Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3319 0 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 09:58

Қажығұмар Шабданұлы. Таразы (жалғасы)

Екінші бөлім

ТАРАЗЫ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Аймақтан екі тергеуші мен бір тілмаш келіп, халық бөліміне мені шақыртты бір күні. «Төңкеріс майданында мықты тұрып, жаумен аяусыз шайқас жүргізуімнің қажеттілігін айтып бір сыпыра насихат берді. Шәкендердің мәселесімен менің байланысымды тексеру үшін келгенін тұспалдадым. Насихаттарын тыңдаған сайын миыма тікендей қадалды. Қатты ширыға жауап қаттым:

- Төңкеріс майданында ымырасыз мықты тұратындығыма сендіре аламын. Сіздерде сондай тұратындықтарыңызға сендіріп, сұрайтындарыңызды сұрай беріңіздер, ұзақ насихат керек емес!

Екінші бөлім

ТАРАЗЫ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Аймақтан екі тергеуші мен бір тілмаш келіп, халық бөліміне мені шақыртты бір күні. «Төңкеріс майданында мықты тұрып, жаумен аяусыз шайқас жүргізуімнің қажеттілігін айтып бір сыпыра насихат берді. Шәкендердің мәселесімен менің байланысымды тексеру үшін келгенін тұспалдадым. Насихаттарын тыңдаған сайын миыма тікендей қадалды. Қатты ширыға жауап қаттым:

- Төңкеріс майданында ымырасыз мықты тұратындығыма сендіре аламын. Сіздерде сондай тұратындықтарыңызға сендіріп, сұрайтындарыңызды сұрай беріңіздер, ұзақ насихат керек емес!

- Шәкенмен байланысың қалай? Бижінге кетіп бара жатып, сенің үйіңе қонғанда не сөйледі, не істеді? -деп ханзу тілінде сұрады әскери тергеуші. Шетірек тұрған қазақ тілмашына қарап, ыммен сұрап аударттым. Шәкеннің атылуға үкімі шықса да, кері төңкерісшілдікке қылмысы шықпай тұрғаны сұрағынан да сезілді. Әлі де құрастырып, шартына толтрып атпақ сияқты. Онысына ыңғайын келтірмей, Шәкеннің төңкерісшілдік факттерін жариялай бердім. Онымен алғаш танысқаннан үйіме сол сапарда келгеніне дейінгі баяным талассыз өтті. Тергеушілердің дәмесі біздің үйдегі отырыста сияқты. Телміре қарады соған келгенде. Сапарына сәт тілеп, өзіне денсаулық, қызметіне табыс тілеп те ішкізе алмаған арағымызды «компартия мен Маужушидің амандығы үшін!» дегенімізде ғана қабылдағандығын айтып бір тынып едім. Қара елтірі малақайлы құба тергеуші бас изей салды да, әскери сары малақайлы сұры тергеуші тыжырынып қалып, күле сұрады:

- Басқалар «Маужуши үшін!» деп қанша ұсынса да ішпей, позициясын қатты бұзыпты ғой!

- «Басқалар» деп сіз Сәрсенді ғана айтып отырсыз! -дедім мен оған ызбармен қарап. Сәрсеннің көрсетіндісі алдымнан тағы да шыға келгеніне қатты ызаланып қалыппын. - Шәкен жолдас, бір бетті, шыншыл, тура мінездің адамы. Ал, саяси сайқал Сәрсеннің, күні кеше ғана гоминдаңның осы аудандық пырқасында «Жаң зұңсай үшін» әпшаркалық міндет өтеген Сәрсеннің бүгін көрісе сала «Маужуши үшін!» деп араққа қыстауына ол көне ме!... Мен болсам, сол жадігөйлігі үшін Сәрсеннің сол қаражүзіне шапалақ жаныр едім, Шәкен қонақ болғандығынан ғана тартынған: «Компартия мен Маужуши үшін үй иесі ұсынған арақты жаңа ғана іштім, рахымет!» деп қоя салған.

Сары малақай күлімсірей отырып, сары боқшасынан қағаз шығара сөйледі енді.

- Сол отырыстарыңызда бір азамат Шәкенге мұң-зардың әнін айта бермей, төңкерістік ән айтуды насихаттаған. Ал, Шәкен, ол пікірді қарсы алудың орнына насихаттаушының өзін иянаттап жұдырық ала жүгірген. Солай ғой?

- «Солай» емес, тіпті де «солай» емес! Шәкен, мұң-зардың әнін айтпаған, алдымен Жұңго төңкерісінің «партизандар маршын» орындаған. Екінші ретте Біржанның «ләйлім шырақ» дейтін әнін, үшінші ретте «Қорлан»ды айтып тоқтаған. «Бір азаматыңыздың» Шәкенге зарламау жөнінде нәсихат бергені шылғи өтірік! Сондықтан Шәкеннің «иянаттап жұдырық ала жүгіргені» -ең ұждансыз өтірік! Ал, расы былай: төртінші ретте көпшілік Шәкеннен «боз жігіт - Жамал» трагедиясындағы өзінің орындаған жоқтау әнін айтып беруін талап еткен. «Бір азамат» деп атап отырған Сәрсеніңіз көпшілікке ақыраңдай жөнелген сол сәтте «компартия заманына мұндай ән керек емес... Компартия заманында кім жыламақ, қане?» деп ақырған.

«Сіз жыларсыз!» -деп Шәкен күлген онысына. «Жыласа, гоминдаң жендеттері жылар!» деген сөзі еді бұл. Анықтап жазып алыңыздар! Көпшілікке ақырған Сәрсенге Шәкеннің осы күлген күлісі, жұдырық қана емес, күрзіден де қиын тиген. - «Сіз жыларсыз,» -деген Шәкен сөз соңын дәл былай жалғастырған - «бірақ көпшілік мұндай әнді сіз үшін емес, тарихты ұмытпау үшін талап етіп отырған шығар. Өткенді ескеру, өршелене өрлеу үшін қажет. Бастан кешкенін ұмыту, бастан мақұрым адамның ерекшелігі. Ал, сізді бастан мақұрым демекші емеспін, кешіріңіз, таңданып отырмын. Қашаннан бері компартияшыл бола қалып едіңі? Мұншалық «жаңарғандығыңыздан» хабарсыз екенмін. Әлде 43-44-ші жылдардағы сарала пырқаңыз қызартып кетіппе еді!»

