Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4122 0 пікір 13 Шілде, 2012 сағат 12:44

Софы Сматаев, жазушы: «Жазушының қаруы – қаламы ғана»

Уәдесін орындамаудан рақат табатындар  уәде беруге құмар болады

«ҰЛТ TIМES»: - Софы аға, қаламгердiң негізгі тiршiлiгi жазумен байланысты ғой. Ұлттың болмысын, бет-бейнесін, тіпті, халықтың мұңын өз шығармасына арқау ететiн қаламгердің жүгі жеңіл емес. Осы жолды таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

Уәдесін орындамаудан рақат табатындар  уәде беруге құмар болады

«ҰЛТ TIМES»: - Софы аға, қаламгердiң негізгі тiршiлiгi жазумен байланысты ғой. Ұлттың болмысын, бет-бейнесін, тіпті, халықтың мұңын өз шығармасына арқау ететiн қаламгердің жүгі жеңіл емес. Осы жолды таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

Софы Сматаев: - Рас «ұлтым!» «халқым!» деген қаламгердің өмірі әманда ауыр болуға тиіс. Ұлтының мұңын, халқының қасіретін өз жүрегінен өткізбесе, оның жазушы аталуға хақы жоқ. Халық - шығармаларымдағы мәңгілік қаһарманым. Халық - менің тірегім, арқа сүйер асқар тауым, бүгілмес белім. Халық - менің қасиеттім мен құдіреттім. Ендеше саясат үшін, идеологиялық есеп-қулық үшін қазағымның барын  өшіріп, жоғын өсіріп жазуды Болмыс-Тәңір маңдайыма жазбапты.                                                                                                                            «Аш адам - ұрысқақтың» ақиқаттығы еріксіз дау-дамайға киліктірмей тұрмайды. Төбедегілер мен төмендегілердің шолатыны да, көрері де әрқилы-ау... Суреткерді төбесінен басып тұқыртқан мынау алмағайып  кезеңіміз ғана соған кінәлі ме? Әлде биліктегілердің біліксіз кекірейген  өзімшілдігінің себеп-сылтауы ма? Жазушының бойындағы талант құдіреті - әлде Болмыс, әлде Тәңір сыйлығы. Сондықтан да ол жоғарыға жалтақтап, арамдық пен жалғандықтың ықпалына еріп, кейбіреулердей ақты қаралап, қараны саралап бере қоймауы керек. Ал, өкініш көп. Қайсыбірін айта берейін. Сұхбаттасам десе, осы уақытқа дейін ешбір газет-журналды алалап көрген емеспін. Есесіне мені алалайтын, маңайына арқан бойы жолатпайтын редакциялар баршылық. Соңғы он бес жылдан бері «Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Қазақ әдебиеті» газеті өздерінің белгілі ішкі есептеріне байланысты менің шығармаларымды баспақ түгілі, кейбір мақалаларда кездесіп қалатын аты-жөнімнің өзін сызып тастаумен келеді. Екі-үш рет бетімді қайтарған соң «Егемен Қазақстанмен» де ат құйрығын кесіскен тәріздімін. Бәріне кінәлі болуым - ойымдағыны бүркемей, шындықты шырылдатып жазатыным шығар. Жүрексінгенді баяғыда-ақ, Колбин тұсында-ақ жойған қазақпын деуіме болады. Орталық Комитетте бірінші хатшымен қызметтес болғандардың ішінен халқыма «қаны тамшылаған ұлтшыл» деп қара таңба басқан Геннадий Колбинге батыл наразылық танытып, қарсы шыққан жалғыз қара болғаныма әлі күнге дейін биік-биік  креслоларда шіреніп отырған сол кездегі Орталық Комитетте қызмет атқарған бұрынғы әріптестерім куә. Өкінішімнің бір парасы - солардың сол кезеңді ұмытып кетіп, өздерін бір кішігірім құдай тұтуы.

«ҰЛТ TIМES»: - Ілкіде ақын-жазушылардың кітаптары 30-40 мың таралыммен басылып, ел-елге, жер-жерге таралып жататын. Бүгінде 3-4 мың таралыммен шығатын да жағдайы жоқ. 2 мың ғана таралыммен шығатын қаламгерлердің кітабы алыс ауылдарға жетпей жатады. Бұл кімнің кемшілігі? Әлде оқырманнан сұраныс жоқ па?

