Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алаң 3029 13 пікір 15 Қыркүйек, 2021 сағат 15:37

IT қауіпсіздік - Тәуелсіздіктің маңызды факторы

Қазақстан Үкіметі «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасау үшін Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен Меморандумға қол қойғаны белгілі. Бұл келісімге екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің көзінше қол қойылған.

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусиннің өзі мәлімдеген.  «Atameken Business» арнасының эфирінен неге Ресейлік компания қызметіне жүгінгенін түсіндіруге тырысқан министр Мусин екі тараптың құқық-құзыреттері түгел жазылатын аталған келісімге келесі жылдың наурыз-сәуір айларында қол қою жоспарланғанын айтқан. Министрдің айтуынша, жоба 5 жылға жоспарланған. Құны – 500 миллион долларды құрайды. Біз бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.

Онан соң, министр Мусиннің өзі Facebook-тегі жеке парақшасында СБЕР мен екіарадағы Меморандумның мән-жайын түсіндіруге тырысып, мәлімдеме жасаған. Онда:

«eGov.kz порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді. Меморандум – келісім-шарт емес. Ал бөлінетін 500 млн-ның барлығы СБЕР-ге жұмсалмайды», - деп ақталғандай болған.

Бүгін Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының өкілі, депутат Мақсат Раманқұлов ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, «СБЕР-мен» келісім жасасу - жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз пайдаланылғанын мойындау ма», - деп сұрапты.

Біз Мәжіліс депутатының аталған сауалын оқырман талқысына ұсынбақпыз...


ҚР Премьер-министрі
А.Ұ.Маминге  

Құрметті Асқар Ұзақпайұлы!

Қазақстан Үкіметінің Ресей «Сбербанкімен» цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді.

Қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі, әсіресе, өткен жылдың көктемінде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтердің кемшіліктері айқын болды.

Сол кездің өзінде мемлекеттің жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз пайдаланылуы анықталды.

Мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың жағдайды түзету бойынша жасаған әрекеттері тиісті нәтиже бермеді. Тіпті, платформалардың одан әрі алыстауына, оны азаматтар мен бизнестің пайдалануының күрделенуіне алып келді.

Ал қазіргі заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайларды ескере отырып, Қазақстан үшін мемлекеттік қызметтерді цифрлық дамытуда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік органдардың IT-жүйелерін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту қажеттігі шынымен де жүйелі проблемаға айналды.

Дегенмен, бірқатар мәселелер ашық күйінде қалып отыр.

Біріншіден, аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма?

Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?

Екіншіден, осы келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?

Үшіншіден, келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?

Осыған байланысты бұқаралық баспасөзде жарияланған цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің түсіндірмелері жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатады. Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалардың қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бар ма деген мәселе.

Жиырма бірінші ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі біздің еліміздің Тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз.

Жауаптарды заңда белгіленген мерзімде берулеріңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Abai.kz

13 пікір