Шәкеннің осы сөзіне өшіккен Сәрсен оның басына іс түскенде бүтіндей жала жабуға кіріскен екен ғой!

- Бұл материалды Сәрсен берген емес! -деді сары малақай, осыным ғана шын дегендей ашыла қарады. - Тек өшіккен адам ғана әшкерелейді деп түсіну дұрыс емес!

- Тек өштігі бар адам ғана жала жаба алады деп түсіну дұрыс. Егер бұл материалыңыз жала болмай шын әшкерелеу болса, Сәрсен өштесіп жазған демес едім. Сәрсеннің жайын толық білетіндігім үшін мұны айтудан қателеспейтіндігімде толық сенемін! Ал тіпті Шәкеннің өз мектебін өртеу үшін тобылғы үюі де жала! Бұл жаланы жабушы запхоз, өзінің әйелі туралы Шәкеннен күмәнданып, яғни бұл да өштескендіктен жапқан! Мәселенің түбін тексеріп, ақ-нахағын айыруға, бір алал төңкерісші өнер иесі болған азаматымыздың нахақ күймеуіне күш салуларыңызды талап етемін!

- Бізді істің нахақ болмауы үшін күш шығармай жүр деп ойлайсызба? -деп сары малақай енді қарқылдай күлді.

- Өшіккен бір кері төңкерісші жазған материалдың бүтіндей жала екендігі дәлелденіп болса да, үлкен дәсмия етіп, әлі де «әшкерелеу» атап отырсыз ғой. Осындай аңыстарыңыздан анықтап-ақтағысы келмейтін дүмбілез тергеуші ме екен деп күмәнданып отырғаным рас. Бірақ, сіз коммунистік партияның кадырысыз. Соныңыздан ғана үміт күтіп қорықпай талап етіп отырмын. Дүниеге әйелінің артқы саңлауынан ғана қарайтын бас жалақорға сеніп кету зор дәрежеде қателестіреді. Ал, таласқа түскен мектептің әдемілігіне қарап отырып үкім шығарсаңыздар, одан да зор қылмысқа душар етеді. Әсіресе осы екеуінен сақтануларыңызды талап етемін! Бұл, зор азаматтарымыздың тағдырына байланысты зор мәселе!

Қара елтірі малақайлы тергеуші бұл сөздерімді естелік дәптеріне тездетіп сүйкей отырып сылқылдады. Сарала малақайлы тергеуші аударушысынан тыңдай отырып, өз қағазына екі-үш түрте салды да күлімсіреген бейнемен изектеді:

- Дұрыс-дұрыс, шын жүректілікпен қойылған талап. Біз ондайдан әрине сақтануға тиістіміз, сенсеңіз болады. Ал, инспектор мырза сізді мен де бір мәселеден сақтандырғым келеді. Менің де қорықпай талап етуіме рұқсат шығар?... Маужуши бізге шындықты іс жүзінен іздеуді үйретіп келеді. Әсіресе біздің заң қызметінде мәселенің әділет табуы үшін бұл принцип шарт ретінде қолданылып келеді. (Бізге сеніңіз дейтін себебім сол.) Ал, сіз сол принцип бойынша анықталып табылған қылмыскерді «төңкерісші», «жолдас» деп атайсыз да, партияға жақындасып, жәрдемдесу жағында болып жүрген азаматтарды «кері төңкерісші», «екі жүзді сайқал» деуге бейім көрінесіз. Сізді мен жеке өз бетіңізбен үкім шығарудан сақтануға, жеке батыр болмауға, компартия жағында болуға, шындықты іс жүзінен іздеуге шақырамын!

Маңдайымнан тер бұрқырап шыға келді. «Шындықты іс жүзінен іздеу - Марксизмнің мен табынатын ең ерекше қасиеті ғой, осыны қалай түсінген мына сұры?... Қайдан шыққан ұғым бұл? Қалай анықтасам екен?» деген оймен таңдана қарам алып сөйледім:

- Өз күмәніңізді сіз де шын жүректілікпен айттыңыз, рахымет!... Компартия жағында болмауды өлімнен де қиын қатер дейтін түсініктің «мырзасы» едім. Ал, «шындықты іс жүзінен іздеу» деп нені айтып отырсыз?

- Түсінбедіңіз бе?

- Түсінбедім. Менің түсінігімнен басқашарақ сияқты. Мәселен, жаңағы маған таққан кінәңіз бойынша Сәрсенді «төңкерісші», «жолдас» деп, Шәкенді «кері төңкерісші», «екі жүзді сайқал» деп атасам, шындықты іс жүзінен тапқан болам ма?

- Не үшін солай болатындығын түсінбей отырсыз! -деп қарқылдай күлді сары малақайым. - Сіз жаңа, партия жағында болудың бірден-бір мұратыңыз екенін айттыңыз. Осыныңыздың шын өтіріктігін қалай айыру керек. Партия жақтағанды сіз жақтайсыз ба, жақтамайсыз ба, соныңыздан ғана айырмаймыз ба!.. Шындықты іс жүзінен іздеу деген осылай. Шәкен іс жүзіндік әрекетімен партия алдында нақтылы кері төңкерісші болып табылып отыр. Сондықтан оны енді «жолдас», «төңкерісші» деп атамаймыз. Ал, Сәрсеннің тарихи жақтан белгілі дәрежеде қателігі болса да қазір партия жақта. Күнделікті көрген-білгенін мәлімдеп тұрады екен. Бұзық сөз, бұзық әрекеттерді әшкерелеу жағына батыл деп естідік. Партия ондайдың бәрінен де толық пайдалануға тиісті. Сондықтан оның да кім екенін іс жүзіндік әрекетінен іздейміз. «Кері төңкерісші», «екіжүзді, сайқал» деп атамаймыз. Өзіңіз ойлаңызшы, бар пейілімен партияға жақындасу жағында жүрген адамды «екіжүздісің, сайқалсың» деп жәбірлесек, «компартияға жақындама, гоминдаңшыл қалпыңда қал!» дегендей кері төңкерістік сөз болып қалмайма, ха-ха-һа-һа... Биғабили мырза мұндай қалпақ кию сізге лайық емес!... Сіздің білім қабілетіңіз одан әлде қайда жоғары екенін, таптық келіп шығуыңыздың да, тарихыңыздың да таза екендігін естідік. Сіз де партияға осылай, іс жүзіндік әрекетіңізбен қызмет етуге борыштысыз!... Енді түсіндіңізбе?

