Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3065 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 12:04

Әскердегі «түрме заңын» қалай жоямыз?

 

 

Әскердегі әлімжеттіктің пайда болуының өзіндік тарихы бар. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары «КСРО Армиясының бес миллион әскері жауға қарсы тойтарыс беруге аздық етеді» дейді Сталин. Міне, сонда Орталық Комитет әскер қатарын бұрын сотты болған қылмыскерлердің күшімен толықтырады. Түрме ішіндегі әлімжеттіктің әскерге келуінің сыры осындай. Қазір мұндай білектінің әлсізге сес көрсетіп, тізе батырулары сияқты құбылыс Қарулы Күштерде «жазылмаған заңға» айналып кеткен. Әскердегі әлек әзәзілдің ісіндей ешкімге дес берер емес. Тіпті атынан ат үркетін күш құрылымдарының өзі оның алдында дәрменсіз. Солай деуге тура келеді, әйтпесе, әскер қатарына кеткен жастарымыздың арасындағы өлім-жітімді неге азайта алмай отырмыз?

Сенімді ақпарат көздерінің мәліметтеріне сенсек, 2011 жылы әскерде 123 сарбаз қайтыс болған. Бұл 2010-жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге көп, яғ­ни сол жылы 86 дерек тіркелген-ді.  Ескерте кетейік, мұндай қайғылы оқиғалардың себеп-салдары әртүрлі.  Ау­ру-сырқаудан көз жұмғандар саны 2010 жылы 22 сар­­базға жетсе, ол 2011-жылы 33-ке көтерілген. Өзі­не-өзі қол жұмсағандар саны да алаңдатпай қой­май­ды: 2011 жылы 21 әскеріміз суицидке барған. Ал жол апа­ты өткен жылы 42  азаматымызды жер қойнына алып кетті. Негізі, әскерден ұлы келіп қуантпай, табыт ке­ліп жылатқан ата-аналардың басым бөлігі ажалдың ар­тында әлімжеттік тұрады деп санайды. Расталып жат­қандары жоқ емес. Тарихымызда бұрын-соңды бол­маған 15 әскеріміздің өлімі мен 11 сарбазымыздың қаш­қын атануының да басты себебі - әлімжеттік деген бол­жам бар.

Марлен есімді бір жас жігіт әскердегі сұмдықты бы­лай деп әңгімелейді:

- Қа­тарға жаңа қосылған кезім. Жасы үлкен бір жі­гіт үстіндегі бар киімін жуып беруімді бұйырды. Мен бас тарттым. Сонда ол қасында тағы үш жігіт бар төртеу бо­лып, аяусыз тепкінің астына алды. Егер мен сол жо­лы айтқандарын істесем, мен сол күннен бастап олар­дың құлдары болғаным. Ертесіне тағы қайталанды бұл оқи­ға. Тағы ұрды. Ол аздай жуынатын жерге тыр жа­ла­ңаш жатқызып қойып, үстіме мұздай судан бір са­ғат­қа жуық шашты. Ал далада қыс еді. Жуынатын жер суық болатын. Цемент еденде жатқан мен қатты суық­тан қалшылдап, есімнен танып қала жаздадым. Бірақ киім­дерін бәрібір жумай қойдым. Бұдан кейін де талай азап көрдім. Бірақ дегенімнен қайтпадым. Менен түк шық­паған соң олар басқа біреуге ауыз салды. Оның көр­генін айтпай-ақ қояйын.

Бейшара қорлыққа шыдай алмай, әскерден қашып кет­ті. Оны алысқа кетпей ұстадық. Жоғарғы жақ білмей де қалды. Алайда оған психотерапевтің көмегі қажет бо­лып, ауруханаға жіберілді. Көпшілік әскердегі әлім­жет­тік командирдің салғырттығынан дейді. Олай емес. Бар сұмдық түнгі сағат 10-нан кейін басталады. Ко­ман­дир тексеруге келе жатса, бақылауда тұрған белгі бе­ріп, бәрі орындарына жата қалады. Әскерге жа­ңа­дан келгендер түні бойы ұйықтамайды осылай.

Осыдан кейін балаңды жіберіп көр әскерге! Жасыратыны жоқ, әс­кер­ге жастар қазір тек әскери би­лет үшін ғана барады. Өйткені күш құ­ры­лым­дарына жұмысқа тұру үшін қолыңда міндетті түрде әскери билет болуы тиіс. Бұл КСРО  кезінен келе жатқан шарт. Біздің ойы­мызша, осы жүйеге қандай да бір өз­ге­ріс енгізу керек сияқты. Ақыры тә­уелсіз са­рапшылардың пікірлеріне қа­ра­ғанда, қа­зір бұрынғыдай ешкімді мін­дет­те­мейді екен, яғни әскерге шақырылатын­дардың са­ны шектеулі.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

