Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоңырау 5778 15 пікір 31 Тамыз, 2021 сағат 12:58

Шымылдық: АҚШ кетті, Талибан қалды...

Ауғанстаннан ең соңғы АҚШ ұшағы 31 тамызға 1 минут қалғанда ұшып кетті. Ұшаққа отырған ең соңғы сарбаз генерал-лейтенант Крис Донахью болды. Оның C-17 бортына отырған суретін Пентагон арнайы жариялап, «соғыс аяқталды» деп мәлімдеді. Сонымен Ауғанстан соғысы қалай аяқталды? 

Трамп әкімшілігі Ауғанстаннан әскерді әкетуге қатысты шешім қабылдап, тәлібтермен Дохада келіссөздер жүргізе бастады. Жалпы Ауғанстаннан АҚШ әскері ерте ме, кеш пе шығарылатыны белгілі еді. Сондықтан көптеген елдер билікке тәлібтер келсе, олармен алдын-ала келісімдер жасап, болашақтағы жұмысты нақтылап алу жағын қарастыра бастады. Тәлібтермен әр ел өз талаптары мен шарттары негізінде ашық және жабық келісімдер жасасты.

АҚШ әкімшілігі тәлібтермен бірнеше келіссөздер жасасты. Тіпті Трамп әкімшілгі өздері лаңкес деп тапқан террорлық ұйым өкілдерін АҚШ-қа шақырып, арнайы шарттарға уағдаласпақ та болды. 2019 жылы Трамп әкімшілігі тәлібтермен ұзаққа созылған келіссөздер жасап, оның соңында Талибан өкілдері АҚШ-қа келетін болды. Талай әлемдік саясаттың сорпасы қайнаған Кэмп-Дэвидте кездесу өтуі тиіс еді. Трамп билігі Израиль мен Мысыр арасында жасаған тарихи келісімді қайталағысы келді. Алайда кездесуге бір күн қалғанда Талибан өкілдері Ауғанстанда АҚШ сарбаздарына шабуыл жасап, бір сарбаз қаза тапты. Кездесулерден Вашингтон бас тартып, тәлібтерге соққы жасады. Сарапшылар Талибан өкілдерінің бір бөлігі бұл кездесуді қаламаған деп топшылайды. Жарылысқа қатысты Трамп өз Твиттер парақшасында:

«Тәлібтердің бірқатар басшылары мен Ауғанстан Президенті менімен жексенбі күні Кэмп-Дэвидте кездесуі керек еді. Өкінішке орай тәлібтер бізге жалған қысым «рычагын» жасау үшін, Кабулде 1 АҚШ сарбазы мен 11 бейбіт тұрғын қаза тапқан шабуылға қатысы барын мойындады. Мен бірден кездесуден бас тартып, бейбіт келісімді тоқтаттым», - деп жазды.

Талибы объявили о прорыве в переговорах с США - IslamNews

Алайда соған қарамастан Катардағы келіссөздер тоқтаған жоқ. АҚШ пен тәлібтер арасында бірқатар келісімдер де жасалып, Ауғанстан билігі мен тәлібтер арасында тұтқын алмасу процесі де болды. Трамп биліктен кететін сәтте Ауғанстаннан әскерді әкету жайлы құжатты рәсімдеп кетті. Аталмыш құжат бойынша Байден әкімшілігі Ауғанстаннан әскерді 2021 жылдың 11 қыркүйегіне дейін шығаратынын мәлімдеді. Кейіннен әскерді шығару мерзімі 2021 жылдың 31 тамызына дейін қысқартылды. Көктемде АҚШ өз сарбаздарын шығара бастады. Бұл Талибанның дәстүрлі шабуылымен тұспа-тұс келді.

«Тәлібтер елді тез ала алмайды, өйткені біз дайындаған сарбаздар мен Ауғанстан билігі қуатты», - деген болжам айтты Вашингтон.

Алайда шындық басқаша болып шығып, Ауғанстан билігі маусым айында басталған қуатты шабуылға шыдамай, 15 тамызда ел президенті Ашраф Ғанидың Кабулды ұрыссыз беріп, елден қашуымен құлады. Тәлібтер тұтас елді өз қолына алды. Бұл жағдайда АҚШ билігі мен Батыстық күштер Ауғанстаннан өз азаматтары мен Батысқа жұмыс істеген ауғандықтарды эвакуациялауды бастады. Ауғанстанда Батысқа кетуге ниет еткен 60 мың ауған азаматы бар деген мәлімет айтылды, алайда Кабул әуежайына жиналғандар саны 100 мыңнан асып кетті. Кабул әуежайындағы эвакуациялық процесстер нағыз хаосқа ұласты. Алғашқы үш күнде ауған азаматтары тіпті ұшақтың қанатына жабысып, арқанмен өздерін ұшаққа байлап өзге елге кетуге ниеттенді. Солайша ресми түрде 7 адам ұшақтан құлап, қаза тапты. Ұшу алаңын да нағыз бейберекетсіздік пен үрей жайлады. Халықты тыныштандыру үшін әуеге оқ атып отыру қалыпты жағдайға айланды.