- Түсіндім. Саяси тактика жағындағы кей сөздеріңіз, мойындатарлық сөз. Бірақ, идеялогиялық ұлы мұрат жағынан маған мүлде жұмбақ пікірлеріңізде көрінді. Қысқаша ғана айтып қалайын рұқсат етіңіз!... Бірінші, менің білім-қабілет, тарихтық, таптық-фактік жөнімді Сәрсеннен жоғары бағаладыңыз. Демек, төңкеріс сабында келе жатқан қатардағы азаматпын. Ал, осы жайымды біле тұра менің дәлелдеген мәселелерімнің ешқайсысына сенбейтін себебіңіз не? Сіздің алдыңыздағы инабатым мен сол факттерім бір гоминдаңшының жапқан қисынсыз жаласы құрлы болмағаны ма? Шәкенге мен де жала жапсам құшақтай алғалы отырсыз. Мұның себебі не?

Екінші, Сәрсеннің беріп жүрген материалдары егер іс жүзіндегі факттерден құралған, дұрыс материал болса, сіздерге солай істеп беріп жүрген алал қызметі үшін оны мен «екі жүзді, сайқал» деп иянаттаған болсам, маған қандай қалпақ кигізсеңіздер құқылысыз. Ал, алал азаматтарға жауып жүрген жалаларының жала екендігін дәлелдегенім үшін күліп отырып қорқытпақ болған себебіңіз не?

Үшінші, шындықты іс жүзінен іздеу дегеніміз, бүкіл Марксизмнің - ғылыми материализмнің зерттеу - тексеру методы. Бұл әсіресе Шәкендерге түскен мәселе тәрізді кездейсоқ құбылыстарды анықтау үшін өте зәру принцип. Мұны орталық комитет Марксизмшілдікпен мәселені дұрыс шешсін деп дұрыс ұсынып отыр. Еш уақытта бұрыс іске бұрмалап құрал етсін деп ұсынған емес. Ал, сіз, Шәкен мен Сәрсен туралы шындықты қайдағы "іс жүзінен" тапқансыз? Бір адамның іс жүзіндік әрекеті, яғни, әмалияты деп белгілі себептен болған тосын құбылысын аламыз ба, иә, тұтас өмірінің, идеологиясының жемісі болған барлық дәйекті іс-әрекетін аламыз ба?... Бесіктен белі шыққаннан бері кертартпаларға, гоминдаңға қарсы күресіп келген жалшының жалғыз ұлы Шәкен, өз үкіметі құрылып, өзінің күні шығысымен сол үкіметіне, сол күніне қарсы кері төңкерісші болып шыға қоймақ па!... Ал, бесіктен белі шыққаннан бері Шың Шысай, гоминдаң үкіметтеріне жасос болып келген байдың ұлы Сәрсен, өзіне жау үкімет құрылып, өзіне түн туысымен сол жауына, сол түніне шын жүрегімен белсенді қолдаушы болып шыға қоймақ па! Максизм-ғылыми материализм. Ол әлемде себепсіз ешқандай салдар болмайтындығын дәлелдеп болған. Әкесіз бала туылмайды, ғайыптан пайда болады дейтін құрапат нанымның барлығына қарсы. Ал, сізді, шындықты ғайыптан іздеуші деуге дәлелім жоқ. Себебі, Маужушидың іс жүзінен ізде деп үйреткендігін айтып отырсыз. «Іс жүзі», «амалият» дегенді түсінбей отыр деуге де дәлелім жоқ. Себебі, Маужуши сізге оны да «алмалият туралы» деген атақты шығармасымен 37-шы жылдан бастап үйреткен. Солай емес пе? Олай болса осы үш түрлі сұрау тек мынадай ғана жауап табады. Жалаларға қарсы факттерді тыңдағыңыз келмей, жалақорлардың материалына жабыса беретін себебіңіз, сіз Шәкеннің мәселесін анықтау үшін келген халыс тергеуші емес, сол жалаларды қалыптастыруға ғана келген дағуагерсіз. Полкке мектеп бергісі келмей, айтысып қалғандығы үшін Шәкенге сіз де өштесіп қалған жалақор дағуагерсіз. Сондықтан сізді заң қызметкері деп танымаймын. Осы көргендерімді қосып, жоғары жаққа арыз жазамын!

- Мақұл, мақұл, жазыңыз! -деді сары малақайым, сақылдап күліп, -қайда арыздансаңыз да бәрібір, Жұңго гұңчандаңның заң орны тексереді. Оныңызға қарсы емеспін. Жалғыз-ақ мына екі істі ескерсеңіз қателеспейсіз. Бірінші, біздің сізден анықтағалы келген материал, Сәрсендікі деп өштесіп, мәселе тауып алмаңыз! Оның жазғаны емес! Екінші, тергеушіде болатын бір позицияны білмейді екенсіз. Сондықтан маған көрсеткен бұл позицияңыз үшін көпелемеймін. Түсініп қойыңыз, жауапкер мен қылмыскер жақта тұрып сөйлейтін тергеуші болмайды. Сондықтан мен туралы сіз де жаман ойда болмаңыз! -деп күліп қолын созған сары малақайдың қолын мен де күле алдым:

- Басқа қалыс тергеушінің ол тықырына сіздің бұл тықырыңыз ұқсамайды!

- Жарайды, бұл жауаптарыңызбен пікір-талаптарыңызды басшылыққа толық жеткізейін! -деп сары малақай ханзу тілінде ресми сөйледі де соңын шала-шарпы жерлік тілде күле сөйлеп қоштасты. - Біздің идея жақсы, хапа болмайды. Бәріміз бір!

