Дүйсенбі, 26 Қыркүйек 2022
Аласапыран 2777 0 пікір 3 Қараша, 2021 сағат 14:30

Қамбаңа қарауыл қой, қазақ!

Сиыр жылы кірісімен әлемде вакцинациялау қарқын алып, көңілге үміт ұялатып еді. Жаздың алғашқы айы басталғанда біріккен ұлттар ұйымы құрамындағы 80-ге жуық мемлекетте азық-түлік тапшылығы туындайтынын айтып дабыл қақты. Теңіз-мұхиттан алыс, өзіміз орналасқан орта Азияны айтпаған да, су жағалаған ірі астықты елдер: Америка, Бразилия, Австралия, Индонезияда ауыр қуаңшылық болғаны мәлім болды.

Әлем елдерін эпидемиологиялық (корона вирус) апатпен қоса, экономикалық (қымбатшылық), экологиялық (қуаңшылық) қыспаққа ала бастады. Америка құрлығындағы оқшау социалистік мемлекет Кубада соңғы елу жылда болмаған бас көтерулер орын алды. Демократиялық жолдан айнып, социализм жолын таңдаған Оңтүстік Африка мемлекетінде де ереуілдер болды. Дүкендерді тонаған ашулы жұрттың әрекетін әлем жұрты көрді.

Ауылшаруашылық көмескі әлеуеті жоғары бізде де жағдай мәз емес. Көктемде астықты өңірлеріміздегі өскін майсалар «құралайдың салқынына» ұрынып, бой тарта алмады. Жер тақырланды. Маңғыстау, Қызылорда қатарлы облыстарда мал аштыққа ұрынды. Кортоп пен сәбіздің бағасы аспандап, халық әбігерге түсті. Жағдайды реттеуге міндетті билік, қатысты министрліктің атқа мінерлерін ауыстырып, мәселені шешкен сыңай танытқанымен, азық-түлік, ас атасы - нан бағасы күн сайын өсуде.

Жыл басында жерді сатуға жарияланған 5 жылдық мораторидың мерзімі бітіп, жер мәселесі қайтадан қоғам талқысына түсті. Беті қатты індеттің кесірінен түрлі саладағы кемшіліктердің беті ашылып, сынға қалып отырған үкіметке бұл жығылған үстіне жұдырық болды. Қоғам белсенділері, фермерлер мен үкімет мүшелерінен құралған арнайы комиссия құрылып, ашық талқы алып барылды. Бірақ мәселе түпкілікті шешім тапқан жоқ.

Ауыл шаруашылығы дамыған мемлекеттердің тәжірибесын зерделеген сала мамандары, олардың табысты жолын төмендегідей бірнеше түйінге жинақтайды: ең алдымен жерді пайдаланудың заңдық, құқықтық тұғырнамасын бекіту, уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіріп отыру, ауылшаруашылық жерлерін басқа мақсатта пайдалануға қатаң тыйым салу, тиімді игере алмағандарды лицензиясынан айыру, салықтық жеңілдік, төмен өсімді несиемен жебеу, өндірушімен тұтынушының арасына төте көпір салу қатарлылар. Әлемдегі астық экспортының төрттен бірін ұстайтын алып Америка да, шөл даланы жасыл өнімге толтырған Израиль де, біздің бір облыстың аумағындай жерімен 130 миллион халықты бақауат асырап отырған Жапонияның да табысты жолы осы.

Ал біздегі аталмыш саланың жайы қалай?! Соңынан алдыға қарай сөз етуге тура келеді: шаруалардың өнімі дастарқанға қолдан қолға өтіп (делдалдық жолмен) жетеді. Нәтижесінде алыпсатарлар көп қарпып, еңбеккерлердің табан ет, маңдай тері ақталмайды. Тұтынушының қалтасына салмақ түседі. Ауылшаруашылықты кәсіп еткендердің мемлекеттің тиімді экономикалық жеңілдіктерінен игіліктенуіне қол жетімді, дұрыс жүйе жасалмаған. Америкадағы сияқты «Жер банк» те, Қытайдағы сияқты «Ауыл шаруашылық банк» те жоқ. Биліктің 90-жылдардың басындағы жерді жаппай жекешелендіру саясаты ауылшаруашылығының кеңес кезіндегі әлеуетін сақтау, гүлдендіруі былай тұрсын бүгінгі жер дауына, қоғамдық наразылықтарға әкеліп отыр. Бұл биліктің жеке меншікке заңдық тұрғыдан жол ашқанымен, жерді игеруге ешқандай жауапкершілік жүктемеген нашар менеджерлік қабілетінің салдары.

