Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Әріптестің әңгімесі 3646 6 пікір 11 Тамыз, 2021 сағат 15:46

Социализммен тыныстаған елге саңалау ашқан мақала

(саяси эссе)

Әлдебір ескі кітаптың арасынан әбден сарғайған, бүктеуі қырқылған гәзет қиындысын жуықта тауып алым. Одан бері де отыз үш жыл өткен екен. (1988-06-11) Совет Одағының бас басылымы атақты «Правда» гәзетінің «туған бауыры» Моңғолияның «Үнэн» (Шындық) деген гәзеттің қиындысы. Шекесінде әйгілі ұран жазылған  «Бүх дэлхийн пролетар нар нэгдэхтүн!» (Барлық елдің пролетарлары бірігіңдер!)

Мақаланың айдары: «Моңғол елі туралы шетел басылымында»  депті. Мақала кіріспесінде: «Американдық журналист Жеймс Шериллдің  «Пиплз дейли уорлд» басылымында жарияланған  «Моңғолдардың дүниетанымы» атты мақаласынан  аударылған үзінді» делінген екен.

Қайта шолып оқып шықтым, дәл қазіргі кезде таңданарлық  дәнеңесі жоқ қатардағы тәуір мақаланың бірі ғана. Алайда, осыдан отыз үш жыл бұрынғы уақыт үшін таң-тамаша қалдырып, таңдай қақтырған жазба болғаны есіме түсті.

Себебі, ол кезде «сәулелі социализм орнатып жатқан» елде ондай нақты оқиғаны жазу, адамдардың өмірін суреттеп жариялау секілді үрдіс болмайтын-ды. Дара, дана партияның атынан ғана сөйлейтін даңқты басшылардың  жарқын да жалынды баяндамалары мен ересен еңбек адамдарының екпінді пікірлері, екі жүз пайыз табыстары, коммунизмге жақындап қалғанымыз жайлы жүрек елжірететін жайсаң жоспарлар жазылушы еді. Оларды оқымай-ақ көңілімізбен иланып, гәзетті қол сүртіп, от тамызуға, темекі орауға жарататынбыз. Кейде ғана гәзет пұшпағында  «Капитализмнің сиқы» деген айдармен жазылатын шағын жазбаны оқып, буржуйлардың оңбағандығына іштей кіжініп, өзіміздің жарқын өмірімізге жадырап қалушы едік...

Ал мына капиталист журналистің мақаласы тіпті, қызық екен! Соның өзінде, Совет елінде басталған «қайта құру, жариялылық» деген қоғамдық дүмпудің арқасында ғана бізде де басталған «өзгеріс жасау» дейтіннің әсерінен шетел журналистерінің жазбасын өмірімізде алғаш көруіміз ғой, бұл. Әйтпегенде, ол «қорқынышты дүниеден» аулақ жүре берер едік.

Мақаланың басталуындағы кіші тақырыбы «Халыққа қызмет көрсету мен сауда саласындағы артта қалушылық»  депті. Онда астана Уланбатыр қаласының тұрғындары таңертең сүтті қалай алатыны суреттеледі. «Таң жаңа қылаң берген кезде қала көшелерінен қолдарына үлкен-кіші шелек ұстаған бала-шаға, кемпір-шал бастаған мыңдаған адамды көруге болады.  Олар сүт алу үшін осылайша таңғы ұйқысын бұзса да кейде түске дейін сүт тасыйтын мәшине келмей адамдарды сарылтып қоятын кезі де болады екен... Тұтынушыларын бұлайша сарсаңға салатын  қандай қызық сауда жүйесі деп, моңғолша білетін венгер инженермен бірге жиырмадай азық-түлік дүкендерін араладық. Сатушылары  түгелге дерлік әдемі де жас моңғол қыздары тауарын өткізу үшін тұтынушыларды өзіне шақырмай қарап тұра береді, қайта тұтынушылар оларға жалпақтап сауда жасауда. Себеп, сатушылар жалақыны саудасының өтуіне қарай емес, тұрақты айлық алатындықтан болса керек...»

Мақаланы оқыған сайын біз өзіміз солай болуға тиіс деп, бойымыз әбден үйреніп кеткен талай қызық көріністерді осылайша, көз алдымызға әкелгенде түсімізден оянғандай болдық.

Келесі кезектегі тақырыптарда шетел журналисі «Жұмысшы» деп аталатын қалалық мәдениет сарайынан моңғолдардың әншілігі мен  ән-күй өнерін тамашалағанын, бір танысы арқылы қонақ болып барған әлдебір отбасының тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз әңгімелеуі елдің нақты өмірін басқаша көзқараспен  қарауға да болатынын танытқандай әсерге бөледі.

Міне, осындай жұпыны да момақан тұрмыстағы қарапайым адамдардың тіршілігіне қаныққаннан кейінгі «Төтенше ерікті ерекше адамдар» деген тақырыпты оқығанда бетіңе суық су шашырғандай селк етіп «Бұлай болу дұрыс емес сияқты ғой...» деген күмәнға түсуге тура келеді.

Бұған дейін «шетел маманы» дейтін Совет Одағы мен еуропаның  социалстік елдерінен келген ерекше құрметті атауы бар адамдар жайлы «бұлар болмаса біз күн көре алмаймыз» деген ой санамызға әбден сіңген-ді. Сөйтсек, олар туралы әлгі мақалада «шетел мамандары 2800-3000 төгрөг айлық алады осы елдің құны бойынша мың доллар деген сөз, сонымен қатар пәтерақы, электр, жұмыс көлігі, дәргер және басқа бүкіл мәдени қызмет оларға тегін. Әрі оларға жан-жақты қанымдалған жеке дүкендер арқылы арзан бағанмен азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктер көрсетіледі. Олардың қойған қандай талабы болса да сол сәтте орындалады.  Шетел мамандары бұл елде аң аулау, балық аулауға ерікті, ешкімнің оларға тиым салып тәртіпке шақыруға қақысы жоқ... Солайша, олар жеке басы үшін қосымша пайда да тауып емін-еркін сайран салуын, бұл жақтың халқы өздерінің қонақжайлығы секілді санайды екен...»

Бірақ, біз бұрын-соңды мұндай мақала оқып көрмегендіктен оны қайта-қайта қызықтап оқыған сайын өзімізді өзіміз көргендей біртүрлі халге түстік. Біздің елдің ресми журналистеріне мүлде ұқсамайтын мына  шетелдік журналист бар-жоғы біздің нақты өмірімізді ғана айнытпай суреттеп отырғанына көзіміз жете түсті.

Әсіресе, мақаланың соңғы кіші тақырыбы «Бастық пен жиналыс» өте қызықты еді. Журналист мұнда, моңғолша жақсы білетін германдық маман Мюллердің таныстығы арқылы  аяқкиім өндірісінде істейтін Бадам деген жас келіншектің қала шетіндегі «Баянхошуу» деп аталатын киіз үйлі аудандағы үйіне қонаққа барғанын баяндапты. Ағаш-отын жағатын пешке ілезде моңғолдың ет пен ұннан жасайтын дәмді тағамын әзірлегенін, сүт қатқан тіл үйіретін қою шайын, тамақтан кейін ұсынған іркіттен айырған ұлттық  арағының  ерекшелігін айта келіп, аядай киіз үйдегі тұрмыс қажеттілігіндегі мүліктердің реттілігін, ұқыптылығын, тап-тұйнақтай тазалығын сүйсіне суреттепті.

Жеймс осы таныстық арқылы Бадамның жұмыс орынына әлденеше рет іздеп барғанда олардың үнемі жиналыста  отырғанына тап болады. Содан, сұрастыра келе өндіріс жұмысшылары  аптасына әлденеше сағатқа созылатын жеті-сегіз жиналысқа қатысатындығын білген. Ол жиындарда кәсіподақ, жастар одағы, әйелдер кеңесі, өндіріс бригадасы, цех басқармасы, комбинат алқасы... секілді ұйымдардың бастықтары үнемі жиналыс жасайды. Және, социализм орынату жолындағы саяси  сауатты артыру үшінгі лекцияларды партия басшылары тұрақты жүргізетінін Бадам растапты. Ол келіншек осы жиналыстың көптігінен жұмысқа әрең үлгеріп, үй-жайға қараудың оңай емес екенін де айтқан. Бірақ, журналистің жазбасында бұны ешқандай сынау-мінеу мағынасында жазбағаны байқалады. Тек, қана соңғы сөйлемде бір ауыз пікір білдіріпті:  «Моңғол елі жиналысты өте көп жасайтын,  бастықтарының да саны мол ел сияқты сезілді» дейді.

