Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5067 0 пікір 28 Маусым, 2012 сағат 08:54

Жұмамұрат Шәмші. Кәрі қыздың қайғысы...

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған мына жайт еді: менің электронды поштама бейтаныс қыз сұрақ жолдапты. «Жұмамұрат аға, сіздің мақалаларыңызды оқып жүремін. Сізден кеңес сұрасам ба, деп едім. Жасым 34-де. Әлі тұрмысқа шықпадым, енді өзімнің денсаулығым үшін біреуден бала туып алайын ба, әлде қиялдағы жігітті күтіп жүре берейін бе?».

Бұл сұраққа жауап айтар бұрын қысқаша тарихымызға тоқтала кетуді жөн көрдім. Ежелден қазақ ұлдың он жасын «қозы жасы» деп еңбекке баули бастаса, қыздың сол шағын-«қонақ жасы» дескен. Жат жұртқа жаратылған баланың оң жақта енді бірнеше жыл ғана болатыны алдымен анаға аян. Бұрынғы аналарымыз әкесін бала алдында асқар таудай ете білді. Тіпті, оның атын атамады. Айтқанын бұлжытпай орындады. Бұл опасыз пәниде, бірде жыртық, бірде бүтін тіршілікте жоқшылық пен тоқшылық қатар жүретінін түсіндіре отырып, әдептілікке тәрбиелеген.

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған мына жайт еді: менің электронды поштама бейтаныс қыз сұрақ жолдапты. «Жұмамұрат аға, сіздің мақалаларыңызды оқып жүремін. Сізден кеңес сұрасам ба, деп едім. Жасым 34-де. Әлі тұрмысқа шықпадым, енді өзімнің денсаулығым үшін біреуден бала туып алайын ба, әлде қиялдағы жігітті күтіп жүре берейін бе?».

Бұл сұраққа жауап айтар бұрын қысқаша тарихымызға тоқтала кетуді жөн көрдім. Ежелден қазақ ұлдың он жасын «қозы жасы» деп еңбекке баули бастаса, қыздың сол шағын-«қонақ жасы» дескен. Жат жұртқа жаратылған баланың оң жақта енді бірнеше жыл ғана болатыны алдымен анаға аян. Бұрынғы аналарымыз әкесін бала алдында асқар таудай ете білді. Тіпті, оның атын атамады. Айтқанын бұлжытпай орындады. Бұл опасыз пәниде, бірде жыртық, бірде бүтін тіршілікте жоқшылық пен тоқшылық қатар жүретінін түсіндіре отырып, әдептілікке тәрбиелеген.

Қыз кәмелет жасқа жетісімен оның айналасы жауға толады. Біреу «үкілеуге» ұмтылады. Біреу «кетік алма» етіп кеткісі келеді. Осындайда ақылды аналардың екі көзі төрт болып, түн ұйқысы төрт бөлінген. Ол есік алдындағы ит үрсе де, біреу өтіп бара жатса да, үйіне қонақ қонса да, қызы көзінен таса болса секем алған. Себебі, көгендегі марқасы марқайды. Мұндайда ана сорлы мінезіндегі өзгерісті, денесіндегі байқала бастаған белгілерді сәт сайын абайлап қадағалаған. Қыз баланы бұрынғыдай бөлек жатқызуды, беталды қыдыртуды шектеп, не өзінің, не әжесінің қасына жатқызған. Далаға жіберсе, бейбастақ бала, төрге жатқызса, ынсапсыз қонақ, жеңгеге ілестірсе «қызды жеңге бұзар, жеңгені теңге бұзады» деп өзінен өзгеге мүлдем сенбеген. Шешеден бұрын сөйлемеуге тәрбиелеген. Қыз ел көзіне түсе бастаған кезден оған анасы көсемсіп сөйлемеуді, кісіге тіке қарамауды, ұяң болуды, өз жанынан ұзамауды, беталды қыдырмауды, жұртқа сүйкімсіздерге жоламауды, босқа тарқылдап күлмеуді, инабатты болуды талап еткен. Үй ішінде қыздың тәртіпті болуы сөзін тыңдайтыны әке мен шеше, сескеніп сыйлайтыны ағасы, сырласатыны жеңгесі, ұялатыны ауыл руы - бұлар тұтасымен ойламай от басып алмауға мызғымас қорған еді. Қазіргідей туған күнді, мектеп бітіргенді, әскерге шығарып салуды, бір жақтан келгенді қарсы алуды, күнді-түнге, түнді-күнге ұластырып даңғазамен тойлатуға тізгін-шылбырсыз жіберу ол кездегі аналардың өңі түгілі түсіне де кірмеген.

