Сенбі, 27 Сәуір 2024
Араша 8642 16 пікір 24 Тамыз, 2021 сағат 13:58

Ауған қазағын әкелуге Назарбаевтың тебіні керек!

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К. Тоқаевқа!

Аса Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Міне, Ауғанстанда тұратын қандастарымыз арт-артынан үндеу жариялап, өздерін Қазақстанға көшіріп алуды өтініп жатыр.

«Жаны қысылған жақынын іздейді» деген – осы!

Ауған билігін Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылымдардың  тізіміне еген «Талибан» қозғалысы басып алды. Ауған елінің ертеңі қалай болатыны, ондағы қазақтарды қандай күндердің күтіп тұрағаны туралы ешкім ештеңе айта алмай отыр.

Осындай жағдайда ондағы этникалық қазақтардың Қазақстаннан басқа көмек қолын созар, құтқарып алар панасы жоқ!

«Талибан» қозғалысы билікті басып алған күннің ертеңінде Сіз ондағы қандастарымызды назарыңызға алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ҚАЖЕТ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді Сыртқы істер министрлігіне тапсырдыңыз.

Әрине, Ауғанстандағы қандастарымызға байланысты Сіздің тапсырма бергеніңізге дән ризамын. Әсіресе, Ауғанстанда жақын туыстары қалған жерлестеріміз қатты қуанып жатыр.

Міне, сол мәлімдеме жарияланған соң көп уақыт өтпей, көмек сұраған ауғандық қазақтар да, журналистер де Сыртқы істер министрлігі мен олардың шетелдегі өкілдіктерінен жауап ала алмай жатқанын жария етуде.

Сөздің шынын айтсам, Қазақстан қазір ауыр сынақтың үстінде тұр!

Қазіргі таңда Ауғанстандағы қандастарымызды апатты жағдайдан құтқарып, Отанға оралту үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАТЫЛДЫҒЫ мен ТЕБІНІ керек!

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәулсіздікті жарияламай тұрып, шеттегі қазақтарды Ата жұртқа шақыру туралы Қаулы қабылдатты.

Ал, Тәуелсіздік жариялай салып, «Шалқар» радиосының эфирінен Өзі сөз алып, алыстағы ағайынды Тәуелсіздіктің бірінші Жаңа жылымен құттықтап, «Ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» –  деді, саңқылдап!

Одан бергі жерде бес құрлықтың қазағын жиып алып, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізді.

Алғашқы адымда 1500 камаз машинасын жібертіп, Моңғолиядағы қазақтарды Тәуелсіз Қазақстанға көшіріп алды.

Сосын, Пәкстан мен Сауд-Арабиядағы  қазақтарды самолетпен тасытса, Ирандағы қандастарымызды Әзербайжан мен  Түрікменстан арқылы кемемен Кәспи теңізінен ендей алып өтті Нұрекем. Әр жылы он мыңдап, жиырма мыңдап квота беріп тұрды Нұрекем.

Моңғолиядан оралған қазақтардан өзгесінің бәрі соғыстың кесірінен жан сауғалап, тентіріп кеткен Ауғанстанның қазақтары болатын. Ал, олардың арғы тегін қусаң, өзіміздің Үш жүздің тумалары...

Атап айта кететін бір түйін, ол кезде де осы талибандардың қаруынан ажал оғы жауып тұрған болатын.

Көрдіңіз бе, алыстағы ағайын мәселесіне келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ешқашан күмілжіген емес!

Есесіне, үнемі жігітше шешім қабылдап, еркекше бұйрық беріп отырды!

Сол кездегі Еңбек министрі болған Наталья Коржова ханым бастаған топ бұтына жіберіп қоя жаздап, зыр жүгірген болатын!

Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қамқорлығын екі дүниеді ұмытпаймыз! Жамбыл атамыздың жасына жетсін Нұрсұлтан Әбішұлы!

Аса Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Артық айтсам, айыпқа бұйырмаңыз! Қазақ Үкіметінің бүгінгі тірлігін көріп, түңіліңкіреп отырмын!