Софы Сматаев: - Шынайы қаламгер ағымдағы заманның тыныс-тіршілігінен қалыс қала алмайды. Қалыс қалды дегенше, оның шығармашылық ғұмыры аяқталды дей беріңіз. Қаламгерлер жаза алмай жүрген жоқ, жазғандарын шығара алмай қор боп жатқанын «көкке ұш, жерге түс» баспасөздің де, басқа сөздің де басшылығында отырған бітеу кеуде, мүкіс құлақ әкім қараларға бұл ғұмырыңда ұғындыра алмассың. Дәлелді өзімнен келтірейін. Жер-көкке сиғызбай жамандайтын Кеңес дәуірі  кезінде «Елім-айдың» бірінші кітабы 120 000 (жүз жиырма мың) данамен жарық көріп, бір айдың ішінде-ақ өтіп кетіп еді. «Елім-айдың» үшінші кітабын, нағыз қажет кітапты  тәуелсіздік алғаннан кейін өз қаражатыма (мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң) 1 000 (бір мың) данамен ғана шығардым. Бес жүз данасын дос-жарандарыма сыйлап бердім. Қалғаны үйімде. Демеушілерім арқасында «Таңдамалы шығармаларымның» 17 (он жеті) томын бастыртып алып, оқырмандарыма жеткізе алмай, шаң-шаң қып үйімде қамап отырмын. Елбасының қабылдауында болғанда, қамаудағы көптомдығымның  қазағымның қолына тиюіне жәрдемдесуін сұрағам. Мәдениет министріне, облыс әкімдеріне тапсырам деп уәдесін  беріп еді. Екі жылдан бері тырс етіп хабарласқан бір де бір облыстық мәдениет бөлімінің басшылары болған жоқ. Соған қарағанда уәдесін орындамаудан рақат табатындар уәде беруге құмар болады-ау деп ойлаймын. Сондықтан да оқырмандарымен кітаптар да, оның  авторы да жылап көрісуге дайын тұр. Сондай-ақ, қазіргі республикамыздағы жұртшылық, әсіресе, қара қазақтың екі қолға бір күрек таппай, басқа күнкөріс көзінен ажырап қалып, базар төңіректеп, Сейфуллин мен Саин көшелерін жаутаңдап, жалтаңдап жағалап кеткені көкірегінде көзі бар адамды қан жылатпай қоймайтынын өзімнің тітіркене  түршіккіш  жүрегіммен қапысыз сезінем. Сол себепті де жермешел болған жерлестерімнің жанкешті тіршілігінде әр тиынның құны қандай қымбат боларын неге түсінбейін. Алыстағы  ауыл адамдары түгіл қасыңдағылар бір жылда бір кітап сатып ала алмайтын мүшкілдіктің құрсауында жүр ғой.                                                                                                   Жазушылар  актуальді  мәселелерді  қамтитын шығармаларды жазбай жүрген жоқ. Қайталап айтамын, жариялай алмай, жамағатына жұғыстыра алмай, жігерлері жүн болып жүр деп өз басыма түскен қиянатқа қарап ашынып отырмын. Мұртын сипап қана маңқиып отыратындардың орнына, қазақ рухына тәу ететін  нағыз қазақ келмей, қаламгерлердің мұң-мұқтажы орындала қоюы әзірше мүмкін емес.

Ақын-жазушылардың құрмет-беделін түсіріп                                                          жүргендер - жолдан қосылған жолбикелер

«ҰЛТ TIМES»: - Соңғы кезде жазушылар қауымына берілетін атақ-дәреженің саны артты. Жалпы атақ, сыйлықтар, марапаттаулар жазушыға қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