Алайда, осы мақаладан кейін әлгі «Шындық» гәзетінің бетінде бұл мақаланы сынаған қарсы мақала да шығып бәріміз жабырлай оқыдық.  Мақала сарыны «Оңбаған капиталистер біздің социалистік  жетістікті көре алмайды, партиямыздың  дара, дана саясатын сынапты!» дегенге саяды. Сөйтіп, социализм идеасымен әбден сусындаған  пақыр қауым «иә, дана партиямыздың сара жолынан таймайық» деп, шуласты.

Дейтұрғанмен, осы қарапайым мақала «социализмнің сасық ауасымен» тұмшаланған елге желдеткіш ашқандай әсер қалдырғанын кешікпей  уақыт өзі көрсете бастады.  Моңғолияда өрістеген «өзгеріс жасау» деген МАХН қызыл партияның  косметикалық бастамасы ақыры өзінің түбіне жетті. Осы азғана еркіндікті пайдаланған моңғол жастары ең әуелі ақпараттық  тәуелсіздікке қол жеткізді. «Ардчилал»  («Халықшылдық») гәзеті бүкіл елге тарады.

Ол тәуелсіз басылымның төбесінде біз ес білгелі көзіміз үйреніп кеткен «Дэлхийн пролетар нар нэгдэхтүн!» ұраны жоқ еді. «Азат өмір, еркін ой үшін!» деген сөзге үрке қарап, шынжырын қимайтын құлдай жалтақтап қалдық.

Бірақ, ондағы жазылған мақалалар сіресен санамызды сілкілеп, өзімізше ойланатын күйге келтіргенін айтпасқа болмайды.  Ондағы мақалалар ең әуелі Моңғол елінің ауыр бодандық қамытта отырғанын айтыпты.  Совет Одағы елді экономикалық әрі саяси, рухани құлдықта ұстап отыр, депті. Оны дәлелдепті: Мәселен, елдің негізгі шаруашылығы саналатын малды жылына екі рет, семірген кезде қыстың басында, қыстан шыққан соң күйлісін тірідей айдап арзан бағамен тек өзіне экспорттап алады. Халқы өз малын өзі емін-еркін сойып  жей алмайды. Ал, моңғолияның ең бағалы аң-құсын  Орыс елі жыл сайын жүз мыңдаған жоспармен аулатып алып, батыс елдеріне валютаға ауыстырады. Эрдэнэт, Дархан секілді аса қымбат кен шығаратын қалалар түгелдей орыстардың бақылауында, негізгі пайдасын солар көреді...

Алпысыншы жылдың басында МАХН партия құрылтайында Лохуз, Сурмажав, Төмөрочир сынды жаңашыл  жастардың  экономкалық еркін сауда жасап көрші Корея, Жапония сияқты елдермен байланыс жасауға  бағдарлама ұсынғаны үшін оларды «капитализмді жақтады» деп ұзақ жылға соттап, жер аударған...

Осылайша, Моңғол елінің қанын сорып сөлін ғана қалдырған Совет Одағы Моңғолияға үстемдік еткен жетпіс жылда не жөні түзу қала салуға көмектеспеді. Қала арасына қара жол да салмады, жоғарғы вольті электр жүйесін де іске асырмаған...»  (Моңғолия тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында Уланбатыр мен Өлгий арасындағы мың жеті жүз шақырымға өздері қара жол салып, бүкіл ауылдық жерді жоғарғы вольті электрмен қанымдап, соңғы үлгідегі қалаларды салып үлгерді. Ал, біздің Қазақстан бұл елмен салыстырғанда  қалалары салынған, қара жолдары төселген, электр жүйесі іске жегілген, темір жол торабы қалыптасқан, дамыған аграрлы,  өндірісті өркениетті елді Ресей бодандығынан алған едік.)

