Жұма, 26 Сәуір 2024
6828 32 пікір 28 Қазан, 2021 сағат 12:15

Жаппай төбелес: Пенжімде не болған?

Әлеуметтік желілерде Жаркент маңындағы Пенжім ауылында жаппай төбелес болғаны жайлы видеолар мен жазбалар қаптап кетті. Төбелес қазақ және ұйғыр ұлтының арасында болғаны жайлы да айтылуда. Алайда нақты ақпарат әлі белгісіз. 

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Департамент 27-қазан күні, сағат 20:00-де "102" желісіне қоңырау шалып, Пенжім ауылындағы оқушылар арасындағы төбелеске қатысқан бір оқушының үйінің алдына 30 шақты адамның жиналғаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Бір топ адам бірқатар жеке тұрғын үйлердің терезелерін сындырып, сондай-ақ бірнеше көлікті қиратқан. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен ("Бұзақылық") қылмыстық іс қозғалды" делінген хабарламада.

Сондай-ақ, полиция ауылдағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

"Сағат 22:45-те Панфилов аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Пенжім ауылында орналасқан үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына аудандық ішкі істер бөлімі мен ТЖБ кезекші отрядтары жетті. Үй иесінің айтуынша, өрттің шығуына пеш жүйесінің ақауы себеп болған. Сағат 23:30 шамасында өрттің ошағы анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл өрттің оқиғаға еш қатысы жоқ", - деді полиция. Сонымен бірге полиция қазіргі таңда ауылда қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауда екенін атап өтті.

Пенжім ауылындағы оқиға мектеп оқушылары арасындағы төбелестен басталған. Полицияның мәліметінше 27 қазанда Алматы облысындағы Пенжім ауылындағы мектеп аумағында жаппай төбелес болып, оның салдарынан 16 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілген.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жеткіншектердің төбелесіне 9-10-сыныптың екі оқушысы арасында туындаған ауызша кикілжің себеп болғанын айтады.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық тараптары анықталды. Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді", - деді полиция ақпаратында.

Abai.kz

 

32 пікір