Ал 26 тамызда Кабул әуежайында жойқын жарылыстар болды. Шабуылды ДАИШ (ИГИЛ) содырлары жасаған еді. Шабуылдан 13 АҚШ сарбазы қаза тапты. Ал тәлібтер мен ауған халқынан 200-ден астам адам опат болды. Осылайша АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі қайғылы, қанды шымылдық арқылы іске асты. Алайда қанша сынау мен мінеу айтылса да, АҚШ екі аптаның ішінде 122 мың адамды ұшақпен эвакуациялап үлгерді. Осынша қысқа уақытта жүз мыңнан астам адамды ұшақпен эвакуациялаудың жарқын үлгісі болды дейді мамандар. Қазір Еуропа елдері мен өзге де мемлекеттер ауған босқындарын қабылдауға қатысты талқылаулар өткізіп жатыр.

Афганистан. ИГИЛ обстреляла аэропорт Кабула ракетами, пять из них перехватили - новости Украины, Мир - LIGA.net

АҚШ-тан бөлек келіссөздерді басқа да мемлекеттер жасасты. Мысалы тәлібтермен байланыс орнатқанның бірі Пәкістан болатын. Әрине, Пәкістанның тәлібтерге әскери және қаржылай көмек беріп отырғанын да жасырмауға тиіспіз. Соған қарамастан олар Ауғанстан билігі мен тәлібтер арасындағы келіссөздерге қатысып қалуды жөн санады.

Талибан қозғалысымен келіссөз басына отырғандардың бірі Қытай еді. Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И тәлібтерді Бейжіңде қабылдап, келіссөз жасасты. Қытай үшін биліктің толық тәлібтерге өткені тиімді. Сол арқылы олар Иранмен тікелей Ауғанстан арқылы мұнай мен газ тасу жолын салады. Ауғанстандағы «ұйғыр содырлары» мәселесін шешуге тәлібтер ыңғайлы деп санайды және Ауғанстандағы тәлібтер арқылы Орталық Азия мен Таяу Шығысқа ықпал етуді көздейді. Қарымтасына тәлібтерді инвестициялық жобалар арқылы қолдап отырмақ. Оған Талибан да қарсы емес.

Вернем Талибан в политическое русло»: МИД Китая провели встречу с талибами

Келіссөздерді Ресей де жасады. «Лаңкестермен бір үстелге отырмаймыз», деген Мәскеу, лаңкестерді өздері шақырып, келіссөз алаңын ұсынды. Талибанмен байланысы барын Ресейдің СІМ-і жасырмайды да. «Талибан басып алады», деу арқылы олар Орталық Азиядағы саяси және экономикалық, әскери ықпалын арттырып жатыр. Келіссөздерге Үндістан да қатысуда. Дели керісінше лаңкестерді қолдаудан аулақ. Өйткені тәлібтер алдағы таңда Пәкістан арқылы Кашмирді тұрақсыздандырып жібере ме деген қауіпті қаперінде ұстауда.

России важна поддержка Талибана по целому ряду пропагандистских причин

Орталық Азия мемлекеттері де тәлібтермен келіссөздер жасауда. Мысалы Ташкентте бірнеше басқосу өтті. Бұл туралы Өзбекстан президенті Мирзиеев былай дейді:

«Біз Талибанмен өзара кеңесуді кеше емес, екі жыл бұрын бастадық. Ешқандай ел әлі олармен байланысқа шықпаған соң, мен: «Біз олармен диалог орнатуымыз керек» деген нұсқау бердім. Егер сіз теледидардан көрсеңіз, олардың Дохадағы көшбасшысы Мулла Абдул Ғани Бародар жеке сөйлеп, Өзбекстан халқына, Өзбекстанға бірде-бір оқ атылмайды деп уәде берді.

Ол өз сөзінде тұрғандықтан, біздің олармен қарым-қатынас жасауымыз қалыпты жағдай. Мен өз халқыма тыныштықты қалаймын, мен кез келген адаммен диалог жүргіземін. Тек өзбек халқының тыныштығына, Өзбекстанның тыныштығына әсер ететін фактор болса ғана, мен оның кім екеніне қарамастан хабарласамын». 

Шавкат Мирзиёев: без науки, без инноваций мы никогда не достигнем поставленных целей | UzReport.news

Аймақта Түркіменстан да Талибанмен келіссөздер жасауда. Ашхабадқа астыртын келіп, келіссөз өтті. Бұны екеуара ымыра емес, «тәлібтердің шартын Ашхабад қабыл алды» дейді бейресми деректер.

Осылайша Ауғанстанда АҚШ әскерінің соғысы аяқталды. Вашингтон тарихындағы ең ұзақ соғыс, яғни 19 жыл, 10 ай, 25 күнге созылған әскери операция өз мәресіне жетті. Тәлібтер ең соңғы АҚШ ұшағы әуеге көтерілген сәтте аспанға оқ атып, қуаныштарын жасырмады. Енді Ауғанстанда шетелдің әскери күштер жоқ. Ауғанстан тәлібтердің, 33 млн ауған халқының және Талибан билігіне бас имеген Панджшер шатқалының аймағы болып қалды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

15 пікір