Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2449 0 пікір 1 Маусым, 2012 сағат 09:57

Дулат ИСАБЕКОВ: ШКОЛЬНИКТЕН ЯХТАНЫ ҚАЙДАН АЛҒАНЫН НЕГЕ СҰРАМАЙДЫ?

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

 

Қай тақырыпта болмасын өз пікірін ірікпей айтуды жөн көретін Дулат Исабеков соңғы екі-үш күндікте республикалық арналардың бірінен жемқорлыққа қатысты бір түрлі пікір білдірді. Жетпіске келген жазушының аузынан айтылған сөздің ауаны «аз ақша алған адамдарды қолға түсіріп,  аяусыз жазалайды. Ал миллиондап жегендер сот үстінде амнистияға ілігіп кетеді. Сондықтан, қазіргі жемқорлықтың басты ұраны сотталмаймын десең, көп же», - дегенге саяды. Жемқорлықпен қалай күресу керектігін айтқан жазушыдан әңгімесінің мәнісін білмек болып, хабарласқанбыз. Өскеменде сапарда жүрген Дулат ағамыз: «Тақауда бір шенеуніктің үстінен 550 млн. теңгені жымқырды деген желеумен қылмыстық іс қозғалды емес пе? Содан кейін «31 арнаға» жемқорлыққа қатысты ойымды кеңінен тарқатып айтып беріп едім. Шамасы, кейбір сөздерімді ғана ойып алған болуы керек. Бұдан кейін телеарналарға жоламаймын деп шештім. Өйткені, сөзімді екшеп, айдалаға айтқызып, арзан ойлы қылады», - деп қынжылыс білдірді.

-  «Сотталмаймын десең, көп же», - деген пікірді неге сүйеніп айттыңыз?

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

 

Қай тақырыпта болмасын өз пікірін ірікпей айтуды жөн көретін Дулат Исабеков соңғы екі-үш күндікте республикалық арналардың бірінен жемқорлыққа қатысты бір түрлі пікір білдірді. Жетпіске келген жазушының аузынан айтылған сөздің ауаны «аз ақша алған адамдарды қолға түсіріп,  аяусыз жазалайды. Ал миллиондап жегендер сот үстінде амнистияға ілігіп кетеді. Сондықтан, қазіргі жемқорлықтың басты ұраны сотталмаймын десең, көп же», - дегенге саяды. Жемқорлықпен қалай күресу керектігін айтқан жазушыдан әңгімесінің мәнісін білмек болып, хабарласқанбыз. Өскеменде сапарда жүрген Дулат ағамыз: «Тақауда бір шенеуніктің үстінен 550 млн. теңгені жымқырды деген желеумен қылмыстық іс қозғалды емес пе? Содан кейін «31 арнаға» жемқорлыққа қатысты ойымды кеңінен тарқатып айтып беріп едім. Шамасы, кейбір сөздерімді ғана ойып алған болуы керек. Бұдан кейін телеарналарға жоламаймын деп шештім. Өйткені, сөзімді екшеп, айдалаға айтқызып, арзан ойлы қылады», - деп қынжылыс білдірді.

-  «Сотталмаймын десең, көп же», - деген пікірді неге сүйеніп айттыңыз?

-  Қазір жемқорлық деген әлемді жаулаған дертке айналды. Ол біз тамсанатын АҚШ пен Ұлыбритания,  көршілес Ресейде де бар. Бірақ олар сыр білдірмей, заң тұрғысынан ұстай алмайтындай етіп істейді. Қазақстанда жемқорлыққа қарсы құрылған комитет бар. Бірақ соған қарап тұрсаң, күресіп жүргендердің өздерінде осы дерттің бары байқалып қалады. Қазір елімізде жаман әдет пайда болды. Азғантай қаражатты пара ретінде кейбір полицейлер секілді қызметкерлер алады да, кейін қызметінен айырылып, сотталып кете барады. Кезінде Статистика агенттігін басқарған қазақтың келіншегі еді. Түріне қарап ақша жейді деп ойламайтынбыз. Соған қарамастан халық санағы кезінде қаншама ақшаны жеп, ізін суытты. Кезінде Тіл комитетін басқарып,  жұмысын істеп жүрген жап-жақсы жігіт бар еді. Көрген сайын: «Осы бала таза жігіт», - деген ойда қалатынбыз. Сөйтсек, тілдерді дамытуға бөлінген қаржыны алып, бір-ақ күнде жоқ болып кетті. Олар қалай шет елге ақша аударады, түсініксіз. Жалғыз өзінің қолынан біздің елде сондай қомақты қаражат аударыла бере ме? Оған басқалардың да қатысы болуы керек қой. Кезінде Мәдениет министрлігінде бұрын ЦК-да жұмыс істеген Кутовой деген вице-министр болды. Опера театрын жөндеуге шет елден алғаш рет инвестиция ретінде тартылған 5 млн. долларды Кутовой бәрін дерлік шет елге аударып, қашып, жоғалды. Ол кеткеннен кейін барып іздеу салып, таба алмадық. Анда-санда Ресейдің арналарынан соны көріп қаламын. Қазір сол елде жұмыс істеп жүр. Соларды біздікілер паналап жүрген жағынан мән-жайды айтып сұраған болса, бізбен қарым-қатынасы жақсы елдер қайтарып берер еді. Ал олар әлдекімдермен сыбайлас болғандықтан еркіндікте жүр. Тіпті, Храпуновты шет елге қашып кетті деп жұбатамыз өзімізді. Ол бас сауғалап қашқан жоқ. Үш күн бойы дүние-мүлкін ұшаққа тиеп, асықпай аттанды. Ал біз болсақ, бір жаққа жүз кітап жібереміз деп әлек-шәлегіміз шығады. Оған ақшасын төлейміз. Ал олар болса, емін-еркін еш кедергісіз жүгін тиеп, кете береді.

