Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6207 0 пікір 22 Маусым, 2012 сағат 07:55

Кенжебек Құдысұлы. Даму философиясы (жалғасы)

 

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

ДАМУ ДЕГЕНІМІЗ - ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ,

ӘБЗЕЛДЕНУІ (ОПТИМИЗАЦИЯЛАНУЫ)

І. ЖҮЙЕ ТЕОРИЯСЫНАН ҚЫСҚА ҮЗІНДІЛЕР

 

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

ДАМУ ДЕГЕНІМІЗ - ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ,

ӘБЗЕЛДЕНУІ (ОПТИМИЗАЦИЯЛАНУЫ)

І. ЖҮЙЕ ТЕОРИЯСЫНАН ҚЫСҚА ҮЗІНДІЛЕР

Ағылшын тіліндегі «system» cөзі көне Грекше «systema» сөзінен келген. Бөліктерден құралған тұтас тұлға (бүтін / целое) деген мағынада. Жалпыламалық жүйе теориясының (общей теории систем/general system theory) негізін салушы теория жағындағы биологі (теоретические биолог) Берталанфидың (Ludwig Von Bertalanffy:1901~1972) берген анықтамасы: «жүйе - өзара байланысты, өзара әрекеттестіктегі бірқанша элементтердің (бөліктердің) бірігуінен тұратын синтез (комплекс)».

Жүйе болып тұру үшін ең кемінде төмендегі шарттар қанағаттандырылу керек: 1) жүйе ең кемінде екі элементтен (бөліктен, негізгі факторлардан немесе қосалқы жүйелерден ) құрам табады. 2) жүйені құраушы элементтер қалай болса солай емес, белгілі бір формада бір-бірімен байланысады, бірігеді. Осылайша біртұтастыққа, бүтінге айналады.

Кез-келген жүйенің төмендегідей ерекшелігі болады:

1.       Біртұтастық, бүтіндік (целостность) - жүйе бір-бірінен бөлінбейтін түрлі элементтерден (бөліктерден немесе қосалқы жүйелерден) құралған біртұтастықтан, бүтіндіктен тұрады. Біртұтастық, яғни, бүтіндік жүйенің ең басты ерекшелігі. Жүйенің мәні - біртұтастық (бүтіндік) пен бөліктің өзара бірлігінде. Жүйенің бір тұтастығыы - қозғалыстар мен өзгерістер барысында жүзеге асуға мүмкіндік алады. Жүйені құраушы барлық элементтер немесе бөліктер бір-біріне байланған (өзара байланысқан) болады. Олар бір-біріне әсер етеді, әрекеттестікте болады және бөліктердің қозғалысы (іс-қимылдары) өзара бақылауда болады, бір-бірін тежеп (ограничивать, обусловливать), басқасы бірісінің қозғалысы шектен шығуына жол бермейді. Жүйеде жүйені құрайтын, бірақ, бір-бірімен қатыстылығы (корреляция, относительность) жоқ элементтер мүлдем болмайды. Екінші сөзбен айтқанда жүйеде оңаша, бөлек (изолированный) тұратын элементі немесе бөлігі болмайды. Егер жүйені құраушы элементтер (бөліктер, қосалқы жүйелер) арасындағы байланыс өте әлсіз, жоқтың қасы болса оны «nonsystem» яғни, бейжүеге (жүйесіздікке, жүйе жоқтыққа) жатқызады.

2.       Жүйе дербестікке ие болады. себебі: А) Әр жүйенің өзіне тән сапалық өзгешелігі және сандық шама (көлем, үлкен-кішілік) шектемелілігі болады. мысалы, піл мен тышқан; Ә) Жүйеде меншіктілік және сиғызбаушылық (қағажулаушылық / Exclusiveness / исключительность, эксклюзивті) ерекшелік болады. Б) Тұрақтылық (стабильность): белгілі бір кезең ішінде немесе белгілі бір шарт-жағдай астында жүйенің ішкі құрлымы мен функциясы негізінен өзгермейді. Салыстырмалы түрде тұрақты болады. Бірақ, абсолютты түрде қатып қалған емес, себебі қозғалыста, өзгерісте, дамуда болмайтын зат болмайды. Жүйе де үнемі қозғалыста, өзгерісте, даму үстінде болады. Жүйенің дамуы құрылымы мен функциясының оптимизациялануы (optimize,optimization:әбзелденуі, үздік нұсқасын таңдау / өз алдына бөлек ғылым) арқылы көрінеді.

3.       Жүйеде құрылымдық (структурный) ерекшелік болады. Мысалы, бір уыс тісті берілістерді (передача), қырқарларды, серппелерді, сағат тілдерін және басқа да сағаттың механикалық бөлшектерін бір жерге үйіп қойсақ ол сағатқа (механикалық) айналмайды. Сағатты құрайтын бөлшектерді белгілі бір орналасу тәртібімен дұрыс құрастырған кезде ғана сағатқа айналады. Сол сияқты машинаның қозғалтқышы (моторы) мен өзгеде құрамдас бөлшектерін қалай болса солай біріктіре салсаң, жүргізуге болатын машина болып шықпайды. Сондықтан әр түрлі жүйенің өзіне тән ішкі құрылымдық ерекшелігі болады. Бірі екіншісінікіне ұқсамайды. мысалы, балықтың дене-мүшесінің құрылысы мен малдыкі ұқсамайды т.б.

4.       Әр бір жүйеде өзіне тән белгілі бір функциялар болады. Жүйенің функциясы өзі өмір сүріп отырған ортамен белгілі байланыста, өзара әрекеттестікте болады. Мысалы, ақпарат жүйесінің қызметі - ақпараттарды (ортадан) жинау, (ортаға) тарату, сақтау, өңдеу, қорғау және пайдалану.

5.       Жүйеде ортаға бейімделгіштік (икемделушілік) қасиет болады. Кез-келген бір жүйе белгілі бір ортада өмір сүреді. Ортамен белгілі байланыста, әрекеттестікте болады. Әр бір адам (адам организмі - дербес жүйе) қоғамдық және тәбиғи ортада өмір сүреді. Мысалы, адам (дербес жүйе) өзі өмір сүріп отырған ортаға бейімделеді. Ортамен белгілі деңгейдегі зат, энергия, ақпарат алмасуда болады.

6.       Жүйеде белгілі мақсат болады. Мақсатсыз жүйе болмайды. Мысалы, әр бір адамның да, әр бір мемлекеттің (жүйеге жатады) де алдына қойған өз мақсаты болады. Жүйе мақсатына жету үшін оны құраушы бөліктер (құрамдас бөліктері) бір-бірімен үйлесе отырып жұмыс жасауға мүделі болады. Мысалы, механикалық сағаттың жүруінде, компьютердің жұмыс жасауында, оларды құраған механикалық немесе электрондық бөлшектер бір-бірімен үйлесе жұмыс жасайды.

Жүйенің құрамдас бөліктері ең тиімді нұсқасы бойынша белгілі бір тәртіппен өзара біріккен әбзел (идеалный) құрылымға қарай өзгереді. Тек осылайша ғана жүйе өзінің функциясын ойдағыдай атқара алады. Екінші сөзбен айтқанда ішкі құрылымы (түзілісі) тиімді (әбзел) жүйе ғана ойдағыдай жұмыс жасай алады, үлесі зор болады.

