Сейсенбі, 30 Қараша 2021
Ақмылтық 3049 32 пікір 14 Қазан, 2021 сағат 14:00

10 Ұлттық жоба - ол қандай жоба?

Былтыр қыркүйекте Реформалар жөніндегі арнайы кеңес құрылды. Президент Тоқаев арнайы Қаулы шығарды. Төраға – Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болды. Орынбасарлыққа Сума Чакрабарти деген үнді азаматын тағайындады. Үкімет басшысы Асқар Мамин бастап, Қошанов, Досаев, Келімбетов, Әбілқасымова, Исекешев, Сүлейменов пен Құлыбаевтар мүше болды.

Экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі реформалар жүргізеді деп құрылған Рефкеңес тікелей Президентке бағынатын.

Алыстан аттай қалап алдырған Чакрабарти бастаған Рефкеңес осы бір жыл ішінде үнсіз жатты. Бірлі-жарым кеңес өткізіпті дегенді ғана естідік. Әйтпесе, нақты ұсыныс, нақты жобалары жұрт талқысына шыққан жоқ. Сөйткен Рефкеңес 10 Ұлттық жобаны әзірлеп, Үкіметте талқылап, Президентке мақұлдатып қойыпты. Ақорда әлгі 10 жобаны ресми жариялап, таратты. Қараңыз:

Әуелі 12 қазанда (екі күн бұрын) Асқар Мамин төрағалық еткен Үкімет отырысында 10 Ұлттық жобаның мақұлданғаны туралы ақпарат жария болды. Онан соң Ақорданың ресми сайты президент Тоқаевтың арнайы Жарлығын жариялады.

Сонымен, 10 Ұлттық жоба. Ол қандай жоба?

Ұлттық жобалар тізбесі

1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы.

2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы.

3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы.

4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.

5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы.

7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы.

8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.

9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.

Бұл жобалар президенттің 2021 жылдың 7 қазанындағы №670-ші Жарлығымен бекітілген екен.

Рефкеңес әзірлеп, Үкімет мақұлдап, Президент қол қойған 10 Ұлттық жобаны талқылауға Қоғам мен Парламент өкілдері қатыспаған екен.

Саясаткер Әміржан Қосан: «Қоғам мен Парламент талқылауға қатыспаған 10 жаңа жобаға 36 триллион теңге жұмсалмақ. Президент Үкімет пен өзінің Реформа жөніндегі Жоғарғы кеңесі дайындаған 10 Ұлттық жобаны бекітті. Олардың құны 36 триллионнан асады (екі жобаның құны әлі белгісіз). Сонда Қоғам мен Парламент қайда? Ол жобаларды талқылауға неге осы екі институт қатыстырылмады? Шенділер осыншама қаржыны жұмсауға неег асығып отыр? Осындайда өзін оппозиция санайтын партиялар мен халқым деген депутаттар неге үнсіз қалады екен, ә? Әлде бәрінің аузын жауып қойды ма», - дейді.

Тағы бір саясаткер Тоғжан Қожалы өзінің Facebook-тегі парақшасында салыстыру үшін Ресей Федерациясы Үкіметі қабылдаған 12 Ұлттық жобаның тізімін жариялап: «ҚР Үкіметі мақұлдаған 10 Ұлттық жобаның тақырыптары жақсы. Енді сол жобалардың толық құжаттарымен таныссақ, оларды жүзеге асырудың жоспарынғ бағытын білсек жақсы», - дейді.

Рас, көпшілік үлкен үміт күтпесе де, президент реформа жасау жөнінде кеңес құрды. Оған жетекшілік етуге Сума Чакрабарти деген маманды шақырды. Сегіз жыл бойы Еуразиялық даму және қайта құру банкін басқарған үндістандық енді Тоқаевпен бірге реформа жасайды дедік.

Әуел баста, әлемдік деңгейдегі экономисті кеңесші етіп алғанымен, реформа жөніндегі кеңестің ірі өзгерістер жасай қоюы екіталай екенін жұрттың іші сезгендей болды. Себебі кеңестің өзге мүшелеріне қарап, «қоянды көріп, қалжасынан түңілгендей» болдық. Тіпті, олардың кейбірі бұрынғы жұмыстарында сәтсіздікке ұшырап, қызметінен қуылғандар еді. Кеңес мүшелерінің бәрі ескі жүйенің адамдары. Тың идея, жаңа көзқараспен іске кіріседі дегенге сену қиын. Атауы дардай болған бұл Ұлттық жобалардың да аяғы бордай болып, осыған дейін қабылданған мемлекеттік жобалар секілді ыңғай көзбояушылыққа ұласпай ма? Сіз не дейсіз?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

32 пікір