Дүйсенбі, 18 Қаңтар 2021
Жаңалықтар 1891 0 пікір 29 Мамыр, 2012 сағат 06:53

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Бақай түрмеде жиырма шақты күн жатып шықты. Оның қолға алынған негізгі себебін өзінен ұқтым. Сақшының «жағдайды иянаттады» дейтін - сылтау үшін жариялаған жала «себеп» екен де, Бақайдың Меһірге ара түсуі - астыртын, шын себеп екен: Шындығында «Жақаңды» иянаттамапты, Меһірді үйінде қылқындырып жатқан «Жақаңның» қолынан ләм демей-ақ ұялтып айырыпты.

Аудандық үкімет абақтысына бір түнеп шыққанымнан соң маған Меһірдің кейінгі ахуалын Бақай да, оның өзі де толық айтпай, жасырып жүріпті. Әкесінің бай саудагерге байлап зорлап беру райын толық ұққан Меһір әпеке-жездесінің үйіне паналайтын болған екен. Бір кеште әкесі барып «ертіп әкеліп» оңаша, қонақ үйіне кіргізіпті де, есік алдына тұрып ап, әкелік үкімін ашық айтыпты:

- Біз сені аймақтың ең жоғары семьяларының біріне атастырдық... Жақсы жігіт!... барасың!

- Бармаймын!

- Не үшін?!

- Жақсы жігіт болса, екі әйел шығара ма?

- Әлі үйленбеген ана біреуіне ші?

- Ешқайысына!

- Енді кімге бармақсың?

- Өзімнің уағдаласып қойған адамым бар.

- Іһы...ы, - деп ұмтылып беріпті әкесі, - бізден туылып, жетім-кедейге бармақсың ғой? Олай аяқ асты болғанымша өлтіріп, тыныш болайын!

V

Бақай түрмеде жиырма шақты күн жатып шықты. Оның қолға алынған негізгі себебін өзінен ұқтым. Сақшының «жағдайды иянаттады» дейтін - сылтау үшін жариялаған жала «себеп» екен де, Бақайдың Меһірге ара түсуі - астыртын, шын себеп екен: Шындығында «Жақаңды» иянаттамапты, Меһірді үйінде қылқындырып жатқан «Жақаңның» қолынан ләм демей-ақ ұялтып айырыпты.

Аудандық үкімет абақтысына бір түнеп шыққанымнан соң маған Меһірдің кейінгі ахуалын Бақай да, оның өзі де толық айтпай, жасырып жүріпті. Әкесінің бай саудагерге байлап зорлап беру райын толық ұққан Меһір әпеке-жездесінің үйіне паналайтын болған екен. Бір кеште әкесі барып «ертіп әкеліп» оңаша, қонақ үйіне кіргізіпті де, есік алдына тұрып ап, әкелік үкімін ашық айтыпты:

- Біз сені аймақтың ең жоғары семьяларының біріне атастырдық... Жақсы жігіт!... барасың!

- Бармаймын!

- Не үшін?!

- Жақсы жігіт болса, екі әйел шығара ма?

- Әлі үйленбеген ана біреуіне ші?

- Ешқайысына!

- Енді кімге бармақсың?

- Өзімнің уағдаласып қойған адамым бар.

- Іһы...ы, - деп ұмтылып беріпті әкесі, - бізден туылып, жетім-кедейге бармақсың ғой? Олай аяқ асты болғанымша өлтіріп, тыныш болайын!

Меһірдің алқымынан ала түскенде шешесі бажалақтап, балаларын түгел жиыпты. Әлуетті, жуан әке жалынумен жабысуға бой бермей қылқындыра беріпті. «Ата-анаңның ақылына көнемісің, жоқ па» деп зіркілдей бүріп жатқанда, сыпайы киінген екі жігіт ертіп Бақай кіріп келіпті. (Меһірді кәрленген әкесі айдап әкеле жатқанын көрген тетелес сіңілісі Бақайға жүгіріп барып хабарлай қойған екен.)

«Ассалаумағалайкүм» дегенде бөгде дауысқа жалт қараған намысқой, абыройлы әке алқымдағы қолын жия қойып, сырт айнала бергенде, Меһір ырши жөнеліпті. «Біз Абдолды іздеп келіп едік, үйде ме» деп шешесінен сұраған Бақай, бас шайқаудан басқа жауап естімеген соң, шығып жүре берген екен.

- Сенің атың кім? -деп сұрапты Меһірдің әкесі,

- Атым - Бақай.

- Абдолда не жұмысың бар?

- Мына жігіттердің жұмысы бар екен, үйін білмеген соң мені ертіп келді... «Әбдірешит іздеп келді» деп айта салыңызшы! -деп Бақай ханымға тапсыра сала жөнеліпті.

Қызының Бақай «сотанақпен» бірге жүргенін сырттай көп естіген «Жақаш» сол «сотанақтың» өзі кіріп келіп құтқарғанын көрген соң аясын ба. Меһірді осылай домбытып жуасытып, қашан ұзатылғанша қамай тұратын берік үйінен қашырып жібермеді ме. Қызын «жөнге салуға кедергі» болған осы жайын әкімшілік басындағы Кибір ахұнға сыбырлап қойған сияқты...

Әдетте байды мысқылдап күле жүретін Бақайдың «жағдайға қарсы ұрандағанын» сақшы осылайша, Кибір ахұнның күшеуімен тауып түрмелеген екен. «Жағдайға қарсы сөйлемеймін, Меһірге жақын жүрмеймін» деген тіл хатқа қол қойғызып шығарыпты.

Бақайдан осыны естіген соң Меһірді іздеп, мекемесіне бардым, терезесінен көрінісімен шыға келді. Көзі жаудырап тұратын шыншыл ақ құба сұлу барынша жасанып, тіпті көріктеніп алыпты.

- Үй, сен Бақайды көрсетіп сорлатқанша біздің үйді неге паналамағансың? - деп сұрадым амандаса салып, - біздің үйді әкең түгіл, балалары да таба алмайтын еді ғой!