7.       Жұйенің бөліктерден (яғни, қосалқы жұйелерден, негізгі факторлардан, элементтерден) құралатыныны белгілі. Жүйені құраған әр бөліктің өзіне тән функциясы болады. Әрі бөліктер бір-бірімен байланыста, өзара әрекеттілікте болады. Бірақ, Жүйені құраушы барлық бөліктердің бір-бірмен сәйкесіп (өзара сәйкесіп жұмыс жасауы, бірігіп жұмыс жасауы) жасаған ортақ жұмысы (қосқан үлесі, яғни тұтас жүйе ретінде қосқан үлесі) әр бөліктің жеке атқарған жұмысының (қосқан үлесінің) қосындысынан зор болады. былайша айтқанда бүтін жүйенің қосатын үлесі сол жүйені құраушы негізгі бөліктердің жеке қосқан үлестерін жинап қосқандағы қосынды үлестен үлкен болады. Жүйе теориясында оны 1+1>2 формуласымен өрнектейді. Мұнда, жүйені құраушы бөліктер бір-бірімен негұрлым тиімді нұсқасымен біріксе, бөліктердің қызметі неғұрлым өзара сәйкессе, бүтін жүйенің қосатын үлесі солғұрлым үлкен болады. яғни, 1+1>2 айқындала түседі. Керісінше, егер жүйені құраушы бөліктер бір-бірімен сәйкеспейтін жағдайда, яғни, жүйенің құрлымы осал, тиімсіз болған жағдайда - жүйе қарқынды түрде кері кетуге, құлдырауға бет алып, соңы жүйенің ыдырауымен немесе жойылуымен тәмәмдауы мүмкін. Себебі, мұндай жағдайда зат, энергия (бір мемлекет үшін алып айтқанда бюжет қаражатын да өзішіне алады) және ақпарат орынсыз, мәнсіз нәрселерге жұмсалады; нәтижесінде қосалқы жүйелердің бүтін (біртұтас) жүйеге қосатын үлесі мардымсыз болады; жүйе сырттай бүтін сияқты болып көрінгенмен, іштей өз-өзін жейді; іштен тозады. «Сырты бүтін, іші түтін»ге айналуы мүмін.

8.       Инстанция (Аdministrative levels), последовательность (arrangement of ideas in writing or speech): әр бр жүйе өзінен де үлкен бір алып немесе күрделі жүйенің бір мүшесі есептелсе, сонымен бірге осы жүйенің өзі өзінен анағұрлым кішірек, қарапайым қосалқы жүйелерден (подсистема) құралады. Осылайша жүйелердің құрылымында белгілі бір бұтақтанну, сатылық рет-тәртіп ерекшелігі болады. Мысалы, адамзат жұмыр жер бетіндегі тіршіліктер жүйесінің бір мүшесі. Жер бетіндегі адамзат әлемдік қауымдастықты құрайды (200 ге жуық мемлекеттен тұрады) Қазақстан осы әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі. Қазақстан өзалдына дербес жүйе ретінде өзіне тән саяси жүйесі (мемлекет құрылысы) бар. ҚР нің саяси жүйесінде мемлекеттік билік жүйесі тағы бөлінеді. Мысалы, атқарушы билік (үкімет), заң шығарушы билік (парламент) және сот билігі деп т.б.

Осы тектес ерекшеліктері арқылы жүйені жүйе еместерден (бейжүйеден, жүйесіздіктен) ажырата тануға болады.

ІІ. МЕМЛЕКЕТ ДЕГЕНІМІЗ - ДЕРБЕС ЖҮЙЕ

1. Жүйе және даму

Әлемдегі заттардың мәңгі қозғалыста, өзгерісте болатындығын әрі оның абсолютты болатындығын, қозғалыстар мен өзгерістердің негізгі бағыты - даму екенін білеміз. Бірақ, заттардың әр қайсысы бейберекетсіз, қалай болса солай қозғала, өзгере бермейді, заттардың қозғалыстары мен өзгерістерінде белгілі реттілік, тәртіп, басқыш (этап) болады. Оны әр күні шығыстан таңның атып, батыстан күннің батуынан да, төрт маусымның белгілі тәртіппен (көктем>жаз>күз>қыс) ауысуынан да біле аласыз. Сондықтан, даму дегеніміз заттардың қозғалыстары мен өзгерістері барысында белгілі бір реттіліктің, тәртіптіліктің, заңдылықтың, орнықтылықтың, тұрақтылықтың қалыптасуы екенін байқау қиын емес. Ал осының керісі, яғни, ретсіздік, бейберекетсіздік, тәртіпсіздік, заңдылықсыздық, тұрақсыздық даму тоқтаудың, кері кетудің белгісі. Реттіліктің, тәртіптіліктің, заңдылықтың, орнықтылықтың орнауы - тек жүйе қалыптастыру және қалыптасқан жүйенің ары қарай әбзелденуі арқылы ғана жүзеге асады. Басқа тиімді жол жоқ. Себебі, тұтас әлемнің өзі аса күрделі жүйе. Жүйеден тысқары тұратын еш бір зат болмайды. Зат (материя) дегеніміз белгілі бір жүйенің құрамындағы зат. Кез-келген адам - белгілі бір қоғамдық жүйенің бір мүшесі. Жер шары күн жүйесінің бір мүшесі, күн жүйесі галактиканың (галактика - жұлдыздардың бір үлкен жүйесі) бір мүшесі. Жер бетінде әр бір тіршілік иесінің денесі - өз алдына бір жүйе. Тұтас әлем - күрделі жүйе. Әлемді құраған заттар жүйе түрінде өмір сүреді, сақталады. Яғни, жүйе - заттардың өмір сүру үлгісі. Сондықтан, заттар қозғалысы мен өзгерісінің негізгі бағыты - даму болса, дамудың бағыты - жүйе қалыптастыру және сол қалыптасқан жүйенің ары қарай әбзелденуі (оптимизациялануы), әбзел (тиімді, идеалды) жүйеге айналуы. Ендеше, жүйе қалыптаспай, қалыптасқан жүйе ары қарай әбзелденбей - даму болмайды. Яғни бір зат дамима жоқпа, даму қарқыны қаншалықты болатындығы - сол затқа тән немесе сол затты да қамтитын жүйе мен сол жүйенің әбзелдену өресіне байланысты шешіледі. Олай болса бір мемлекеттің (жүйеге жатады) болашақ тағдыры мен даму деңгейі (сыртқы күштердің ашық және жасырын соғысын ескермеген жағдайда / сыртқы себеп) бастысы сол мемлекеттің қалыптастырған жүйесі (саяси жүйесі, мемлекет құрылысы т.б.) мен сол жүйе құрылымының әбзелдену деңгейіне тәуелді болады. Билік жүйесінің, басқару жүйесінің құрылымын әбзелдендірмеген мемлекет өзге елдермен (кейде өзге ұлтпен) бәсекелескен өмірде тым баяу дамуы, тіпті дамымай тұрып қалуы, кері кетуі де мүмкін. Себебі тұтас әлемді құраған заттар дамуының ортақ заңдылығына, сол заңдылықтардың бірі болған заттардың жүйелену (жүйеге айналу) заңдылығыа, қалыптасқан жүйенің ары қарай әбзелдену процессіне, бір сөзбен айтқанда дамудың бағытына, дамудың заңдылығына тақымдап ілесе алмай қалуда. Мұндай жағдайда оның болашақ болжамы не боларына еш сенім, кепілдік болмайды. Ашты естілсе де, тәтті естілсе де нәтиже солай болады. Ғылымды, заңдылықты мақтаудың да, даттаудың да қажеті жоқ. Оларға өте мұқияттылықпен, құрметпен қарау және дұрыс, жөнімен пайдалану жеткілікті. Керісінше, дербес мемлекетті өз алдына бөлек бір жүйеге жатпайды деп есептесек, бірақ, осы мемлекеттен басқасының бәрі жүйеге жатады. Мемлекет орын теуіп отырған жер шарының өзі күн жүйесінің бір бөлігі (бір мүшесі). Мемлекетті құрап отырған әр бір адам организмінің өзі бір бөлек жүйе. Сондықтан, қалайық я қаламайық, мемлекет бәрі бір жүйеге жатады. Заңдылықты өзгертуге бір алланың болмаса, адамзаттың әлі жетпейтіндігін алдыңғы мақаламда айтып өткен болатынмын. Олай болса жүйе дегеніміз не, сөзді содан бастаған дұрыс болар.