Софы Сматаев: - Көптеген оқырмандарым мені көрген сайын да, телефоныма хабарласқан кезде де менің «халық жазушысы» деген атағымды үкіметтің әлі күнге дейін заңдастырмағанына реніш білдіреді де, мемлекеттік сыйлықтың иегері еместігіме сенбей, таңданып қалады. Бірақ менің солардың көңілінде өзімнің Алаштың халық жазушысы екеніме көзім  әбден жетті.                                              Бір жағдай есіме түсіп отыр. Ұмытпасам 1981 жылдың 1-7 қыркүйегінде біз, отыз жеті жазушы Атырау облысында қазақ әдебиетінің күндерін өткізгенбіз. Жайықтың жағасында оқырмандармен жүздесіп, соңынан қолтаңба берген  едік. Бір қызығы, басқа қаламгерлердің төңірегіндегілер он-он бес минуттан кейін сұйылып, маған қарай қопарыла көшіп, ал мен болсам тура бір сағат жападан жалғыз отырып, қолтаңба жазумен болғам. Сонда Одағымыздың бірінші хатшысы Жұбан аға Молдағалиев мені қасына шақырып, төсіндегі КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттық белгісін саусағымен көрсетіп: «Софыжан, жазушының құдіреті мынада да емес, Қызмет дәрежесінде де емес, Өзіңе.. - деп сәл бөгелді де, - Өзіңе былтыр біз қиянат жасап, қимаған сыйлықта да емес, Жазушының  құрмет-қасиеті халқының сүйіспеншілігінде екен. Сен әлгінде соны бізге таныттың. Осы бетіңнен танба! Біз саған қызығып та, қызғанып та қарап тұрдық..» - деп ақ жүрегінің батасын бергендей болып еді. Мен сонда оқырман халқымның маған деген әділ бағасын алдым. Мен сонда, бәлки, әріптестерімнің күні бүгінге шейін қыр соңымнан қалмай жүрген қызғанышын оятып та алған болармын.                  Қарапайым халық шын таланттарды әлі де басына көтере бағалай білуден жаңылған емес. Бағалатпайтын да, маңайына жағалатпайтын да төрдегі төбедей боп түксиіп отырған төрелер мен төмендегілерге шекесінен қарап шіренген шенеуніктер ғана. Ал, ақын-жазушылардың құрмет-беделін түсіріп жүргендер - жолдан қосылған жолбикелер. Қазіргі цензурасы жоқ, идеологиядан мүлде мақұрым қалған кезеңде жалақтаған жалған «пенсионер» жазушылар мен андағайлаған алаяқ ақынсымақтар көбейіп кетті. Қалтасы қалың, іні-ағасы барлар, ірі таққа қонған, министр балалары барлар пьесасымақтарын театрларда қойғызып қана қоймай, алтынмен аптатып күміспен қаптатып, дүңгіршектер мен дүкендерді әбден сасытып жіберген кітап-сымақтарына үкіметтің атақ, сыйлықтарын сатып алып жатыр. Жазушыларға, жалпы шығармашылық иелеріне атақ берудің мүлде қажеті жоқ. Кімнің кім екенін оның шығармалары анықтайды. Ал атақ беріп, таланттар мен талантсыздарды шатақтастырып қоюды Кеңес Одағы, мұртты көсем төңірегі ойлап тапқан. Ақиқатты айқайлап айтатын, шындықты шырылдап сұрайтын «қызылкөз пәлелерді» қолдан жем аңдитын жемтікшіл пенделерге айналдырып жібергендері соншалық, сол үрдіс күні  бүгінге дейін  жалғасып, зиялылардың бір-біріне деген алауыздығын боздатып та, қоздатып та келеді.

«ҰЛТ TIМES»: - Бірақ, аға, «Халық жазушысы», «Халық әртісі» дейтін құрметті атақтардың жойылғаны, өзіңіз айтқандай, осы белгіден дәмеленіп жүрген талайдың үміті үзілгені де білгілі ғой...

Софы Сматаев: Сол, жойылғаны әбден дұрыс болды. Бірақ, осы бір жақты шешімнің, яғни, бұрынғыларға берілген  әлгі атақтардың да жойылмай, жоғалмай қалуы - әділетсіздіктің нағыз шыңына айналды. Мұны біздің билік әдейі ұғынбады. Оларға зиялы қауымның бір-бірімен жағаласып, жауласып жүруі, мүмкін тиімді де шығар. Өйткені «Халық жазушысы» деген өтіп кеткен атақты айрылмай иемденіп жүргендер өздерін алтыннан, асылдан жаратылғандай сезініп, атақсыздарға асқақтай қарайтын болып алды. Ол ол ма, қазақша екі кітап оқымаған министрлер мен әкімдер мәртебелі кездесулерде әлгі қаламгерлік қасиеті өзіңнен төмен, бірақ сұрап алған, жылап алған атақтарын атан түйе көтере алмайтын белсенді «беделділерді» алқалап, алдына шығарады. Ал, атағынан шатағы көп, шын дарын иесін жүнді қолымен  кеудесінен итеріп жіберіп, босағадағы кебістерді күзеттіріп  қояды. Осы шеттету, осы кемсіту анда-санда жан қинайды демесек, хас талант ешқашанда қарынның да, қарғалардың да құлы болған емес.  Алтыннан құмды, қуаныштан мұңды ажырататын, асыл мен жасықты екшейтін уақыт дейтін әділ сарапшы түптің түбінде әркімді өзіне лайықты орнына қондырары хақ. Сондықтан да сыйлық, атақ, орден тәрізді көзбояу дүниелердің жазушыларға түкке де керегі жоқ.

