Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2748 3 пікір 27 Тамыз, 2021 сағат 14:06

Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа 200 күн

Алматыда Қытай консулдығы алдында наразылыққа екі жүз күн толғанда Шыңжаңдағы туыстарына бостандық сұраған адамдар далада түнеп шықты. Оларды полиция консулдыққа жолатпаған, бірақ түнімен күзеткен. Акцияға қатысушылар туыстарымыз келмей, консулдық маңынан кетпейміз дейді.

"Басқа жол жоқ. Кеше акцияның 199-күнінде консулдықтың алдында түнеп қалуды шештім. Қытай еліне ешқандай қарсылығымыз жоқ, біз бұл саясатты жүргізіп жатқан адамға наразымыз", - деді олардың бірі.

Қытай осыған дейін консулдықтың алдына шыққандардың туыстары Шыңжаңда "заң бұзғаны үшін жазасын өтеп жатыр" деген.

Акцияға қатысушылардың бірі бірнеше рет полиция тарапынан қамалып, айыппұл төлеуге міндеттелген.

Шыңжаңда миллионнан астам мұсылман азшылық діни және этникалық мәселеге байланысты қудалауға ұшырағаны жөнінде 2018 жылы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің баяндамасы жарияланған. Халықаралық қауымдастықтың сынына қарамай, Қытайда ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты мұсылман азшылықты қысымға алып, "қайта тәрбиелеу" лагерлерінің саны 40% өскенін Австрияның Стратегиялық саясат институты мәлімдеген.

Қытай билігі болса мұны теріске шығарып, "кәсіби қайта дайындау" және "экстремизмге қарсы күрес орталықтарын" құрдық деп келеді.

Abai.kz

3 пікір