Сенбі, 4 Мамыр 2024
2781 19 пікір 18 Қараша, 2021 сағат 18:11

Назарбаев Ауғанстанға көмек ұсынды

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Astana club отырысы кезінде Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік көмегін ұлғайтуға дайын деп мәлімдеді. Ол Ауғанстандағы жағдайды бірігіп реттеу маңыздылығын атап өтіп, бұл процеске Қазақстан елеулі үлес қоса алады деді.

"Карзай мырза президент болып тұрған тұста да біз [осы бағытта] жұмыс істей бастағанбыз, мыңдаған ауған студенті Қазақстан оқу орындарында оқыды, кәсіп иесі атанып, елдеріне оралды. Үнемі гуманитарлық көмек көрсетіп келдік, қазір де соған дайынбыз" деді Назарбаев.

Ол БҰҰ-ның Алматыда Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу бойынша халықаралық логистикалық хаб құру бастамасын қолдағанын да атап өтті. Экс-президент қазан айының ортасында Қазақстанның Ауғанстанға бес мың тонна ұнды жеткізгенін еске салды. "Халықаралық донорларды Қазақстан арқылы Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, қалпына келтіруге үлес қосуға шақырғым келеді" деді Назарбаев.

"Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстанды бейімдеу жөніндегі халықаралық орталығын құру идеямның маңызы артып келе жатыр. Қазақстан БҰҰ механизмдері арқылы ауған халқына азық-түлік көмегін ұлғайтуға дайын. Қазақстанда құрылған KazAID халықаралық даму агенттігі белсене жұмыс істеуі тиіс" деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның сөзінен ресми БАҚ үзінді келтірді.

Қазан айының ортасында президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі арнайы уәкілі Ержан Қазыханов жетекшілік еткен қазақстандық делегация Кабулға барып, тәліптермен кездескен. Артынша Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберетіні белгілі болды.

Қазақстандық дипломаттардың әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Атап айтқанда, кей сыншылар бес мың тонна ұнды Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберуді терроризмді қаржыландыру ретінде бағалаған. Одан бөлек, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі мен мемлекеттік телеарна тілшісінің қарулы содырлармен бірге түскен суреті де резонанс тудырды.

Қазан айының соңында Қазақстан билігі Ауғанстанға 5 мың тонна ұн жіберуден басқа көмек беру мәселесін қарастырып отырған жоқ деп мәлімдеген.

Қазақстан Жоғарғы соты 2005 жылы 15 наурызда "Талибан" қозғалысын террористік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Ауғанстан билігін басып алған ұйым 7 қыркүйекте жаңа үкімет құрамын жариялаған. Министрлер кабинетінде бірде бір әйел жоқ, басым бөлігі терроршылар тізіміне енген "Талибан" содырларынан құралған. АҚШ тәліптер үкіметін уақытша немесе ауыспалы кабинет деп атаған.

Astana club – халықаралық мәселелерді талқылауға арналған пікірталас алаңы. Ресми ақпаратқа қарағанда, оған әлемнің 27 елінен 60 адам қатысқан. Оның ұйымдастырушысы "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы қоры" және Әлемдік экономика және саясат институты деп айтылады.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1208
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1102
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 839
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 983