 

2. Жүйе ұғымы

Энциклопедияларда жүйе деп: «өзара байланысқан, бір-бірімен ықпалдастықта болатын бірқанша немесе көптеген элементтердің (негізгі факторлардың, бөліктердіңң немесе қосалқы жүйелердің) белгілі бір формада бірігуінен тұратын, өзіне тән нақты белгіленген функциясы бар біртұтас дене». Жалпыламалық жүйе теориясының (общей теории систем/general system theory) негізін салушы Берталанфидің берген анықтамасы осыған саяды.

 

3.  Дербес жүйенің құрлымы

Тірі адамның организмі (денесі) өз алдына дербес бір жүйеге (системаға) жатады. Әрі түрлі жүйелердің ішіндегі күрделі бір жүйе есептеледі. Әлемдегі жүйе түрінде өмір сүретін (сақталатын) заттардың типтік бір үлгісі. Адам денесі асқазан-ішек, бауыр (т.б.) сияқты мүшелерден құралған ас қорту жүйесі; өкпе-бронх сияқтыдан тұратын тыныс алу жүйесі; жүрек-қантамырдан құралған қан айналыс жүйесі; бүйрек, қуық сияқтылардан құралған зәр шығару жүйесі; орталық және шеткі нервтен тұратын нерв жүйесі т.б. көптеген қосалқы жүйелерден (бөліктердегн) құралған күрделі дербес жүйе. Әрі оның әр бір қосалқы жүйесінің өзі бірнеше органнан (мүшеден ) құрам табады. Мысалы, адамның тыныс алу жүйесі: мұрын, жұтқыншақ (глотка), тыныс алқымы (горло), кеңірдек (трахея), кеңірдекше (бронх) және өкпеден құралады. Дербес деп айтуымдағы себеп әрбір адам организмі екінші бір адамның организмімен байланыспаған, бір-бірімен жалғанбаған өз алдына тұйықталған бір жүйе. Адамдар арасында әр түрлі байланыс болғанымен әр бір адам дербес өмір сүреді. Сондықтан, әр бір адам - бір дербес жүйе. Әр бір тіршілік иесі де дербес жүйеге жатады. Айырмашылығы біреулерінің (мысалы, адамның) организмі күрделі дербес жүйе болса, енді біреулерінің (мысалы құмырсқаның) организмі қарапайым дербес жүйеден тұрады. Бірақ, дербес жүйе ретінде олар құрамы, құрлымы мен функциясы жағынан белгілі ұқсастық болады. Сол сияқты (программасы енгізілген) компьютер де, мемлекетте, аспан планеталарындағы күн жүйесі де дербес жүйеге жатады.

Адам организмі сияқты күрделі дербес жүйелер үшін айтқанда оның қосалқы жүйелері (мысалы, тыныс алу жүйесі, асқорту жүйесі т.б.) күрделі дербес жүйені құраған негізгі факторлары, бөліктері (кейде элементтері) болып есептеледі. Дербес жүйені құраған қосалқы жүйелері (негізгі факторлары, бөліктері, кейде элементтері) жеке-жеке дербес өмір сүре алмайды. Мыслаы, жүрек адам денесінен бөлек өмір сүре алмайды. Өкпе де солай т.б.

Қосалқы жүйелер белгілі бір құрылым формасында бір-бірімен жалғанып біріккен, тұтас дененің ажырамас бір бөлігі. Олар бір-бірінен ажырай алмайды. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Себебі, бір-біріне байланып бір бүтіндікті құрайды. Сондықтан дербес жүйені құраған қосалқы жүйелерін немесе негізгі факторларын дербес жүйе деуге келмейді.

 

4. Қосалқы жүйелердің функциясы

Қосалқы жүйелер құрылым жақтан белгілі формада өзара жалғанып біріккенмен, бірақ әр қайсысының атқаратын нақты әрі өзіне тән айрықша функциясы (қызметі) бар. Мысалы, жүрек қанды айналдыруға, өкпе ауа алмасуға, асқазан-ішек асқортуға жауапты дегендей. Дербес жүйені құраушы қосалқы жүйелердің (негізгі факторлардың) біреуі жоқ болса не алып тастасақ (мысалы, өкпесін) немесе біреуі өзіне тән қызметін тоқтатса, атқара алмаса, қызметі әлсіресе (мысалы, асқазан-ішектің асқортуы тоқтаса немесе асқортуы әлсіресе), тұтас дербес жүйенің (мысалы, адам организмінің) қызметі бұзылып, жүйе ыдырауға, ары қарай біртұтас дербес жүйе ретінде өмір сүру мүмкіндігінен айырылады. Яғни, адам өледі. Мысалы, адамның бүйрегі өз қызметін тоқтатса, басқа бір адамның (донордың) сау бүйрегін салмаса, науқас көп өтпей бақилық болады. Сондықтан, дербес жүйені құраушы қосалқы жүйелер қатар өмір сүреді. Әр қайсысының өзіне тән нақты әрі айрықша функциясы болуы шарт. Дербес жүйеде мына бір қосалқы жүйенің (мысалы жүректің т.б.) жұмысын екінші ана бір қосалқы жүйе (мысалы, бүйрек т.б.) атқара алмайды. Асқорту жүйесінің қызметін тыныс алу жүйесі атқара алмайды. Сондай-ақ бірі екіншісінің өзіне тән айрықша қызмет сипатын (функциясын) өзгерте алмайды. Мысалы, қанайналыс жүйесінің қызметі - қанды айналдыру, асқорту жүйесінің қызметі - асқорту. Бірақ, қанайналыс жүйесі асқорту жүйесінің қызмет сипатын (ас қортуды) өзгертіп оны да қан айналдыра алатын функцияға ие ете алмайды. Әр бір қосалқы жүйе өзінің әуелден нақты белгіленген қызметін өзі ғана атқара алады. Бірақ, тұтас жүйенің ортақ мақсаты үшін бір-бірімен сәйкесіп жұмыс жасайды, өзара әсер етуде, әрекеттестікте болады, өзара бақылайды, бір-біріне шектеу қойып отырады. Осы арқылы қосалқы жүйелер арасында өзара үйлесімділік сақталады, белгілігі тепе-теңдікті, теңгерімді (баланс) сақтау негізінде қызметін ойдағыдай атқара алып отырады. Сондықтан, қосалқы жүйелер өзара ықпалдастықта, әрекеттілікте болады және бір-біріне шектеу қойып (шектеп) отырады. Бір-бірін бақылауда ұстайды. Бірі екіншісінің атқаратын функциясының шектен шығуына, артық кетуіне жол бермейді. Яғни, бір қосалқы жүйе екінші қосалқы жүйенің рөлі үстем қосалқы жүйеге айналуына мүмкіндік бермейді. Ал егер олай болағанда (яғни, дербес жүйені құраушы бір қосалқы жұйе өзге қосалқы жүйелермен салыстырғанда супер қосалқы жүйеге айналғанда) дербес жүйенің ішкі тепе-теңдігі, теңгерімі (баланысы) бұзылады. Іс жүзінде табиғатты құраған дербес жүйе ретінде өмір сүретін барлық заттарда мұндай баланыстың бұзылу жағдайы жоқ болады. Адамның оганизмін құраған бір қосалқы жүйенің функциясы әуелгі өз тәбиғи нормасынан асып кетсе немесе жетпей қалса, адамда соған байланысты ауру пайда болады. Физиологиялық қалыпты жағдайда, адам организмінде асқорту жүйесінің шектен тыс ас қабылдауына өзге қосалқы жүйелер рухсат бермейді. яғни, дені сау адамда тою сезімі пайда болып, ары қарай жалғастырып жей алмайды, белгілі бір нормаға жеткенде жеуді тоқтатуға мәжбүр болады. Ас қорту жүйесінің қызметі бұзылса, осы қосалқы жүйенің өзіне қауіп төніп қалмастан, өзге қосалқы жүйелерге де қауіп төндіреді. Сондықтан оның артық кетуіне жол берілмейді.

