Сенбі, 27 Сәуір 2024
Араша 3984 26 пікір 4 Қараша, 2021 сағат 12:37

Патриоттарға араша түсіңіз!

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға!

Құрметті Президент мырза!

Алматы қаласында Марғұлан Боранбай, Мейрам Қанапьянов және Данат Намазбайға қатысты халық арасында «ұлт-патриоттарының соты» деп аталып кеткен соттың өтіп жатқанынан хабардар шығарсыз. Еліміздің белсенді азаматтары әлеуметтік желілер арқылы ішкі саясат пен қауіпсіздікке жауапты көмекшілеріңіз бен кеңесшілеріңізді (Ерлан Қарин, Берік Уәли, Дәурен Абаев, Мәулен Әшімбаев және Әсет Исекешев) бұл сот туралы және жоғарыда аталмыш тұлғалардың заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырағаны туралы бірнеше рет хабардар етті!

Өкініштісі – олардан да, Ішкі Істер Министрлігінен де, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен де, Бас Прокуратурадан да, Жоғарғы соттан да түсінікті жауап ала алмадық! Сіздің айналаңыздағы адамдар мен құқық қорғау органдары сіз жариялаған «еститін мемлекет» қағидасын бұзып, өзіңізден болып жатқан жайт туралы ақпаратты жасырып, жарым-жартылай және қате жеткізіп жатыр деп пайымдауымызға жол ашып отыр!

Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында республикалық «ДАТ» газетінде осы мәселе бойынша сіздің атыңызға ашық үндеу хат жарияланған болатын. Хат әлеуметтік желілерде және түрлі белсенді азаматтардың парақшаларында кеңінен таратылды. Бұл үндеуді Қазақстан Республикасының кемінде 7000 азаматы қолдап, қол қойды. Сонымен қатар, бұл мәселені қазақстандық БАҚ-тар да жабулы күйінде қалдырып, жария етпей отыр және бұл жағдай ақпарат министрі Аида Балаева ханымға да ескертілген!

Бұл соттың нендей ерекшелігі бар және ол неге қазақ қоғамында мұндай реакция тудырды? Оның әлеуметтік мәні неде?

«Тарих екі рет қайталанады – біріншісі трагедия ретінде, екіншісі – фарс ретінде» деген сөз бар. Бұл соттың 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты өткен сот процесіне ұқсағаны сонша, тіпті дежа-вю сезімін тудырады. Біз қайтадан бұрыңғы қуғын-сүргін жылдарына кері оралғандаймыз – айыпталушылар да, «қазақ ұлтшылдарының құрбандары» да сол кездегі кейіпкерлерге қатты ұқсайды.

Барлығы – айыптаудың негізі болған «сараптама», анықтамалар мен логикалық қорытындылар – 30 жыл бұрын жазылған құжаттарды қайталаған секілді. Тек бүгінгі сотта ешкімнің әзілі өте аз – тек арызданушылар мен «жәбірленушілердің» тұлғасы күлкілі болып тұрғаны.

«ҚР-ы мемлекеттік жүйесінің іргетасын шайқалтқан қазақ ұлтшылдығымен» күресіп жүрген жандар кім екен?

Таныс болыңыздар: Жәбірленушілердің бірі – жеке қайырымдылық қорының заңгері Юрий Юрин. Оның /әлеуметтік желіде/ жүзден астам ксенофобиялық, қазақофобиялық, лас және ұятсыз мәлімдемелері бар. Солардың бірі – белсенді ұлт патриоттарының және жалпы біздің қоғамның басым бөлігінің табиғи наразылығын тудырған 2009 жылы Zona.kz сайтында қалдырған жазбасы еді. Ол кезінде өзінің Алматыдағы жастар көтерілісін басуға қатысып, қыздар мен ұлдарды сапер күрекпен ұрғаны туралы жазған еді.

Жалпы, оның көптеген аккаунттарынан басқа да ұлттардың намысына тиетін сөздер жазғаны туралы жүздеген скриншоттар бар, дегенмен, оның ең қатты шүйліккені – қазақтар болды. Кейбір белсенділер Ішкі істер министрлігіне Юринді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыздармен жүгінді, бірақ өкінішке қарай, полиция Юринді сол күйі еш жауапқа тартпады!

Екінші арызданушы – «жәбірленуші» – ҚР азаматы, ұлты қазақ Әлжан Исмағұлов. Бұл кісі КСРО-ны жаңғырту қажеттілігі туралы, Алаш қайраткерлері мен қазақ зиялыларын сталиндік режимнің қырып-жоюының ақталғаны туралы, Ашаршылық үшін сталиндік режимнің жауапты емес екені туралы жария түрде және өз жазбаларында бірнеше рет айтты. Ол дала өлкесінде жаппай ашаршылық тудырғандар КСРО-дан басқа елдерге қарай шекара асып, мал айдап әкеткен қазақ байлары деген ашық түрдегі жалған ақпарат беруде!

Өкініштісі, билікте Юрин мен Исмағұловтың көзқарасы мен әрекеттерін қолдайтын көптеген жоғары лауазымды шенеуніктер бар екенін анық байқадық...