Аударушысымен бірге ол жөнеле бергенде, тұра қалған қара малақайлы қазақ тергеуші мырс-мырс күлді.

- Үстінен түйе айдап өтсең де күледі бұл. Ыза болуда да жоқ, пікіріңді қабылдауда да жоқ. Өз шешімі өзінде!... Ал, аман тұр, Биғаш! -деп қолымды күрсіне қысты сонан соң. - Мәселені тамаша аштың, япырай, қарсы жағыңды қылыштай қиып сөйлейтін азамат екенсің-ау!... дәлелдемелерің мен талабыңды сот комиссиясына толық-ақ жеткізермін. Бірақ, мынау шындап емес, күліп жеңеді бізді. Тұрсын ағаң мен Шәкеннен айрылып қалатын сияқтымыз. Ең үлкен жазаны жоғары жаққа бекіттіріп болған сияқты. Мына тексеруі, жұртшылықтың аңысын байқау ғана шығар деймін. Жазамын деген арызыңды дәл солай жазып, тездетіп жолдағаның жөн шығар!

- Бекіткен қай орын екен?

- Үрімжі, Уаң Жын ағаңның нұсқауы шығар. Өте шорт кісі көрінді. Жазсаң одан жоғарырақ орынға - ең жоғары сотқа жазсаң болар ма екен, бірақ, қалай да тез болсын!...

Арызды сол күні кеште отырып, ұғынықты тілмен айқын дәлелдеп кеңінен жаздым. Шәкенге төнген жала ғана емес, «Тұрсын-Шәкен шайкасы» деп аталған зор пәлелі делоны төңкеріп тастайтындай болып шыққанына қуана жүгіріп жеттім аударушы дос хұйзуыма. Ұйқысынан енді оянған шақта жетіппін. Қолқалауыма жарай бетін жумай-ақ кірісіп, сәскеге дейін аударып бітіріп берді. Тұрсынға оқушы, Шәкенге дос болған азаматтардың ғана емес, барлық сауатты кісілердің қолы түгел қойылды. Жалалы екеуінің аяулы аты көпке таныс болғандықтан, халық өздіктерінен өшіретке тұрып, әдейілеп кірісті қол қоюға. Екі түрлі тіл, екі түрлі жазудағы үлкен арызды почтаға күн еңкейе жеткіздім.

Шәуешекте қандықол жауыз помещик сібе Пужынғуа мен Жәлел дейтін жемеңгер помещик ұйғыр атылды деген хабар сүйінші сұрағандай ғана, сондағы қаңтар бораны көктем желіне айланғандай жылы леппен тарады. Үш аймақ төңкерісінің алғашқы кезінде «Сандуа атылды сүйінші!» деген Биғаділдің үніндей жадыраңқы қуанышпен шықты газет хабары. Олардың өткізген қылмысты істеріне қарап, «өтпейтін пышақпен бауыздаса да рауа екен!» дедім. «Бәсе бостандық дауылы осылай, жанды тебіренте соғуы қажет қой. - Соқ дауыл, үдей соқ! Барлық жемеңгер, кертартпа, қандықол, қараниет жалақорлардың жұлындарын үзе соқ!»...

Соның ертеңінде Шәуешектен келген Өмірбек көшеде кездесіп, Тұрсын Жарқынбаевті де сол екі помещикпен бірге байлап, көше аралатқанын айтты.

- Сақшылар атылатын екі помещикке өз қылмыстарын сөйлетіп еді, Тұрсын аға да сөзі барын, бірақ, сөйлей алмайтындығын білдіргендей, басын шайқап-шайқап жіберді де шалқалап көзін жұмды, қатты жүдепті!

«Нахақ өлетін болдым» дегені ғой мына ишарасы! -деп айқайлап жіберіппін көшеді.

- Ақырын сөйле!... Тілін байлап қойған сияқты! -деп күбірледі Өмірбек. - Шалқалағаны сонысын көрсетпек болғаны деп түсіндім. Әйтеуір олармен бірге атылмай қалды ғой, қайтадан анықтайтын болған соң алып қалып отыр ғой!:. Бірақ, Шәуешекте бұлар туралы ешкім ауыз ашпайтын болыпты. Сақшының тегеуіріні қатты сияқты. Сен де ашық сөйлемей, «әдеп сақта», шырағым!

- Әй осы жалақорлар жейді-ау сол бейшараларды. Арызымыз тез жетсе екен әділет орталығына!

- Япырай әлгі сары малақайыңа арыз жазатыныңды айтып қойғаның-ай, почтаханаларға телефонмен-ақ тексертіп, тоса салар ма екен!...

Атылушылардан қалған екінші күні Тұрсын Жарқынбаев туралы өзіміздің Тарбағатай газетіне бір мақала шықты: «қатерлі алашордашыл Мұстапин» деп атап жариялапты. Тұрсын ағасын қадірлейтін Тынысқан басқарып тұрған газет-ұстазын қадірлейтін шәкірттері редакторлық істеп тұрған газет мұны нахақ басар ма? -деген күмән сап ете түсті миыма. Осы мен көрген дәуірлерде ешқандай «алашордашылдығын» көрмесем де, осы сезімтал құлағыммен ешкімнен естімесем де, солай күдіктеніп қалдым өзім. Әйтеуір «Тұрсын-Шәкен шайкасы» дегеннің жоқ мәселе екендігіне көзім толық жететін болған соң өз жазған арызымнан қорқа қоймадым. Менің ақтайтыным, сол «шайка» дегені ғана ғой. Жирялана қоймағанына қарағанда бұл жағынан ақталуы мүмкін сияқты-ғой. Ал, сүйегі әлдеқашан қурап қалған алашорда тауқыметі Түкеңді де әкете қоймас деген сенім үміті жылтырай қалып еді. Бірақ, Түкеңді дәл сол «әкете қоймас» деп отырған уақытымда-ақ қағып әкеткен сияқты, сол мақала оны атқан оқпен қарайлас шыққан екен. Үкімі не дәуір кейін жарияланыпты. Атылу жайын жарияланған соң ғана сұрастырып ұқтық.

