Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5774 5 пікір 18 Қараша, 2021 сағат 17:58

Түркі әлемінің картасы: Кремль неге тулайды?

Ресейдің үштен бірі кіретін «Түркі әлемінің картасы» Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға табысталды. Сыйлықты Президентке Ұлтшыл қозғалыс партиясының жетекшісі Девлет Бахчели президенттік сарайда болған жиында тарту еткен. Партияның Twitter-дегі парақшасында саясаткерлердің картамен түскен суреті жарияланды.

«Түркі әлемінің картасына» Бахчели Ресейдің 20 ауданы: Якутия, Бурятия, Иркут облысы, Алтай, Хакасия, Тыва, Омбы, Новосібір, Курган, Челябинкі, Орынбор, Самара, Саратов, Улянов, Пензен, Астрахан облысы, Башқұрт, Татария, Дағыстанды қосқан.

Түркия кездесуде талқыланған тақырыптар туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасамаған.

Картада Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан қызыл түспен белгіленсе, Балқан түбегінің кейбір елдері, Иранның жартысы, Ресейдің оңтүстік аудандары, Сібір өлкесі және Моңғолияның батысы қызғылт-сары түспен боялған.

Алтай, Якутия және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы сары түспен белгіленген. Бірақ бұл түстердің нені білдіретіні әлі айтылған жоқ.

Ресейдің «Gazeta.ru» сайты: «Түркия аумақтық амбициясын бірінші рет көрсетіп тұрған жоқ. Мысалы, ақпан айында TRT1 түрік телеарнасында «2050 жылға қарай қандай аумақтар Түркия құрамына кіретінін» баяндайтын сюжет шықты. Олардың қатарында Греция, Армения, Кипр, Грузия, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Әзербайжан, Египет, Ливия, сондай-ақ Араб түбегі және Орта Азияның көп бөлігі болды. Сондай-ақ, Түркияға «қосылуы керек» кейбір Ресей аумақтары, атап айтқанда Ростов, Волгоград, Астрахань, Саратов, Самара облыстары, Чувашия, Шешенстан, Дағыстан, Адыгея, Солтүстік Осетия, Қырым, Севастополь, Краснодар және Ставрополь облыстары көрсетілген»,  - деп жазды.

Бұған дейін Режеп Тайып Ердоған Қырым аумағында өткен Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы сайлауын заңсыз деп атаған болатын. Түркия Сыртқы істер министрлігі Украинаның тұтастығын сақтауды қолдап, Қырымның Ресейге қосылуын жақтамайтынын білдірген. «Осыған орай, 2021 жылдың 17-19 қыркүйегінде Қырымда өткен  Мемлекеттік Дума сайлауының Түркия үшін заңды күші жоқ», - деген еді Түркия СІМ-і.

Сонымен, Түркі әлемінің картасы жайлы орыс саясатшылары не дейді? Біз шолып шықтық.

Якутияның Мемлекеттік Дума депутаты Федот Тумусов: «Бір жағынан, иә, біз түркі халқымыз, бірақ мұндай картаны жасау пайдасыз іс. Ресей мұндай әрекеттерге жауап беруі керек. Басқа мемлекет біздің аумақтық тұтастығымызға қайдан шабуыл жасай қалды», -  депті.

Сонымен бірге, Татарстан парламентінің төменгі палатасының мүшесі Айрат Фаррахов Бахчелидің мұндай әрекетін Түркияның ұстанымы ретінде қабылдай алмайтынын айтқан. «Менің ойымша, бұл – болашақты бағдарлай алмайтын саясаткердің іс-әрекеті. Түркияның Ресей аумағына қояр талаптары жоқ деп ойлаймын», - деді саясаткер.

Ресей Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері Виктор Надеин-Раевскийдің пікірінше, бұл – пантүркілік құбылыс, яғни ұлы империяны құру идеясы.

«Пантүркілік толқыны оларды неміс блогының жағына шығарды. Олар неміс блогының құрамында бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты, нәтижесінде империя құлады. Әдетте олардың барлық амбициясы осылай аяқталады», - дейді сарапшы.

«Бұл олардың әдеттегі амбициясы, таңғалатын ештеңесі жоқ. Мұны кез-келген түрік оқулығынан көруге болады. Мектептегі балаларға «бұл тек түріктер өмір сүретін әлем» деп үйретеді. Мұны, әрине, Ресей жеріне деген шағым ретінде қабылдауға болады», - деді зерттеуші.

«Жаңа Түркияны зерттеу» орталығының директоры Юрий Мавашев: «Бұл әдетте сайлау алдында ғана болатын оқиға. Шындығында, ешкім Ресей Федерациясының қауіпсіздігіне кедергі келтіретін ойлары жоқ... Бұл партия бұрыннан бар, бірақ оған ешкім мән бермейтін. Менің ойымша, біз де мән бермеуіміз керек», - деп Түркияда 2023 жылы өтетін сайлауға дайындық жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Ал, РҒА Шығыстану институтының қызметкері Амур Гаджиев: «Мен ешқандай саяси жоспарды көріп тұрған жоқпын. Түріктердің қандай да бір саяси  ниеті болуы екіталай. Бұл тек олардың нақтыланбаған арманы. Дегенмен түсініспеушілік тудыратыны рас», - деді. Оның ойынша, бұл түріктердің әлем картасында қандай маңызды орын алатындығын көрсету, мақтаныш сезімін ояту әрекеті.

«Картадағы аумақтарды біріктіруге қандай да бір ресурс бөлінеді деп ойламаймын. Керағарлықтар өте көп. Оның үстіне түріктер өз егемендігін аймақтарды біріктіру құрбан етеді деп есептеудің қажеті жоқ», - деді Ресей сарапшысы.

Айжан Темірхан

Abai.kz

5 пікір