Бүгінгі қазақ қызы өзіне тән нәзіктігімен қатар білімді, сымбатты, инабатты болуға тырысады. Әрқайсысының болашаққа қойған  мақсаты шексіз.  Сайып келгенде, сол армандардың ұштасатын жері тұрмысқа шығу. Қай бойжеткен сүйікті жар, аяулы ана болуды армандамайды дейсіз?! Бірақ уақыт озған сайын, заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, қазір үйлену мен тұрмыс құру қиынның қиыны болып барады. Кейбір үзеңгілес құрбылармен отбасын құру жайында сұхбат өрбітсең еститінің сол баяғы жібі түзу қыз жоқ. Сонда біздің елде басы бос қыздардың саны Құдай-ау, жарты миллионға жетіпті. Бір жігітке тоғыз қыздан келеді. Жыл өткен сайын қыздардың саны артып келеді. Ал жасы отыздан асқан қыздардан сұрасаң жігіт жоқ. Ойпыр-май, Қазақ елінде басы бос жігіт қалмаған ба, деген ойға қаласың.

Бұл, әрине, ерлер мен әйелдер қауымының арасында пәк сезімнің мүлде жоқтығын білдірмейді. Сезім  мен сүйіспеншілік бар болғанымен, бірнеше жыл бойы кездескен жігіт пен қыз арасында үйленуге құлық жоқ. Жігіттер отбасылық қым-қуыт өмірден қорқа ма? Жауапкершілік артқысы келмей ме? Әлде бұған өз келісімін бермейтін қыздар кінәлі ме, - деген сан алуан сұрақтың астына қаласың. Менің ойымша, тұрмысқа шыға алмай жүрген қыздар жауапты өздерінен іздегендері абзал. Мәселен, сіздің су ішкіңіз келсе, көшеге шығып, су сататын жерді іздеп, жолда өткен-кеткендерден сұрасаңыз көрсетеді. Осылайша мақсатыңызға жетесіз. Ал үйінде тығылып отырған қыздарды кім біледі?

Оның отырып қалғанын, тұрмысқа шыққысы келетінін кім білсін?! Ауылдардан Астана мен Алматы қаласына келген қыздар алғашында оқу басты болып жүреді. Оқу мен үйдің арасымен шектеледі. Оқу бітіріп, жұмысқа шықса, жұмыс-үймен жүреді. Қыдырып ешқайда бармасаң, сырыңды ешкімге айтпасаң, әке-шешем ұрысады немесе уақытым жоқ, ертең жұмыс деген сияқты сылтаулармен жүре берсең, осындайда қазақи қисынға салатын болсақ, «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созады» демекші, ешкіммен таныспаса, қоғамдық жерлерге шықпаса, оларды кім біліп-көріп жатыр.

Әрине, қыздардың ерте тұрмыс құруға құлық танытпауларының басты бірнеше себептері бар. Оқып, білім алу, нарықтық заманда біреуге тәуелді болмау үшін ақша табу, алға қойған мақсатына жету үшін сүйікті мамандығы бойынша мансапқа жету. Ер азаматпен терезесін тең етуге талпынған нәзік жандар осылайша уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей де қалады-ау, сірә. Сансыз себептердің қатарына атқамінер азаматтар санының тым аздығы да қосылып отыр. Қазақстанда 350-мыңға жуық Баянсұлу Қозыкөрпешін таба алмай жүргенге ұқсайды.

Ұйқысын ұрлаған, сөзіне сендіріп, ырқына көндіре білген алғашқы махаббатты алдап кеткен немесе көңілін қатты қалдырған болуы мүмкін. Сөйтіп, жігіт атаулыдан үмітін үзіп қалады. Бір жігіт жаман болса, бүкіл жігіт атаулы жаман деген сөз емес қой. Осылай уақыт оздырып алады. Осылай өзін-өзі тірідей қамап қояды. Бұл топтағы ұялшақ қыздар жігітпен таныса алмайды, қалай танысуды білмейтіндер. Отырып қалған қыздардың көшедегі көрінген біреуден бала туып алуы - адамгершілік аясына да, ата дініміздің ұстанымына да жат.

Жалпы, адамзат баласының «мен ешкімге тәуелді емеспін, еркексіз, немесе әйелсіз өмір сүре аламын» деуі жалған пікір. Алла Тағала барлық жаратылыс иесін жұп-жұбымен жаратқан. Әркім өз жұбымен жарасымды. Сондықтан еркек әйелсіз, әйел еркексіз ғұмыр кеше алмайды. Бұл - Жаратқан жаратылыстың заңдылығы. Кейбір қыздардың қиялындағы жігіттің көлігі, мол табысы, үй-жайы бар, бәріне бірдей Ален Делонды қайдан табасың. Кейбіріңе өзіміздің тракторист Қошқарбайдың Жылқыайдары жарап жатыр. Бірақ, бұл бүгінгі бойжеткеннің бірінші бұйымтайы болып тұрғандай. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мансап пен байлықты қуып жүре бермей, уақытында жасалған ұсынысты ұтымды пайдалана білген абзал.

