Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңғырық 5728 17 пікір 25 Тамыз, 2021 сағат 15:01

Тіл және мемлекеттік қызметтегі тұзақ

Өзін бөтен елдің бір бұрышында емес, дербес, тәуелсіз мемлекетте, ата-бабасының қасиетті топырағында тұрып жатырмын деп білетін, жан-дүниесін, болмысын қазақ санайтын әрбір азаматқа «үңгірге» қатысты сөздің ауыр тигені рас.

Алайда бұл сөз тіркесі намысқа қаншалық батқанымен, әлгі пікірдің ақиқат екені тағы да рас. Неге десеңіз, қазақ тілі мемлекетті, елді басқаруды жүзеге асырып отырған ресми органдарда анығында «үңгірде» қалып отыр. Өйткені үш буын ұрпақ мектеп бітіріп үлгірген отыз жыл бойында мемлекеттік мәртебесі болғанымен, қазақ тілі қосалқы, қыстырма тіл ретінде формальді кейпінде қалып келеді. Соның салдарынан, одан да сорақысы, іс жүзінде пайдаланылмайтындықтан, жоғарыдан бастап төменге дейінгі мекемелердің құжаттарының сауатсыздығы күн сайын көбеюде. Бұл турасында «Abai.kz» порталындағы «Ресми саладағы сауатсыздық – тілге зор қауіп» деген материалда нақты дәлелдермен баяндалды. Әлгіндей «біздегі қалалардың түгелін әкелерінен қалған қаражатқа салып берген» оған дейін жергілікті халықты, дала мен үңгірде жүрген деп санайтындардың санасы сол күйінде селт етпей отырғаны да содан.

Әрине, атқарылып жатқан шаруалар да аз емес. Бұл орайда, өткен кезеңдерге қарағанда Мемлекет басшысының биік іс-шаралардағы сөздері, жолдауларында қазақ тілінің үлес салмағы уақыт өткен сайын еселей түскені қуантады. Үмітке бастап, сенім ұялататын шешім-қарарлар да жеткілікті. Атап айтқанда, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Е.Қошановтың 2019 жылғы 15 қарашадағы №19-01-38.39 Бұйрығында  аталған ұлық мекемеге «Мемлекеттік органдардың ақпараты мемлекеттік тілде енгізіледі» деп тайға таңба басқандай тапсырылған. Осы Бұйрықта «Орыс тілінде дайындалған ақпарат мемлекеттік тілдегі тең түпнұсқасы болған жағдайда ғана қабылданады» деп шегеленген. Демек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде дайындап жіберген құжаттарының орыс тіліндегі нұсқасын талап ету – анық заң бұзушылық. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мүлде керісінше ахуал орнаған және оның кеңестік дәуірден бері мұрты бұзылмастан жалғасып келе жатқаны әркімге аян. Осындай «жасырын» жасанды үрдістің салдарынан еліміздегі барлық мемлекеттік органдардың әсіресе орындаушы қызметкерлері аузы-мұрнынан шаншылып, бір құжатты екі тілде, екі мәрте, яғни оған екі есе уақытын шығындап әзірлеу үстінде. Бұған әрбір адамның ми жұмсауы, көз майы, жүйке мен жан азабын қосыңыз. Шырылдаған шындықты айтқанда, мұндай тағдыркешті ахуал – бүгінгі мемқызмет басындағы нағыз тұзаққа, бәлкім тозаққа айналды. Ал, енді жалпы мемлекеттік қызметтің жұмысының оңтайлылығы мен тиімділігіне мүлде кері әсерін тигізіп келе жатқан бұл заңсыз талаптың төркіні қайда деңіз, ол әлгі құжатты қазақ тілінде оқып түсіне алмайтын әртүрлі кеңселердегі жекелеген лауазым иелерінің жеке басы үшін ғана жасалуда.

