Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3065 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 12:06

Ұлттық құрамада да ар-ождан кодексі бар

 

 

«Спорт деген бір сиқырдың» (С. Бердіқұлов) кәрі мен жасты бірдей бау­райтын кереметі бар екеніне шек келтіруге болмайды. Ел намысы сынға түсетін Олимпиада секілді дүбірлі халықаралық жарыстарда оның ұлт рухын асқақтатар құдіреті тіптен ғажап. Өзін сыйлаған қай мемлекеттің де намысын қолдан бермес үшін спортшыларының дайын­дығын ерекше назарда ұстайтыны сондықтан. Біздің билік те Елбасыдан бастап елдік рухты ұлықтатар саңлақтарымыздың бабын үнемі бақылап келеді. Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның басшылығымен өткен еліміздің спорт саласына қатысты келелі кеңес соның айғағы.

Кеңес барысында Спорт және дене шы­нықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ер­мегияев Лондонда өтетін алдағы Олим­пиа­да­ға спортшылардың дайындығы бо­йынша баяндама жасап, Мемлекеттік хатшы жал­пы ел спортына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Ел спортшыларының әлеуеті зор

Әлқисса, жылдың ең айтулы спорттық додасы болып саналатын жазғы Олимпиа­да алауын жағуға аз күн қалғанда дүйім жұрт оған қатысар біздің спорт­шылары­мыз­дың мүмкіндігі қандай деп қобалжып жат­қан болар. Бұл қобалжуды Мемлекеттік хатшы кеңес барысында бірден сейілтіп, спортшы­ларымыздың әлеуеті мол екенін атап көрсетті. Расында да, сенім артқан жігіт­тер мен қыз­дары­мыз бабы мен бағына қарай халық­аралық әлемдік додалар мен төрт жылда бір келетін Олимпиада ойын­дарында Қазақ­станның қанжығасын майлап, мерейімізді тасытып жүр. Жас Қазақ мемлекетінің Әнұра­нын шырқатып, Көк Туымызды желбіретпей қалған сәттері кемде-кем. Алтын жүлделер мен қоржын толтырған күміс, қола жүлделер баршылық. Берісі, Азиада ойындарында Қытай, Жапон, Оңтүстік Корея секілді мықты­лар­дың алдын орап, командалық есепте бірінші орынға шығуымыздың өзі біздің спортшы­ла­рымыздың әлеуеті қандай екенін көр­сетсе керек. Соған орай, спорт­шылары­мыз­дың әлеуеті мол екенін атаған Мұхтар Абрар­ұлы «қазір әлем жұртшы­лығының назары Лондонға ауып отыр, барлық мемле­кеттер спортшыларын даярлап, әлемдік спорт бәсекесіне үлкен дайындықпен келуде» екенін де алдымен еске салды. Өйткені мем­лекет те бүгінгі таңда спорт сала­с­ына айрық­ша көңіл бөліп, әлемдік стан­дарттарға сай заманауи спорт кешендерін салып, ел игілі­гіне тапсырып жатыр. Қаржыландыру да артып, шет­елдік білікті мамандар бапкерлікке тар­тылуда. «Ендеше біз Лондон Олимпиада­сында Елбасы­ның отандық спортқа деген қамқорлығына сай лайықты нәтижеге қол жеткізуіміз керек деп есептейміз», - деп атап көрсетті Мем­лекеттік хатшы.

Мәдениеттің тәжірибесі спорт үшін де маңызды

Осы жиында Мемлекеттік хатшы жас спорт­шылар үшін аса маңызды тың ұсыныс айтты. Ол - талантты жастарға олимпиада­лық резерв дайындалатын орындарда жат­тығуға жол ашу. Мұхтар Құл-Мұхаммед мыр­заның ұсынысын қысқа қайырсақ, жоғары оқу орын­дарында оқитын жүзуге қабілетті талант­ты балалар олимпиадалық резервтің бассейнінде, сол секілді ауыр атлетикамен айналысатын студенттер де олимпиадалық резервтің командасымен бірге ара-тұра жаттығып тұруы керек. Бұрын мәдениетті бас­қарып, қазір де тікелей осы саланың да­муын айрықша наза­рында ұстап келе жатқан Мұхтар Абрарұлы бұл ретте мәдениет қайраткер­лерінің шеберлік дәрістер өткізу тәжіри­бесін алға тарт­қан еді. Оның айтуынша, жас спортшы­лар үшін патриоттық тәрбие де осындайдан, «мен олимпиада жүлдеге­рімен бір зал­да жаттықтым» деген мақта­ныш­тан бас­тал­мақ.

Олимпиада жүлдегері спортты насихаттасын

Олимпиадада топ жарған саңлақтары­мызды ел аралатып, басымызға көтеретін әдетіміздің бары рас. Бұл әрине жақсы әдет, бірақ көбіне ол құрметіміз спортшы­ның ба­бы­на кері әсерін тигізіп жататыны да шындық. Осыған назар аударған Мем­хатшы: «Әрине, қазіргі кезде біздің спорт­шы­лар­дың бәрінің назары олимпиадаға ауып кеткені түсінікті. Бірақ қайтып келген­нен кейін сіздер арнайы жоспар жасаула­ры­ңыз керек. Оған сай спорт­шылардың барлығы, әсіресе олимпиа­даның чемпион­дарын, күміс, қола жүлдегерлерін өңір-өңірге бөліп жіберу керек. Онда олар той тойлап, шапан киіп, ат мініп жүрмей, сту­дент­тердің ортасына барып, кездесулер өт­кіз­сін. Костюмдерін спорттық киімге ал­мас­­тырып, спорт залында солармен бірге жаттықсын. Бұл әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын» - деп, ҚР Спорт және дене шынықтыру агент­тігінің төрағасы Талғат Ермегияевке осы мәсе­лені бірден ес­кертті.

Әнұранға қатысты олқылық енді қайталанбайды

Кеңес барысында Мұхтар Абрарұлы Лондон төрінде Әнұранымыздың лайықты шырқалуы тиістігін еске салуды ұмытпаған еді. Мемлекеттік Туымыз да стандартқа сай болуы тиіс. Соған орай ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондон төрінде спортшы­ларымыз топ жарғанда мемлекеттік рәміз­дердің тиісті деңгейде көрсетілуін қамта­мас­ыз ететін өкіл­дер бекітілгенін мәлім­деді.

Дайындық сақадай сай

Олимпиадашыларымыздың дайынды­ғын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев та жоғары бағалап отыр. «Мен алдағы Олимпиада ойын­дарының басталуына біздің құрама­ның дайындық деңгейі жоғары екендігін атап өткім келеді. Бұл ретте, әсіресе Т.Ермегияевтің басшылығымен агенттік жүргізіп отырған идеологиялық бағыттағы жұмыстардың жо­ғары деңгейін атап өткен орынды. Ар-ождан кодексінің әзірленіп, оның бекітілуі өте сәтті болған жоба деп есеп­теймін. «Менің ойым­ша, құрама бү­гін­де жоғары нәтиже көрсетуге дайын», - деді Б.Майлыбаев кеңес бары­сында.

Лондоннан барлығы 13 медаль күтеміз

Спорт агенттігі төрағасының айтуынша, соның үшеуі алтын болады деген үміт бар. «Олимпиада бойынша ешқандай проб­лема жоқ. Дайындығымыз өте жоғары дең­гейде өтіп жатыр. Бапкерлер мен спорт­шыларға барлық жағдайлар жасал­ды. Енді спортшы­ларымызға сәттілік тілей­міз», - дейді ол.

Автор: Айбын БАҚЫТҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1966
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2304
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1891
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1557