Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 2142 0 пікір 21 Қазан, 2021 сағат 15:23

Ұлттық жоба: Танымал анимациялық және танымдық арналар қазақшаланады

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады. Оның айтуынша, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.

- Бірінші бағыт бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының идеялық бастамалары негізінде іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа леп беру. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту көзделіп отыр. Атап айтқанда, халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдениетін, деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ал бағыттың екінші маңызды міндеті – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.

- Өйткені ұлтты сақтау дегеніміздің өзі – тілді сақтап, дамыту екендігі белгілі. Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашақта ұлтаралық тілге айналатынына сенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгінде барлық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл уақыт талабы, - деді министр.

Сондықтан бұл мәселелерде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылып отыр.

- Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау. Орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар, - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Abai.kz

0 пікір