- Табылмайтын сенбісің, сені тіпті сорлатпаймын ба? - деп сықылықтады Меһір, - Бақайды жиырма күн қаматқанымда, үйіңнен табылсам, сені кемінде қырық күн қаматармын... Бақайдың өзі айтты ма?... Өзің сүрініп жүргенде тоңқалаң асырмайын деп саған мұны айтпағанмын, кешір!

- Қазір қайда тығылып жүрсің?

- Күндіз мекемеден айдап әкете алмайды, шақырғанына бармаймын. Кеште... Өмірбектің орнында, шешемнің қасында боламын.

- Ол үйден әкету тіпті оңай ғой.

Қазір онда екенімді білмейді. Білсе де шешем қиын, кірісіммен қақпаны мықтап құлыптайды. Біреу есік қақса, «жалғызбын, тонағалы жүрмісің» деп айқай салып қуады, жандас қоралада мықты туыстары бар ғой... Бірақ, маған төнген пәле көбейіп барады, -деп Меһір мұңая күрсінді, - тіпті әр күні хат жазып өндіршектеп жүрген екі-үшеуі бар. Әкем өзі жақтыратын жерлеріне «арзан қыз» деп астыртын құлақтандырып қойған сияқты. Олары менің сыртымнан өзара таласады, - деп тағы да сықылықтай күліп алды да, жыламсырай түсіндірді. - «Кедей, жетім қазаққа кеткенше қайтсе де бай балаларының біреуі алсын» дейді екен... Мә, мына екі хатты сен оқып көрші! Хаттарды көре сала-ақ аты таныс капитан мен лейтенанттың хаттары екенін байқап жан қалтама тықтым, айырым түсінік жазып, оларды Білеубайдың шектеуін талап еткім келді.

- Әкемнің ең қызығып жүргені Шәуешекте екенін білесің, -деп Меһір сөзін жалғастырды, - оның өзі келіп зорлап әкете алмайды. Бірақ осы жердегі бір-екі бай саудагер де әкем үшін намыстанып, маған өшігіп жүр; қастандық істер ме екен деп ойлаймын... қызғаншақтықпен кезігушілер көбейіп барады.

- Өзіңді өзің көріктендіргің келгендей, жарқырай түскенің не? Мұндайда аса сұлу болып алудың өзі қырсық емес пе?

- Бәсе, әнеу күнгі көрсеткен сұлуыма қарамай қойып едің, сұлудың бәрін қырсық деп танитын болыпсың да? - деп күліп жіберді Меһір, - айтуға үлгіре алмай қалыппын, шүйінші! - деді сонан соң, - Өмірбек қайтып келе жатыр, телеграммасы кеше кешке жақын жетті. Міне шешем екеуміздің арызымыз іске аспай қойған соң көп адамға қол қойғызып жолдап едік, армиядан босатып қайтарыпты.

- «Бәсе» дегенді осындай шындыққа ғана айту дұрыс... Мөлдірей қалуың содан екен ғой? -деп Меһірге жымия қарасам, ол қолымдағы телеграммаға мұңая қарап тұр екен. Көз жасын ыршытып қалып сөйледі:

- Мені мырзалардың базарына салып жатқан мына таласта кеселім Өмірбекке тимес пе екен?

- Солай болуы болады. Бірақ кесел мен кесірден қорқатын жетім қазіргі ауқымда сені ала алмақ емес. Көріп алармыз, қорықпай-ақ қой... Сөйтсе де тойыңа рұқсат алғанша онымен бір үйде тұрма, біздің үйде бол.

- Жоқ, сені тіпті де шарпытпаймын! Туылып өскен жерім ғой, пана болатын сабақтас қыздар да көп.

- Олай болса өзің біл, әйтеуір сенің мықты тұруың шарт. Таластың зоры енді басталады. Өзіңе қауіп төне қалса, маған хабарла, бұдан былай Бақайды іздеме.

Бір жақсы мұғалімнің армиядан босап қайтып келе жатқанын алдымен оқу-ағарту бөліміне барып айттым. Біздің мектепте оқытушы әлі кем еді. Әсіресе жарамды оқытушыдан тарығып жүрген Тынысқан өзіне таныс Өмірбектің қайтуына қуана құлшынды.

Меһірді қинап жүрген «жағдай» жайын төңкерісшіл жастар ұйымына мәлімдеуге бардым сонан соң. Меһірдің өзі де екі рет арыз жазғанын, бірақ, оның ісіне Тұрған Әлиев те беттей алмай қалып отырғанын айтты Ербол; әкесі: «біздің семьялық ісімізге араласпауларыңды талап етемін» деп қайтарыпты.

- Сөйтсе де, Меһір жастар ұйым мүшесі ғой, -деді Ербол, - аймақтық төңкерісшіл жастар ұйымына мәлімдедік. Соның нұсқауын көрмекпіз... Ал өзіңнің үстіңнен махкама шарғия төніп тұр, естідің бе?

- Не істеппін?

- Дінге шабуыл жасап, «дін сабағын буып тастаймын», «көміп тастаймын» депсің, сені тию жөнінде қатал талап қойыпты.

- Астағыпыралла! - дегенімде Ербол қарқылдап күлді, - «Құдайдың өзі де, көріп тұрған», бүкілдей керісінше! -деп күрсіне жымидым.

- Олай болса, Әлиевке айтып қой, шарғия қатынасы соның қолында.

Төргі бөлмеге кірдік. Шыншылдығы да, ширақ принципшілдігі де тігіл қарайтын томпақтау көзі мен қоңырқай жүзінен байқалып тұратын, отыз жастар шамасындағы ұзын бойлы Әлиев амандаса сала орын нұсқады:

- Кел, кел, отыр... үлкен пәле туғызыпсың сен!

