Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Араша 5402 26 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 21:53

Алаяқтар автотұрағымды тартып алмақшы

Редакция: Abai.kz ақпарат порталында түрлі әлеуметтік, саяси, тарихи, қоғамдық және экономикалық мәселелер жазылып тұрады.  Редакциямыздың почтасына да түрлі хаттар келіп жатады. Abai.kz пікірлерге ашық және ой мен пікір қарсылығы бар тараптарға бірдей мінбер ұсынуға дайын. Почтамызға келесідей хат келіп түсті. Хат мәтінін өзгеріссіз толық жариялап отырмыз. 

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ. К. Тоқаевқа

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен 2001 жылы Қытайдың Алтай аймағынан отбасыммен Атажұртыма көшіп келіп, Өскемен қаласына қоныстандым.
2003 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алдық.

2004 жылы Өскемен қаласынан тамақтану орталығын (Кафе) ашып, өз кәсібімді бастадым.

2017 жылы Елордаға көшіп келдім. Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласы Ақан сері көшесі, №16 - ға орналасқан «Медина» тұрығын үй кешені жаңадан салынып бола бергенде, оның 349 - орынға жоспарланған алты қабаттық автотұрағын осы кешенді салған ЖСК «Астана ТрансКом»-нан қомақты ақшаға сатып алдым.

Аталған компаниямен арамызда жазылған келісім-шарт бар. Тұрғын үй толық біткен соң, біртұтас жекешелендіретін болып келістік.
Мен сол жылы автотұрақтың кем-кетігін толықтап, жұмыс бастадым. ЖСК «Астана ТрансКом» ток тартып берді.

Көп өтпей, «Медина» тұрығын үй кешенін салған қожайын Смағұлов Ерік Асылбекұлы істі болып, сотталып кетті. Қазір ол түрмеде жазасын өтуде. Осы тұста ЖСК «Медина компорт» құрылып, оның заңгері ретінде Чурсина Татьяна Николаевна деген азаматша пайда болды.

Татьяна Николаевна «Медина» тұрығын үй кешенін жекешелендіреміз деген сылтаумен мен сатып алған автотұрақты тексерді. Автотұрақтың толық жекешеленбегенін көріп, «ойынды» бастады.

Алдымен сол үйдің тұрғындарын алып шығып, шулатты. Жарықтан айырды. Үш ай жарықсыз қалдық. Қазір осы үйде тұратын інімнің пәтерінен ток тартып, автотұрақты жарықтандырып отырмын.
Ол аз болғандай, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне арыз жазып, сатып алған ақшамның қайдан келгенін сұратты.

Татьяна Николаевна қызмет ететін ЖСК «Медина компорт»-тың арызы негізінде полиция департаменті мені жарты жыл тексерді. Түрмеге апарып, «Медина» тұрығын үй кешенін салған Смағұлов Ерік Асылбекұлымен екі мәрте беттестірді.

Соңында бәрі менің пайдама дұрыс деп шешілді. Ерік Асылбекұлы мен автотұрақты нақ ақшаға сатып алғанымды растап, өз қолымен куәлік жазып берді.

ЖСК «Медина компорт»-тың «ойыны» бұнымен де біткен жоқ. Олар еді маған «Сен бұл автотұрақтың иесі емессің!» деп, сотқа беріп, тұтас тұрғын үй кешенін менің автотұрағыммен қосып өздеріне тіркетуге әрекет жасап жатыр.

Қысқасы, алаяқтар автотұрағымды тартып алмақшы! Естуге қарағанда, Чурсина Татьяна Николаевна бұдан бұрын алаяқтық бабымен екі рет сотталған екен. Ол үнемі өзін үлескерлердің жанашыры ретінде көрсетіп, жұртты шулатып, әкімшілікке қысым көрсетумен айналысатын көрінеді.

Тіпті, Чурсина Татьяна Николаевна жалғыз емес, оның артында қаланың бұрынғы орынбасар әкімі тұрған да болуы мүмкін. Олар осындай әдіспен құжаты шала біткен кешендерді тартып алумен айналысып келе жатқан ұйымдасқан қылмыстық топ болуы да мүмкін...

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен ЗАҢ салтанат құрады, СОТ әділ шешім шығарады деп сенем.
Бірақ, ЖСК «Медина компорт»-тың «Заңгері» болған Чурсина Татьяна Николаевна бұдан бұрын екі рет алаяқтық бабымен сотталғанын ескерсек, ЖСК «Медина компорт»-тың менің адал еңбегіммен тапқан ақшама сатып алған автотұрағымды тартып алу қаупі күштірек болып тұр.

Сізден осы мәселені Өз назарыңызға алып, менің құқығымның қорғалуына көмектесуіңізді сұраймын!

Зор үмітен,
Азамат Тұрсын, 25.11.2021

Abai.kz

26 пікір