Еркінсіткен егемендігімізден,

тайраңдатқан тәуелсіздігімізден айырылып қалмасақ екен

«ҰЛТ TIМES»: - Елбасы Назарбаевпен бірге қызмет істеген екенсіз. Ол кісі сіздің жазғандарыңызды үнемі қадағалап, оқып отырады екен. Жалпы оқырманыңызға ықпал ете алдым деп ойлайсыз ба?

Софы Сматаев: - Рас, Нұрекеңмен Теміртауда зауытта, Орталық Комитетте қызметтес, әріптес болдым. Колбин мені екі рет Секретариатка салып, төбемнен төмпештеп, табандатып алмақ болғанда оң қабағын таныта қол ұшын созып, тілектестік білдірген жалғыз Нұрекең еді. Елуге толғанымда шақыртып  алып, алпыс жылдығымда арнайы келіп құттықтаған да, шенеуніктер арасынан жалғыз Нұрекең еді. Халық жазушысы атағына мені Жазушылар Одағына екі рет тапсырып, ұсындырған да Нұрекең еді. 17 томдық жинағымды сұратып алып, ризалық білдіріп хат жазған да Нұрекең еді. Жалпы алғанда тоқсаныншы жылдардың  ортасына дейін Президентімізде  демократиялық сипат көбірек кездесетін. Кейінгі кездері төңірегіне топтасқан дифирамбашыл астаналық жағымпаз жадағай төрелердің мақтау-мадақтауы мен жасырып, асырып көрсетер ақпарларының ықпалы артқан-ау деймін. Халқының қамын ойлар, елім деп еңіреген азаматтарды билік басына тезірек жинап алса, Елбасы ел алдындағы парызы мен қарызын ақтар еді-ау.                                                                                  Елбасының соңғы қабылдауында  болғанымда: «Нұреке, балконы мен дәлізіне қоқыр-соқырдай қып үйіп тастаған кітабы - жазушының өнімі. Қаламгердің тауары да - кітабы. Өз үкіметі, өз мемлекеті, өз Елбасы кітапты өнім деп санамаса, тауар деп қарамаса, сонда қаламгердің  еңбегін кім ақтамақ? Қаржы дағдарысы  ақын-жазушыға бүгін емес, қаламақы жүйесі  жойылған кезеңде, осыдан жиырма жылдай бұрын келген. Осыны қашан жөндей алар екенбіз?» дегем.

«ҰЛТ TIМES»: - «Дат» газетіне өткен жылы «Сіз де, мен де болып ек қой горновой» атты дастаныңызды жариялап, Елбасының алдына бүкіл қазақ ұлтын, Қазақстан жұртын әбден толғандырған мәселелерді қойған едіңіз. Бұған жауап болды ма?

Софы Сматаев: - Жоқ. Тырс еткен бір сыбыс жоқ. Әлде көмекшілері  сол газетті қолына тигізбеді ме, әлде басқа да себебі болды ма, білмеймін.

«ҰЛТ TIМES»: - Соңғы кездері елімізде қоғамдық-саяси оқиғалар жиі көрініс тауып жүр. «Шаңырақ», «Бақай» оқиғалары болды. Осылардың барлығын айтпағанның өзінде «Жаңаөзен» оқиғасы қазақты қатты ашындырып, толқытып жіберді. Сіз де өзіңіз бұл туралы көптің алдына шығып мәселе көтере алдыңыз. Бір топ «Бұрын қандай оқиға болса да, қазақ қазаққа ешқашан оқ атпаған еді» дейді. Осыған өзіңіздің пікіріңіз қандай?

