Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
6206 15 пікір 26 Тамыз, 2021 сағат 13:22

ЕАЭО: Қазақстан белшесінен қарыз

Қазақстан ЕАЭО-ға кіргелі бері үлкен экономикалық шығынға ұшырауда. Ол Ресейге салынған санкциялар, шикізат бағасының арзандауына және ұйымдағы тиімсіз сауда шарттарына байланысты болып отыр. Қазір одақтағы барлық мемлекеттердің қарызы еселеп артуда. Оған коронадағдарыс та өз әсерін тигізуде. Санкцияның астына қалған агрессор Ресей мен диктатор Лукашенко режимі, соғыстан жеңілген Армения мен төңкеріс ошағына айналған Қырғызстан, шикізатқа байланған Қазақстанның бірлестігі қуатты экономикалық ұйым құрады деуге сену қиын әрине. Құра да алмады. 

Қазақстан мен ЕАЭО елдерінің жалпы мемлекеттік қарызы 342,8 миллиард долларды құрады. Бұл туралы LSM.kz өз зерттеуін жасады.

2021 жылғы 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 22,2 триллион теңгені (51,9 миллиард доллар) құрады, оның ішінде ішкі - 14,7 триллион теңге (34,4 миллиард доллар) және сыртқы - 7,5 триллион теңге (17,5 миллиард доллар) дейді зерттеу көздері.

Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасына сәйкес, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Ресейдегі мемлекеттік қарыз 254,1 миллиард долларға жетті, оның ішінде ішкі - 213,6 миллиард доллар және сыртқы - 40,5 миллиард доллар.

Беларусьте - 23 млрд доллар, оның ішінде 4,5 млрд доллар ішкі қарыз және 18,5 млрд доллар сыртқы қарыз.

Өз кезегінде Арменияда бұл көрсеткіш 8,9 миллиард долларды құрады, оның ішінде 2,2 миллиард доллар ішкі қарыз және 6,7 миллиард доллар сыртқы қарыз бар.

Ал Қырғызстанның мемлекеттік қарызы есепті күнге 4,9 миллиард долларға жетті. Ішкі - 0,8 миллиард доллар, сыртқы - 4,2 миллиард доллар.

ЕЭК бұл мәліметтер мемлекет кепілдік берген қарызды ескермегенін түсіндірді. Ал Қазақстан мен Армения көрсеткіштеріне ұлттық (орталық) банктердің қарызы кірген. Осылайша біз одақтағы қарызы көп екінші ел болып отырмыз.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Қазақстан республикалық бюджет тапшылығы бойынша көш бастап тұр екен. 2021 жылдың қаңтар -маусымында Қазақстан бюджетінің кірісі 5,7 трлн теңгені, ал шығыстары 7,2 трлн теңгені құрады. Осылайша, тапшылық 1,5 триллион теңгені немесе 3,6 миллиард долларды құрады. Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасына сәйкес, бұл деңгей ЕАЭО-дағы ең жоғары көрсеткіш.

Беларусь бюджетінің тапшылығы 1,6 миллиард беларусь рубліне немесе 0,6 миллиард долларға жетсе, Арменияда - 75,5 миллиард драм, немесе 0,1 миллиард доллар. Ал Қырғызстанда да тапшылық бар, бірақ аса жоғары емес.

Сонымен бірге Ресей Одақтағы бюджет профицитін алған жалғыз ел болды. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш 774,7 миллиард рубльге немесе 10,4 миллиард долларға жетті.

ЕЭК 2020 жылдың осы кезеңінде бюджет тапшылығы барлық елдерде тіркелгенін еске салды: Қазақстанда - 2,5 миллиард доллар, Ресейде - 11,2 миллиард доллар, Беларусьте - 0,7 миллиард доллар, Қырғызстанда - 0,2 миллиард доллар, ал Армения - 0,1 миллиард доллар.

ЕАЭО елдері бойынша бюджет кірістерінің құрылымы әр түрлі. Қазақстанда 50% - табыс салығы бар екен. Мысалы, Беларусьте бұл тек 20% алады. Қазақстан бюджетінде кірістің 23%-ы ҚҚС -дан түседі, бұл Одақтағы ең төменгі көрсеткіш. Ең үлкені Беларусьте, ол 42%.

Шығыстар құрылымына келетін болсақ, Қазақстанда 50% әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалады екен.

Осылайша Қазақстан одақта қарызға белшесінен батқан және бюджет шығыны орасан зор деңгейдегі ел болып келеді. Бұл тек қана экономикалық реформаларды талап етіп қоймай, сонымен қатар одақтың тиімсіздігін де көрсетіп отыр.

Abai.kz

 

 

15 пікір