Сол мақала жарияланған күні қара жазумен қараланған алпамсадай Жарқынбаевті дәу қара аптамобилдің үстінен түрегелтіп байлап, алдымен көше аралатқан екен. «Алаш орда жоғалсын», «кері төңкуерісші, кертартпа жоғалсын» дегендей реалдан алыс ұрандарды жаудыра айдап апарып, «Жауыртамдағы» зираттыққа түсіріпті. Тіліндегі құрсау алынысымен «ау адамзат, мен ақпын, нахақ атылып барамын!...» дей бергенінде қатар атылған бес мылтық миын шашып үлгерген екен. Жапа тармағай жүгірген бастауыш мектеп оқушылары жете сала-ақ шу ете түсіпті. Қуаты мол бұжыр-бұжыр ми түскен жерін түршіктіргендей, дір қағып, шоршып жүргенін көріп шулаған екен.

- Математика мен филология ғой ол шоршығандар! - деп Дөрбілжінде естіген мен жылап жібердім. Өз көздерімен көрген оқушылар қалай шуламасын!

Соның кешінде мені Дөрбілжін аудандық сақшы мекемесінің саяси бөлімі шақырды. Ол бөлімге үш аймақ үкіметінің алғаш құрылғандағы аласапыранынан кейінгі шақырылғаным осы еді. Әйтеуір көрпе-төсенішімді сұрамағанынан байқадым, аласапыраноптар бұл бөлмеде қазірше жоқ сияқты. Жұмаш деген жұп-жуас жалбарақтап амандасып отырғызды да, осы өткен түстен кейін кім үшін жылағанымды күле сұрады. Мен оның қайдан естігенін сұрамай-ақ, қалайша жылағанымды шертіп бердім. Жүзім жанбай келістіріп отырып шертіп едім. Оның өзінің жүзі жанып, төмен қарап кетті. Саяси жала сабаз педагоктың миымен қосып, оның елу неше жыл бойы жиған бүкіл математикасы мен филология ғылымын шашатынын сөйлегенімде күреңіте қалып, күрсініп жіберді. Бірақ, тез қатайды өзі. Принципке өте мықты екен. Сол принциптерімен мені де сірестіріп шегелеп шығаруға тырысты: «Жарқынбаевтің мәселесін бір адам емес, заң кадрларының он шақтысынан құралған комиссия тексеріп анықтап отыр. Олар қате жазаламайды!» деді ол. - Егер дұрыс емес жері болса да оны қателікке партия шығармай тұрып сен шығарсаң, қатты қателесесің. Жұртшылыққа жаман әсер беретін мұндай сөзді мұнан соң басқа ешкімге сөйлеуші болма! Басқаларды партиямен үкіметке қарсы құтыртқан деген есепке толасың да, нақтылы кері төңкерісші қатарында жанышталып кетесің! Бұл, сені жай ғана қорқытып қояйын дегенім емес, Биғаш, шыны сол. Ондай жазаға қимайтындығымнан ескертіп отырғаным. Мұнан соң жазаланушылар жағынан ауыз ашпа! Егер нахақ екендігін толық білсең, партияның заң орындарына ғана жазып жібер!

Осылай сөйлеп келді де «басқаларға кері әсер ететін мұндай сөзді екінші рет сөйлемеуге», «егер сөйлей қойсам, жазалануға разы болатындығыма» тіл хат жаздырып алып қалды. Шәуешектегі азаматтардың үнін буып, газетін құйрығынан сөйлетіп қойған қандай құдірет екенін осыдан түсініп шықтым. Қылдырық жолды құпия бөлімдердің осындай жіп-жіңішке сақшылары шақырып-шақырып алып, жұп-жуан, жұп-жуан құбыжық көрсетіп шығарған екен ғой!...

Шолаң-шошырақ қира кезіктер  құраған мұндай құбыжықтар бұл аймақтағы нелер сәулелі көзді де бақырайтып қойғаны байқалды. Телбай әкімнің көзі де солай болған сияқты екен. «Тел ағай, енді шайка деп тапқандарын жайқамасын, өзіңіз білетін майданы дұрыс, саналы азаматтарымыз еді ғой, жерлік парткомға айтсаңызшы!» деп өтініп едім. «Бұл өлкедегі саяси көз де, әскери қол да бір ғана соғыскер генералда тұрмай ма! -деп  бас секретарды ишаралады әкім - «мына дивизияның саяси бөлімі бекіткен іске жерлік партком қазірше қол сұға алмайды. Енді өзің де май өкшеңді сақтағаның жөн шығар!»  -осы сөзбен күле жөнелген әкіммен бірге күлсем де, май өкшені сақтау ғана емес, май құйрығымды да қыса тұруға мойындағандай болып шықтым.

Арызымыз кеткен астанадан қамқорлық ишара күтіп жүргенімде, Шәуешектен бишара хат жетті бір күні. Қуат тым асығыс жазыпты да, апарушы адам оқып қоймасын дегендей сақтықпен желімін тышқақтатып, ораған қағазына қоса жабыстырып тастапты. Жарып жіберіп, «ішек-қарынын» арши отырып әрең оқыдым: «мектеп өртемек дейтін жалаға бәріміз маталдық. Бүрсікүні Шәкен де оталмақ. Жоққа мойындап, «кеңшілік мәртебе» таппақ болған Үркіншінің өзі он жылға, Сейітпек, Абдолла, Дәуітпек мұғалімдер бес жылға кесілетін болыпты. Басқамыз режімде істемек екенбіз. Жау өз ішімізден шықты ғой. Басқа ешкімге өштік болмасын! Бижінге сендердің де арыз жазғандықтарыңды естігенбіз. Одан келген жауапты тірі қалғанымыз ғана көрерміз. Мұндай нахаққа шыдамайтын мінезіңмен енді қатты кірісуші болма, шарпуы мол өрттен сақтануың қажет!» -деп қана жазыпты.

Бижіннен жауап келгенше Шәкен үстіндегі үкімді кешеуілдетудің шарасын іздестіргім келді. Дайындық іске дереу кіріссем де, ертеңіне түс уақытында әрең жеттім. Шәкен тіршілігі үшін тырбанатын уақытымның бітуіне төрт-ақ сағат қалды деген сөз еді бұл. Мекеме қызметі сағат бесте тоқтайтын шақ еді. Аласапыран амалды март қанша қырға аларын кім білсін. Әйтеуір шешім айта алатын біреуін тапсам, айтыса кеткім бар.