- Әскери билетті жемқорлық жол­мен алғандар - ертеңгі күнгі  жем­қор­лар­­дың өздері. Былайша айтқанда, ке­ден, салық, ҰҚК, прокуратура сияқты орын­дарға жұмысқа тұру үшін әскери би­лет қажет. Ал аталған мамандыққа еш­кім жалақысы үшін қызықпайды, түр­лі жолмен олжа табуға оңтайлы орын. Өкінішті әрине, бірақ мойындау ке­рек, қазіргі сарбаздардың арасында Ота­ным деп кеуде соғатындар некен-саяқ. Ойлайтындары - жеке бастың мүд­­десі. Әскери кафедралардағы жағ­дай да қынжылтады. Ондағылардың да көк­сегені - әскери билет. Жұртшылықтың осындай осал тұсын біліп алған ЖОО-лар  әскери билетті тауарға айналдырып, сау­даға салуда. Көпшілік шетелдерде әс­кери билетті талап етпейді. Жұмысқа тұ­­рарда сол орган өзі әскери дайын­дық­­тан өткізеді. Ақыры әскери билет тө­­ңірегіндегі былық-шылыққа тосқауыл қоя алмайды екенбіз, бізге де шетелден үлгі алу керек шығар? Сонда біз жем­қор­­­лықтың алдын-аламыз және күш құ­­ры­лымдарын шынайы дайындықтан өт­кен мамандармен толықтырамыз. Осылай біз «екі қоянды бір оқпен ата­мыз». Менің мынандай ұсынысым бар: әскерге сұранып тұрған жастарды шын­дық детекторымен сынау керек. Оған әс­кери билет қана керек пе, әлде Отан алдындағы борышын өтеу үшін бе?

Иә,  қалтасы қалыңдар балаларын әс­кер­ге жібермейді. Олардың балалары әс­ке­ри кафедраларда оқиды. Болмаса әск­е­ри билетті сатып алады. Әйтеуір «қанаттыға қақ­­тырмайды, тұмсықтыға шоқтыр­май­ды».  Зар­дап шегетіндер - тағы да баяғы қа­­ра­пайым жандар.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір ҚР Пар­ла­мен­ті қабылдаған «Әскери қызмет және әс­кери қызметшінің мәртебесі туралы» заң Ел­басына қол қоюға жіберілсе керек. Заңға сәй­кес, ер-азаматтарымыз әскери да­йын­дықтан ақылы түрде де өте алатын болады. «Әс­кери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңда әскери дайындық пен әскери білім алуға қатысты енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар әзірге бас­та­ма күйінде тұр. Сенат отырысында қа­рал­ған заң жобасында әскери қызметті келі­сім­­шарт негізінде өтеу үшін Қорғаныс ми­нистрлігінің мамандандырылған ұйым­дарында әскери-техникалық мектептерде әс­кери дайындықтан міндетті түрде өту нор­масы енгізілген. Аталған заңның не­гізінде азаматтық оқу орындарының әс­ке­ри кафедраларында білім алған жастарға тө­менгі офицерлік шен, яғни «запастағы лей­тенант» атағын беру туралы норма ен­гі­зілген екен. Негізі, бұл үдеріс кеңес өкіметі та­рағаннан кейін тоқтап қалғаны болмаса, тәжірибеде бұрыннан бар.  Қарулы Күштер мұқ­таж болып отырған мамандарды да­йын­дау мақсатында азаматтық әскери оқу орындарының мүмкіндіктерін пайдалана оты­рып, әскери факультеттер туралы нор­ма енгізілді. Азаматтық оқу орындарының әскери факультеттерінде, кафедраларында оқыған студенттер соңғы екі курстан бастап курсант болып саналады және әскери қыз­мет­шілер үшін көзделген бүкіл құқықтар мен міндеттерге ие болмақ. Сөйтіп, бұдан былай ЖОО әскери кафедрада білім ал­ған­дар дипломына қоса офицерлік шен алып шығады. Дұрыс-ақ. Алайда ЖОО-лар­дағы әскери кафедраға түсудің өзі бір бей­нет қазір. «Қойылатын талаптың бар­лығын орындасаң да, әйтеуір бір жерден ша­лады. Кедергіні қолдан жасайтындардың не­ні көксейтіні белгілі. Ұлым әскери ка­федраға түспек болған еді, бізден 2000 АҚШ долларын талап етті. Түсінгенім, ақ­шаң болса, кафедраға түсесің, жоқ болса, амал жоқ балаңды әскерге жібересің. Ал ұлым болашақта ішкі істер органында жұ­мыс істегісі келеді» дейді аты-жөнін толық атағысы келмеген ана. Қысқасы, әскери билет жемқорлықтың тамырлана түсуіне түрткі болып отыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Міне, әскери билетке ие болудың жол­дары біздің елде осылай не өміріңді қауіп­ке тігуі мүмкін, не қалтаңды қағары сөзсіз. Бол­маса әскердегі бақылауды күшейту ке­рек. Ең дұрысы - бақылау камераларын ор­натып тастау. Қазір техниканың дамыған за­маны. Былық-шылыққа белшесінен ба­тып жатқан орындарға камера орнатқаннан бас­қа амал қалмаған сияқты. Бәлкім, әс­кери дайындықтан өткізуді күш құры­лым­дары өз құзырларына алғандары жөн шы­ғар? Тиімдісі сол ма дейміз. Әйтпесе, әске­ри билетті сатып алғандардан қандай қор­ған болмақ?

Автор: Ләззат БИЛАН

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1957
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2254
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1854
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1548