- Жоқ, Түке, үлкеніне шұбырта кішісін де туып жүрген Молдекемдердің өзі. Пәлеге кім-кімнің жүкті екені қарындарынан да көрініп тұрмай ма? - деп жымия отырып баяндадым. Екі класты қосып алып сөйлеген Набиолланың сөзін де, өз сөзімді де, мектеп оқытушыларының жиынында болған сөздерді де түгел сөйлеп беріп едім, Әлиев күле отырып тыңдады да:

- Жақсы істепсің! -деп үстелді алақанымен сарт еткізді, - Ербол, Биғабілдің бұл жауабын толық көшір де, маған бер. Қатал талапты шарғияға енді біз қоюға тиіспіз... Мектеп махкама шарғия ашып отырған медіресе емес, біз ашқан жаңа заман мектебі. Ғылымға қарсы көкулерін осы мәселені факт етіп-ақ тиюға болады екен! Рахымет Биғабіл! - деп қайта күлімсіреді сонан соң, сопақша қоңыр жүзі қуанышқа тола қалғандай көрінді, - шарғияға жауап бере беруден қысылып жүр едік. Енді заң бойынша өздерін тергейтін күш тауып бердің.

Мектептегі оқу бөлім меңгерушісінің ісі мен өзіміздің тартып жүрген қиыншылығымызды қайталап мәлімдедім сонан соң, «Сәрсен де жағдай үшін ғана сақталып тұрған адам» екенін түсіндірген Әлиев «қорықпай, батыл істей бер» дегенді де тапсырып қайтарды.

Өмірбек қайтып келісімен Меһірдің әке-шешесі құрмет абыройы бар тың туыстарын қызына елшілікке салды: «Ешкімге де барасың деп зорламайық, өз еркімен-ақ көрсін. Кеште қаңғып жүріп әлде кіммен кетсе, соның құсасымен өлерміз, онан да өз қолымыздан, өз рұқсатымызбен ұзатуға уағда берейік! Жалғыз-ақ шарт, қашан ұзатылып кеткенше өз семьясында болсын. Қызметтен қайтысымен ешқайда бармай, өз үйіне келіп тұрсын» депті, Меһір оларға, «ойланып көріп, жауабын ертең берейін» деп қайтарған екен.

Мен сол күннің кешінде мектептен кешірек қайттым. (Оқушыларымның сабақтан соңғы екі сағаттық пысықтау уақытында өзім бірге болмасам, Сәрсен оларды кластан қуып шығатындықтан, кеш қайтатын болғанмын.) Өмірбек келіп, үйден тосып отырыпты. Меһір екеуі менімен ақылдаспақ екен.

Ымырт жабыла Меһір үш бойжеткеннің далдасымен келіп кірді. Бәрі бір түсті, бір модылы киіммен, ыңғай «шолақ періше» жасаныпты. Бірі Меһірдің маған көрсетіп жүрген «күнікей сұлуы» екенін шам жарық болса да үңіліп әрең таныдым. Бұлай үңілуіме үш бойжеткен төмен қарасып жымиды да, Өмірбек пен Меһір бір-біріне қарасып алып, ашық күлді. Шешем мен туыстарым ауыз үйде болғандығынан ұялып, әзілдей алмап едім.

- Мына шалдың көзі жетпей жатыр, - деп Өмірбек қарқылдады.

- Көзіне көзілдірік керек екен, - деп Меһір күбірлей сықылықтады, - бәсе, неғып танымай жүр десем...

Көзімді елеусіз қысып қалдым оған:

- Шпион бар ма екен деп байқастырғаным ғой, бәрі өз қарындастарым екен. Ал, жайланып, еркін отырыңыздар.

- Біз клуб жаққа бара тұрайық, - деп бірі бастап түрегелді, - Меһірдің ізіне түсіп жүргендер бар. Көріне жүрмесек осында іздеп кірулері мүмкін. Бір айналып келіп ертіп әкетеміз.

Саны кем болып қалмауы үшін Биғайшаны қосып шығардым. Үшеу ара «топтық» кеңесіміз олар шығып кеткен соң басталды. Сөйлесе келе Меһірдің өз үйіне әдеппен тұра тұруын жөн көрдік.

Меһірдің әкесі өз табына тән көзқараспен намыстанып, қызының «жетім кедейге» баруына қатал қарсы болып жүргенімен, халыққа қатал мінез көрсетпеген, ынсайы бар, өзіне келер-кетерін біраз ойлай алатын, абыройы шайқалмаған жер иесі болатын. Көп адамға жария болып қалғанда, аса ұятты жауыздық істей қоймас деп мөлшерледік.

- Ендігі істейін деп отырған ісі - қызына ықпал жасай алатындарын іске қосу, Өмірбекке астыртын тиым салу, қызын одан түңілдіріп, бұзатын шара қолдану, - дедім мен, - осы амалдарға төтеп бере алсақ болғаны.

Сөзіміз аяқтай бергенде қыздар қайтып келді. Өмірбек пен Меһір енді тезірек шығып кетіп, үйлеріне жетіп алу жобаларын айтты: үш қыз бен Меһір алдымен шығып жүре бермек те, Өмірбек екеуміз арттарынан қара көре ермек екенбіз. Бұл жоспарларын мен бұздым; аңдушы қаскүнемдер болса, соңында жүрген Өмірбекті бассалмай ма, оған келетін қатер осындайда ғой, солай әрекеттенушілердің бар-жоғын алдын ала байқағым келді:

Қыздардың бірінің қол шырағын сұрап алдым да, Өмірбектің қара побрык палтосы мен малақайын кидім. Өмірбекті кейінірек жеткізетінімді айтып, қыздардың соңынан өзім ғана ердім.

Жуан Өмірбектің палтосы маған кеңірек келсе де сырт қараушыға байқалмайтындай екен. Аспан сәл бұлыңғыр, көше қары еріп кеткен, март соңының жылылық түні. Көшеде клуб алдындағы «жалғыз көзден» басқа шам жоқ еді, пышағын салып жіберіп зытушы болса, ешкім де тани алмайтындай.