-  Дегенмен, аз немесе көп қаржы жымқырғандардың жазасы бірдей секілді...

-  Кеше ғана бір басшы 550 млн. теңгені жымқырды деп күллі БАҚ шулады. Оның қанша жыл кесілетінін алдағы уақытта көрерміз. Мысалы, мен оңтүстікте 60 мың теңге алып, үш жылға сотталып кеткен аудан әкімін білемін. Ал миллионды жұтқандар солармен бірдей жазаға тартылып жүр. Қанша дегенмен мемлекеттің қомақты қаржысын жымқырып отыр ғой. Сонысымен қоймай кешірім беріліп, босап шығып кетеді немесе ұстатпай шет ел асып кетеді. Кеңес Үкіметінің кезінде 10 мың сомнан асып кетсе, қатаң түрде жазаға тартылатын. Моральдық жағынан алып қарағанда ұрлықтың үлкен кішісі болмайды. Ал заңдық тұрғыдан келгенде ірі мөлшерде ақша жымқырып, мемлекетке зиянын тигізгендердің  мемлекетке келтірген зиянына байланысты жаза мерзімі ұзақ болуы тиіс.

-  Ұрлық-қарлықтан тазарған қоғам орнауы мүмкін бе?

-  Ондай тазалық енді ешқашан болмайтын шығар. Оған адамдардың психологиясы дайын емес. Ұрлық-қарлық болмайтын заман кезіндегі социалистік қоғам еді. Ол кезде алтын кенін қазып жатқандар, банкте істейтін адамдардың барлығының айлық жалақысы бәрімізбен қарайлас болды. Егер тура сондай жүйе қайтып келсе, жемқорлық аз да болса тыйылады. Сол уақытта шет елге ірі сомадағы ақша Қазақстанның банкісі арқылы ғана аударылатын.  Қазіргі кезде 1 млн. доллардан асатын қаржыны бүге-шігесіне дейін тексеріп, міндетті түрде Парламент арқылы өткізу керекпіз. Жеке адамдарды осылай тексерсе, ақша жеуге тоқтау қойылар еді.

-  «Кеңестік кезеңде» деп айтып жатырсыз. Соған қарағанда сол бір қоғамға деген сағынышыңыз бар-ау?

-  Бұл сағыну емес. Сол кездің қоғамындағы тәртіпті аңсау. Қазір банк қожайындарына қарасақ ешкімге бағынбайтын адамдар. Не істеймін десе де өз еркінде. Баяғыда банк басшысы үйге кіріп келгенде оны адам деп есептемейтін. Жай ғана қызметкер санатында болатын. Егер бір банктің басшысы арамызға келген болса, бәріміз қырылып қала жаздаймыз. Кезінде осыған қатысты «Абай атамыз бен Ұлттық Банктің төрағасы қатар келсе, біздер Марченконы төрге шығарып жіберер едік», - деп айтқаным бар еді. Әрине, солай болса атамызға құрмет көрсететіндер табылғанымен, бәрібір көпшілік банк төрағасына құлдық ұрар еді. Кеңес уақытында жеке басқа бір ғана үй сатып ала алатын. Ал біздің елде аудан әкімі қай ақшасына Астанадан екі қабатты үй салады немесе компанияда жұмыс істейтіндер шет елден қалай сарай сатып алады? Кеше ғана Школьник деген жеке басына яхта алды. Соны өзінің айлық жалақысына сатып алмағанын бәріміз жақсы білеміз. Осы жағдайда «мынаны қайдан алдың?» дейтін адам табылмағаны өкінішті. Ол мемлекеттік қызметте жүрген адам. Егерде акционерлік қоғамның төрағасы болса, түсірген табысына алды деп қоя салуға болар еді. Бізде мемлекеттік қызметте істейтін адамның кәсіпкерлікпен айналысуына қақысы жоқ деп жазылған. Солай бола тұра, мемлекеттік қызметтегілердің түгелге дерлігінде өз атына жазылмаған жеке кәсібі бар.

Әңгімелескен - Заңғар ТАУДАЙ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1962
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2280
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1870
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1552