Жинақтап түйінін тізіп айтқанда дербес жүйені құраушы қосалқы жүйелердің (бөліктердің) төмендегідей құрлымдық, функционалдық ерекшеліктері болады.

1) Біртұтастық, бүтіндік (целостность): Жүйе біртұтастығымен жүйе. Жүйе бір-бірінен бөлінбейтін көптеген қосалқы жүйелерден (негізгі факторлардан, бөліктерден) құралған біртұтастықтан, бүтіндіктен тұрады. Яғни, дербес жүйе дегеніміз - қозғалу, өзгеру, даму қабілетіне ие бүтін бір дене. Күнделікті өзіміз мініп жүрген машиналар да жүйеге (машина - жасанды жүйеге жатады: жасанды жүйе тәбиғи жүйемен біріккен жағдайда жұмыс жасайды) жатады.

2) Әр бір дербес жүйені құраушы негізгі факторлардың (қосалқы жүйенің) саны әр түрлі болады.кейбір дербес жүйе көптеген қосалқы жүйеден құралса, кейбіреулері екі немесе үш қосалқы жүйеден құралады. Бірақ, әр бір дербес жүйе кемінде екі қосалқы жүйеден яғни негізгі фактордан құралады. Мысалы адам негізгі сегіз қосалқы жүйеден құралса, мемлекет үш қосалқы жүйеден (немесе бөліктен) құралады т.б.

3) Жүйені құраушы негізгі факторлар ешқашан бір-бірінен ажырамайды. Дербес жүйені құаған қосалқы жүйелер арасындағы жалғасулық (ажырамастық) сақталмаған жағдайда жүйенің жұмысы өрескел бұзылады, ары қарай өрши келе дербес жүйенің жүйе ретіндегі жұмысы (функциясы) тоқтайды. Жүйе ыдырайды. Дербес өмір сүру мүмкіндігінен айырылады. Нәтижесінде дербес жүйе бейжүйеге айналады. Тірі адам болса өлгені, жасанды жүйелер жұмыс жасай алмай қалады. мемлекет болса оның екінші бір мемлекеттің қосалқы жүйесін құрайтын бір элементке айналады (бодан болады).

4) Әр негізгі фактордың өзіне тән нақты белгіленген айрықша қызметі (функциясы) болады. Дербес жүйені құраушы әр бір қосалқы жүйенің (негізгі фактордың) кез-келген біреуі өзіне тән қызметін (функциясын) атқара алмаса немесе сол өзіне тән қызметін жоғалтса (айрылса) соңында дебес жүйенің қызметі де бұзылады, тоқтайды, дербес жүйе ыдырайды, жойылады. Мысалы, жүрек соғу арқылы қанды айналдырмаса немесе өкпе ауа алмастыра алмаса адам өледі.

5) Жекелеген қосалқы жүйелер тұтас дербес жүйенің қызметін атқара алмайды. Дербес жүйенің қызметі оны құраушы барлық қосалқы жүйелердің (негізгі факторлардың) өзара сәйкескен, өзара шектеу қойып отыратын қызыметінен тұратындықтан, әр бір қосалқы жүйе бүтін бір дербес жүйенің қызметін атқара алмайды. Егер дербес жүйе үш немесе үштен де көп қосалқы жүйеден (немесе негізгі фактордан) құралған жағдайда екі немесе одан да көп қосалқы жүйенің (негізгі факторлардың) қызметі бірігіп бүтін дербес жүйенің қызметін толық атқара алмайды. Мұндайда дербес жүйе сол сәтте ыдырап, жойылып кетпегенмен дені сау жүйе болып тұра алмады. Мысалы адамның бір мүшесі (мысалы, қолы) кем болса, оның жұмыс жасау мүмкіндігі шектеледі. Мұндай жүйелерді мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) жүйе деп атауға болады. Уақыт өте келе дербес жүйе бәрі бір тәуелділікке (асыраушы біреуге сүйенеді) немесе ыдырауға мәжбүр болады.

6) Мына қосалқы жүйенің қызметін ана ана қосалқы жүйе атқара алмайды. Әр бір қосалқы жүйенің (негізгі фактордың) құрамы, құрлымы, қасиеті өзіне тән айрықша қызметін атқаруға ғана міндетті болғандықтан немесе соған бейімделгендіктен, олар бірінің атқаратын қызметін екінші бірісі атқара алмайды. Мысалы, жүректің қызметін өкпе атқара алмайды, өкпенің қызметін асқазан атқара алмайды дегендей. Компьютерде де солай қатқыл (жёсткий) дисктің функциясын процессор атқара алмайды, процессордың қыметін монитор атқара алмайды дегендей т.б.

7) Бір негізгі фактор (қосалқы жүйе) екінші бір негізгі фактордың қызмет сипатын (қызмет түрін) өзгерте алмайды. Мысалы, ас қорту мүшесінің қызметі - ас қорту, өзге қосалқы жүйелер (мысалы, тыныс алу жүйесі) оны асқорту емес басқаша қызмет атқара алатын (мысалы, тыныс алатын) қабілетке ие ете алмайды. Тағы бір мысал, әр бір жеке адамның түсінігі, дүние тануы (кейде тұтас ұлттың, мысалы, Африкадағы өркениеттен алшақ жатқан бір тайпа) шекті болғандықтан, жеке мүде мен жалпы қоғамдық мүденің (мысалы, ел мүдесінің) ара қатынасын біле бермейтіндіктен, әр дайым заңнамаларды (қолдан жасалып жазылған заңдарды көрсетеді), тәртіптік ережелерді сақтай бермейтіндіктен объективті заңдылыққа сүйене бермейді, әрине оның зияны, зардабы үлкен болса да. Биліктің бір тармағы соттың басты міндеті конституция мен жекелеген заңдарға (азаматтық және қылмыстық кодекстерге) сүйене отырып әділ шешім қабылдау деп есептесек. Кез-келген лауазым иесі соттың әділ шешім шығаруына бөгет болмауы немесе сотқа әділ емес (бұрмаланған) шешім шығаруға мәжбүрлемеуі тиіс. Сот дербес жүйені құраушы қосалқы жүйенің (биліктің) бір элементі (бөлігі) болғандықтан, оның өзіне тән қызметі, міндеті болады. Сот өзінің осы қызметін өзі атқаруы тиіс.

8) Негізгі факторлар бір-бірінің қызмет қарқынына (сандық мөлшеріне) ықпал ете алады, қызметін жеделдетеді немесе баяулатады, шектейді. Мысалы, ауа тапшы жерде жүректің соғуы жиілей түседі. Егер олай етпегенде тұтас организмге қажетті оттегімен қамтамасыз ете алмай қалады да тұтас дербес жүйенің қызметі бұзылуына, жүйенің жойылуына (адамның өміріне) қауіп төнеді. Әр бір қосалқы жүйенің өзіне тән өзгеше қызметі болғанымен, олар бірінің қызмет қарқынын бірі реттеп отырады, өзара максимальды үйлесімділігін сақтауға тырысады. Тағы бір мысал, адамның тірек-қозғалыс жүйесі (бұлшық ет, сүйек, буыннан құралған қосалқы жүйе) қатты әрі көп қимыл жасаған кезде тыныс алу жиілейді, тереңдейді, әрі оған сәйкес жүректе жиі соғатын болады.