Батыс, сондай-ақ, барлық өркениетті елдерде қатаң қалыптасқан «time management» қағидасының осылайша жасанды түрде бұзылуы салдарынан мемлекеттік мекемелердің алдында тұрған стратегиялық міндеттерін сапалы орындауда кездесетін кемшіліктерге ұшырап отыруы, мұның артында қоғамның өзекті мәселелерінің қордалану себебі тұрғанын да болжауға болатындай. Сарапшылар әдетте айтылатын алдымен материалдық, экономикалық мәселелерді шешіп алып барып, тіл, мәдениет, болмыс, рухани жайттар кейін деген ұғымның мүлде теріс салдары күн сайын айқын көрініп келе жатқанын және одан сайын тереңдей беретінін нақты дәлелдермен айтуда. Тұрмыстық сипаттағы, анығында ең бергі, үстірт көрініске татитын соңғы оқиғалардың өзі халықаралық сілкініске дейін жетуі тіл мәселесінің қанжардың өткірлігіндей екенін тағы бір білдірді, ал әлгі қанжардың екі жүзі бар екендігін бір сәт те естен шығармауымыз абзал.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан журналистерінің конгресінде қоғам дамуының ағымдағы үрдісі кез-келген ақпараттың ең алдымен қазақ тілінде түсінікті және жедел түрде таратылуы ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға ұласқаны мәлімделген болатын. Бүгінгі жайттар осынау пікірдің тамырына көз жеткізуде. Әсіресе қазіргі жаһандық індет кезіндегі ахуал, ел ішіндегі екпеге қарқынды қарсылық, отырыс-басқосулардың тоқтамауы, тойдан қашқандардың кинодағыдай «даладағы қуғыны», ақыры «үстімізге ұшақтармен у шашып жатыр» тәрізді бейресми жалған ақпараттың ресми шындық ақпараттан басым түсіп жатуы да сөзіміздің дәлелі. Мұның барлығы да қарапайым халықтың басым көпшілігі пайдаланатын қазақ тіліне немқұрайды, қосақтағы тіл ретінде екінші сұрып ретінде қараудың өкінішті салдары. «Ауру қалса да, әдет қалмайтындықтан» кез-келген, яғни ең салмақты стратегиялық, ауқымды, күрделі, саяси құжаттардан бастап, жеке адамға қатысты шағын анықтамаларға дейін екі тілде қосақталып жүрген жағдайда, оның қазақшасы ешқашан сараланбайтыны, мүлде оқылмайтыны хақ. Бұған көз жеткізген мемқызмет қауымы құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасына формальді, аударма, қажетсіз, тек қана зорлықпен жасалып отырған азап ретінде қарайтынын айтып жату да артық. Осылайша, «Мәңгілік ел» ұғымын – көше, немесе Арка деп білетін, Шәмші мен Мұқағалиды «Алаш» партиясының мүшелері, «өмірбаяныңды айтшы» деген сұраққа «никакого Омирбая незнаю» дейтін, ақырында аяқ алып жүргісіз грамматикалық қателерді айтпағанда, «..Әкімшілікпен қаралды», «...Үкіметпен тапсырылды», «...Министрмен қол қойылды» тәрізді адамды «отвёрткаға» айналдырып жіберген бітеу ұрпақ пайда болды. Ендеше олар елді, ел бұларды қалай түсінбек.

Өзге салалар секілді спорт та елдің дамуының, көңіл-күйінің айнасы дейтін белгілі қағидаға сүйенсек, биылғы олимпиядадағы тоқырау, әсіресе бокстағы күйреу талай чемпионыңды қуалап жүріп сабап беретін ауыл балаларының жаттықтырушылардың дені өзге тілді болғандықтан мән берілмей, көзге ілінбейтіндігінде дейтін пікірдің әбден жаны бар және бұл тек қана боксқа, спортқа ғана қатысты емес.

Айтпақшы осынау ой бөлісуімізді бұл елде қазақ тілді БАҚ барынан бейхабар пенделердің естімейтіні, демек ондай санаттағылармен өзара сындарлы диалогтың орын алмай келе жатқаны, орын алмайтыны да мәлім!

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

17 пікір