Құранда «Зинаға жоламаңдар» деген аят бар. Зина - некесіз қарым-қатынас жасау. Некесіз жыныстық қатынасқа түсу - үлкен күнә. Осылайша күнәға кіріптар бола тұра, «бала таптым» деп мақтанып, шаттанатын болдық. Тіпті, Астана қаласындағы әкесінің құнын сұрайтын мейрамханаларда ұлан-асыр той жасағандарды көрдім. Ол аздай, сонша адамның көзінше, «мен өмірімде біреуді алдап-арбап, кісінің ала жібін аттаған емеспін» деп беті бүлк етпестен ақталатындарды көрдім. Көшеде қызыл көйлек киген қыз көрсе, асарын асап, жасарын жасап алған кейбір ел ағасы жасқа келгендер, қызыл түлкінің құйрығы секілді бұраңдап кететіндерін естіп те, көріп те жүрміз.

Өз заманында ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы Қодар мен Қамқаға ойнас жасағандары үшін кейінгі ұрпаққа сабақ болсын деп тиісті ауыр жазасын берсе, бүгінде бұл іс бала сүю символына айналғандай. Кейбір замандастарым қит етсе, «Құдай-ау, Құнанбай қайда, біз қайда? Қазір XXI-ғасыр заман өзгерді, жаһандану заманының талабы-осы» деген қисынсыз пікірді алға тартады.

Алайда заман өзгермейді, адам өзгереді. Өйткені әлімсақтан бері күн сол шығыстан шығып, батысынан батады. Ешкім алты аяқты, екі басты құйрығы бар болып туып жатқан жоқ. Адам өзінің асыл қасиеттерін ұмытқан немесе білмеген кезде әртүрлі қателіктерге бой алдырады. Мұндай арсыз әрекеттің орын алуына тек әйел заты кінәлі деуге болмас. Көрінген ұяға жұмыртқалаған көкек еркектер болмаса, өзі үшін бала туатындар күлге аунап тумасы анық.

Отырып қалған қыздардың екінші әйел ретінде ұсыныс жасалып жатса, төбе шаштары тік тұрып кетеді. Өйткені әупірімдеп жүріп қолы зорға жеткен күйеуін әлдебіреумен бөліскенше, өмір бақи қос тізесін құшақтап өтуді ерлік санайды. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қағиданы қатты ұстанған. Жалпы, кешегі қазақ бәйбіше, тоқал, нақсүйер, аққолтықтан туып тараса да бүгінгі әйел біткеннің пікірі-осы. Әйелге некелі күйеуінің ұрығын пайдаланған жағдайда ғана жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға болады. Демек, кім  екені белгісіз бейтаныс құтты күйеудің ұрығын құрсағына салу да - арам. Тақырыптың түйінін толассыз тыйым деп түсінбеңіз, қарындас. Алла рұқсат еткен жолдары да бар. Бойжеткен бағының байлануы басқа біткен бәле емес, Алланың басқа салған сынағы деп білген абзал. Алла Тағала әркімді әртүрлі сынақпен сынайды. Қанша жыл отбасылы болса да, балалы болу бақыты бұйырмағандар қаншама!

Сондықтан дүниеге бала әкелу бір міндет болса, оны тәрбиелеп өсіру одан да аса жауапты міндет. Күндердің бір күні ойнастан туғанын білген бала психологиясында өзгерістер пайда болады. Кейін оның да ана қателігін қайталамасқа кім кепіл? Сіздің таңдауыңыз-сіздің тағдырыңыз. Таңдауыңыз тозақтың түбіне түсіруі де, Алланың мол жақсылығына кенелтуі де бек мүмкін. Сондай-ақ, бұл тек сіздің жеке басыңыздың ісі ғана емес, бұл мұсылман қазақ қоғамына тексіздік теңеуін тағатын қауіпті дерт. Жеңіл жүріс, арзан ой қоғамның індетіне айналды.

Адамдарға жау болғандықтан емес, бұл іс-әрекет қоғамда дау болғандықтан қозғап отырмын. Білем, мұндай іске ешкім ерігіп бармайды. Әркімнің айтар бір уәжі бар. Алайда біздің кейбір сылтауларымыз адами болмысымызды аяқасты етуге еш себеп бола алмайтындығын естен шығармаңыз, бейтаныс қарындас.

«Абай-ақпарат»

0 пікір