БҰҰ-ның дабылынан кейін солтүстік көршіміз астық экспортына шектеу қойса, шығыстағы көршіміз ауылшаруашылық комитетіне мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысты сала деп ерекше мәртебе берді. Екі алыптың аңысын бағып отырған біздің билікте ондай қарекет байқалмайды. Кәсіпкерлердің табысынан қағылатынын алға тартып, ет экспортына тыйым салудан бас тартты. Өзге елдер азық-түлік қауіпсіздігіне айрықша мән беріп қамданып жатқанымен, біздің билік ерекше жомарттық кейіп танытуда. БҰҰ-ның алқалы жиынында президент Тоқаев әлем елдеріне 7 миллион тонна астық экспорттауға әлеуеті жететінін айтып, жар салды. Экс-ауылшаруашылық министрі, сенатор Ақылбек Күрішбаев үкіметтің биыл 16 миллион тонна астық жиналды деген мәліметіне күмәнмен қарайды. Ол кісінің пікірінше, биылғыдай қуаңшылық кезінде әр гектардан 10 центнерден өнім алу мүмкін емес.

Жақында АҚШ телеарнасына сұхбат берген БҰҰ астық жоспарлау комитетінің басшысы әлемнің маңдайалды байлары Илон Маск пен Джефф Безосты байлықтарынының 2 пайызын қайырымдылыққа атап (шамамен 6 миллиард доллар) аштықтан бұралған 42 миллион адамның өмірін сақтап қалуға үндеді. Десе де тәуелсіз сарапшылар ақшамен кедейлікті түбірімен жою мүмкін емес деп қарайды. Олардың уәжінше аштықтың қайнары қуаңшылық сияқты табиғи факторлар ғана емес, саяси да себебі бар. Аштық жайлаған елдердің көбі демократиядан алыс, диктаторлық режимнің шылауындағы елдер. Оған мысал ретінде Эфиопияның жағдайын келтіреді. Африкадағы экономикасы қауқарлы елдердің қатарында болған Эфиопия 1974 жылы социализм жолына түскеннен кейін кері кеткен. Биылғы сұрапыл аштық осы елде орын алған. Тәліптер билікке келген Ауғаныстанның қазіргі жағдайына қарап-ақ, жоғарыдағы тұжырымдардың негізсіз емес екеніне көз жеткіземіз. Жуықтағы еліміздің СІМ өкілінің Талибан билік өкілдерімен кездесуінде Қазақ билігінің Ауғаныстанға адамгершілік көмек ретінде 5 мың тонна астық жөнелтетіні белгілі болды. Биліктің бұл тірлігі біреуі юанымен, енді біреуі қаруымен Тәліптерді еліктіріп отырған екі алыппен (Орыс, Қытай) бәсекелеспек ниеті бар екенін, аймақтың тыныштығын сақтауға да өз сценариы бар екенін аңғартқандай. Биліктің беделді, татулықты «нанға сатып алмақ болған» тактикасының нәтижелі болуы екіталай. Бұлай деуімізге себеп: Қытаймен шекара өткеліндегі түйіні шешілмеген жағдай. Ресми мәлімет бойынша бүгінгі күні екі ел шекарасында астық тиелген 4 мыңға жуық жұк көлігі мен 8 мың жүк вогоны құдай қосқан тату көршіміздің рұқсатын күтіп, қаңтарылып тұр. Былтыр сұйықмай бағасы аспандап кеткенде, үкімет өкілі оны шикізаттың жетіспеушілігімен түсіндірген еді. Отандық май өңдеу зауыттарына түсуге, елдің несібесіне айналуға тиіс сол дәнді дақылдарды ақшаға қызыққан кәсіпкерлер қытай асырып белшеден пайдаға кенелмек болған екен. Қытай тарапы корона вирусты алға тартып, еліне кіргізуден бас тартқан. Осындайда қытай ақынының: «Миллиард ауыз жейміз, жейміз... Жеңсек те жейміз, жеңілсек те жейміз...» деген өлең жолдары оралады. Қытай тарапының еліміздің ауылшаруашылық өнімдеріне шектеу қоюы тойынғандықтан емес екені, басқа мақсаты бар екені айтпаса да түсінікті. Әлемнің ақпарат көздері қытай коммунистік билігінің жаһанды жайлаған эпидемиологиялық жағдайды өзінің саяси мүдесіне шебер пайдаланып отырғанын жарыса жазуда.

Қорыта айтқанда, індет жайлаған қазіргі екіұдай кезде экономикалық, саяси мүделерді қоя тұрып, қоғам болып еліміздің азық-түлік қауыпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін көкөзек шақ тағы бар. Сондықтан қамсыз болма, қапы қалмайын десең, қамбаңа қарауыл қой, қазақ!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір