Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Ой түрткі 3558 5 пікір 12 Тамыз, 2021 сағат 14:46

Айып жазушыда емес, оқушыда...

Кітап – халық үшін бағасы бөлек құнды дүние. Ал, осы кітап жайлы айтқанда қазақ романдарының ішіндегі жарық жұлдызы «Абай жолының» алар орны дара. Тұлғаның өмірі жайлы ой қозғай отырып, бүтін бір ұлттың ширек ғасырлық тарихынан сыр шертетін Әуезовтің шоқтығы биік шығармасы қазақтың болмысын танытар куәлігі дерсің. Тіпті, дүниенің небір әдеби алыптары өз тілдеріндегі нұсқаларын оқып таңданысын еш жасыра алмады. Сонымен қатар, әлем халқымыздың бірі білсе, бірі біле бермейтін жомарттығы мен дархандығын, жер мен елдің әдемі құпия сырын Әуезовтің ерекше жазу стилінен таныды.

«Қазақтың бас ақыны» деп А.Байтұрсынов бағалағандай Абай бейнесі біз үшін де даналықтың символы. Алайда, қазіргі уақытта дәл осы тақырып аясында «әттеген-ай» дейтін бір өкініш бар. Өкініш? Бұл турасында айтарда көп сөз қозғауға болады. Кітапты қанша жерден қазына деп қастерлесекте оны таңдап оқып, білімін ұштар жастар саны сирек. Соның ішінде, ХХғасырда өзінің өлшеусіз бағасын алған «Абай жолын» қазіргі жаңа заманда сынаушылар қаптап кетті. Әлеуметтік желі, сайттар, газет-журнал бетінде, теледидарда да романды оқу күрделі, түсіну қиын, тіпті, романды қайта жазып шығамын деушілерді көргенде абдырап таңырқап қалдым. Кейбір ұлт ағасы деп атын қастерлеп жүрген жазушылардың өзі ғасыр басында озық бағаланған романды «оқылмайды» дегенін естігенде жерге жас болсам да жағамды ұстардай күй кештім. Біз бойымызды осындай тұлғаларға қарап түземек болсақ, олар қазақ деген атаудың шыңында тұрған Абайды оқымайды. Бұны қалай түсінбекпіз? Қалай түсіндірмекпіз? Осындай сөздерді сыныққа сылтау іздегендей құлаққа іліп алып жүрген жерінде «Абай жолын» оқымауының себебін өздерінше түсіндіріп қоятын жастар туралы айтар әңгіме мүлде бөлек. Жастар жайын қоя тұрып мен өзім романды оқығанда не түйдім сонымен бөліскім келеді. Мүмкін, біреуін болмаса да, біреуінің кітапты оқуға көзқарасын өзгерте алармын. Ең алдымен, романды оқығанда не түйдім, нені түсіндім? Осы тұста мойындауға болатын дүние түсінбеген тұстарым да болды? Бірақ ол не? Қазақ үшін «Абай жолы» неліктен құнды? Жастар неге кітапты оқудан жалтарып жүр?

Романның алғашқы томын қолыма алғанда менде бір-ақ мақсат болды. Ол – Абайды тану. Абай арқылы халқымыздың өткен-кеткен тарихымен, ол өмір сүрген кезеңдегі халықтың сана-сезімінің деңгейін сезіну, тәрбие атты құндылықтың құнын түсіну еді. «Қайтқандамен» басталған алғашқы тараудан қазақылықтың иісі сезіледі. Жас болғандықтан біздің әлі де болсын білмеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың көбін осы кітаптан оқып мәні мен мағынасын түсіндім. Зере мен Ұлжандай аналарымыздың тәлім-тәрбиесі адамның емес, халықтың баласын тәрбиелеп ұлтының асқақ аты мен мақтанышына айналған бір туар ұлдың балалық шағынан ел ағасына айналардай болмысын қалыптастыруы әр қазақтың үйінде берілер тәрбиенің көрінісін паш етіп, тектілік атты ұғымды түсіндіргендей.

Осындай дана аналардың ақылын тыңдап өскен бала Абай, кейін өз баласын тәрбиелеуде сол құндылықтарды сақтай білген. Тіпті, ол баласын ғана емес ұлтты тәрбиелеуге бел шеше кіріскен десек артық айтпаған болар болармыз. Жастайынан бесік жырын, батырлар жырын тыңдап өскен баланың білімге құштар болып, құндылықтарды бойына сіңіре өсетіні қазақтың көне дәстүрінің пайдалы тұстарын дәлелдеп әлі де болса маңызы барын түсіндіріп берердей.

«Абай жолы» туралы сөз қозғағанда көптің айтары қатал әке мен жаңашыл баланың тартысы. Құнанбай романда өткір мінезді, қатал әрі суық әке ретінде бейнеленеді. Мұны жазушының стиліндегі көркемдік шындық, яғни екінші бір образды толық ашу үшін жазылған әсірешілдік болуы да мүмкін. Ол жайында М.Әуезов: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деген. Демек, әке мен баланың тартысы, жай ғана тартыс емес халық арасындағы түсініспеушілікті Құнанбай мен Абайдың диалогтарынан ашық көрсетіп отырған. Егер, Құнанбайдай әке мен оның қатал тәрбиесі болмағанда, Абайдай ұлдың халықтың баласы атануы да екі талай еді. Ұлымен көп ашыла сөйлесе қоймаса да керек тұсында сынап та отырған әке Абайға айтқан үш сыны тек екі кейіпкердің ғана емес, түсінген жан үшін әкенің барша ұлына, кейінгі қазаққа деген өсиеті дерсің.

«Абай жолын» оқығанда тәлім-тәрбие мен қазақты танудан бөлек біз үшін құнды тағы бір дүние ол – тілдік байлық. Әуезовтің төрт томдық еңбегінде көркем образдарды ашып ерекше жазушылық қырын танытумен қатар қазақ тлінің кең әрі бай екендігін танытып кеткендей-ақ. Сөздік қолданыстар әр сөздің жұмсалар орны қазіргі таңда өз тілінде сөйлей білмей жүрген қазақ үшін керек. Күлудің, таңғалудың, жылаудың, онымен қоса желдің соғып, жаңбырдың жаууының өзін түрліше сипаттап жазу ерекшелігі мен қазақ тілінің сөзге бай таусылмас қорын көрсете білді.

Енді, осы арадан менің романды оқығанда түсінбеген тұстарыма тоқталсам. Жалпы, Абай жолын әр жаста, әр кезеңде оқып шыққан дұрыс екенін аңғардым. Алғаш рет бұл кітапты мектеп жасында оқыған едім. Ол кезде бар болғаны Абайдың Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде жүріп ертегі тыңдап өскен жері баяндалатын бөліміне дейін ғана түсіндім. Кейін, міне студенттік шағымда тағы бір рет оқығанды жөн көрдім. Бұл жолы бұрынғыдан да көбірек дүниені ойға түйдім. Абайдың жігіттік кезі, Тоғжанға алғаш ғашық болуы, Әйгерімді жар етуінен қырыққа таяған шағына дейінгі өмір тынысын түсіне алсам да ел билеу ісіне араласа бастаған тұсы мен үшін күрделеніп кетті. Сонда аңғарғаным, «Абай жолын» өмірдің әр кезеңінде оқып, сабақ ала білу қажет екен. Балалық шақта, жігіттік кезеңде, орта жаста, қартайған шағыңда парақтап шықсаң өсиет алып, өмірге керегіңді түйіп қана қоймай «Абай жолы» күрделі деген сылтаушылардың пікірінің теріс екендігіне көзің жетпек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ахмет Байтұрсыновтың өзі: «Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда.» - деп Абайды түсінуде бастапқыда қиналғанын және оның себебін өзінен іздеген.

Шұғыла Сұлтанмахмудова

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2077
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2501
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2131
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1612