Ақылды ағайлардың ешқайсысынан жөн-жосық сұрауға үлгере алмай, аймақтық сот мекемесіне тура тарттым. Ашық автомобиль  үстінде жеңіл мақталы сырыма бешпет тоңазытып келіп еді. Қатынас бекетінен жаяулай жортып, күзетті қақпаға жеткенімше терден малмандай су болыппын. Малақайымды қолыма алып, терімді сүрте өтіп бара жатқанымда алдымнан тоса қалды күзетші қазақ жауынгер, кімді іздейтінімді сұрап, қақпа сыртынан күте тұруға бұйырды.

Қайта шыға бергенімде қарсы алдымнан жарық ете түсті іздеген бастығым. Түскі дамылдан енді келе жатыр екен. Сол жақ бетіндегі кішкентай тыртығынан таныдым. Аязда киетін ақ жағалы қара тонынан әлі шыға қоймапты. Қарсы ұмтылуымнан өзін іздеп жүрген біреу екенімді байқап тұра қалды. Ықыласты сәлемімді ытқытып жіберіп, қол бере сала өзімді таныстырдым.

- Ие, ие, естігенмін, атың таныс. Ал, бір іспен келіппе едің, шырағым?

Бүйімтайымды асығыс бұлдыратып баяндай сала арыз ұсындым. Бұл да екі ұлт тілінде бірнеше адамның атынан жазылып, Шәкен туралы үкімнің тым болмағанда бір ай кешіктірілуін сұраған арыз еді. Сот бастығы оқып шығып, іркіліссіз қайырды жауабын:

- Ең жоғары сотқа бұл айтылғаныңнан басқа да бірнеше арыз кеткен сияқты болатын. Сендердікінен бұрынырақ жазылған. Олар туралы да ешқандай нұсқау келмеді. Бәлкім, келе қоятын уақыты бола қойған жоқ. Ол орынға жетуі қиынырақ шығар деймін. Ал, бұл делоны ақтау үшін берілген мүддет бітті. Сонда да... мұндай талап қоюдарың қате емес. Тым болмағанда жұртшылықтың қарсы пікірі аз емес екендігін білейік те!... Қазақша жазылғанын мен алып қалайын. Ал, сен, полк штабына тез жетіп, мына ханзуша жазылғанын Ложың дейтін комиссарының өзіне қолма-қол тапсыр! «Ложың» ә, ұмытпа, орта бойлы, орта жасты, көсе күрең!

Сот бастығының қадағалап атап, түстеп таныстыруынан ба, іс соның қолында екендігі түсінікті болды. Шәкендерді «шайка» атап алғаш қолға алушы комиссар осы болғаны ғой. Қай жерде екенін сұрап біле сала жүгірдім.

Полк штабының қақпасы төрт жауынгердің күзетінде екен Ложыңда жұмысым барын естісімен біреуі күлімсірей ымдап, босағадағы хабар бөлімін нұсқады. Хабар бөліміндегі кішкене офицері үлкен байсалдылықпен бажайлай қарап, тексеруге кірісті жұмысымды. Қандай жұмыс екенін анықтап айтпасыма қояр емес. «Ложыңуидің өзі ғана естуге тиісті зор жұмыс» дегеніме қанағаттанбай тақауырлайды:

- Нақтылы не жұмыс екендігін айтпасаң, сырт адамды жыңуидің алдына жіберуге құқымыз жоқ! -деп басын бір-ақ шайқады. Шәкеннің атылуын кешіктіру жөнінде талаппен кірмектігімді айтсам, бұл жөнінде хабар бөліміне жыңуидің өзінің қабылдамайтын тапсырмасы бар сияқты сезілді.

- «Полк жыңуиінің[1] ғана естуіне тиісті құпия жұмысты тыңдаймын деп тосып алатын құқыңыз да жоқ!» -дегенді соқалап ұқтырып тігіле қарадым. - Әскери адам бұл тәртіпті түсінеді. Барып өзіне мәлімдеңіз. Мені егер осы қазір қабылдамаса, халыққа да, партияға да үлкен қиянаты бар мәселе болып есептеледі!... Гоминдаң полкы емес, халық азаттық армия полкы халыққа мұндай бирократтық істемеңіздер!

Осы сөздердің өзін түсіндіруіме де недәуір уақыт кетіп еді. Соңғы сөзді ести сала орнынан ыршып тұрды.

- Дұрыс, осы пікірлеріңді өзіне мәлімдеуге болады. Дузы бұжаң,[2] а, мен қайтып келгенше қақпа алдында күте тұрыңыз, дүй, бүдүй?[3]

Мені осы сөзбен қақпа сыртына шығарып қойып, өзі ауланың төріне қарай жөнелді. Сиконттар сырт-сырт ыршып барады, заулап орғып барады. Уақыт өткен сайын тықыршып, кеткен жағына телмірдім де қалдым. Көзім сыртына теуіп шығып бара жатқандайма, иә, ішіне қарай ойылып түсіп бара жатқандай ма, тамырлары созылып, орны аши берді. Қабаршым не дәуір кешікті. Сағат төртті басты. Екі аяғым тоқтамай тыпырлап, тықырши түстім. Жерді неше жүз рет тарпығанымды білмеймін. Айланып кеткен мүйісінен жарқ етіп шыға келгенінде ішке қарай ыршып беріп едім.

- Жыңуи жоқ, таба алмадым! -деп дауыстады хабаршы. - Машинамен шығып кеткен дейді, амал жоқ!

«Амал жоқ» дегені «артыңа қайт» дегені екен, қолын сілтеп қалды соңынан. Сағатыма тағы бір қарап жібердім де онысына көне қоймай, хабар бөліміне ере кірдім.