Клуб алдынан ұзаңқырап, төрт көшеге жақындағанымда арт жағымнан біреу ысқырып қалды. Түзу көшенің қыздар өтіп бара жатқан тұстағы екі шетінен төрт адам шығып келді де, шеп жая жылжыды маған қарай. Қандай адамдар екенін анық айыру үшін белгі бермейе елемегенсіп өте беріп едім, алдымды кескестей келіп үңілісе қалды. Қыздардың төрт көше мүйісінде далдалана қарап тұрғанын байқадым. Арт жағымнан әлгі ысқырғаны ентіге жүгіріп жетті. Өмірбек деп танып тосқаны анықталған соң қол шырақ жаға қойып, әрқайсысына мен де үңіле қарадым.

- Көше тәртібін тексерушіге ұқсамайсыздар ғой? -дегенімде ешқайсысы үн қатпай жүре берді. Түс таныс ұйғыр жігіттер екенін танып қалдым да, қайырыла сұрадым, - ей, сіздер кімді іздеп жүрсіздер?

Артында кетіп бара жатқаны тұра қалды.

- Жүре беріңіз, жүре беріңіз, - деп күлді ол, ішіп шыққан соң танымай қалған ғой.

- Сіздер бұл көшеде арақ ішпейтінсіздер, бәріңізді танимын.... Бұлай жүрулеріңізде бір мақсат бар сияқты. Өздеріңізге шатақ тауып алмаңыздар.

Олар жауапсыз жөнеле берді де, мен төрт көшеге бардым. Қыздар тосып тұр екен. Әлгі сөздерді естіп тұрыпты.

- Көрдіңіздер ме, қатердің кімге төнетінін? - дегенімде түсінгендіктерін білдіре құптады, - бұлар Өмірбектің қай жаққа кеткенін біліп аңдыған. Енді ол кештерде жалғыз ешқайда шықпасын, әсіресе «сбиданияны»* қазірше қоя тұру керек!

Меһір менің қолтығымнан ұстап, оңашарақ шығарды:

- Ертең мен үйге барып қамаламын ғой, бүгін әңгімелесіп алайық! Қазір осы киіммен барып өзің ғана Өмірбекті ертіп кел де кіші бөлмесіне кір, Әлия екеуміз сонда отырамыз, сөзсіз келуің керек!

- Түсінемін, - деп жымидым мен, - сауықпай тұрған басыма тағы бір сақина тауып бермексің... Мынауың... түріне қарағанда, әірине, жаман қыз емес қой, бірақ, екінші өртке түспей тұра тұруым керек. Қазір нервім нашар, енді бұдан да сәтсіздікке ұшырасам, шорт сынып күйреймін ғой, соны түсін, кешір мені!... Бақайды тауып, Өмірбекке қосып дереу жіберемін. Жаңағылар қара палтолыны тағы да мен екен деп біледі де, кезіксе де бүгінше үңілмейді.

Меһірдің екінші сөзін тыңдамай, асыға жөнеліп едім. Қыздар да қолтықтасып жүре берді. Жұмыстан шаршап ерте жатқан Бақайды үйшігінен таптым да, Өмірбекке апарып қосып бердім. Меһірге айтылған сөз өзіне мықты ескертілді....

Үш күннен соң Өмірбек біздің мектепке жолданып келіп, оқытушылыққа орналасты, менің міндетім сонда да жеңілдер емес: үш кластан маған міндеттелегн алты түрлі сабақтың төртеуі менен бұрын шала жансар оқытылған, ұмытылған, шикі сабақтар еді. Қыс бойы жаңа сабақ өтерде алдымен соған байланысты бұрынғы сабағын сөйлеп, толық ескертіп алып өту арқылы біршама жақсы сіңіріп келдім. Әр сабақтан толық игерілмей келе жатқан тақырыптар сонда да баршылық. Жылдық сынау уақыты жақындаған сайын күшей түстім, уақытым жетпейтін болған соң, кештерде үш клас оқушысын бір-ақ бөлмеге жиып, үшеуіне де ортақ шикі бір тақырыпта қоспа сабақ өтуге тура келді. Сөйтіп, математика, жаратылыс, жағырапия, ботаника сабақтарының кенже миларды айналдырып тұрған тақырыптарынан айрықша лексиялар жасадым.

Мұныма ғылыми меңгерушінің наразылығы күшейе түсті; клас тазалап, от жағып, мектеп күзететін сторжының уақыты өз үйінің жұмысын істеуге қайшыкез болып қалды. Сәрсен мені атуға мылтық, сүзіп тастауға мүйіз ыңғайлағандай, тұна қарап қойып, жан-жағына алақтай беретін болды. Өзіне жылы күлкілі көз мектеп меңгерушісінен ғана табылғандай, соған ғана жылпылдап, қонаққа шақырғыштай түсті. Бұл шақта молда өзімен-өзі, үнсіз, дербес қалған. Арысбекті енді «еме» алмаса да, құйрық тіреп, сүйеніп жүрген Мәкен мен кіші молда сол қонақпен бірге қонақтап жүрді. Бұл екеуі қазір бізге де Жалпек. Менің жүзіме төмендей қарайтын күйге түсіп еді.

Басқа тәуір мұғалімдер бұл еңбегіме дән риза. Бұл артық михынаттануым арқылы олардың, әсіресе Қайсеннің ауыры жеңілдей түсті. Олар алғыс айтып жүрді.

Мәдениеттілік пен ғылымгерлік тонына оранып алған адамның надандығын өздігінен әшкерелеуі қиынға түседі ғой. Біздің Сәрсен өзінің байлық құдіретіне сенетін батырлығымен оқушылар алдында онысын тез әшкерелеп алды; мен жоқта көсеу ала әлде қамшы үйіре қуалайтын ғылыми меңгерушіден класында тып-тыныш сабақ пысықтап отырған ірі оқушылар түгел қарқылдай күліп қашатын да, сол күлкілерін мұрындарынан шығара келіп, маған мәлімдеп қайтатын. Сторжының мектептегі жұмысын тез бітіртуге асығып, өз басымен қузауға тиісті міндетіне құйрығымен қарайтын ғылыми меңгеруші екенін түсінген сайын қомсыныпты. Ол келіп қуалағанда оқушылары қасарысып отырып алып, қарсы жауап қайтаруды шығарыпты:

- Біз мұғалімдеріміздің тапсыруымен сабақ пысықтап отырмыз.

