Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Талқы 6174 1 пікір 8 Қыркүйек, 2021 сағат 18:36

АҚШ, Ресей мен Қытай: Кім көп инвестиция салған?  

АҚШ Қытай мен Ресейді артта қалдырып, Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларының біріне айналды. Ал көршілес Ресей мен Қытай инвестицияларының көлемі төмендеді. Бұл туралы «Сentral.asia-news.com» сайты жазыпты.

Қазақстан Ұлттық банкі әлемде коронавирус салдарынан экономикалық дағдарыс болғанына қарамастан, шет елдерден Қазақстанға тікелей инвестициялар бір жыл ішінде 9,7 млрд долларға өскенін хабарлаған болатын.

1 сәуірге қарай инвестиция көлемі 167,2 млрд долларға жеткен. Қазақстанға инвестиция салатын көшбасшы елдердің «үштігіне» Нидерланды, АҚШ және Франция кіреді екен. Ұлттық банктің бұл мәліметтерін «lsm.kz» сайты жариялаған.

Ал банк сәуір айында 1990 жылдан бастап АҚШ Қазақстанға шамамен 38,7 млрд доллар инвестициялағанын хабарлады.

Нидерландыдан шамамен - 63 миллиард доллар, Франциядан - 13,4 миллиард доллар келген. Бір таңқаларлығы, осы уақыт ішінде Қытайдан тек 5,6 миллиард доллар түсіпті.

2021 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ, Голландия және Францияның жаңа инвестициялары 2020 жылдың бірінші тоқсанындағыдан асып түсті. Сонымен қатар, банк 2020-2021 жылдарға арналған сандарды көрсетпестен, Қытайдың инвестициясы жылдан жылға төмендеп жатқанын жеткізді.

Бұл ретте Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) негізгі сауда серіктесі – Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі небәрі 5,3 миллиард долларды құраған-мыс.

Елордалық қаржыгер Андрей Чеботаревтің айтуынша, америкалық инвестициялар Қазақстанға 1990-шы жылдардың басынан бастап, негізінен мұнай-газ секторына келіп түскен.

-Осы саладағы ірі жобалардың бірі — Атырау облысындағы Теңіз кен орны, оны әзірлеумен «Теңізшевройл» халықаралық консорциумы (ТШО) айналысады.

ТШО-да қатысу үлесінің 50%-ы америкалық «Chevron» компаниясына, 25%-ы — АҚШ-тың тағы бір «ExxonMobil» компаниясына, «ҚазМұнайГаз» қазақстандық ұлттық компаниясына – 20% және «LUKARCO» Ресей-американдық бірлескен кәсіпорнына – 5% тиесілі, - деп түсіндірді Чеботарев.

Кен орнын игеру үшін ТШО бюджетін кеңейткен. Сірә, бұл Қазақстанға америкалық инвестициялар ағыны артуының бір себебі шығар, деп есептейді маман. Сондай-ақ, Чеботарев: «Мен АҚШ-тан келген инвестициялар ағынын Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде бізге қызығушылық танытуымен байланыстырар едім», - дейді.

Қытайдың шегінісі

Қытай инвестициясының төмендеуіне келетін болсақ, Чеботаревтің айтуынша, бұл бірнеше жағдайға байланысты.

Біріншіден, Қазақстанда Шыңжаңдағы мұсылмандарды қайта тәрбиелеу жөніндегі Қытай саясаты белсенді сынға ұшырайды.

«Осының себебінен ҚХР Қазақстанға капитал ағынын азайтуы мүмкін. Яғни, мұндай үлкен серіктестің болуы біз үшін жақсы нәрсе емес. Қытай біздің достыққа жатпайтын риторикамыздан кейін кез келген келісімді жоя алады», - деп болжайды Чеботарев.

Екіншіден, қытайлық компаниялар қазақстандық мұнай өнеркәсібінде жұмыс істесе де, кен орындарында өндірісті кеңейтпейтінін, олар жай ғана салыстырмалы түрде арзан құрылыс жұмыстарын жүргізетінін айтады.

«Үшіншіден, Қазақстан Нұр-Сұлтанда жеңіл рельсті көлік төсеуге Қытайдан келген инвестицияларды игере алмады», - деп толықтырды қаржыгер 2019 жылғы дауды еске салып.

«Төртіншіден, қытайлық «Бір жол, бір белдеу» жобасы бойынша ҚХР мен Қазақстан арасындағы бақылау-өткізу пунктілерін жаңарту жобасы ғана болды. Бірақ, бұл соншалықты үлкен инвестиция емес. Ал Ресейге келетін болсақ, оның Қазақстанға капитал ағыны әрдайым әлсіз болды», - деп қорытындылады Чеботарев.

Ресейдің ықпалы

Ресейлік инвестициялардың қысқаруы аясында Кремль Қазақстанды өз еркіне бағындыруға тырысады, деп есептейді алматылық экономист Арман Бейсембаев.

Бұрын Қазақстанның АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия және басқа елдермен жақсы қарым-қатынас құрған көпвекторлы саясаты тиімді болатын. Бірақ, әлем өзгеруде, поляризациялануда, - дейді Бейсембаев.

«Бізден көбіне нақты біреудің жағын таңдау талап етіледі. Біз не Америкаға бет бұрып, осылайша аумағымызға көз тігетін өте агрессивті көршіні (Ресей) табамыз. Немесе Ресейге сүйеніп, осымен бітті деп отырамыз. Ресей Қазақстанға ЕАЭО - экономикалық емес, саяси одақ екенін көрсетеді. Өйткені бұл пікір оны құру кезінде, тіпті бір жыл бұрын да айтылған болатын», - деп түсіндірді экономист.

«Біз оларға геосаясат пен экономика бөлек болуы керек деп айтқанымызбен, Ресей басқа позицияны ұстанады. Өйткені оған санкциялар енгізіліп, Батыс елдерімен соғыс жүріп жатқандықтан, оның ЕАЭО-дағы одақтастары шет қала алмайды», - дейді Бейсембаев Ресейге қарсы Халықаралық санкцияларды меңзеп. Аталған санкциялар 2014 жылы Мәскеу Қырымды заңсыз аннексиялағаннан кейін күшіне енген еді.

Экономист, сонымен қатар: «Маусым айында Санкт-Петербургте Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Еуразиялық одақ санкцияларға бірлескен жауап дайындап жатқанын мәлімдеген кезде, Ресей мұны анық көрсетті...», - дейді.

Ресей Еуразиялық кеңестің әрбір жиналысында саяси күн тәртібін белгілейді. Әзірге Қазақстан басшылығы бұған қарсы тұра алғанымен, бұл позицияны ұзақ ұстай ала ма, жоқ па деген сұрақ туындайды.

«Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин соңғы жылы Қазақстанға екінші рет келіп отыр, бұл кездейсоқ емес. Олар бұл әрекетімен Қазақстанда не болып жатқанын қадағалап отырғанын, енді өз еркінің болмайтынын, елімізде оның экономикалық қана емес, сонымен қатар, саяси мүдделері де бар екенін анық көрсетеді», - дейді сарапшы.

Дайындаған Рамина Чакирбаева

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1317
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1180
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 922
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1036