- Табылмайын деген соң табылмайды ғой! -деп күрсініп жіберіппін. Жанқалтамнан арызды алып, ақ қағазға орадым да желім сұрадым. Асығыста Қуатша мен де желімді тышқақтатып жіберіппін. Бұл да «мықты» жапсырылды білем, дәл сол бишара хат сияқты құрысып, қотыр-қотыр болды да қалды. - Мынаны Ложыңуидің дәл өз қолына дереу тигізіңіз! -деп түйіле өтініп ұсындым өзіне. - Бұл, кейін сұрауы бар, өте қажетті хұжат. Таңертеңдер сұрастырғанымда сол кісінің өз қолына тимеген болса, сіздің өзіңіз жауапкер болатын документ. «Халық үшін қызмет істелік!».

Маужушидың бұл сөзін ол да итағатпен қайталап айтты да арызымды қос қолдап тапсырып алды. Ертең сағат оннан соң керексіз болып қалатын бейшара арызды осылай жолдай салудан басқа лаж бар ма!

Сәлмірейіп Тынысқанның үйіне қарай беттедім. Бақ-ыт бөктері мен Барлықтың тең аралығынан күн де сәлмірейіп батып барады. Жер бетінен көңілі қалғандай жылусыз жылтыраған «көзі» өшкіндеп көмескіленіп барып «жұмылды» -батып тынды. Ие, есіл Шәкеннің ақырғы күні батты! Жалынды әнші, жас жан, жала түгіл жай жалғанға қас жан, сол жалған-жаладан мерт болды! Ертеңгі жарқырап шыққан күн, оның мүлде өшіп, өлген күні есептелмек. Ертеңгі күн қанша жарқыраса да оның өшкен көзін қайта нұрландыра алмақ емес! «Ақ екен, қылмыстан пәк екен!» деп шапағат нұрына қанша бөлесе де, абұлхаят суына қанша малса да қайта тірілмек емес! Көрге қолқа жүрмейді. Өйткені ол шексіз тас бауыр, мәңгі қараңғы, қойынына кірді кетті. Мәңгілікке бітті!

Тынысқанның үйіне осы зілдей ауыр күймен, ауырлай кіріп едім. Ауыз бөлмеден әйелі амандасып төр үйді нұсқады. Жабулы есігін ашып қалғанымда ең түпкі кішкене бөлмесінен скрипканың нәзік мұңлы үні естілді. Үзіле талмаусырап өшіп барып, қайта көтеріле бозқдағанда еріп келе жатқан жеңгейді қайтарып, сол ашқан есігімнің босағасындағы бір орындыққа отыра қалдым. Скрипка үні қайта баяулай толқып барып, қайта өрледі. Бұл өрлеуі боздау емес, ашынышты, аса күйінішті мұңның ышқына өрлеуі. Енді ұқтым, Шәкен ғана орындап жүретін сол атақты зардың әні екен. Тынысқан соны скрипкада кеңіте әрлеп, семпонияға айналдырып отырған сияқты. Кей жерлерін қайталап, толықтыра түседі. Соны енді Шәкеннің өзін жоқтайтын күй дастан етіп шығармақтай, зор дарын байқатты. Тынысқан қайталап екінші рет орындап бола бергенде, әйелі мен отырған есіктен дабыстап шақырды оны. Шыға келіп жалт қарап менімен амандасқан Тынысқан, Шәуешекке не жұмыспен келген жайымды қоса сұрады. Шәкен үстіндегі үкімнің кешіктірілуін талап ете келіп, өз сотымызды тапсам да, Ложыңды таба алмағанымды айтып күрсіндім.

- Ие, Шәкен жөнінде іздегенге ол жыңуи табылмайды! -деп ол да күрсініп барып, стол жанындағы орындыққа отыра кетті. - Табылса да бәрі-бір, оның делосына қатысым жоқ, мен сот емеспін дей салады. Оны қой енді!...

Бұл тақырыпта сөйлеуді осы сөзімен доғарған Тынысқан басқа тақырыптарда да сөйлесіп жарыта алмады. Менің де пәлендей жарытайын деп отырған ниетім жоқ сияқты. Қысқа-қысқа сұрау-жауаптар мен басымыз төмен тарта берді. Ерінің жайын қабағынан танып, ыңғайына бағып әрекеттенетін сараң сөзді әйелі бұл бұйығы жайымызды өзгерткісі келгендей, шәй үстіне жұмыртқа қуырып әкелді де шкабынан екі бокалымен бір бөтелке әкеліп, алдымызға қойып шықты. Оны да үнсіз қабылдап, бір-бір рет алысып қоя салдық. Үнсіз түрегеліп, барып түп үйден скрипкасын әкелді.

- Сен тыңдап көрші, түсінілерме екен! -деп күбірлей салды да, мен келгенде өрнектеп отырған күйін орындай жөнелді. Шықшыты бүлкілдеп, ақ жүзі күп-күрең қан реңіне айналды. Қас-қабағы күйдің нәзік ырғағымен бірге дірілдеп, сан түрлі құбылады. Күй жарқырап тұрған күн астында құрдым шыңырауға тасталған бір кесек гауһардың жарқ етіп, жалт беріп құлдырай жөнелгеніндей елес берді бір шақта. Сонан соң әр қырынан әртүрлі нұр атып жалындап барды да, өшкіндеп жылтылға айналды. Жылт-жылт, жылт қағып барып, түнек тереңге батқандай ғайып болды. Естен тандырғандай меңіреу мұңмен созылып, үзіліп-үзіліп барып шөгіп тынды. Күйдің өзі де солай ғайып болғандай сезліді маған.

- Не болды сендерге! -деп қалған татар жеңгенің үнімен «ояндым». Ұстаз да мен де көз жасын үнсіз парлатып отыр екенбіз. Тынысқан тиыла қойып күлімсіреді.

- «Қатын ашуланса қазан қайнатады», бар ошағыңа! -деді әйеліне. - Қалай түсіндің? -деді сонан соң маған қарап. Қолын жауапсыз алып, құттықтаған шырай білдірдім.

- Шәкен орындап, жүрген бір әннің әуені арқылы соның өз дауысымен өз трагедиясын дәл бейнелейтін күй-дастан жасапсыз! -деп сүйіне қарадым ұстазға. - Жарқырап шыққан күн нұры астында, қайдан келгені белгісіз жауыз қолдан шыңырауға лақтырылған бір кесек гауһар, сол тереңнің көрдей түнек түбіне жеткенше көрінді көзіме!

