Сенбі, 27 Сәуір 2024
4927 0 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 14:28

ШҚО-да Зейнолла Сәніктің атына көше берілді

Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында  жазушы, ғалым, этнограф Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-рухани шара болып өтті. Төрт күнге жалғасқан шараның ұйымдастырушысы – “Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры”.

Әуелі, ғалымның атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі болды. Онда белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Зейнолла Сәнік туралы естеліктерімен бөлісті.Ал, Үржар ауданының әкімі Нұржан Тілеужанұлы сол көшеде тұратынын айтып, қор басшылығына ризашылығын білдірді.

Нұржан Тілеужанұлы, Үржар ауданының әкімі:

-Бүгін қасиетті Үржар жерінде үлкен қуаныш. Белгілі жазушы, этнограф, тарихшы, баспагер Зейнолла Мүбаракұлы атындағы көшені салтанатты түрде ашайын деп отырмыз. Мен өзімді осы көшеде тұрып жатқаныма бақыттымын деп есептеймін.

Бүгінгі іс-шараға атамыздың атындағы қордың жанашырлары, ұйымдастырушылары келіп отыр.Белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдерімен, ағамыздың жұбайы Шәмшәбану апайымыз да келді.

“Адам бойындағы жақсы қасиет ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен, тәрбиесімен келеді” дейді. Сондықтан ағамыздың ұлы Қанат бауырымыздың өткізіп жатқан іс-шаралары бүгінгі күні тек Үржар ауданында емес, облыс, республика көлемінде жалғасын тауып жатыр. Өзі кәсіпкер болса да, мәдениетке, ғылымға, әдебиетке, өнер, спорт саласына да көңіл бөліп, қолдау білдіріп келеді. Үш жылдың ішінде қор талай игі шараларды істеді. Ауданда қандай қиын жағдай болса да Қанат бауырымыз басы-қасынан табылады. Мәселен, былтырғы індет кезінде қор басшылығы көп көмегін тигізді. Бүгінгі іс – шара да сол игі істердің жалғасы деп білемін,- деді.

Ал, көшені салтанатты ашу рәсіміне аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы, жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова, ақын Жүрсін Ерман, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі күйші, композитор Секен Тұрысбеков қатысты.

 Зейнеп Ахметова, жазушы, этнограф:

-Құрметті халайық, қанша өңірге барып жүрсем де, қасеитті Үржар ауданына алғаш рет қадам басып отырмын. Дәм бұйырып өздеріңізбен дидарласып отыруыма Зейнолла ағаның қасиетті әруағы себеп болған шығар.

Зейнолла ағамыз бір ғажап адам болды. Бетінен нұры төгіліп тұратын, өзінің табиғи Алладан берілген керемет бекзаттығымен айналасын өзіне тартып тұратын. Бір жағынан қарасаңыздар, біздің ол кісіге ешқандай туыстық жақындығымыз жоқ. Бірақ, біз бір туғаннан артық болып кеттік. Ағаның баласы Қанат - Бақытжан екеуміздің өкіл баламыз. Күні бүгінге дейін Момышұлы отбасы мен ағаның отбасы ешбір жібін үзбей араласып келеді.

Кез-келген жетістікке жеткен ер азаматтың артында әйелі тұрады. Сол ағаның жарқырауына үлкен еңбегі сіңген, өзі де керемет ақын, ұстаз Шәмшәбану тәтемізге ұзақ ғұмыр тілеймін. Адам ұрпағымен мың жасайды десек, бұл жағынан Зейнола ағам бақытты десем болады.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы:

-Осы жерде ауданның әкімі Нұржан Тілеужанұлы “Мен сол Сәнік көшесінде тұрамын” деп мақтанышпен айтқанына куә болдым. Өте бір даңғыл, жақсы көше екен. Болашақ көшесімен ұласып жатуының символдық мәні бар деп есептеймін.

Шығыс өңірінде Қайрақбай күйші деген болған. Қайрақбай күйші арғы бетте қалғанда, бергі беттегілерге оның үзіліп-үзіліп күйлері жеткен. Сол мұраларды жарқыратып шығарған, көптеген тарихи тұлғаларды елге танытқан Зейнолла ағамыздың еңбегі зор.