Софы Сматаев: - Еліміз егемен ел болып, республикамыз тәуелсіздіктің  көк-байрағын көкке көтерді деп  бөркімізді аспанға лақтырып, мәз-мейрам болып далақтағанымыз рас. Егеменмін деп еркінсуімнің, тәуелсізбін деп  тасынуымның кей-кейде кеудемді оқыс солқ еткізген, жүрегімді  кенет дүрс еткізген әлдебір үреймен көміліп кететіні бар. Сол үрей әлі күнге дейін кешегі үстемдігін барынша аңсайтын Ресейдің денемізді шарпып, даламызда шалқып қалатын империяшыл ықпалынан туындайды. Қайтадан Президент боп таққа қонжиған шовинист Путин Кеден Одағымен  қол-аяғымызды бұғауласа, ертең Евразиялық Одағына кіргізіп алып, тіл-аузымызды тұмшалап тастап, кіріптарлық (тіпті құлдық) кепті кеудемізге жаба салады. Сол шовинистік ықпал күні бүгінге дейін ана тілімізді өгейлендіруде. Шала тілімізді орыстандырып, кедейлендіруде. Украина, Беларусь, Қазақстанды қайтсек те қосып аламыз деп тізгінімізге жармасып қалып отыратын Ресейдің ерік-ырқымызды саусағына іліп алған әндемді шовинистік саясаты бар. Ол-ол ма, миллиардтаған қарызымен қол-аяғымызда шырмап тастап, кеніміз бен шұрайлы жерімізді сатып, жалдап алып,  жалмап жұтқалы қаптап төнгелі  тұрған  Қытай көршіміздің көлгір күлкілі жымысқы саясаты тіпті жан түршіктіреді. Осыларды ойлағанда: «еркінсіткен егемендігімізден, тайраңдатқан тәуелсіздігімізден айырылып қалмасақ екен!» - дейтін ішкі түйсікпен тірілетін қорқынышты қаупімді тойтара алмас күй кешем. Бүгінгі қазақ дейтін ұлтым, Алаш атты жұртым ертең екі өңештің  бірінде жұтылып кетіп, тарихтан біржола өшетін болса... Сол жоқтау сарынын осы бастан неге зарлап айта бермеспін. Ұлтым жоғалар болса, менің жазған-сызғандарым кімге керек болмақ, кімге? Айтшы?                                                                    Жаңаөзендегі қанды қырғын - ұлт трагедиясы, халық қасіреті! Ол - орталық, астаналық биліктің Маңғыстау өлкесінің аса қиын әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігінің күрделі мәселелеріне  немкеттілікпен атүсті қараудан туындаған ұлттық трагедия. Ол - жеті ай бойы аптап пен аязда өз мұң-мұхтажын жоғарыға айтып жеткізе алмаған мұнайшыларды алыстан ызбар шаша қорқытып, үркітіп отырып, бұғалыққа басын сұғар үйіріне қайта қосам дейтін өктемшіл биліктің ұрдажық әрекетінен өрбіген халық қасіреті. Қазақтың қазақты қырып салуына не себеп? Биіктегі биліктің жауапсыз немқұрайлығы барынша асқынғандықтан ел ішіндегі төменгі мен жоғарғының бірін бірі түсінуі мүлде жойылды. Барлық өңірде жұмыссыздық белең алып, ауылдық жерлерде қайыршылыққа жақын жұртшылық тіршілігі  басталды. Жоғарының төменді менсінбеуі, төбесінен төніп дікілдеуі, өтірік ақпарды көрнеу көзге алға шығаруы, сайлау біткенді бір де бір  рет дұрыс өткізбеуі, дауыс ұрлауы, оппозицияны шеттетуі, қудалауы, өтірік пәле-жала жабуы көбейді.

«ҰЛТ TIМES»: - Сонда сіздіңше бұған кінәлі кім? Немесе кімдер?

Софы Сматаев: - Осындай келеңсіз, қитұрқы әрекеттердің себеп-салдарынан тұтанған наразылық көріністері  ел ішінде бас көтере бастады.                                                     Оларға жастардың өзіне өзі қол жұмсаулары айғақ. Оларға шарасыз үлескерлердің  еріксіздік бұғауында қылғынып, өзін-өзі өртеудің көбеюі куә. Оларға діни экстремистердің оқты қардай боратып, қызыл қанды судай ағызуы дәлел.                                                                                                                   Оларға қазақтың қазаққа қарсы оқатып, қазақтың қазақты қырып салып, бүкіл қазақтың жүрегін қақ тілген жазылмас жара ақиқат.                                          Бұған біріншіден, өздерін өзгелерден биік қойып, билікті қол жетпес, дауыс өтпес тас қамалға айналдырып алып, әкімшілік ресурстарға құрық созып үстемдік танытатын Үкімет кінәлі.                                                                                           Екіншіден, үнемі үнсіз шұлғып қана бір адамға мадақ айтып, соның көңілінен шығып, ұпай жинағыш нұротандық парламент кінәлі.                                                 Үшіншіден, биліктің осы екі саласын барынша қадағалап, үстемдік орнатып, айтқанын бұлжытпай орындатып отыратын Президент әкімшілігі кінәлі. Төртіншіден, «ел ішінде болып жатқан жай-жағдайлардан хабарсыз қалдым, маған тура мәліметті жеткізбеді» дейтіндерін желкеден түйіп айдап шықпай, жым-жырт қалған  Елбасы кінәлі.                                                                           Бесіншіден, осындай зорлық-зомбылыққа, қырылып қыршын кетуге, жазықсыздан жазықсыз сотталуға, жемқорлықты пайданың көзіне айналдырып алған биік-биік орынтақтарға қонжиып отырған шенеуніктерді жауапқа тартуға дәрменсіз, мүлгігіш, шұлғығыш баршамыз, яғни халық кінәлі.