- Класта бірге пысықтамасақ, түсіне алмайтындарымыз көп. Бас мұғаліміміз қатты тапсырған, тарай алмаймыз.

- Биғабіл ағай мұғалімдер бөлмесінде отыр, соған айтыңызшы, - деседі екен.

- Менің атыма «ағай қосылып, соған «жүгіну» талабы тағы қосыла естілгенде, әрине, есіре зекіріпті Сәрсен, әр партаны көсеулеп жүріп қуып шығыпты, клас бастығы маған алқына жетіп хабарлады. Бұл шақта жиын ашқалы Арысбектің келуін күтіп отырғанбыз. Оқытушылар түгел еді. Талқыға осы мәселені де салмақ едік.

Есік алдына шыға келсем, оқушыларым кітап-дәптерлерін көтере шығып, сыртта тұр екен. Сәрсен клас есігінде қақшия қарап тұр. Қолын артына қайыра ұстап тұрған таяғын ойнатады. Тұла бойым лапылдап, бір түрлі күш керней жөнелді. Ашу мен ызаның қайраты «көрдің бе, көрдің бе» дескендей, арылы-берілі шапқылап, таси жөнелгендей. Нервім көтеріле қалғанын байқадым да, алқынымды баса, оқушыларға қарап бәсеңдей үн қаттым:

- Қазірше дене тәрбие алаңының дәл ортасына малдастарыңды құра отырып оқи тұрыңдар, мектеп меңгерушісі келіп көрсін! - дегенімде қарқылдай күлген оқушылар айтқанымды мүлт жібермей, құрғақ жерге келе қораланып отыра қалыпты.

- Немене, қайтатын уақыттарың болмады ма? Босатыңдар мектепті! - деп ақыра ұмтылған Сәрсен көсеумен бір-екеуін жондатып та үлгірді. Оқушылар қайта үдере түрегелгенде Сәрсеннің алдына ыршып барып тұра қалдым. Көзін маған шекшите қараған Сәрсеннің шикіл сары жүзі түгел оңып, көгілдір сұрыға айнала қалды. Пістелеу дөңес мұрыны едірейіп, толық беті мен қалың ерні жыбыр-жыбыр ете түсті. Өзім де пәлендей тәуір көрініп тұрмаған сияқтымын.

- Неменеге қаныңды ішіңе тарта қалдың? -деп маған, - қайтыңдар! - деп оқушыларға ақырды.

- Сен неменесің?! - дедім мен, - оқушыларыңның сабақ пысықтауына қарсымысың? Оқушылардың өз алаңын да өздерінен қорымақпысың? Осы алаңды да жуғызып, сүрткізбекпісің? Кіріңдер, кластарыңа! - деп оқушыларға енді мен ақырдым.

Оқушылар класқа қарай жүргенде, Сәрсен есікке жүгіріп барып, тоса қалды да, көсеуін иттен қорынғандай шайқай берді. Артынан тағы ыршып барып қолын ұстадым да, көсеуін жұлып алдым. Енді маған ұмтылған Сәрсенді мұғалімдер ұстап, бөлмеге жетектеп әкетті. Мен оқушыларды класқа кіргізіп, тыныштандырып шықсам, құла жорға үйреністі діңгегіне келіп байланған екен. Болған оқиғаны мұғалімдер Арысбекке баяндап отырған үстене кірдім.

Оқиға сөйленіп болысымен Арысбектің иек қағуы бойынша сөз алған Сәрсен сақылдап жіберді:

- Сөйлеп болдыңдар ма?! - деп ол екі молда мен Мәкеннен басқасына бағжия қарап шығып, - оқушыларының алдында ғылыми меңгерушіні сабап берудің не екенін сөйлемейсіңдер ғой?

- Қашан сабады? - деді Өмірбек. Қара торы, толық жүзі қызғылт тарта қалып, келтелеу мұрнының делдие қалуынан оның жуырда келе қоймайтын ызасы керней қалғаны байқалды, - оқушыларды қирата сабап жүрген көсеуіңді алғаны сабау ма, әлде сабауға қарсылық па?... Оқушыларын алаңда да оқытпай сабайтын ғылыми меңгеруші бола ма екен?

- Һы, сендер тоса тұрыңдар, кім үшін сойыл соғып отырғандарың түсінікті. Сөйлеп болайын; Биғабілдің оқушыларды құтыртып, маған қарсы салғанына жарты жыл болған. Олар сабауға батына алмаған сайын қайрайтынын да кейбірінен естіп жүргенмін. Сол қайрауларымен жетілдіріп болғаны бүгін толық көрінді: «Арызың болса, бас мұғалімімізге айт, сені танымаймыз» дегенге келді бүгін. Солай жетілген оқушыларының алдында ұстазы бүгін әзәзілдіктің жаңа сабағын өтті. Қолымды қайырып тұрып таяғымды жұлып алды. Мұнысы не?! «Осылай бұрап, осылай ұрыңдар» дегенді істеп көрсетуі емес пе?... Осы сойқанның әнеу күні ғана мына молданы «көміп, буып, тарпып тастаймын» дегенін естіп едіңдер ғой? Бүгін бәрің тағы да жақтай қалыпсыңдар. Кеше молданы көміп, бүгін мені жерлесе, ертең Арысбекті қайтетіні белгілі емес пе? Осындағы тәжірибелі көне ұстаздардың барлығын жоғалтып, мұратына жетпек!... Қорытып айтқанда, мұны молданың әзәзіл деп атауы дұп-дұрыс. Сондағы жиынға осыны біліп қатынаспай қойғанмын, бұл әзәзілге ергендерің оңбайсыңдар, айтарым сол. Аластамай тыныштық көре алмаймыз!

Сәрсеннің сөзі аяқтай бергенде оны кекеткен дауыстар үдей түсіп, ду күлкі көтерілді соңында, Арысбек үстелді ұрып қалып, шақ ете түсті:

- Неге күлесіңдер? Қалжың ба бұл?... Шорти, оқушыларды көне ұстаздарына қарсы салу деген не бұл... рас болса болмапты, болмапты! Сен сөйле енді Биғабіл!

