Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 4088 19 пікір 15 Қыркүйек, 2021 сағат 13:11

Путин оқшаулануда: «Спутник V» қорғай ма?

Ресей президенті Владимир Путин карантиндік шектеулерге кетті. Бұл туралы ол 14 қыркүйекте мәлімдеген болатын. Бұған дейін ол бір күн бойы COVID-19 инфекциясын жұқтырған адаммен сөйлескенін айтқан еді. Мемлекет басшысы бұл туралы үкіметпен және «Единая Россия» партиясының басшылығымен кездесуде айтып қалған болатын. 

«Бір күн бұрын мен онымен (COVID-19 бар адаммен) күні бойы, өте жақын қашықтықта сөйлестім», - деді ол. Путиннің айтуынша, оның айналасында коронавирус жұқтырған бірнеше адам бар. «Бұл қызметкерлердің бірі - менімен жақын жерде жұмыс істейтін адам. Оған екпе егілді», - деді Путин.

Путин ол адам екпе алса да, онда антидененің көлемі аз болуы мүмкін екенін айтқан болатын. «Ол қайта вакцинацияланды, бірақ шамасы кештеу сияқты», - деді Путин.

13 қыркүйекте Путин өз ортасында COVID-19 ауруымен байланысты проблемалар бар екенін хабарлады. Ол карантинге жатқызылатынын жоққа шығармады. «Тіпті менің ортамда да осы COVID-пен проблемалар туындайды. Біз онда шынымен не болып жатқанын анықтауымыз керек. Менің ойымша, мен жақында карантинге кетуім керек. Айналамда көптеген адамдар ауырып жатыр», - деді Ресей президенті Кремльде паралимпиадашылармен кездесуінде.

Кейінірек президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің айналасында COVID-19 ауруының көбеюіне байланысты карантин болуы мүмкін екенін айтуы тек мысалдық сипатта екенін жеткізген болатын. 14 қыркүйек күні түстен кейін Кремль «Путиннің жанындағы адамдарда коронавирустық инфекцияның болуына байланысты оқшаулау режимін сақтауға мәжбүр болады», - деп хабарлады. Песков Путин өз ортасынан COVID-19 пациенттерін тапқаннан кейін сынақтан өткенін айтты. Оның айтуынша, біраз уақытқа дейін президент бетпе-бет іс-шараларға қатыспайды, бірақ оқшаулану жалпы мемлекетті басқару жұмыстарына кері әсерін тигізбейді.

Кремль Путин коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 23 наурызда, екіншісін 14 сәуірде алды деген болатын. Кремльде қолданылатын санитарлық қауіпсіздік шаралары туралы бірнеше рет Путиннің жанындағы жандар айтқан еді. COVID-19 қаупіне байланысты Кремльде және президенттің Ново-Огарёво резиденциясында дезинфекция туннельдері орнатылғанын да жазды. Кремль сонымен қатар Путинмен кездескенге дейін карантинді сақтау және сақтық шарасы ретінде коронавирустық сынақтарды алу қажеттілігі туралы хабарлағаны да есімізде. Алайда аталмыш шараларға қарамастан Путиннің жанындағы азаматтардан вирустың шығуы ресейлік вакциналардың тиімділігіне деген көзқарасты азайта түспек.

Аргентина президенті Альберто Фернандес сәуір айында вирус жұқтырған болатын. Оған «Спутник V» вакцинасы ақпан айында егілген еді. Вирусқа қарсы дене қалыптасуға төрт ай уақыт кетсе де, Аргентина басшысы вирус жұқтырған адаммен алғашқы кездесуде-ақ вирусты жұқтырып алғаны анықталды. Аргентина ресейлік вакцинаны барынша қолданып жатқан елдің бірі саналады.

Қазақстанда да вакцина алғаннан кейін, вирус жұқтырып алғандар саны жетерлік. 7 қыркүйекте олардың саны шашамен 20 мың адам деп келтіреді. «Бірінші компоненттен кейінгі вирус жұқтыру деңгейі 7070 адам арасында тіркелді, оның ішінде Sputnik V-мен 6108 вакцинацияланған. QazCovid-тен кейін 172707 вакцинациядан 172 адам ауырып қалды, 529346 адам Hayat-Vax вакцинасымен егілді, оның 553-і ауырып қалды. CoronaVac-тан кейін вакцинацияланған 249373 адамның 218-і вирус жұқтырды», - деген еді министрлік өкілдері арнайы брифингте. Яғни көріп тұрғанымыздай вирус жұқтырғандардың басым бөлігі ресейлік «Спутник V» вакцинасын қабылдағандар болатын. Әрине оны ресейлік вакцинаны алушылардың саны тым көп болуымен де түсіндіруге болатын шығар, 5.5 млн адам «Спутник V» қабылдаған болатын.

Ғалымдар арасында ресейлік Спутник вакцинасына қатысты екіұшты пікірлер бар. Оның басым бөлігі ресейлік вакцина генге әсер етуі мүмкін деген жорамалды қуаттайды.

Abai.kz

19 пікір