«ҰЛТ TIМES»: Сіз ұстазсыз ба? Жазған-сызғандарын әкеліп тексертіп тұратын шәкірттеріңіз бар ма?

Софы Сматаев: Бұрын ертеректе «Жұлдыз» журналында қызмет атқарып жүргенімде талайдың жолын ашып, солардың жазушылық жолға түсіп кеткеніне кәдімгідей марқаямын. Орталық Комитетте жүргенімде біраз адамға кітабын шығаруға, үй алуына, жұмысқа орналасуына септігім тигенін де несіне жасырайын. Менің кітаптарым бойынша диплом жазып, диссертация қорғаған он шақты студент, аспирант шәкірттерім бар. Жалпы шығармаларымды елбасыдан бастап сүйіп оқитын оқырмандарыма ұстаз бола алдым десем, мақтанғандық болмас.

«ҰЛТ TIМES»:  Бүгінгі әдебиетке қандай баға берер едіңіз?

Софы Сматаев: Мықты азаматтан мықты әдебиетті шығатынына өз басым кәміл сенемін. Жүрегі ел деп соқпаса, әділет деп дүрсілдемесе, ақиқат деп алып ұшпаса, адалдықты жақтаған шынайы туындыны дүниеге әкелуі екіталай. Қазіргі қаламгерлерді «өмірлік проблемаларға үн қата алмай, тым-тырс қала беретіні несі» деп орынсыз кінараттай берудің де реті жоқ. Жазушының қаруы - ең алдымен қаламы. Сол ашулы қаламнан ақ қағазға құйылып жатқан шыңғырған шындықты бүгін болмаса ертеңгі ұрпақтың құрышы қана оқитыны ақиқат. Қаламгерлердің әлгі қағазға түскен адуынды, айдынды ақиқат сөзінің мемлекет тарапынан қолдау тауып, көп тиражбен жұртшылықтың қолына дер кезінде тиіп, санасына мықтап сіңуін қалайық одан да. Прозамыз сәл ақсап тұрғанымен, поэзиямыз ежелгі биік деңгейінде. «ҰЛТ TIМES»:  - Осы жасқа келгенде өткеніңізге қарап отырып, не түйесіз?

Софы Сматаев: - Түйерім де, күрсініп күйерім де, шүкіршілік етіп сүйерім де жеткілікті. Қайсыбірін айтайын? Жасқаншақтап жасып қалған ұлтым жігерленсе екен деймін. Ел байлығы төрдегі төбелдей топтан көдедей көпке әділдікпен ауысса деймін. Билік баршаны өзінен безіндіре бермей, сол баршаға биліктің шын иесі халық екенін сезіндірсе деймін. Жазықсыз жазалаулар, мезгілсіз, мағынасыз мазалаулар тыйылып, әркімнің өзіне тиесілі сыбағасы әлдекімдердің қанжығасында кетпей, иесіне ғана берілсе деймін. «ҰЛТ TIМES»:  Не жазып жүрсіз аға?

Софы Сматаев: «Елім-айдың» төртінші кітабын тындыра алмай-ақ қойдым. Денсаулығым мұрша бермейді. Сонан соң елдің мұңы - менің мұңым, ұлттың сыры - менің сырым деген қағиданы бетке ұстап, шалқамнан жатып алып, өлең жазамын, ой-пікірлерімді қағаз бетіне түсіремін. Бірақ жазғандарымды көптеген баспасөз басшылары басуға жүрексініп, тауанымнан тартылып жүрмін. Оларға «тірі жүріңдер, қыбырлап-жыбырлап» дегеннен басқа айтарым да жоқ!Көп қой, көп қой айтарым...

«ҰЛТ TIМES»: Ауырмаңызшы, аға! Аман болыңыз!

Софы Сматаев: Рахмет, қызым!

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН

«ҰЛТ TIМES» газеті

0 пікір