9) Әр бір қосалқы жүйенің (негізгі фактордың) қызметі тұтас дербес жүйенің қызметі үшін болады. Әр бір қосалқы жүйенің өзіне тән өзгеше қызметі болғанымен, дербес жүйені құраушы барлық қосалқы жүйелердің соңғы мақсаты дербес жүйе үшін қызмет ету. Яғни, әр бір қосалқы жүйе өзі бірігіп тұрған дербес жүйенің қызметі үшін қызмет етеді. Мысалы ас қорту жүйесінің (қосалқы жүйе) қызметі ас қорту болғанымен, ол тұтас адам организміне энергия және қоректік заттармен қамтамасыз ету үшін қызмет етуде. Қан айналыс жүйесінің қызметі денеде қанды айналдыру болғанмен оның басты мақсаты тұтас денеге оттегі мен түрлі қоректік заттарды жеткізіп тұру және қажетсізін (мысалы, көмір қышқыл газын т.б.) денеден шығарылатын жаққа қарай тасымалдау. Жалпы тәбиғи қалыптасқан жүйелерде (тәбиғи жүйелерде) жағдай осындай ғылыми болады. Ал адамзаттың қолдан жасаған жасанды жүйелердің көбі де тәбиғи жүйеге өте жақын болады. Мысалы, сағат, машина, компьютер т.б. Бірақ кейбір жасанды жүйелер, мысалы билік, қоғамдық т.б. жүйелерде таптық сипат, әр түрлі топтардың мүдесіне, мақсатына байланысты жағдай тәбиғи жүйедей бола бермейді. Бірақ, ұзақ болашақ тұрғысынан қарағанда бәрі бір сол тәбиғи жүйенің заңдылықтарына барады. Сол сияқты әдетте кез-келген мемлекетте үкіметтің де, соттың да, парламенттің де, түрлі қоғамдық ұйымдар, партиялардың да өзіне тән істейтін жұмысы (міндеті) болғанымен соңғы мақсаты халық үшін, мемлекеттің ортақ мүдесі үшін болады. Олар қаншалықты деңгейде халық, мемлекет үшін қызмет ете алуы жүйенің әбзелдену деңгейіне тәуелді болады. Яғни, әбзел (тиімді) жүйеде олар қаласа да, қаламаса да халық үшін, мемлекет үшін жұмыс жасауға тура келеді, яғни, солай істеуге мәжбүр болады.

10) Барлық қосалқы жүйелердің ортақ ақпарат көзі болады. Осы ақпаратты арнаулы бір қосалқы жүйе атқарады. Орталық нерв (жүйке) жүйесінің (қосалқы жүйеге жатады) өзі орын теуіп тұрған дербес жүйеге қаратқан негізгі бір қызметі - дербес жүйені құраушы барлық қосалқы жүйелердің бір-бірімен ақпараттық байланысын, өзара тепе-теңдігін сақтау үшін қызмет ету болып табылады. Мүнда әр бір қосалқы жүйеде болған кез-келген бір қалыпсыз жағдай туралы мәлімет (ақпарат) шеткі неріптер арқылы орталық жүйке жүйесіне сол сәтте жетіп отырады. Орталық нерв жүйесі өз кезегінде орын алған келеңсіз жағдайды реттеу үшін іс-қимылға көшеді. Осылайша әр түрлі қосалқы жүйеден құралған тұтас организм (дербес жүйе) өзінің саулығын, өзін құраушы қосалқы жүйелер арасындағы белгілі теңгерімді (баланысты) сақтап отырады. Қоғам үшін айтқанда сол ақпарат көзін (БАҚ) - әдетте төртінші билік деп атайды. Жүйе теориясы негізделсек (әсіресе тәуелсіз және ресми) ақпарат құралдарының маңызы зор. Бірақ, тәуелсіз ақпарат құралдары да халық, мемлекет және тәуелсіздікті нығайту үшін жұмыс жасауы міндет. Себебі жүйенің талабы солай. Сондай-ақ олардың тарататын хабары шағын аумақта шектеліп қалмай, тұтас жүйеге жетуі керек.

11) Әр бір қосалқы жүйенің өзге қосалқы жүйелермен өзара ықпалдастықта болу және бір-бірін бақылау, шектеп отыру тетіктері (механизмі) болады. Дербес жүйенің күш-қуаты оның біртұтастығында (бүтіндігінде), яғни, дербес жүйені құраушы негізгі факторлардың бір-бірінен ажырамайтындығында және жүйені құраушы негізгі факторлардың өзара ықпалдастығында (әсер етуінде), өзара бақылауында, бір-біріне шек қойып отыруында (ограничивать, обусловливать) жатады. Осылайша жүйені құраушы қосалқы жүйелер функциясының арасында теңгерім (баланыс), тепе-теңдік сақталады. Басқасы бірісінің күшейіп, үстем, ырықты болып кетуіне жол берілмейді. Кез-келген мәселені бірісі ғана шеше салмайды, бірісінің шешімі басқасының мақылдауынан өткен кезде барып жүзеге асады. Яғни, барлығы өзара сәйесіп отақ шешкендей әсер қалдырады. Әр жүйеде осындай ішкі теңгерім (баланыс) сақталады. Баланыс тұрақтылықтың кепілі. Мысалы, «заң алдында барлық адам тең» деген сөз бекер айтылмаған. Егер заң алдында барлық адам бірдей болмаса қоғам не болып кетер еді. Жүйені құраушы қосалқы жүйелер де солай, олар арасында белгілі теңгерім болмаса жүйенің ішкі құрлымы тұрақсыздыққа ие болады. Қосалқы жүйелер өзіне тиеселі нақты функциясын атқара аламай қалады. Қосалқы жүйелердің де, дербес жүйенің де қызметі бұзылады.Мемлекетті басқару тәсілі, биліктің бөлінуі, билік жүйесінің басқару әдісі т.б. негізінде осы дербес жүйенің кейбір ерекшелігіне сүйенген. Себебі «жүйе», «биліктің бөлінуі» ұғымдарын ең алғаш болып көне Грецияның танымал философы Аристотель сөз еткен (өкінішке орай, ол кезде жүйе туралы түсінік болғанмен, жүйе теориясы болмаған. Жалпы жүйе теориясы 1968 жылы алғаш рет жары көрген). «Мемлекеттік басқару билігін бөлудегі (Separation of Powers) ең соңғы мақсат - диктатордың пайда болуынан сақтану» деп француз философы Монтескье (биліктің бөліну принциптерінің теориялық негізін қалаушылардың бірі) алғаш рет ортаға қойған болатын. Бұл дегеніміз белгілі бір кәсіп орын, организация немесе мемлекет болсын, басқару билігінде белгілі бір тепе-теңдікті, баланысты сақтау керек деген сөз. Ал баланысты сақтау жүйені құраушы қосалқы жүйелердің жұмыс жасауындағы, тұрақтылықты сақтауындағы, өзі бірігіп тұрған бүтін жүйенің қосатын үлесін арттырудағы маңызды бір реттеуші тетігі.