- Оның өмірін ұзарта алмайтын болған соң ең шебер орындаған әнін ұзартқаным ғой! -деп күрсінді Тынысқан. - Ие, өз дауысымен өз трагедиясын көрсетпек болғаным рас еді. Сол түсінікті болса жарағаны! Бірақ терең суға батқан гауһарға ұқсатып суреттеу жөнін ойламаппын. Ал, мендегі қимастық сезім матиптері музыкадан солай байқалса ғажап емес, оны әлі де жетілдіруім қажет екен, жақсы айттың!

Тұрсын Жарқынбаев туралы әлгі бір жалақор мақаланы газетке не себеппен бастырғандығын сұраудың орайы енді келгендей болды. «Оның алашордашыл емес екендігін өзіңіз де айтып жүруші едіңіз ғой» деген сөзді қосып сұрадым.

- Ұлттық мектептер ара жарыс-бәсекелерде Жарқынбаевпен түртісіп қалып жүретін тегі басқа күншіл-тар ұлтышлдар бар еді, оған «алашорданы» солар танып, мақаланы солар жазған екен. «Бас қылмыскерге сондай үлкен негіз таппаса, атылу шарты толмай тұрған сияқты. Комиссар ол мақаланы газетке Тұрсынның атылатын күніне дәлдеп, партком арқылы өткізді. Оны баспасақ редакторларымызға да сол «алашордашылдықтан» сыбаға беретін сыңай байқатты!...

Соның ертеңіне таңертең Тынысқан менің жүзіме қарай беріп күбірледі.

- Сен бүгінгі үкім орындалатын майданға бармай-ақ қой!

- Не себепті?

- Өңің бұзылып отыр, бір шатақ тауып аларсың. Бүгін барлап-бақылаушылар көбірек шығуы мүмкін. Ол үкімге қарсы пиғылдарды іздер. Ал, сен ондай сұқ көзге шалықпаған жағдайда да бұл, нахақ өлтіру ғой, идеяңа дақ түсуі мүмкін. Бармай-ақ, көрмей-ақ қоялық оның өлімін!... Бұл арқылы партияның бүкіл әділетті-заңды ісіне, коммунистік қимылға кір келтіруші болма! Себебі, бұл бүкіл партияның ісі емес. Арам тырнағын ішіне бүккен бір-екеудің ғана ісі!...

- Оны білем, ағай, толық білем. Марксизм-Ленинизмге бүтіндей жат іс бұл. Партия мұны ертең-ақ теріске шығарады!.. Башекең уәлилік атымен бірдеме айта алмады ма бұл үкім жөнінде?

- Ол кісінің уәлилігі бірлік сап қызмет ретінде ғана пайдаланылатын болып жүр. Чаушан соғысына аэропланы ұшқан соң, өзі көбірек «демалатын» болды. Қазір Шағантоғайдағы өз ауылында. Жиынға шақырылса ғана келеді...

Таңертеңгілік шәйді ішкен соң Дөрбілжінге тура қайтатын көрініспен қош айтысып шықтым да, жұрт ағылып жатқан зираттыққа бұрыла жөнелдім. Ешкімге «көрінбеу» үшін ешкімге қарамай, кетіп бара жатқан көктайғақ киімді кадрлар да мен сияқты сырыма сарылы сыпайылар да баршылық. Олар сияқты тұқырмай-ақ тікірейіп өтсем де мен танитын ешкім көрінбеді. Сақшы қорғап тұрған жаза алаңына жеттім де, жай халықтың арасына сіңіп тұра қалдым.

Қаладан өрге қарай ышқына зырлап қара машина шыға келді бір шақта. Үстінде қолы артына қайрылып байланған жалаңбас Шәкен, төрт-бес сақшының алдында тіп-тік қарап келеді. Кеудесіне жапсырылған «нақтылы кері төңкерісші элемент» деген қара жазуды жұртшылыққа айқындап көрсетіп, мына жалаға қараңдар деген рай бар. Жиналған халықты түгелі шолып, әлдекімді іздеп келе жатқан сияқты, «келіншегі мен кішкене қызын ақырғы рет бір көргісі келетін шығар, қайтсын бейбақ!» деп қалды бір кемпір. "Оларды бұл жерге келтірмеуге бұйырыпты!" деп жаулығымен бетін басты біреуі. Басқа әйелдер де үнсіз жылауға кірісті.

Автомобиль тоқтасымен тәртіп бойынша лақтырып тастамақшы болған сақшыларды иығымен қағып-қағып жіберді Шәкен. Кісенін шалдыр еткізді де өзі ыршып, тік түсті жерге. Шалдырлатып жедел басып барып тұра қалды. Жан-жағына тағы жалтақтап, қимастарын асыға іздеді. Күрс етіп бір-ақ атылды бес мылтық. Шәкен шалқалай тәлтіректеп барып, қырынан құлап түсті. Шырылдаған әлсіз қос дауыс естілді осы шақта. Шәкеннің аяғы екі сермеліп қалып тынды.

Бір топ ер-әйелдің қоршауында құшағындағы баласымен шырқыраған жас әйел, ыршып келіп, қанға малшынып жатқан өлі денені бассалды. Көз жасым парлай жөнелді. Кілт бұрылып, өзім де жөнеліп беріппін.

Қаһарлы тергеушім, атылғанда да қылмыстары шашылып әшкереленген жайыл кері төңкеріс шайкашыларына ақтаушы, сақтаушы болғанымды, амалым мүлде құрығанда еңіреп жоқтаушы болғанымды да енді білдіңіз.  Мен кім екенмін ы..ым! Осы қылмысым бүкіл өміріңізге азық болар-ақ. Мұншалық мол ырызықты сіздерге менен басқа қай кері төңкерісші тауып беріпті! «Ыстық кампитпен» енді мені де сыйламасаңыз, алтын таразыларыңызға мүлде қайшы келмей ме!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Жыңуи (қытайша) - комиссар, саяси жетекші.

[2] Ренжімеңіз.

[3] Болама, болмай ма.

0 пікір