Жексенбі, 25 Шілде 2021
Алашорда 1742 1 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 16:32

Халел Досмұхамбетұлы туралы бір дерек

(«Ханның үйі халық пайдасына алыну керек» деп, хат жазған)

Көптен бері 1920-1930 жылдар аралығында Оралдан шығып тұрған Орал губернесінің өлкелік газеті «Қызыл туды» қарап шығып едім. Мақсатым: Оралда туылып, кейіннен Құлжаға мұғалім болып барып тұрақтап қалған, Алашорданы қолдаушы белгілі журналист, тілші Молдағали Бектұрлин (1875-1932) туралы деректер іздеу болатұғын. Газеттің ескі тігінділерін парақтап оқу барысында – батыстағы «Алашорда» және қазақ зиялылары жайында, жергілікті өлке тарихына да қатысты құнды деректер мен жазбалар кездестіруге болады. Солардың ішінде Халел Досмұхамбетұлы туралы екі жазба кездесті. Біріншісінде: «Алашорданың» ханы Халел Досмұхамбеттің 5 бөлмелі қарағайлы үйін «халық пайдасына алсақ» деген ұсыныс айтылған хат. Екіншісі: жоғарыдағы хатқа Халел Досмұхамбетұлының жауабы. Халел: «Мен хан болғаным жоқ. 1918-1919 інші жылдарда «Алашорда» үкіметінің мүшесі болғаным рас. «Хан» деп осыны айтып отырған болса керек» - дейді.

Төменде «Қызыл ту» газетіне жарияланған осы екі хаттың толық мәтінін (газеттің сол сандарына кімдер редактор екені) ұсынамыз!

--------------------------------------------------------------------

Бірінші хат: («Ханның үйі халық пайдасына алыну керек» деген, «Жетім баланың» ұсыныс хаты)

«Қызыл ту». 1928 №69. 7 июль (Әсет). Жексенбі.

Жетісіне үш рет шығатын Оралдың губернелік партия камитеті мен атқару камитетінің тілі.

(4-беті)

Ел хаттарынан қорытынды

Ханның үйі халық пайдасына алыну керек

(Гуриев)

Қызылқоға болысының 13-інші ауылында белгілі «Алашорда»ның ханы Халел Досмұхамбет ұлының қарағайлы үйі бар. Бұл үйді хан болып тұрған кезінде халықтың қаражаты мен салдырған. 5 бөлмелі, асты-үсті қарағайлы, есік терезелері де үлкен етіліп, денсаулық шартына сәйкестіріліп жасалған.

Бұл үй 8-9 жылдан бері бос тұр. Халелдің үйі жалғыз бұл емес, басқа жерлерде де үйлері бар. Өзі келе қойса сол үйлері де жететұн. Сондықтан менің айтатұным: әуелде халық қаражаты мен салынған үй халық пайдасына алынуға керек. Бұл үй мектепке пайдалануға өте қолайлы. Мұны губернелік мекемелер ескеруі тиіс.

Жетім бала.

--------------------------

Уақытша редактор: Қ. Дүйсен ұлы.

Вр. Редактор: Х. ДЮЙСЕНОВ.

----------------------------------------------------------

Екінші хат: (Халелдің жауабы)

«Қызыл ту». 1928 №97. 1 октябрь (Ақырап). Дүйсенбі.

Жетісіне үш рет шығатын Оралдың окруктік партия камитеті мен атқару камитетінің тілі.

(4-беті)

Жауап  хаттар

«Қызыл ту»дың 69-санында «Ханның үйін халық пайдасына алу керек» деген жетім баланың мақаласы басылды. «Жетім бала» жолдас анығын білмегендіктен болса да, болмаса қас қылғандықтан болса да түпсіз өтірік жазыпты.

Менің Қызылқоға ауданының 13-інші ауылында асты-үсті қарағайлы үйім бары рас. Бірақ жетім бала айтқандай бес бөлмелі емес, көкінесінен басқа үш бөлмелі. Бұл үй Досмұхамбет балаларының өз расхотымен 1914, 1915 інші жылдарда салынды.

Мен хан болғаным жоқ. 1918, 1919 інші жылдарда «Алашорда» үкіметінің мүшесі болғаным рас. «Хан» деп жетім бала осыны айтып отырған болса керек.

«Алаш Орда» уақытында ел қаржысымен үй салдырғаным да жоқ. Бұ күнде ол үйге жарлы-жақпай туысқандарым кіріп отыр. Өз қаржым мен салынғандығына ауыл кеңесінен алған куәлігім бар.

Халел Досмұхамбет ұлы.

--------------------------------------

Жауапты редактор: Сүгір  ұлы Рақым

Отв. Редактор: Р. СУГУРОВ.

Әзірлеген Абай Мырзағали

Abai.kz

1 пікір