- Сәрсеннің сөзі рас деп сенсеңіз, расында да болмапты, - деп бастадым мен, - қанша дегенмен аты Сәрсен Саясат емес пе еді. Гоминдаңнан игерген амалы жетерлік көрінеді.  Бір меңгерушіні иландыра алмаған саясатшы саясатшы болар ма?... бірақ, тәжірибелі басы бар кісіге бұл мәселенің дұрыс-бұрыстығын айыру қиын емес еді. Көптен айтылып келе жатқан мәселе ғой! Сізге мен өзім оншақты рет мәлімдегенмін. Менің сөзіме құла жорғаның құлағы да елеңдейтін болғанын қоса айтпап па едім. Оқушыларың мен оқытушыларыңды құтыртқан болсам, үкімет тексеріп көрер. Енді сол құла жорға үрке жөнелетін жауапты бір-ақ қайтарудың шарты толды. Бірің - бір, екің - екі, не мақсатпен жала жаба бересіңдер маған?! Кенже қалған оқушыларды өз кластарына лайық дәрежеге жеткізу жолындағы алал талапқа не үшін қарсы бола бересіңдер?... Гоминдаңның кесірі аз болғандай, енді өздерің кесе көлденең жатып алғандарың қалай?! ... Мен де Сәрсеннің өзінше «қорытып, айтайын», бұл әзәзіл ғылыми меңгеруші болып тұрған мектеп оңбайды! Бұл тұрғанда мұғалім болып мен де оңбайды екенмін!... Ал, «аласталдым», енді келмеймін бұл тұрғанда!

Осыны айта шықтым да класқа кірдім, оқушыларға ертең сабақ өтеуге келе алмайтынымды ғана ескертіп, тапсырма беріп қайттым.

Ертеңіне мектепке Қайсен де бармай қалған екен, кеше кеште мен кеткен соңғы айтысты маған келіп хабарлады: мен шығып кетісіммен тістенген екі молда да, тісін жасырып, тілін шығарып отырған Мәкен көк көз де ақсия түрегеліпті; менен көрген «зорекерліктерді» жаудыра жөнеліпті сөйтіп, сол жиынға менің үстімнен қаулы қабылдатпақ екен. Жалаға қарсы жауап айтқандарды тықсырған соң менің жақтаушыларым да түрегелмесін бе, жалғастыра қойған екі үстелдің екі жағы - екі жақ бола даурығысып, тіктесе кетіпті.

Мәкен қай жақта болса мұрты солай басатын Арысбек менің салмағымды да едәуір түйсінетін болған. Сондықтан, екі құйрығы орындыққа кезек түсіп, ыстық пеште отырғандай дамылсыз қопақтай берген екен. Бір жағында ғылыми меңгеруші шіреніп отырған зіл Сәрсеннің сыбыры бөксесінен баса қойған сияқты, Арысбектің құйрығы тыныштық тауып, арқалыққа шалқалай қойыпты.

Оқытушы болған он жылдық тарихында қарсы жағында тұрып Сәрсенді жеңіп көрмеген ер қашты Дәулет айқайдан ауаша деп білген есік жақ терезенің алдына көлденеңінен сұлапты да, жаңа келген Өмірбек келе сала кеңірдектесудің жөнін таба алмай отырып қалыпты.

Түрегеп тұрып тілдескендердің негізгі тартысы - осы мектепке менің керектігім мен керексіздігім ғана екен. Менің керектігім жеңсе, Сәрсен керексіз болып қалады. Олай болғанда Набиолла да, Мәкен де керектен мүлде шығамыз деп ойлайды; Арысбек керекке жарағанымен ат үстінде жүре алмақ емес; сөйте-сөйте Сәрсеннің логикасынша ол да «керектен қалдырылмақ»....

Мен керексізге ұйғарылсам былтырғысынша мектепті албасты қайта басады; оқушылар сынаудан тағы да дұрыс өте алмайды; Қайсендер мыжылады. Сондықтан, бұл тартыс екі жақтың да өмірге таласы сияқты өршіпті.

Екі молда, бір Мәкені жеңіле бастағанда Сәрсен ыршып тұрып айқайлапты да, соның айқайымен үшеуі қайта өршеленіпті. Мектеп меңгерушісінің «қара мысығы» тышқанды енді көргендей ыршып кеп түсіпті осы кезде, солардың сөзін қаулыға ала қойыпты.

Мұрнын сұқ саусағымен қанша жапырса да сөз сіңіре алмай тұрған Қайсен пысқырып қалыпты енді:

- Мен бір пікірімді айтып қана кетейін, - депті ақ құба жүзі қып-қызыл болып, түншығып бара жатқанын сездіріп, - егер Биғабілдің ісі теріс болса менің де ісім теріс. Осы кластар Биғабілдің талабынсыз оңалмайтынына көзім толық жетіп ілескенмін. Егер ол керексіз болса, мен де керексіз! Мен де кеттім ендеше!

Осы сөзбен шығып жүре берген Қайсеннің артынан Арысбек: «шортый мас ешкі» деп қалыпты. Жайшылықта моп-момын Қайсеннің мына қылығын, тастан-тасқа секіре жөнелген мас ешкіге теңеген «тапқыр» бастығының сөзіне төртеуі қарқылдай күліп ала жөнеліпті.

Қарсы жақтың жеңіске жеткендей мәз-майрам қарқылына олардың қарсы жағы түгел түтіккенін дауыстарынан ести қайтыпты Қайсен, артынан іле-шала Мәулен мен Өмірбек те шыға жөнеліпті.

- Зорлап таңған осы қаулысын мектеп қаулысы етіп, оқу-ағарту бөліміне апармақ. Сені қаралап шығармақ, - деді Қайсен сөзінің соңында, - олай болғанда осы мектептен мен де шығамын!

Бұл пікіріне мен қарсы болдым:

- «Битке өкпелеп, тонымызды отқа тастамайық», сен барып сабақ өтей бер, менің орныма Өмірбек істейді. Сендердің жолдарыңды менің осы кетуім-ақ ашып бере алатынына сеніп бар, бұл мектептен Сәрсен қуылмаса, менің ауысып істейтін қызметім дайын тұр: Шәуешекке кетемін, Дубек Шалғынбаевтың мені «халық дауысы» газетіне сұрап жатқанын естігенмін. Аудандық оқу-ағарту бөлімі бермей тұрған екен. Дәл осы кезеңде біздің талабымыз үстем шығатынына дау жоқ!

- Жоқ, бұлар аудандық үкіметке қаралатып шығарса, сені ешқандай жерге қабылдатпай тастай алады.

- Сүрт мұрныңды, - деп мырс ете түстім мен, - аудандық үкімет қаралайтындай мен қайсысының аузына жіберіп қойыппын?

- Сен сүрт мұрныңды. Жағдайға қарсы солшыл бұзақы десе бұралмағаныңды көрермін!

- Ұзынсың ғой, мен бұралғанда сен үзіліп кетерсің, бар қызметіңе, оқушылардың уақыты бүкілдей зая кетпесін!

- Келмеймін деп шққамын, сен барғанша менің де жатқаным-жатқан... бірақ, оқу-ағарту бөліміне мәлімдеп келіп жатуымыз керек!

- Мен айтып болғанмын. Сен барып өз жайыңды мәлімде, «мас ешкіні» Биғабіл құтыртты демейтін болсын.

Қайсен соған кетті де, мен газетке фелиетон жазуға кірістім, түс уақытында бесінші кластан екі оқушы келіп мені Арысбектің шақырғанын айтты.

- Бүгінгі есеп сабағыңызға Мәкен кіргендіктен сабақтастардың бәрі теріс қарап отырып алды, - деп күлісті.

Арысбектің үкіметтерді шарлап келіп, лажысыз шақыртқанын, менің орныма Өмірбекті емес, тағы да сауатсыз Мәкенін «өсірмек» екенін түсіне қойдым. Бірақ оқушылардың мына қыңыраюы маған қырсық сияқты сезілді. Сәрсеннің «оқушыларды құтыртты» дейтін аш жаласына азық болып шықпай ма? Оқушыларға қандай оқытушы кірсе де бағынып, дұрыс оқулары мектептің бұзуға болмайтын негізгі тәртібі  екенін айтып бағынуды қатты тапсырып шығардым.

- Мәкен былтыр төртінші кластағы есебімізді дұрыс оқыта алмағанда биыл қалай оқытпақ? -деп күңкілдей қайтты олар.

Аудандық оқу-ағарту бөлімі мені сол күннің кешінде шақырды. Арысбек бастаған мектеп қызметкерлері аудан әкімінің кеңсесіне жиналыпты. Өткен күз соңында тағайындалып келген Досан әкім жамылып отырған қара палтосының ішіне тығыла түсіп, маған тымырая қарады. Қоңыр жүзінде қандай рай бары баса киген қоңыр шіләпадан байқалар емес. Райы тұрмақ жүзінің өзін де көру қиын сияқты;  шіләпа басқыншылығынан қалған қушықтау бетін дөңес мұрны мен тоқпақтай қара мұртты қаптап алыпты. Менің сәлемімді алған-алмағанын білуіме сол жуан мұрт тіпті кесір болып ернін мүлде көрсетпей қойды. Бір орындықты тартып апарып, қызметтестерімнің сыртына, аулақтана отырдым.

Әкімнің қатарында отырған Тынысқан жымыңдай қарады маған. Сұлу ақ сары жүзі әлі де нұр атып тұрғандай, мен оған әлі де иба сақтап, иіле қарайтынмын.

- Мұнда, мына қатарға келіп отырсаңшы!

- Мен аласталғанмын ғой, осылай отырайын ағай, - деп қалғанымда, «лауазымды» әкім мен жауласқан Сәрсен - Нәбиолладан басқасы түгел күлді. Ең жақсы естіліп таңдандырғаны - Арысбек пен Мәкеннің күлкісі, «е, Құдай қолдай көр» деп, мен де күлдім ішімнен. Құдай емес, Тынысқанның қолдауы екенін сезгендеймін.

Тынысқан жиын жайын түсіндірді де, әкімге сөз берді.

- Әрқандай іс ынтымақпен ғана жеңіске жетеді, - деп бастады әкім сөзін, - үлкендерің - үлкенше кешірімшіл болып, кішілерің - кішіше құрмет сақтап, жол берісіп істесеңдер, ынтымақ деген сол, мектептеріңде өзара түсінбестік оқиға болған екен. Кімдікі оң, кімдікі теріс, бәрің де пікір қатынастырыңдар, қандай пікірлерің болса да ынтымақтасу жолымен бәсең сөйлеңдер! -деп өзі де мұртының астынан ғана жыбырлатып, бәсең сөйледі, - ең қатты наразылық сенен шыққан екен, Биғабіл, алдымен сен сөйле!

Мен де өзінше «бәсең» үнмен сөйлеп, алдымен былтырғы, мен жоқ уақыттағы рахат «ынтымақтарынан» бастап баяндадым, үлкені «кешірімшіл», кішілері «ибалы» қалпында, «тып-тыныш», жол берісіп жүргенде оқушыларына қайсысы не оқытқанын өздері де білмей қалғанын айтқанымда, бірсыпырасы жымыңдап, бастарын төмен сала берді. Негізгі пән сабақтарының былтыр тым шала оқытылуынан сал ауруына ұшырап, жүре алмай қалған жәйітін, соны емдеу жолындағы талабыма биылғы болған бөгет-кедергілерді, «аласталғаныма» дейін толық сөйлеп тындым.