«ҮГ» («Сөз») деген гәзет қолымызға тигенде бірінші бетте адамзат көсемі аталған, біз де өз атамыздан да артық көріп кеткен Ленин туралы «Жер бетіндегі ең қанышер адам» деген мақаланы оқып, есіміз ауып қала жаздадық. Ол мақалада Ленин төңкеріс жасаймын деген сылтаумен Ресейде азамат соғысын ашып билік басына келген, содан кейін қызыл террор арқылы өз халқын алапат қырғынға ұшыратқан, ақсүйек зиялы қауымын түгелдей атқан,  адамдарды діни сенімі үшін жапбай жазалаған. Моңғол сияқты бейтарап елдің де ішкі ісіне араласып жетпіс мың оқымысты ламаларын, сол елдің құрамындағы қазақ дейтін шағын халықтың төрт мың елағсы мен имамдарын түгелдей атқан, сан ғасырлық  жеке меншік жүйені күйретіп бодан халықтарын аштық апатымен жойған...» деген мазмұнда.

Осындай ақиқат мақалалар ақыры елді дүр сілкіндіріп халықтық қозғалысқа әкелді. «Ардчилсан холбоо» (Халықшыл одақ)  жоғарғы үкіметке талап қойды. Елді елу жыл бойы партияның Ұлы Құрылтайымен алдаусыратқан «тоғыз бюро»  (МАХН қызыл партияның тоғыз басшысы) жоғарғы лауазымдыларды  үкімет басынан шартсыз кетуін және көп партиялы еркін, ашық сайлау жасауды талап етті. Солайша, халықтық  қозғалыс жеңіске жетті.

Алғашқы еркін сайлауда «Халықшыл қозғалыс» парламенттің қырық пайызын иеленді.  Үкіметті дара билеген жалғыз партияның қоғамдық  үстемдіктен кетуі – ел өмірінде аз уақытта үлкен экономикалық, саяси, мәдени өзгеріске қолжеткізуге себеп болды. «Халықтық қозғалыстың»  ең маңызды бағдарламасы саналған «Малды малшылардың өзіне беру»  саясаты іске асқандықтан қырық жыл бойы «колхоз жалшысы» болған қара табан малшы қауымы аз жылда тұрмысы түзеліп, жеке меншік шаруашылықты жедел меңгеріп кетті.

Ел азаматтары түгелдей жеке шаруашылық  иеленуге құқылы дейтін жаңа заң іске асқандықтан, бұрынғы үлкен өндірістер сондағы қызметкерлерге арнайы акциямен үлеске бөлінді. Сауда ұйымының қоймаларында сақталған қыруар тауарлар қоры арнайы комиссия арқы жергілікті халыққа теңдей бөлінді. Енді, сауда-саттық бұрынғыдай мемлекеттік емес, жекеге көшкендіктен шағын бизнес жылдам қарқынмен алға басқаны нарықтық қатынастың тиімділігіне елді иландырып, еңбектену ынтасын арттырды.

Бұрынғы жиналысшыл, ұраншыл  басшылар да кәсіпке ойысып, сөзден іске көшу адамдарды жауапкершілікке тәрбиеледі. Социалистік жоспар, жасанды жарыс, коммунизмге дәмелендірген қияли «бес жылдықтар» енді, күлкілі күй боп артта қалды...

Яғни, «Халықшыл қозғалыстың» жасаған жанды, нақты бағдарламалары іске асқанын көзімен көрген кәрі коммунистер қанша жыл босқа жиналыс ашып, арам тер болғанын іштей мойындауға мәжбүр болды.

Әрине, мұның негізгі тетігін тапқандар халықшыл қозғалыстың жас белсендідері еді. Олар тұйыққа тірелген «казармалық социализмді» құтқаратын жалғыз жол – «саяси, қоғамдық, әлеуметтік түбегейлі өзгеріс жасау» деген ұстанымды алға тартқан-ды. Яғни, «әуелі саясатты өзгерту сонсоң экономика» деген бағыттың аксиома болғанын өмір өзі дәлелдеді.

Сонда, біздің Қазақстанның «әуелі экономика, сонсоң саясат» дегені, баяғы коммунизмнің ескі тәсілі секілді ғой. Өйткені, нарықтық экономиканы коммунистік тәсілмен басқарудың мүмкін еместігін қазіргі тұйыққа тірелген қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар өз-ақ жариялап тұрған жоқ па?!

Сөзімнің соңында журналист ретінде айтпағым біздің елге ашық ақпараттық жүйенің қажеттілігі – қарыны ашқан адамның алақанын жайып тұрған аянышты халін елестетеді, деу ғана.

Абай Мауқараұлы,

жазушы-журналист

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2148
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2553
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2372
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661