Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Журналиске қысым: 4241 4 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 15:37

Жәпішеваның ақиқаты һәм Саинның ақталуы

The Village Kazakhstan редакциясының журналисі Әсем Жәпішева осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысы Абай ауылында зорланған бала туралы материал үшін әлдекімдердің қысым жасап жатқанын хабарлаған.

Ол Facebook парақшасында: «Репортаж жарияланғаннан кейін маған материалды алып тастауды талап етіп, өздерін әр түрлі ведомстволардың өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдардан телефон арқылы қорқытулар басталды»,- деп жазды.

Аталған материалда баланың отбасы күні бүгінге дейін қысым көріп келе жатқаны жазылған. Мәселен, зорланған баланың әжесі әлі күнге емін-еркін сыртқа шыға алмайтындарын айтады.

- Зорлық көрсеткен баланың анасы бізге балтамен, пышағымен келіп, қорқытып, баласының түрмеге кеткені үшін бізге қарғыс айтады. Кеше ғана ол қайтадан келді, бірақ полиция оған ештеңе істей алмайды, - дейді.

Балалардың әкесі жоқ. Ал, Алматыда аспаз болып жұмыс істеп жүрген анасының ұлдарын өз қолына алуға әлі шамасы келмейді. Сондықтан, балалар әжелерінің қолында.

Аталған оқиғадан соң (3 жыл бұрын), Президент бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Зағипа Балиеваны алып тастап, оның орнына Аружан Саинды тағайындады. Одан соң, Саин балалардың өз қорында істейтін қыздың пәтерінде тұратынын, баланың басқа мектепке баратынын айтқан. Алайда, Саинның уәдесі орындалмапты.

«Біз кездейсоқ олардың әлі де осы үйде тұратынын білдік. Ал, бүкіл Қазақстан оларға Алматыдан баспана берілгеніне сенімді болды. Алайда, жағдай мүлде олай емес екені белгілі болды. Қазір, олар есікті ашпайды және тек дәретханаға бару үшін қақпадан шығады: ескірген ескі үйде дәретхана да жоқ, ең бағалысы - нашар жұмыс істейтін теледидар» ,- деп жазады The Village Kazakhstan.

Мақаладан соң, Аружан Саин әлеуметтік желіде бала мен оның анасы Алматыда тұратынын жазды.

«Бала мен оның анасы бірнеше жылдан бері Алматыда тұрады. Біз мұны анық білеміз. Өйткені олар еріктілер тегін берген пәтерде тұрады. Олар кавтираға риза және оны тастап кеткен жоқ. Бала мектепке барады, денсаулығы жақсы, анасы жұмыс істейді. Біздің қор баланың психологиялық сабақтарының ақысын төледі, олар оң нәтиже берді.

Бүгін мен баланың анасымен сөйлестім. Бала мектепте болды, демалыс кезінде екеуі де әжесіне қонаққа барады. Ол әжесімен сұхбат туралы және мақала туралы ештеңе білмейді. Ал, мақалада айтылған баланың ауылда тұратыны туралы ақпарат тараған рас емес», - дейді Аружан Саин.

Алайда, Әсем Жәпішева мақала жарияланар алдында Саинның өкілдерімен бірнеше рет хабарласқанын, бірақ, олардан еш жауап болмағанын айтады. Сондай-ақ, журналист Саинға:

«Зорланған баланың отбасына неге пәтер берілмеді? Күн сайын қорқыту-үркіту көріп жүрген әжеге кім қарайласады? Мақаланы оқып, видеоны көрдіңіз бе? Неліктен анасы қорқады және өзін нашар сезінетінін айтады? Жауаптылар неге әлі өз орнында отыр? Неліктен баланың әжесі сіздің еріктілер берген пәтеріңізден әлдеқашан қуылғанын айтты?» деген сұрақтар қойды.

 

Бірақ, Аружан Саин журналистің ешбір сауалына жауап бермеген.

Бұл жағдайға қатысты даудан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі пікір білдіріп, өз тарапынан журналистердің құқығын қорғауға көмектесуге дайын екенін айтыпты.

«ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері "The Village Kazakhstan " редакциясына қажетті көмек көрсетіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында редакциямен, сондай-ақ мақала авторымен байланысқа шығып отыр.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге жол берілмеуі тиіс деген қағиданы ұстанады.

Министрлік өз тарапынан журналистердің құқығын қорғауға көмектесуге дайын.

Сонымен қатар, ақпараттың шынайылығына қандай да бір материал жарияланатын БАҚ, сондай-ақ материалдың немесе жарияланымның авторы жауапты екенін еске саламыз.

Барлық журналистерден жарияланым кейіпкерлерінің жеке өміріне зиян келтірмеу үшін этикалық нормаларды сақтауды сұраймыз»,- деп мәлімдеді министрлік.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

4 пікір