 

12) Әр бір қосалқы жүйенің өзіне тән айрықша функциясы, әрбір қосалқы жүйе тұтас дербес жүйенің өмір сүруі үшін қызмет еткенмен, қосалқы жүйелердің көбісі «зат, энергия және ақпарат» алмасу төңірегіде жұмыс жасайды. Үйткені әрбір дербес жүйе сыртқы ортамен зат, энергия, ақпарат алмасу арқылы ғана өз мақсатына жете алып отырады. Өзге қосалқы жүйелер де, тұтас дербес жүйе де тек осы (зат, энергия, ақпарат алмасу) негізде ғана өмір сүре алады. Егер зат, энергия, ақпарат алмасу болмаса қосалқы жүйелердің де, дербес жүйенің де қызметі тоқтайды. Жүйе ыдырайды, жойылады. Егер дербес жүйе адам болған болса, онда ол өледі. Егер дербес жүйе белгілі бір кәсіпорын болса, ол банкротқа ұшырауы мүмкін. Егер дербес жүйе көмпьютер болса ол жұмыс жасай алмайтын қу темірге айналады (мысалы, компьютерді элекетр энергиясынан ажыратсаң жұмыс жасамай қалады). Егер мемлекет болса, ол дами алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, дербес жүйені құраған қосалқы жүйе де, дербес жүйенің өзі де бастысы зат, энергия, ақпарат алмасу негізінде өмір сүреді. Жұмыс жасайды. Сондықтан кез-келген жүйенің жаны және күш-қуаты - зат, энергия, ақпарат алмасу қабілетіне де тәуелді болады. Қазақта «ауру азығымен» деген мақал бар. Адамның мәлім бір жері яғни дербес жүйені (адам дербес жүйе) құраушы қосалқы жүйеде дерт пайда болып, оның қызметі бұзылған кезде зат (тамақ жеуі), энергия (тамақ жеуі) алмасуы, тіпті ақпарат алмасу қабілеті төмендейді. Осы тұрғыдан алғанда даму дегеніміз - сол алмасатын зат, энергия мен ақпараттың сапасын көтеру, алмасу қабілетін күшейту деген сөз. Мысалы, қатыгездікке толы қорқынышты филмдерді көруі немесе ылғи да ән тыңдауы жастар үшін сапалы ақпарат алған болып есептелмейді.

 

5. Мемлекет - дербес жүйе

Кез-келген тәуелсіз бір мемелекет - өз алдына дербес бір күрделі жүйе (система). Қанша күрделі болғанымен осы дербес жүйе: жер аумағы (территориясы), халқы және дербес мемлекеттік билігі (бұдан кейінгі жерде қысқаша: билік деп те айтылады), осы үш қосалқы жүйеден (негізгі фактордан, яғни, бөліктен) құралады. Әрі осы үш қосалқы жүйе (негізгі фактор) әрқашан бір-біріне (өзара) байланысқан, бір-бірінен ажыратылмайды (неотъемлемый). Яғни, жүйені құраушы негізгі факторларды бір-бірінен бөліп алуға келмейді (бөлінбейді). Бұны дәлелдемей-ақ әркімнің көзі жетеді. Сондай-ақ, мұндағы әр бір қосалқы жүйе (негізгі фактор, бөлік) дербес жүйенің, яғни осы біртұтастықтың ажырамас бір бөлігі.

 

1) мемлекеттің дербес жүйе ретіндегі біртұтастығы, бүтіндігі туралы сөз.

А) Адам топырақтан жаралған. Бұны дін де, ғылым да мойындайды. Топырақтан жаралғанын былай қойғанда, жерсіз адамға өмір жоқ. адам баласы, өзге де тіршілік иелері де нәпәқасын жерден тікелей немесе жанама жол арқылы жерден алады (мысалы, жерге шөп өседі, шөпті мал жейді, малды адам жейді). Бұны айтпасақ та бәрімізге түсінікті жайт. Сондықтан, жер мен халықты бір-бірінен бөліп алуға, ажыратуға келмейді. Биліктегі тұлғалар да көктен түспегенін, халықтан шыққанына әрқайсымыздың көзіміз жетіп жүр. Халық болмаса лауазымды тұлғалар да болмайды. Лауазым иелері бар болғаны халықтың тікелей немесе жанамалай сайлауы (таңдауы) арқылы ерекше құқықтық мәртебеге ие болған тұлғалар жиынтығы. Сондықтан, билік пен халықты да бір-бірінен бөліп алуға келмейді. Қортып айтқанда жер, халық, билік үшеуі бір-бірінен бөлінбейтін біртұтастыққа, бүтіндікке ие.

Ә) Шығу тегін (мысалы, ұлтын) айтпағанда, қолында мемлекеттік басқару билігі бар тұлғалар да, мемлекеттің өзге де азаматтары да адамнан құралады. Бәрі де адам, пенде. Ал бір халықтың ұрпағы ретінде билік пен халық - ортақ жер аумағы, ортақ шегарасы бар, бастысы бір ұлттан құралады. Яғни бір ұлтың арқасында жүзеге асатын дербес мемлекеттігі бар. Ал жер аумағы болмаса мемлекет (мысалы, Қазақстан республикасы) деген сөздің  өзін айту артық болар еді. Егемендікті сақтау және нығайту - билік пен халықтың ортақ мақсаты. Мемлекеттік билік пен халықтың арасында ажыратуға, бөліп алуға келмейтін осындай ортақ тамыр бар. Осылайша билік пен халық және жер бір-біріне жалғасқан, ажыратуға келмейді. Ажыратқан жағдайда егемендігінен айырылады. Мысалы, жер аумағымыз болмаса халқымыз қалай күн көрер еді (Сыған халқында өз жері жоқ деп естігенмін, өтірік-расын білмедім, білгім де келіп тұрған жоқ). Егер Қазақ халқы болмаса Қазақстан Қазақстан емес, басқаша айтылар еді. Ал егер дербес мемлекеттік билігі болмаса, заң тәртіп болмаса, бейберекет, бірінің жағасынан бірі алған, бірінің мүлкін бірі тартып алған, ұрлап алған, алдап алған қоғам болса халық қалай күн көреді.

Жер аумағы, халқы және мемлекеттік дербес билігі бір ғана мақсат - әуелі егемендігі (дербес жүйесі) үшін қызмет етеді. Ал егемендіктің мақсаты әлемдік қауымдастыққа (сыртқы ортаға, яғни, үлкен жүйеге) бейімделе отырып, өзге халықтармен тең құқылы түрде азат халық ретінде өмір сүру. Дербес мемлекет ретінде өмір сүрудің мақсаты өзге мемлекеттердің, өзге мемлекетті құрушы кейбір озбыр ұлттардың қорлауынан, езіп-жаныштаунан, халықты құрдымға итермелейтін солақай саясатынан сақтану, тең құқылы, өзара силастықпен өмір сүру, өзін жүйе ретінде үздіксіз дамытып әлем халықтарының (үлкен жүйенің) дамуына үлес қосу.

Бір халықтың тамыры негізінен өзінің жер аумағына жайғасқан. Халықты бір бәйтеректің жапырақтары десек, мемлекеттік жүйе мен билікті сол бәйтеректің діңі мен діңінен тараған бұтақтары деуге болады. Халық та, билік те қорегін сол жерден алады. Сондықтан, халық өз жерін өзгелерден қызғыштай қорғайды. Әдетте халқына адал әр бір лауазымды тұлғалар да солай істеуге мүделі болады. Сол себепті де билік халық үшін қызмет етуге міндетті. Үйткені жапырағынан айрылған (жасыл жапырағын түк қоймай жұлып тастасаң) бәйтеректің діңі мен бұтақтары да қурап өледі. Міне бұл жер, халық, билік арасындағы бір-біріне жалғасқан, ажыратуға, бөліп алуға келмейтін біртұтастығы, бүтіндігі. Сондықтан мемлекет дербес жүйеге жатады. Осы негізе олар ортақ дербес жүйе үшін әр қайсысы өзіне тән міндет алады. Әр қайсысының нақты, өзіне тән айрықша қызметі (міндеті) болады. Олардың әр қайсысының қызмет сипаты бірінікі біріне ұқсамады. Өзгеше болады.

 

2) мемлекеттің даму қарқыны және болашағы

Бір қойдың (қой - дербес жүйе) салмағы тура 30кг шықты дейік. Енді сол қойды сойып, жіліктеп бір тамшы қанын да, бір тал қылшығын да жоғалтып алмай қайта таразыға тартсақ тура 30кг шығады. Қосылғыштың орны ауысқанмен қосынды өзгермейді дегендей, бұл бәрімізге түсінікті жайт. Бірақ, жүйе теориясы бойынша тірі қойдың салмағы оның жіліктеп, бүзғаннан кейінгі салмағынан ауыр болады. Жүйе теориясында оны 1+1>2 формаласымен өрнектейтіні жоғарыда тілге тиек етілген. Енді осы мәселенің арғы мәнін тереңірек түсіндіріп беруге тырысайын. Түсінуге оңай болу үшін тағы мынандай бір мысал келтіре кету қажет: бес мың сөзді қолданып бір ғылыми мақала немесе әдеби мақала жазып шығуға болады. Алдын ала белгіленген осы бес мың сөзді (тек белгіленген бес мың сөзді ғана қолданып) қолданып бір ғана мақала емес, неше ондаған тіпті жүздеген мақала жазып шығуға болады. Мұндағы әр бір мақаланың алдын ала белгіленген сол бес мың сөзден ғана құралып жазылғаны белгілі жайт (әрбір сөз екі рет қайталанбайды деп есептейік). Егер әр бір әріпті темірден немесе ағаштан жасап, осы әріптерден құралған сөздік немесе өтірік мақала түріндегі бес мың сөзбен шын мақала түріндегі бес мың сөзді жеке-жеке таразыға тартсақ салмақтары бірдей болады. Бірақ, жүйе теориясы бойынша шын мақала түріндегі бесмың сөз, сөздік немесе өтірік мақала түріндегі бес мың сөзден ауыр болады. Айтайын дегені мақала түріндегі (шын мақаладағы) бес мың сөзден - неше жүздеген сөйлем құралып тұр. Әр сөйлемде бір мағына (мазмұн) айтылады, әрі әр сөйлемде әр бір жеке сөздің бір өзі жеткізе алмайтын мағына айтылады. Осылайша мақала түріндегі бес мың сөзде бес мың мән-мағына емес, бес мың неше жүз мағына шығып тұр. Нәтижеде мағына көбейді. Ал сөздік түріндегі бес мың сөзде тек бес мың мағына ғана бар. Ендеше, мақала түріндегі бес мың сөз, сөздік (немесе өтірік мақала) түріндегі бес мың сөзден салмақты болады. Салмақты болып қалмай маңызы да зор болады. Себебі мақалада тағы үлкен бір идеа, көзқарас айтылады.

Мақала сөйлемдерден, сөйлем сөздерден, сөз дыбыстардан (әріптерден) құралатыны белгілі. Әр сөйлемнің қалай болса солай емес, белгілі грамматикалық заңдылықтар бойынша құрастырылып жасалатыны, (шын) мақаланың қалай болса солай жазылмайтыны, белгілі бір идеаны арқау етіп, алдына бір мақсат қойып жазылатыны баршамызға белгілі. Әлгі бесмың сөзді қолданып жазылған шын мақаланың маңызы сөздік түріндегі немесе өтірік мақала түріндегі бесмың сөзден әлеқайда зор. Өтірік мақалада бесмың сөзді қалай болса солай біріктірсең одан ешбір мағыналы нәрсе шықпайды. Еш маңызы жоқ, еріккен баланың ойыны деуге болады. Түсінікті болу үшін әлгі (шын) мақаланы жүйе деп есептейік. Онда, осы мақаланың құрамындағы сөйлемдер жүйені құраушы қосалқы жүйе (бөлік) болып есептеледі. Сөйлемнің өзі (сөйлем - қосалқы жүйе деп есептелді) сөздерден (екінші деңгейдегі қосалқы жүйеден) құралады. Сөз дыбыстардан құралады. Бесмың сөзден тұратын шын мақаланың маңызы қалаймақан сапырылысқан бес мың сөзден (өтірік мақаладан) әлде қайда маңызды екенін түсіндік. Мақаланың көтеріп отырған идеасын (яғни, мазмұнын) айтпағанда, мақала не үшін маңызды болып отыр? Себебі, мақала белгілі граматикалық заңдылықтарға негізделген сөйлемдерден құралған, белгілі бір идеаны арқау еткен, өзінің алдына қойып отырған мақсаты бар сөздер мен сөйлемдердің белгілі бір тәртіппен бірігуінен (органикалық байланысуынан) құралған бүтін бір құрылым екендігінде. Яғни, мақаланы құрап отырған сөздер мен сөйлемдердің бір-бірімен белгілі бір заңдылықтармен, белгілі бір формада байланысып, бірігіп бүтін бір құрылымға айналуында жатыр. Сөздер мен сөйлемдер бір-бірімен өзара байланысып, бірігудің нәтижесінде бір бүтін затқа (жүйеге) айналғандай. Яғни мақаланың мазмұны, мән-маңызы оның құрылымы (сөйлемдердің құралуы, сөйлемдерден мақаланың құралуы) арқылы ашылып тұр. Сондықтан, тоқ етерін айтар болсақ: Әр бір жүйенің міндетті түрде белгілі бір формадағы ішкі құрылымы болады. Осы құрылым белгілі бір заңдылықтарға негізделіп, белгілі бір тәртіппен, белгілі бір формада құрылады. Құрамы ұқсас боған күннің өзінде, құрылымы (түзілісі) өзгеше заттың қасиеті де өзгеше болып шығады. Мұны химиктер жақсы біледі. Түйіндеп айтқанда ішкі құрылымы (құрылысы, түзілісі/структурасы) - сол заттың басты қасиетін белгілейді. Яғни бір заттың қасиетін, басымдылығын оның құрылымы шешеді. Қасиеті ұқсамаған заттың функциясы (ролы) да ұқсамайды. Сондықтан, жүйенің маңызы, атқаратын функциясы, даму қарқыны оның (жүйенің) құрылымына тәуелді. Бұл дегеніміз, өз құрылымын әбзелдендірген жүйе де - сапалы даму болады, яғни, сапалы жүйе болу үшін оның құрылымы (түзілісі) үздік (тиімді, орынды, рационалды) болу керек. Жүйенің құрлымы үздік үлгіге қарай дамып жету үшін (жүйенің қалыптасу заңдылығына, қалыптасқан жүйенің әбзелдену ерекшелігіне сүйенген) жүйе теориясына негізделу керек. Дербес мемлекет те дербес жүйеге жататындықтан, мемлекет даму үшін оның жүйесін, оның қосалқы жүйелерін және қосалқы жүйенің өзін құрап тұрған екінші деңгейдегі қосалқы жүйелерін әбзелдендіру (ең тиімді нұсқаны таңдауға немесе жетілдіріп отыруға тырысу) қажет болады. Былайша айтқанда жүйенің құрылымы мен функциясын әбзелдендіру керек деген сөз. Құрылымы мен (қосалқы жүйелердің) функциясы әбзелденген жүйе ғана дұрыс дами алады. Ал құрлымы осал, тиімсіз (иррационалды) жүйеде даму болмайды. Мұндай жүйенің бар болған тірлігі алда міндетті түрде болатын сәтсіздіктер мен жеңілістерге өз практиксы арқылы көз жеткізумен шектеледі. Тұтас әлемдегі ғаламшарлар да аса үлкен жүйелерден тұратындығы жоғарыда айтылды (мысалы, галактика, күн жүйесі). Бұл әрине бүгінге дейінгі неше жүз миллион, миллиард тіпті сан жетпейтін жылдардағы заттар дамуының нәтижесі. Яғни, заттар дамуының бағыты - жүйе қалыптастыру екені, қалыптасқан жүйенің ары қарай әбзелденуі, кемел (идеалды, үздік) жүйеге айналу екені, әрі оған белгілі уақыт керек болатыны, бірден бола қалмайтыны көрініп тұр.

Біртұтас, бүтін жүйенің атқаратын қызметі (жүйенің құрылымы тиімді болған жағдайда) немесе жүйені құраушы барлық қосалқы жүйелердің өзара сәйкесіп жасаған жұмысы, қосатын үлесі сол жүйені құраған барлық қосалқы жүйелердің жеке қосқан үлестерін қосқандағы қосынды үлестен зор болатынын жоғары да айтылды. Әрі бұл жерде жүйенің атқаратын қызметі, қосатын үлесі зор болып қана қалмайды. Оның сыртында жүйені құраушы әр бір қосалқы жүйенің істей алмайтын, қолынан келмейтін және оның (қосалқы жүйенің) бойында жоқ функция дербес жүйенің бойында болады. Былайша айтқанда, дербес жүйе қосалқы жүйе атқара алмайтын жұмысты атқара алады. Әбзел жүйеде оның қосалқы жүйелерінде жоқ функция болады. Яғни, (құрылымы мен функциясы) әбзелденген жүйенің функциясы жүйені құраушы барлық қосалқы жүйелердің жеке функцияларын қосқандағы қосынды (жиынтық) функциядан үлкен болады. Әрі тек үлкен ғана болып қалмастан, жүйеде қосалқы жүйеде жоқ жаңа функциялар пайда болады. Осы себептен де 1+1>2 болады. Ендеше мұның қандай маңызы бар? Бұдан нені түсінуге болады?

Жоғарыда мемлекеттің дербес жүйе екендігі айтылған. Мемлекет (дербес жүйе) жер, халық және мемлекеттік билік осы үш бөліктен (қосалқы жүйеден) құралады. Мемлекеттік биліктің өзі президент, атқарушы билік (үкімет), заң шығарушы билік (парламент), сот билігі сияқты екінші деңгейдегі қосалқы жүйелерден құралады. Олардың әр қайсысы тағы ары қарай үшінші, төртінші деңгейдегі қосалқы жүйелерге тармақталып кете береді. Мемлекеттік биліктің бөліну принципі саяси жүйе негізінде жүзеге асады. Яғни, қандай жүйе болса, соған сай мемлекеттік биліктің бөлінуі болады. Белгілі мақсаттар мен мүделерді көздей отырып олардың әр қайсысына тән міндеті (функциясы) нақтыланады. Енді жоғарыда қойылған екі сауалға былайша жауап беруге болады. Қабілетті парламент те, іскер үкімет те, данышпан президент те, әділ сот та, олардың әр қайсысы қаншалықты жанын салып халық үшін, мемлекет үшін тер төгіп еңбектенсе де тиімді (әбзелденген) жүйенің атқарған қызметіндей қызмет, қосқан үлесіндей үлес қоса алмайды. Үйткені жүйе теориясы бойынша тиімді жүйенің қосатын үлесі жүйені құраушы әрбір қосалқы жүйенің үлесінен де, барлық қосалқы жүйелердің жеке қосқан үлесін қосқандағы қосынды (жиынтық) үлестен де үлкен болады. Әрі жүйенің бойында оны құраушы қосалқы жүйелердің бойында жоқ функция болады. Сондықтан, бір мемлекеттің дамуы жүйеге, мемлекеттік құрылысқа, функциялардың әр қайсысына лайықты бөлінуінде т.б. және сол жүйенің әбзелденуіне (кемелденуіне) тіке байланысты болады. Сондай-ақ, мемлекеттік билік, халық және жер дербес мемлекеттің (дербес жүйенің) тең дәрежелі қосалқы жүйесі болғандықтан, бұл дегеніміз мемлекеті жоқ (жүйесі жоқ), жері (жер - жүйенің құрамдас бір бөлігі) жоқ халық мемлекеті одан қалса жері бар халықтай дами алмайды. Тәуелсіздігі жоқ халық тәуелсіз халықтай дами алмайды. Сондықтан біздің халықта небір білімді, данагөй, ақылдылар бола тұра, Қытай қазақтары қытайдай дами алған жоқ. Бұрынғы кеңес одағындағы Қазақ Орыс ұлтындай дами алған жоқ. Әрине, бұл отарлану кезінде Қазақта даму болмады дегенді білдірмейді. Салыстырып айтылған сөз. Олармен тең дәрежеде (бірдей деңгейде) дами алмады дегенім. Мұның бәрі жүйеге байланысты. Ал Қытайдың дамуы өте тез болғандықтан, Қытай Қазақтары болашақта (болашақ ұрпағы) Қытайға жұтылып кетпей, қалай аман қалуға, Қытаймен ілесе дамуға болады? Тас түскен жеріне ауыр дегендей, бұл да ондағы әрбір Қытайлық Қазақтың бас ауруына айналған мәселе екені оларға жасырын емес. Әрине, оның маңызды бір шешімі еліміздің (Қазақстанның) дамуына да байланысты екені сөзсіз.

Кейбір партиялар, қоғамдық ұйымдар және жекелеген азаматтар қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіз жайтарға аса өкінішпен қарап, билікке қанағаттанбаушылығын білдіріп, президентке немесе үкіметке «орнын босатсын» деп айтып, жазып жатады. Жүйе теориясына негізделгенде олар кетіп, өзгесі келгеннен кейін бәрі бірден керемет болып кетпейді. Оданша, алыс немесе жақын болашақта жүйені қалай әбзелдендіруге, әзіргі жүйені ары қарай жетілдіріп, дамытып немесе тиісті толықтырулар, өзгертулер жасап, тиімділігін арттырып, әбзел жүйеге айналдыруға күш салған жөн болар ма еді деген ой келеді. Бұл әрине, болашақтың ісі, уақыт оның емшісі. «Жүйені таңдау» және «биліктің бөліну теориясына» (Монтескье және т.б.) негізделгенде еліміздің әзіргі саяси жүйесі, басқару тәсілі, билік жүйесінің құрылымы т.б. бәрі де кезінде (алғаш егемендік алған кездегі еліміздің демографиялық жағдайына, әр аумақта халықтың қоныстану тығыздығына т.б. ескере отырып) көп ойланып қабылдағаны сөзсіз. Әрі өте дұрыс шешім болған. Еліміздің егемендікті нығайтуы мен дамуы үшін  маңызы зор болды деуге әбден болады. Президентіміздің де еліміз үшін қосқан үлесі орасан зор. Бірақ, әлемдегі барлық жүйелер (мейлі тәбиғи жүйе, мейлі жасанды жүйе болсын) бір орында қатып тұрмайды. Кейбір жүйелердің негізгі қаңқасы (формасы, түрі; мысалы, ҚХР социалистік режим) сырт көзге еш өзгермеген (мысалы, қызыл) сияқты болып көрінгенмен, іс жүзінде ішкі құрылымы мен атқаратын функциялары үздіксіз жетілдіріліп, тиімді бағытта өзгертіліп, толықтанып, реттеліп, жаңарып, кемелденіп отырады. Яғни, кез-келген жүйе үнемі дамуда болады. Әлемде дамымайтын жүйе болмайды. Қолымыздағы ұялы телефон да, үйдегі теледидар да жүйеге жатады. Оларда үздіксіз дамып, жетіліп жатқанын әр қайсымыз да байқап жүрміз. Қытай өндірісінің таяу жылдардан бері қарыштап дамуының бір сыры ондағы кәсіп орын, завод, фабикалардың ішкі басқару жүйесінің әбзелденуінде (яғни, басқарудың ең тиімді, ғылыми жолдарын таңдау, үнемі жетілдіріп отыру) жатыр. Мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіре беруге болады.

Даму ешқашан тоқтамайды. Ендеше, жүйенің әбзелденуі (оптимизациялануы) де ешқашан тоқтамайды. Бұл дегеніміз әлемде кемеліне келген (әбзелденіп біткен, жүз пайыз идеалный) жүйе болмайды деген сөз. Яғни, әр жүйенің озық жағы да, тозық жағы да болады. Мәселе дұрыс жетілдіре, тиімділігін арттыра, әбзелдендіре білуде.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1962
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2283
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1872
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1552