Әкімнен жасқанды ма, сөзімнің шындығы басқаны ма, ешкім қарсы сөз қоспады да, алмады. Бәрі де тәртіппен өзді-өз пікірлерін айтып, сөз берілмеген Сәрсен мен Нәбиолладан басқасы түгел мені ақтады. Бұл ақтауларды Арысбек қипыжықтай құптағанда, Сәрсен адырая қарап қойғанын байқадым. Бірнешеуі бұл мектепті қалпына келтіру үшін менің рөлім «ерекше» екенін айтқанда ғана Арысбек пен Мәкеннің құйрықтары қозғала бергені болмаса, пікірлер сарқылып, бір арнаға түсіп еді. «Екі жауға» сөз берместен маймөңкелеген әкімнің сөзі біздің күткенімізден басқаша шықты:

Мәселені Сәрсен екеумізге тең бөліп бере келіп, жуып-шәйді да, жөнсіз-жолсыз «ынтымақ» орнатуға кірісті: «мектептен ол кетпесе мен кетем дейтін сөз мұнан соң қайсыныңнан шықса, мәселе соған ауады, -деп тындырды, біз үнсіз тынып қалып едік, - «басқа пікірлерің бар ма?» деп әкім қысықтау көзін қыдырта қарап жіберіп, маған тоқтатты.

- Басқасын қойып, осы басты мәселеміздің өзі шешілмесе, не пікіріміз болмақ? - деп жымидым мен.

- Иә, солай болды! - десіп қалды Мәулен, Қиялзат, Өмірбек үшеуі.

- Қалай шешілмейді? - деп әкім маған шытына қарады.

- «Ынтымақ» деген сөзден жақсы сөз әлемде жоқ, - деп, тура қарадым мен, - бірақ, әділ негізі, тиянақты принципі болмаған «ынтымақтан» жаман сөз тіпті жоқ... Себебін айтайын: жаман болатыны: «қасқыр, сен жесең үндемей ғана тып-тыныш тартып жей бер! Қой, сен желінсең үндемей, тыпырламай өле бер; құлағымды ауыртпаңдар!» деген мағынадағы «ынтымақ» болып шықпай ма? Қасқыр қасқырлығын қоймаса, қой одан үркуін, алқымынан алынғанда тыпырлауын қояр ма? Ынтымақтың мұндай қотанында екеуі қалай тынышталмақ? Тәңірі алдында қасқырмен бірге кінәланған қой бейшара қалай жасамақ?!...

- Сен өзіңді қоймын, қойдай қоңыр, бейуазбын деп санаймысың? - деп әкім де жымиды, бірақ, жуан мұрты тарамдалып, жағынан құлағына дейін жапқан екен.

- Әсілі мен де қой сияқты жануармын, бірақ, бейуаз емеспін. Олай болатыным, тілі бар, санасы бар, өлерін алдын ала білетін қоймын. «Қасеке, бір қотанда жасаған көршіміз ғой, қозыларымыз бен бөлтіріктерімізді жақсы тәрбиелеп өсірейік» деген «жазығым» бар, қайтып бейуаз болмақпын. Осы жазығым үшін «аласталғанмын», осы жазығым үшін қазір де Қасекеңмен тең кінәланып отырмын ғой....

Бұл сөзіме көпшілік түгел күлгенде әкім зорланғандай әрең күлді:

- Өзің атап айтшы, не талабың бар?!

- Сізді бұрын бірталай жыл мектепте болған, тәжірибелі мұғалім деп естігенмін. Сол үшін алдыңғы сөзімде меңгерушілердің де, оқытушы-оқушылардың да бар жайын сіз дұрыс сараптар деп сеніп, толық айтқанмын, бір-біріне ұқсамайтын бес-алты түрлі сабақты бұрын жақсы оқи алмаған оқушыларға игертуді қандай мұғалім міндетіне ала алады? Мұндай мұғалімнің игерту жолындағы жанқияр талабын қандай ғылыми меңгеруші тойтарады?! Класта пысықтату уақытында қандай ғылыми меңгеруші қуып шығып, есік құлыптатады?! Мектеп сторжысын малайлану үшін осылай ету керек болыпты. Сабақ пысықтау уақытында оқушыларды кластан ғана емес, дене тәрбие алаңынан да қуалап сабайтын, осындай ғылыми меңгеруші болған ба жер үстінде? Жоқ, болмаған, болмайды да! Қазір бізде болуы тіпті де мүмкін емес!... Міндетін толық танитын ғылыми меңгеруші керек бізге...

- Уақыт кеш болып қалыпты, - деді әкім сағатына қарап жіберіп, - кейін және сөйлесерміз. Бүгінгі әңгіме осымен тоқтап тұрсын! Биғабіл, сен ертең мектебіңе бар, ешқайсының өз беттеріңмен кетуші немесе «аластаушы» болмаңдар! Араларыңдағы мәселені тату-тәтті ынтымақпен шешіп, болмағанда Тынысқанға айтып тұрыңдар!... Жігітім, сен бәсең бол, - деп жымия шықты маған қарап, - ынтымақпен жауласпағаның жақсы!

Осы сөздерді мұртының астынан ғана бүлкілдетіп, маңғаздана шыққан әкімнің соңынан Арысбектің «бетпақ екен, по, бетпақ екен» деген күбірі қуа шықты. Бадырая қарап қалған мені Тынысқан ишаралап, кейін қалдырып сыбырлады:

- Бұл әкімнің «жағдай» үшін айтып жүрген сөзі ғой. Талабың дұп-дұрыс. Әлиев екеуміз сөйлескенбіз, тез арада орындалады. Сен үнсіз барып, сабағыңды өтей бер, оқушыларыңды қумауды мықтап тапсырдық!...

Осы сөзбен жіберген бетпақ кеңірдегім ертеңіне барып сабағын өтей берді. Оқушыларым бір күн ішінде ақ сағынып қалған сияқты...

Данышпан «тергеушім, «бетпақ» деген сөз мағына жағынан, «тоңмойын - кері төңкерісші» деген сөздің дәл өзі емес пе? Сол кезде-ақ сойдиып шыққан ең сойқанды қылмыс екен ғой. Бетпақ кеңірдегімді қия салса не обал бар?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Сбидания (орысша) - кездесу, көрісі (бұл шақта қалыңдық пен күйеудің кешкі сейілі осылайша аталатын).

0 пікір