Жұма, 26 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 8400 24 пікір 29 Тамыз, 2021 сағат 01:57

Ермекбаев: Министрді кінәлау - надандық...

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан кейін әлеуметтік желі белсенділері һәм қоғам өкілдері ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын талап еткені белгілі.

Министр Нұрлан Ермекбаевтың өзі де БАҚ-қа пікір айтып: енің қазіргі басты міндетім жарылыс салдары мен зардабын жою, ал отставкаға келетін болсақ, жарылыс жайлы ақпарат алған сәтте-ақ, отставкаға кету жайлы шешім қабылдадым. Мен отставкаға беремін, шешімді жоғары жақ қабылдайды", - деген еді Президентті меңзеп.

Арада бір тәулікке жуық уақыт өткенде министр Ермекбаев БАҚ-қа тағы да сұхбат беріп, өз отставкасы жайлы пікір білдіріпті. Бұл жолы министр мырза әскери қоймадағы жарылысқа тікелей министрді кінәлауды "надандыққа" теңеп сөйлепті. Қараңыз:

"Бір жағынан "министр кінәлі" деп айту - надандық. Өйткені сауатты адамдар біледі, Қарулы күштер ол - кіші мемлекет деп айтуға болады. Барлық жүйелер бар, Қарулы күштердің ішінде. Білім беру жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, жауынгерлік даярлау, солдаттарды үйрету... Бұл өте күрделі механизм. 

Әрине, бір адам бәріне қарап, қадағалау өте қиын. Бірақ, бізде сондай бір қағида бар. Бірінші жетекші бәріне жауап береді. Сол сияқты мен кінәсіз болсам да, жеке өзім жазықсыз болсам да, мен бәріне жауап беремін.

Оның үстіне офицерлік, генералдық ар-намыс деген ұғым бар. Соған сәйкес, мен әрине, отставкаға беремін. Отставка сұраймын. Бірақ, Жоғарғы Бас қолбасшы және мемлекет басшылары қандай шешім қабылдайды, оны мен айта алмаймын. 

Қазір менің міндетім - апаттың салдарын жою", - депті министр Ермекбаев.

Осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласында қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған тағы бір әскери қойма жарылған. Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елді-мекендерге эвакуацияланған болатын. Олар кейінірек Арысқа қайта оралған. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған. Жарылыстан 4 адам қаза тауып, 80-нен астам жан жараланған еді. Сол жарылыстың шығынын Ақорда билігі 173 млрд теңге деп есептеген.

Ол кезде де Қорғаныс министрі - Нұрлан Ермекбаев мырза еді. Ол кезде де жұрт қорғаныс саласының тікелей жауапкер министрі - Ермекбаевтың отставкасын талап еткен. Алайда Арыстағы жарылысқа қатысты министр Ермекбаев кешірім сұраудан бас тартып, отставка жайлы жақ ашпаған еді. Жарылысты "табиғи апатқа" теңеген.

"Бұл біздің кінәміз деуге болмайды. Бұл табиғи апат. Әрбір арсеналдың қауіпі бар. Әзірге халықтан кешірім сұраудың еш себебін көріп тұрған жоқпын", - деген еді.

Әрине, Заңы сөйлейтін зайырлы қоғамда министр Арыстағы жарылыстан кейін-ақ, орнынан кетер еді. Жай кетпей, том-том іс арқалап, сот табалдырығын тоздырар ма еді. Бірақ, Ермекбаев мырза отырған орнынан қозғалған жоқ.

Арада екі жыл өткенде оқиға тағы қайталанды. Тағы да әскери қоймадан өрт шықты, арты алапат жарылысқа ұласты. Қаза тапқандар саны аз емес. 13 адам. Жүзге жуығы түрлі дене жарақатын алды. Тағы да арнайы комиссия құрылды. Оны вице-премьер Роман Скляр басқаратын болды. Президент Тоқаев шұғыл жиын өткізіп, Үкіметке тапсырма берді. 29 тамызды Жалпыұлттық Аза тұту күні етіп жариялады...

Әуелде, "жарылыс туралы естіген алғашқы сәтте-ақ, отставкаға кету туралы шешімге келдім", - деген Ермекбаев мырзаға қарап, "Арыстан кейін арына жүгінген бе", - деген еді жұрт. Сөйтсек, бүгін: "Менің кінәм жоқ болса да, отставкаға кетемін", - деп ренжігендей болыпты. Ол аз десеңіз: "Министрді кінәлау - надандық", - деп сөйлепті.

Ал Министрдің мұнысына сіз не дейсіз, оқырман?..

Abai.kz 

24 пікір