізге Тәуелсіздік алып беріп, өздері қыршын кеткен боздақтар үшін, олардың аруақтары риза болу үшін, не істедік?.. Ауыз толтырып айтар ештеңе істемеппіз. Тіпті, осы күнге дейін, қаншама жыл өтсе де, әлі сол көтеріліс күндері қаншама боздақ қыршын кеткенін білмейміз. Әр түрлі дереккөздердегі мәліметтер әр түрлі. Ресми деректегі 4 адам ба, әлде 68 немесе 158 адам ба, тіпті халық арасына тарап кеткен мәлімет бойынша мыңнан аса ма? Ресми емес дереккөздерден білетініміз сол жылдары мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының қызметкерлерінің қысым көрсету, қорқыту фактілерінің нәтижесінде қаза болған жастардың ата-аналары, туыстары оларды ауырудан немесе басқа да, Желтоқсан оқиғасына қатысы жоқ себептермен қайтыс болды деп қолхат жазып бергені белгілі.

Ал қаншама жастар із-түзсіз жоқ болып кетті. Олар да әрине қаза болғандардың тізімінде жоқ. Мұхтар Шаханов ағамыз да қыршындардың нақты санына келгенде күмілжіп қалады. Мүмкін оның да аузына қақпақ қойып отырғандар бар шығар. Не болғанда да Мұхтар ағамыздың сол кездегі советтік темір құрсауды бұзып, халық депутаттарының бірінші съезінің трибунасына Горбачевті алдап шығып, осы мәселені көтеруі, үлкен ерлік.

Иә, ол кез, өте қиын кезең болатын. Соған қарамастан Шахановтың комиссиясы орасан зор жұмыс атқарып, көп құпияның бетін ашты ғой. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін неге осы жұмыстар тоқтап қалды. Отыз бес жыл өтсе де ешқандай жаңа деректер жоқ. Осы уақыттың ішінде қыршын кеткен жастардың нақты аты-жөндерін анықтап, тізімін жасауға болар еді ғой. Олардың денесін қай сайға апарып көміп тастағанын анықтап, басына дұрыстап ескерткіш белгі қойып, бүкіл мемлекеттік аза жариялап, Құран оқытуымыз керек емес пе?.. Алматыға келген әрбір қазақ осы жерге соғып, топырақ салып, бастарын иіп, Құран оқып кетуді әдетке айналдырса, сонда ол қыршындардың жандары тиыш тауып, аруақтары риза болмас па еді?..

Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Елімізде бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықтың шегіне жетуі, бар байлығымыздың игілігін дұрыстап көре алмай, қарызға белшемізден батып отыруымыз, мүмкін осы қыршын жастардың аруақтарының риза болмай жатқанынан шығар... Не болғанда да осы мәселені қайтадан Парламент деңгейінде көтеріп, жаңадан  депутаттық комиссия құрып, бар шындықтың бетін ашып, сол еліміздің Тәуелсіздігі үшін жандарын берген жастардың алдындағы қарыздарымыз бен парыздарымызды өтейтін уақыт келді.

Сәмет Ықыласұлы Байқоңыров,

зейнеткер, Ақтау қаласы

Abai.kz

4 пікір