Жұма, 26 Сәуір 2024
Аласапыран 4607 2 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 19:04

Глазго саммиті: әлем лидерлері не дейді?

Қарашаның алғашқы күні Ұлыбританияның Глазго қаласында әлем көшбасшыларын жинаған ғаламдық жылыну қаупіне қатысты «COP26» саммиті басталды. Саммитке әлемнің 130-ға жуық елінен мемлекет басшылары шақырылған.

Жиынға Ұлыбритания премьер министрі Борис Джонсон, АҚШ президенті Джо Байден, Аустралия премьер министрі Скотт Моррисон, Еуропа комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Конго Демократиялық Республикасы президенті және Африка одағының төрағасы Феликс Тшисекеди, Англия банкінің бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта БҰҰ-ның климат өзгеруі мәселелесін шешу және қаржы жөніндегі арнайы елшісі Марк Карни, Италия премьер министрі Марио Драги, Барбадос премьер министрі Миа Моттли, Ұлыбритания ханзадасы Чарлз Филипп Артур Джордж қатысты.  Ал Ресей президенті Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин халықаралық саммитке келмеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш жер астынан шығатын табиғи отынға арқа сүйеу адамзат баласының түбіне жетінін айтты.

«Біздің алдымызда екі таңдау ғана бар: біз бұны тоқтатамыз немесе ол бізді жояды. «Тоқта!» дейтін кез келді. Табиғатты қатігездікпен пайдалануды доғарайық. Көміртегімен өзімізді улауды тоқтатайық. Табиғатты «әжетханаға» айналдырғанымыз да жетер», - деді конференцияға келген дегаттарға.

«Егер осы кездесуден кейін қойылған міндеттер орындалмаса, мемлекеттер климатқа қатысты мемлекеттік жоспары мен саясатын қайта қарауы керек. Бес жыл сайын емес бір жыл сайын қайта қарауы керек. 1,5 цельсий градусты ұстап тұру мәселесі шешілгенше, табиғи отынды пайдалану тоқтағанша», - деді ол.

Франция президенті Эмануэл Макрон: «Климат өзгерісіне қатысты міндеттер «амбиция, ынтымақтастық және сенімге» айналуы керек. Климат дағдарысына басын ауыртпағандар – ең бірінші жапа шегетіндер», - деді, Африка мен Тынық мұхиты елдеріне сілтей отырып.

«Ғалам жылынуы 2 целсий градусқа ғана арту Антигуа мен Барбуда, Мальдив аралдары және Доминик, Фиджи аралдары, Кения, Мозамбик, Барбадос тұрғындарын өлімге апаратын жағдай. Біз мұндай ажалға бас тіккіміз келмейді, біз мұнда «Тағы да тырыса түс» деуге келдік», - деді, климаты ыстық аймақтардың тағдырына алаңдаған Барбадос премьер министрі Миа Моттли.

Жиында сөз сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден:  «COP26» мәні – алдағы онжылдықта бәрімізге ортақ болашақты сақтау қалу үшін күресетін уақыт болмақ», - деді.

Джо Байден аталған жиында АҚШ-тың ұзақ мерзімді стратегиясын жария етті. Ол бойынша, АҚШ 2050 жылға дейін зиянды газдардың ауаға шығарылуын толықтай тоқтатады. Сондай-ақ, климат туралы Париж келісімінен АҚШ-тың шығып кеткені үшін кешірім сұрады.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Глазгодағы саммиттің сөзбастарын жасап,  «әлемнің «экологиялық ақырзаманға» жақындап келе жатқанын» ескертті. Джонсон саммитке жиналған 130-дан астам әлем лидерлерінің орташа жасы 60-тан асатынына тоқталып, климаттың өзгеруінен болатын ең ауыр зардапты әлі туылмаған ұрпақ шегетінін атап айтты.

Ал Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди 2070 жылға қарай Үндістан көміртегісіз кезеңге аяқ басатынын жариялады.

Айтпақшы, аталған жиынға Қзақстан атынан Үкімет басшысы Асқар Мамин қатысыпты. Премьер-министрдің ресми сайтында Маминнің Глазго саммитіне қатысқаны туралы ақпарат бүгін жария болды.

Онда: «2021 жылғы 1 қарашада ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысты. Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсанда). Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады», - деп жазылған.

Премьер-Министр 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өткен.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір