Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Билік 3414 7 пікір 13 Шілде, 2021 сағат 15:07

«Мақсатымыз – халыққа жақын полиция қалыптастыру»

Кез келген дамыған һәм дамушы бағыттағы мемлекеттің саяси құрылымында Ішкі істер органдары маңызды орынға ие. Себебі – Ішкі істер құрылымдарының қызметі қоғам өмірімен етене байланыста. Өзгеше айтқанда, полиция – қоғамның тұрмыс-тіршілігінің барлық саласында халықпен тығыз қарым-қатынаста. Мысалы, әлемнің алп-алп басқан алпауыт елдерінде (АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Канада мен Еуропа елдері т.б.) қоғамның даму тенденцияларына байланысты полиция реформасы да уақыт талабына сай үздіксіз жүргізіліп келеді.

Бізде ше? Қазақстан полициясының реформасы туралы әлеуметтік желілерде, БАҚ-тар мен билік мінберлерінде жиі айтылып жүр. Ал нәтижеде бұл іс қалай өрбуде? Біз ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор полиция полковнигі Айдар Мұталікұлы Сайтбеков мырзамен аз-кем әңгімелескен едік.

- Айдар Мұталікұлы, бүгінгі Қазақстан полициясының қызметі қалай реформаланады? «Жұртқа жақын полиция» қағидасы қаншалықты өміршең болмақ? Сөзді содан бастасақ...

- Полиция – елішілік тұрақтылық пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге төтелей жауапта орган. Ендеше оның жұмысын жетілдіріп, бүгінгі күннің талабына сай реформалап отыру маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» гәзетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел Тәуелсіздігінің алдағы төртінші онжылдығында атқарылуы тиіс саяси реформалардың маңыздылығы туралы ерекшелеп айтты.

«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Сананы жаңғырту – деген міндетке қоғамның барлық саласын жатқызуға болады. Соның ішінде Ішкі істер органдары құрылымын да. Жасырары жоқ, бүгінгі таңда Қазақстан полициясының имиджіне, ел ішіндегі бет-бейнесі мен беделіне қатысты әртүрлі пікірлерге кездесеміз. Айтылар сын да аз емес. Қазақстан полициясына қатысты қоғам пікірін айтпағанда, сол полиция өкілдерінің өздері де – «басты міндетіміз – қылмыспен күресу ғана», -деген түсінікпен жүргені өтірік емес.

Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген сөз бар. Соны бүгінгі таңда «Полиция болсаң халқыңа жақын бол», - деп айтса болғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айтылған басты міндет те осы еді. Әділетті қоғам. Тиімді мемлекет. Халыққа жақын полиция. Міне, осы үштаған критерийді – полиция реформасының өзегі деп түсінсек те қателеспейміз.

- Полиция реформасы былтырдан бері басталып кетті. Сіз басшылық ететін ІІМ Алматы академиясында республика көлеміндегі Ішкі істер министрлігі, басшылық құрам қызметкерлерінің арнайы даярлық курсынан өткізілгені белгілі. Осы арнайы даярлық курсы туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз...

- Жоғарыда айтқанымыздай, Ішкі істер органдарын реформалау басталып та кетті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полиция реформасына қатысты бірқатар маңызды тапсырмалар мен міндеттер жүктегені белгілі. Соның бірі – кадр саясаты. Полиция қызметін жаңғыртудың жол картасы аясында ведомстволық оқу мекемелері қайта ұйымдастырылуы керектігін, қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу арқылы іріктеу жүргізілуі керектігін айтты.

Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар туралы азды-кем айта кетсек, Қазақстан Республикасы ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясында қазір ведомстволық білім беру жұмысын жетілдіру бойынша Ішкі істер органдарының қызметкерлері қайта даярлық курстарынан өтіп жатыр.

2021 жылғы ақпанда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлттың әлеуеті төмендесе, мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне де қатер төнеді», - деген болатын.

Қазіргі уақытта, біздің академияның кафедра басшыларымен бірлесіп, сервистік полиция моделі мен қылмыстық сот өндірісінің үш буынды моделі, осы бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудегі қадамдар мен оларды шешу т.б. өзекті міндеттер, ведомстволық білім беру  жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланды.

- Қазіргі полиция қандай болуы керек? Ол қоғам сеніміне ие болды ма? Осы бағытта Сіз басшылық ететін академия қандай жұмыстар атқаруда?

- Біздің академияның басты мақсаты – бұл полиция қызметкерлерін жан-жақты білім, ғылым мен практикалық қызметте қазіргі заман талабына сай озық тәжірбиелерге даярлау. ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясының білім беру практикасында ІІМ ардагерлерінің тағылымдамаларын тыңдату арқылы жас полицейлер мен ардагерлер арасында ұрпақ сабақтастығы дәстүрін қалыптастырдық.

Бұл дегеніңіз – ең алдымен, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, сонымен қатар білім берудің инновациялық әдістерін де енгізіп, кәсіби маман дайындап шығару деген сөз. Мысалы, аталған бағытта біздің Академияда «Қылмыстық сот төрелегінің үш буынды моделі – азаматтардың құқытары мен бостандықтарының кепілі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев бастаған ІІМ өкілдері мен депутаттар, сарапшылар қатысты. Бұл Халықаралық конференция – Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруде ерекше маңызға ие. Өйткені, бізге ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепілдігі ретінде сот төрелігінің үш буынды моделіне арналған бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізуге жүктелді. Бұл сонымен қатар, ертеңгі Қазақстан полициясын трансформациялауда академиялық курстардың ықпалы орасан зор екенін білдіреді.

Сонымен қатар, мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында біздің Академияда даярлықтан өтіп жатқан ІІМ қызметкерлерін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына, сонан соң М.Әуезов атындағы Мемлекеттік акдемиялық театрға апардық. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен аранйы кездесу өткіздік.

Биыл наурыз айында ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев мырза өзі арнайы келіп, Алматы Академиясында ашғашқы факултетті ашты. Қазіргі таңда Республикамыздың әр облысынан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан департамент басшыларының орынбасарлары келіп, оқып жатыр. Бұл факултетте бүкіл Қазақстан бойынша басшылық құрам дайындалады. Қазір 19 адам келді. Олар үш ай осында оқиды.

Мақсат – полиция басшыларын даяндап шығару. Әрине, олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Жиырма жыл бойы қызмет еткен, оқыған, білім алған азаматтар. Бірақ, кәсіби тоқырау деген бар. Мұғалім қартайғанда ақыл айтқысы келеді деген сияқты, бір жұмысты ұзақ уақыт істей берген соң, сол жұмыс адамды кейбір кезде «бұзады». Ол да адам ғой. Оның да жанұясы бар. Жан-жағында  қоғам бар, дос-жолдасы бар. Міне, сондай болып кетпесі үшін, біздегәі оқу ісінде осындай мәдени іс-шаралар қарастырылған. Театрларға бару, киноларға бару т.б.

- Жасыратыны жоқ, бүгінгі қазақ полициясына, Қазақстан полициясына айтылар сын аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза «еститін мемлекет» концепциясын ұсынды. Бұл бірінші кезекте – қоғамға ашық қарым-қатынас орнату деген сөз. Яғни, айтылар сынға да, ұсынылар ұсынысқа да ашық болу. Сіздер қаншалықты ашықсыздар?  

- Рас айтасыз, айтылар сын аз емес. Қазір оның үстіне, тенденция бар. Бір негативті ақпаратты көріп алсақ, оны желдей естіріп, жер-жаһанға жапатармағай таратып жібереміз. Сөйтін, бір адамның арқасында барлығы жаманболып шыға келеді. Соның алдын алу үшін әрине – полиция халыққа жақын боуы керек. Ол үшін осындай іс-шаралардың маңызы ерекше.

Онан соң, Қазақстан Республикасы ІІМ Макан Есболатов атындағы  Алматы академиясы мен М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театр арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, біздің Академияда полиция қызметкерлеріне көпшілікпен диалог орнату, көпшілік алдында сөйлеу өнеріне қатысты даярлық курстарын ұйымдастыруда. Бұл да өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ІІМ қызметкерлерін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар десек болады.

Сөз соңында, қазіргі Қазақстан полициясының саяси мәдениетін көтеру үшін – әуелі олардың санасын жаңғырту маңызды. Бүгінгі полиция қандай болуы керек? Қазақстан полициясы – қоғам сеніміне ие ме? Қоғам алдындағы «жақсы полиция» образы қандай? Жауап біреу – ол қоғаммен тығыз интеграцияланған полиция! Ендеше, алдымызға қойған мақсатымыз бар. Әлемдік практика және бар. Біз ашықпыз. Қол жетімдіміз. Ынтымақтасып жұмыс жүргізуге де дайынбыз. Біз үшін Академия жұмысын жетілдіруде түйткілді мәселелерді шешуде қоғам пікірі маңызды.

- Пікір білдіргеніңіз үшін рахмет...

Abai.kz

7 пікір