Біз осындай тұлғаларымызбен қуануымыз керек, мақтануымыз керек. Зейнолла Сәнік атындағы көшенің тұрғындары бақытты, игілікті бола берсін!

Одан соң, іс-шара Үржар мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының шағын концертімен жалғасты. Сонымен қатар, “Зейнолла Сәнік атындағы қордың” ұйытқы болуымен жарық көрген “Барқытбел баурайындағы жыр” жинағының тұсаукесері өтті. Аталған жинаққа өңірдегі талантты ақындардың туындылары топтастырылған.

Сондай-ақ, “Зейнолла Сәнік қоры” өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен айтыс жанашыры Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына орай, республикалық айтыс өткізді.

Жыр додасының қорытындысы бойынша, айтысқа қатысқан 10 ақынның төртеуіне ынталандыру сыйылығы табысталды. Олар: Қазірет Бердіхан, Ерлан Аманқожа, Марат Ахметов, Айсәуле Бейсенхан.

3 орынның жүлдесі 3 ақынға бұйырды: Ерлан Дәулет, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрлан Есенқұлов. Ал, 2 орынды - Серік Қуанған, 1 орынды  Қанат Мырзахан еншіледі.

Айтыстың бас жүлде иегері – Мұхтар Ниязов болды. Ол  “Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры” тағайындаған 1 миллион теңгенің иесі атанды.

Сонымен қатар, қордың қаржыландыруымен осы іс-шараға қатысқан барлық қонақтарға Алакөлде 5 күндік демалыс ұйымдастырылды.

Осы шаралардың өтуіне ұйытқы болған “Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры” туралы аз-кем айта кетсек...

2018 жылы құрылған қор үш жыл ішінде әдебиет, мәдениет, өнер, спорт, ғылым, баспасөз бен жастарды қолдау, әлеуметтік көмек көрсету сынды әралуан салаларда үлкен еңбек етіп келеді.

Мәселен, 2018 жылы қор демеушілігімен – филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтың біртұтас қазақ әдебиеті қытайдағы және атажұртқа оралған ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы зерттеу монографиясы халыққа жетті. Сәуір мен мамыр айларында Астана,  Семей қалаларында Зейнолла Сәніктің 15 томдығының таныстырылымы мен ғылыми бағыттағы басқосу өтті. Әдебиеттанушы Жолдасбек Мәмбетовтың “Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы” монографиясы жарық көрді.

Қор демеушілігімен “Ділмар” шешендік өнер байқауы екі мәрте өтті. Абай атындағы мамандандырылған мектеп интернатымен бірлесе ұйымдастырылған өнер байқауы жас ұрпаққа тәлім мен тағылым алуына жол ашты.

Сонымен қатар, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында ақын, журналист Ырысбек Дәбейдің “Жылқы атылған жаз” кітабын көбейтіп шығаруға көмек берді.

Одан бөлек, 2019 жылы Алакөл жағасында “Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл” атты республикалық ақындар айтысы өткізілді.

Қазан айында қордың демеушілігімен Орал қаласында “Жыр - ғибрат” батыс аймақтық жыршы – термешілер фестивалі Қадыр Мырзаәлі орталығынң қолдауымен ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, қордың ұйытқы болуымен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында халықаралық деңгейдегі бокс ұйымдастырылды.

Ал, биыл мәдениет қоры 1 млн 200 мың теңгеге “Қазақ әдебиеті”, “Жұлдыз” журналы, “Ана тілі”, “Жас қазақ” газеттерінің әрбіріне 40 данадан, “Ақжелкен” журналымен “Ұлан” газетінің әрқайсына 51 данадан Үржардағы мектептерге 1 жылға жаздырып берген.

Сонымен қатар, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының қаржыландыруымен осы іс-шараға қатысқан барлық қонақтарға Алакөлде 5 күндік демалыс ұйымдастырды.

Айта кетейік, 2018-2021 жылдар аралығында Зейнолла Сәнік шығармашылығы бойынша, 4 өңірдегі 10 ЖОО-да 17 ғылыми еңбек: 11 магистрлік, 6 дипломдық жұмыс жазылып, қорғалған. 2 ғылыми монография, 2 естеліктер жинағы жарық көрді. Тағы бір көлемді еңбек баспаға әзірленіп жатқан көрінеді.

Abai.kz

0 пікір