Бүгінгі сот отырысы кеңестік дәстүр бойынша өтіп жатыр: сотталушылардың адвокаттарына сөз берілмейді, айыпталушылардың «жәбірленуші арызданғандарға» сұрақ қоюына рұқсат етілмейді, бұрын қойылған орынды сұрақтар негізсіз алынып тасталып жатыр!

Бірақ ең таң қалдырғаны – патриоттарды соттауға негіз болған сараптама. Оның мәтіні, 30 жылдан бері коммунистік жүйе мен дүниетанымнан арыла алмаған елде «Ашаршылыққа», 1986 жылғы оқиғаға бүгінге дейін лайықты баға берілмегенін, Коммунистік партияның қоғамда жайбарақат өмір сүріп жатқанын, ал елдің әлі де болса жойылып кеткен КСРО-ның тұтқынында келе жатқанын растайды.

Құрметті Президент мырза!

Сізден тәуелсіз елімізді осындай келеңсіз жағдайға түсіріп жатқан оқиғаны тоқтатуыңызды сұраймыз.

Ойлап қараңызшы, 16 желтоқсанда – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, 1986 жылы қазіргі Республика алаңы деп аталатын алаңда қазақ жастарын сапер күрекпен ұрдым деп мақтанған және бұл әрекетін қайталауға дайын азамат, қазақ азаматтарын сол желтоқсан күндері алаңға шыққан жігіттер мен қыздарды қорғағаны үшін соттатып жатыр.

«Қазақ ұлтшылдарының» үстінен сотқа шағым түсірген азамат Тәуелсіздігімізді жоққа шығарып, «Ашаршылық» құрбандарын келемеждеп, Қазақстанның «Ресейге қайтадан» қосылғанын қалайтын адам. Осындай адамдардың барлығы еліміздің мемлекеттік құрылымын үнемі және көпшілік алдында келемеждеп, президенттік биліктің маңызын төмендетіп, мемлекеттік рәміздерге тіл тигізіп, сепаратизм мен шовинизмді дәріптейді!

Бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан сот процесі халқымызды мазақ ету, қазақтың бетіне түкіру деп білеміз! Еліміздің тәуелсіздігі қазақтың өзінен басқа ешкімге керек емес екені анық. Елді, оның тәуелсіздігін тек ұлт патриоттары ғана қорғайды.

Олар болмаса, билік кімге арқа сүйейді? Билік қандай құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерді қорғауға дайын?

30 жыл – бұл маңызды меже. Ол ұлт болып қалыптасудың жаңа кезеңін ашады және ұлт пен қазақстандық қоғам құру үдерісінде жаңа әрі түсінікті ұлттық идеяны, жаңа өзекті стратегияларды талап етеді! Оның орнына қазіргі таңда салауатты ұлттық патриотизм ұғымы «нацизм», «фашизм», «ұлттық популизм» сияқты ұғымдармен әдейі әрі негізсіз түрде алмастырылуда! Бүгінгі фарсты ұйымдастырғандар да, істі сотқа жеткізген тәртіп сақшылары да, сот процесінің өзі де біржақты айыптаушылдықпен өтіп жатқандығы биліктің, сіздің – яғни Президент институтының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз!

Қазіргі әлемдегі және аймақтағы күрделі геосаяси жағдайда Билік те, Халық та тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және көпвекторлы саясатты сақтауда бірге жұмыла атсалысуы қажет екеніне сенімдіміз! Ұлт мүддесін риясыз қорғайтын ұлт патриоттары ғана билікке, сонау 1986 жылғы оқиғадағы секілді батыл, тайсалмай және мүддесіз бірлік пен қолдау көрсете алады...

Бұл сот процесін ел ішіндегі элитаның көзқарасы, ұмтылысы, саяси мүдделерінің текетіресі деп білеміз. Бұл соттың шешімінен билік үшін қазір не маңызды екенін, оның болашаққа қандай жоспарлары барын және бүгінгі күні халыққа қандай хабар беріп жатқанын білетін боламыз!

Құрметті Президент мырза!

Осы оқиғаға өзіңіздің араласуыңызды және Бас прокуратураға айыптау актісін кері қайтарып алуын және осы қисынсыз, заңсыз және ұятты сот процесін тоқтатуды тапсыруыңызды сұраймыз!

Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Ермұрат Бапи, Еркін Рақышев, Абзал Құспан, Мұхтар Тайжан, Арман Қани, Ғалым Байтук, Серікжан Мәмбеталин, Расул Жұмалы, Дина Оспанова, Жанар Жахат, Динара Сейсен, Дина Елгезек, Мұрат Мұхаммеджанов, Әлжан Әльтаев, Ислам Кураев, Аман Мамбеталин, Ануар Байдар, Қуат Ахметов, Едіге Ахмет, Руза Бейсенбайтегі, Жұлдызай Форт, Макс Бокаев, Арман Хайруллин, Эльмар Хұсайынов және т.б.

«DAT» және Abai.kz

26 пікір