Сенбі, 27 Сәуір 2024
Дат 13123 11 пікір 9 Қыркүйек, 2021 сағат 20:43

Момышұлының әруағынан аттап кетпеңіздер!

Биыл Алматы метросының жаңа екі бекетінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетіні туралы ақпарат осыдан біраз бұрын жария болған еді. Биыл мамыр айында Алматы әкімдігі аталған метро бекеттерінің құрылысымен танысып қайтқан.

Сағынтаев Үкіметтен көмек сұрайды

28 мамыр 2021 жыл. Алматы әкімдігінің ресми сайты:

«Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші бастау кешені Абай даңғылының астына, Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Яссауи көшесіне дейінгі жерде орналасқан. Кешен қума тоннелдерден және екі бекеттен – терең қазылған пилон типте жасалған «Сарыарқа» және таяз қазылған «Достық» бекеттерінен тұрады. Жобаның жалпы дайындығы 80%-ға жуық», - деп ақпарат таратқан.

15 маусым 2021 жыл. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев метро құрылысына Үкіметтен көмек сұрап:

«Үкіметтен қолдау сұрайтын тағы бір мәселе – метрополитен. Қазір жұмыс істеп тұрған 9 бекет жылына 16 миллион жолаушыға қызмет көрсетіп тұр. Ал жаңа екі бекет іске қосылғанда жолаушылар көлемі 32 миллионға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, Үкіметтен метроның жаңа екі бекетінің құрылысына қолдау көрсетуді сұраймыз», - деген еді.

2 шілде 2021 жыл. Үкімет басшысы Асқар Мамин метро құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтауды тапсырғанын «Primeminister.kz» сайты жазды.

Онда: «Биылғы жылдың аяғына дейін «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттерінде құрылыс жұмыстары аяқталып, техникалық іске қосу жүзеге асырылады. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында толықтай пайдалануға беріледі», - деп жазылған.

Екі бекеттің құны – 57 млрд теңге

3 тамыз 2018 жыл. «Sputnik.kz» сайты: «Алматы метрополитенінің «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» бекетттерінің құрылысына 100 миллиард теңге жұмсалады. Соның ішінде «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттерінің құрылысы 2021 жылы аяқталады. Олардың жалпы құны – 57 миллиард теңге», - деп жазады.

Метрополитеннің ресми сайтында (metroalmaty.kz) «Құны 60 млрд теңгені құраған Алматының жаңа метро станциялары қандай болмақ?», атты мақала жарияланыпты.

Онда: «Салынып жатқан «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттері Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші бастау кешеніне кіреді. Яғни, әуелі «Мәскеу» бекеті, сосын «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттері жалғасады. «Достық» бекеті Абай мен Момышұлы қиылысынан сәл батысқа қарай орналасқан. Момышұлы мен Яссауи көшелерінің ортасында.

Жоспар бойынша пайдалануға беру мерзімі – 2021 жылдың бірінші жартысы. Бұл нысан өте күрделі болғандықтан, әуелі құрылыс жұмыстарының аяқталып, дайын болуы тексеріледі. Барлық автоматтандырылған жүйелерді, желдету жүйесі тексеріледі. Пойыздарды, рельстерді сынақтан өткізеді. Яғни, атқарылуы тиіс жұмыс өте көп», - деп жазылған.

Ал белгілі журналист, жазушы Қанат Әбілқайыр Facebook-тағы жеке парақшасында құрылысы биыл аяқталатын «Достық» метро бекетіне Алаштың батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілуі керек деп жазады.

«Момышұлы ұйығырлардан жеңіліп пе еді? Немесе Тоқаев пен Сағынтаев Батырдың әруағынан аттап кетпесін...

Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысынан метроның тағы да бір бекеті ашылмақ. Бүкіл қазақ болып «Ұйғыр ауданы» деген күбірткі атаудан құтыла алмай жатқанда «ұйғыр ұлтының мекені» ретінде елге таныс «Дружба» аты метро бекетіне берілмек.

Ұлттардың достығы деген жақсы ғой. Бірақ, бұл «достықтың» сыры тек қана қазақ пен ұйғырдың арасына сына қағады. Осы бір кішкентай ғана қателікпен туыс ұлттың дандайысып, «Алматы да біздің жеріміз» деп айтуына орай туғызамыз.

Бұл метро Алты Алаштың батыры Бауыржан Момышұлының атымен аталуы керек. Біріншіден метро бекеті «ұлттар арасындағы достыққа» емес, сол көшеге тіреледі.

Екіншіден, Момышұлының да, Құнанбайұлының да аталмыш туыс ұлтпен қатысы болмаған.

Ұлттар арасына қағылған сына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев һәм Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа керек пе?  

Ендеше, естеріңізді жиыңыздар! Момышұлының әруағынан аттап кетпегейсіздер!

(Метро бекеті атауын Момышұлының атына беру керектігі туралы тиісті мекемелерге бірнеше мәрте хат жазылған. «Еститін үкіметіміз» «естімей» қалса керек», - деп жазады Қанат Әбілқайыр.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Алматы метросының құрылысы сонау Совет одағы кезінде басталған (1988 жылы).

Бірақ 1991 жылы  КСРО–ның ыдырауы және содан кейінгі шарушылық және экономикалық жағдайларға байланысты метро құрылысы тоқтап һәм тұралап қалған. Жалпы 1988 жылдан басталған метро құрылысы әлі күнге жалғасып келеді.

1 желтоқсан 2011 жыл. Жалпы ұзындығы 8,6 км болатын метрополитеннің бірінші кезегі іске қосылды. Оның құрамына; «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Әуезов театры» және «Алатау» бекеттері кіреді.

18 сәуір 2015 жыл. «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері пайдалануға берілді. Метро тоннелінің ұзындығы 2,74 км-ге дейін созылды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

11 пікір