Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 6130 24 пікір 5 Қараша, 2021 сағат 13:55

Қош бол, Беларусь тәуелсіздігі...

Беларусь пен Ресей президенттері Александр Лукашенко мен Владимир Путин одақтас мемлекеттің Жоғарғы мемлекеттік кеңесінің отырысын өткізді. Отырыс 4-қарашада онлайн форматта болды. 

Шараға Жоғарғы Мемлекеттік кеңестің басшысы Александр Лукашенко төрағалық етуде. Кездесуге сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин, екі елдің премьер-министрлері мен парламент палаталарының басшылары, "Одақтас мемлекеттің" хатшысы және басқа да ресми тұлғалар қатысты. Отырыстың күн тәртібі алты сұрақтан құралған болатын. Оның біріншісі – 2021-2023 жылдарға арналған "Одақтас мемлекет" құру туралы шарттың ережелерін іске асырудың негізгі бағыттарының жобасы бекітіп алу. Бұл құжатты әзірлеу барысында интеграцияны тереңдету үшін практикалық негіз болатын одақтық бағдарламалар пакеті әзірленді. Сонымен қатар, Беларусь пен Ресей басшылығы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нәтижелерін, Одақтың Әскери доктринасын, көші-қон саясатының тұжырымдамасын, ғылым мен техника саласындағы сыйлықтарды тағайындау мен беру мәселелерін талқылады.

Лукашенко кездесудің басында "шын мәнінде біз заманауи экономикалық кеңістікті қайта іске қосуды бастаймыз" деп атап өтті.

"Бұл шешім қабылдау саласында заманауи технологияларды қолдану, жаңа әдістерді енгізуді көздейді. Үкіметті теорияға терең бойлаудан сақ болуға шақырамын. Қабылданған шешімнің нәтижелерін ұзаққа созбай, былайша айтқанда "ертең" көруге тиіспіз", - деді Лукашенко. Ол Беларусь үшін одақтас мемлекетті құру ең басты басымдылық болып табылдаы.

Лукашенко: "біз бірігіп бірегей интеграциялық модель жасадық, соның арқасында беларусьтер мен ресейліктердің тең құқықтары қамтамасыз етіліп, экономикалық өзара іс-қимыл тереңдей түсуде" дейді."Біз әртүрлі салаларда белсенді түрде ынтымақтасудамыз және одақтық интеграцияны одан әрі кеңейтуге, бауырлас халықтарымызға ортақ тарихи және адамгершілік құндылықтарды қорғауға бағыт алдық", - деді Лукашенко.

Беларусь басшысы екі ел арасындағы қатынасқа және одақтас мемлекет жобасына сырттан қысым артқан, алайда Минск пен Мәскеу ол тығырықтан шыға білген. Ол дәлел ретінде екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіші 28 млрд долларға дейін жеткенін айтты.

Ол сондай-ақ елдер арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық күшейгенін атап өтті. "Соңғы оқиғалар көрсеткендей, одақтас мемлекет әскерлерінің аймақтық топтастырылуы біздің елдеріміз үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл посткеңестік кеңістік үшін сенімді қауіпсіздік қалқаны болып табылады. Президент Путин және мен болашақта бұл топты нығайтуға ниетті екенімізді жасырмаймыз", - деді Беларусь басшысы.

Беларусь президенті сондай-ақ одақтық құрылыста азаматтардың мүддесін қорғау бөлек тақырып екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей мен Беларусь адамның лайықты өмір сүруін және еркін дамуын қамтамасыз ететін келісілген әлеуметтік саясатты жүргізуде ең маңызды нәтижелерге қол жеткізді, азаматтардың еңбек, демалыс, денсаулық сақтау және білім беру саласында тең құқықтары бар қамтамасыз етілді.

Отырыс барысында Лукашенко Қырымға қатысты да өз ойын білдірді. Ол "Путин мені Қырымға шақырамын деп уәде беріп, шақырмады" деді. Бұған жауап ретінде Ресей президенті Владимир Путин "Ұлттық бірлік күніне" орай Севастопольдегі Азамат соғысы құрбандарына арналған ескерткіш туралы айтып, оған гүл шоқтарын қойып, Лукашенконы Қырымда көруге әрқашан қуанышты болатынына айтқан. Лукашенконың бұл сөзін сарапшылар "Қырымды Ресейге тиесілі деп мойындау" ретінде қарастыруға болатынын айтады.

Александр Лукашенконың Одақтың Жоғарғы Мемлекеттік кеңесінің отырысында Қырым туралы айтқан сөзіне қатысты Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Андрей Савиных былай дейді: " Дегенмен президент бұл мәселеге қатысты бірнеше мәрте оның саяси шындық екенін айтқан болатын. Біз үшін Қырым Ресейдің бөлінбес бір бөлігі болуда", - деді. Ол Лукашенконың сөзі Қырымды ресейлік деп мойындау екенін айтады.

9-қыркүйекте Мәскеуде өткен кездесудің қорытындысы бойынша Беларусь пен Ресей президенттері соңғы үш жылда әзірлеген 28 одақтық бағдарламаның барлығын келіскен болатын. Құжаттар біртұтас экономикалық кеңістікті дамытудың тетіктері: біртұтас салалық нарықтарды қалыптастыру, үйлестірілген қаржылық, салықтық, несиелік, баға, сауда саясатын жүзеге асыруды нақтылап көрсетеді. Одақтас мемлекет құру туралы 2021-2023 жылдарға арналған шарттың ережелерін іске асырудың негізгі бағыттарын әзірлеу туралы қол қойылған жарлық Беларусь пен Ресейдің интеграциясын тереңдетудің практикалық негізі болуы керек еді. Міне, кеше сол келісілген құжаттарға тараптар қол қойды. Яғни Одақтас мемлекет құру құжаттық деңгейден шынайы іске асу деңгейіне көшті.

Тәуелсіз сарапшылар 4-қараша күні Лукашенко тәуелсіздікті біржола берді деген ойда. Олар Беларусь елі "Одақтас мемлекет" жобасына қосылып, онда тең дәрежелі әрекет ете алмайды дегенге сенеді. Батыс тарапынан Минскке салынған санкциялар Лукашенконы Путинге жақындастыра түспек деген пікірде.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

 

 

 

24 пікір