Бәрінің өлген қойдың өкпесі құсап езіліп, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, жүнжіп кеткені көрініп тұр!

Ауғанстаннан оралған қандастарымыз талибандардың табанында қалған жақын туыстарын құтқаруды сұрап, күндіз-түні шырылдауда.

Біз олардың телефондарын қабылдап, білген кеңесімізді айтып, ондағы тумаларының тізімі мен мекен жайын өздеріне дайындатып жатырмыз.

Неге екенін білмеймін, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол батылдығы мен тебіні бүгінгі билікте жоқ секілді. Нұрсұлтан Әбішұлының қандастарымызға «Келіңдер де, айналайын қазағым, байыңдар!» дейтін қамқорлығы мен кең пейілін де бүгінгі Үкіметтен көріп тұрған жоқпын?!!

Керісінше, жасыратыны жоқ, «Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақ деп таныстыратын азаматтардың, түрлі топтардың жүгінуі жиілеп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Қазақ тілінде сөйлей алмайды, ата-бабасының қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды...», –  деген секілді мың сан сылтау айтып, сыртқа тебетін сыңай асқынып барады.

Сыртқы істер министрлігінің мұнысы – су кешпейтін сөз, Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Тіл?!

Тілден ата-бабасынан бері Қазақстанда туып өскен қазақтардың өзі жырғап тұрған жоқ!

Ауғанстандағы қазақтардың ұлты мен санын анықтау да соншалық қиын шаруа емес. Олардың қазақ екенін және санын Тәуелсіздік жылдары, жоғарыда айтылған, Нұрсұлтан Әбішұлы көшіріп алған жерлестеріміз-ақ анықтап береді. Байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Ауғанстаннан келген қазақтар апатты аймақтағы жақын туыстарының мәліметін бізге жолдап жатыр. Олардың саны Сыртқы істер министрлігі айтқан «Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы немесе 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады» деген мәліметтен әлдеқайда көп екені байқалуда...

Сол қазақтар қазір байтақ қазақстанның түкпір-түкпірінде бақтты тұрмыс, тыныш-ынтымақты күн кешіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Қазір олардың тек бір ғана қайғысы бар. Ол – бүгінгі таңда от пен оқтың астында, ажал апанының аузында қалып отырған Ауғанстандағы туыстары!

Кешегі Нұрсұлтан Назарбаев қорықпай көшіріп алған сол қазақтардан бүгінгі Асқар Мәминнің алаңдайтын, үркетін және қауіптенетін жөні де, хақысы да жоқ!

Біле білсек, «Талибан» қозғалысы қанша қатыгез, жауыз болса, Қазақ Үкіметі одан екі есе мейірімді, қайырымды екенін танытып, ондағы қандастарымызды ажалдың апанынан құтқаруға міндетті!

Егер, ол туыстарымызға дәл осындай сын сағатта қол ұшын беруге жарамасақ, онда Асқар Мәмин басқарып отырған бүгінгі Үкіметтің сол «Талибан» қозғалысынан еш қандай айырмасы жоқ деген сөз!

Қазақты қырғызып қойып, «ҚАЖЕТ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА...» деп, қарап отырамыз ба, сонда?!!

Шынымды айтсам, «ҚАЖЕТ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА...» деген осы сөзді Сіз айтты дегенге өз басым сене алар емеспін. Орта жолдан қосылған сөз  деп ойлаймын.

Әрине, Ауғанстандағы жағдай өте күрделі. Біз де Асқар Мәмин ондағы қазақтарды бүгін барып, түгел көшіріп келсін деуден аулақпыз.

Бірақ, Өзіңіз айтқандай, Сабақтастықты сақтай отырып, «Талибан» қозғалысы басып алған мемлекеттегі қазақтарды ажалдан құтқарып, Қазақстанға оралту туралы батыл шешім қабылдауыңызды, нақты тапсырма беруіңізді сұраймын!

Мен тек Сізге ғана сенемін, Аса мәртебелі Президент мырза!!!

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

16 пікір