Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3557 0 пікір 24 Мамыр, 2012 сағат 09:43

Cофы Аллаяр. Дәрменсіздер қуаты (Басы)

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының (директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұртбай) атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Соның бір саласы - «Қазақ қолжазбалары» атты ғылыми жобасы аясында Софы Аллаяр мұрасы қазақ тіліне тәржімаланды. Бұл құнды мұраның көркем аудармасын жасаған - Светқали Нұржан.

 

ӘЛ-ХАНАФИ ӘЛ-БҰҚАРИ ИБН АЛЛАҚҰЛЫ ТЕМИРЯР

(1634 - 1723)

САБАТУЛ ӘЖИЗИН (Дәрменсіздер қуаты)

(мәснауи-дастан)

 

Бірінші бөлім: Ақида ілімі туралы

Биссмилләһир рахман рахим!

Жер мен көктің Иесі - Хаққа арнаңыз мадақты,

Тамшы судан гауһардай пәк қып сізді жаратты.

 

Тіреуі жоқ көкті көр, аңда әлемнің бітімін,

Бар жаһанға көрсетті Ол өзгермейтін үкімін.

 

Нән балықтың үстіне орнатты да жершарын,

Осы жерден таратты ырыздығын баршаның.

 

Төрт мезгілді пайда ғып,

Әрбірінің келбетін

Әрбір түрге енгізіп ажарлады жер бетін.

 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының (директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұртбай) атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Соның бір саласы - «Қазақ қолжазбалары» атты ғылыми жобасы аясында Софы Аллаяр мұрасы қазақ тіліне тәржімаланды. Бұл құнды мұраның көркем аудармасын жасаған - Светқали Нұржан.

 

ӘЛ-ХАНАФИ ӘЛ-БҰҚАРИ ИБН АЛЛАҚҰЛЫ ТЕМИРЯР

(1634 - 1723)

САБАТУЛ ӘЖИЗИН (Дәрменсіздер қуаты)

(мәснауи-дастан)

 

Бірінші бөлім: Ақида ілімі туралы

Биссмилләһир рахман рахим!

Жер мен көктің Иесі - Хаққа арнаңыз мадақты,

Тамшы судан гауһардай пәк қып сізді жаратты.

 

Тіреуі жоқ көкті көр, аңда әлемнің бітімін,

Бар жаһанға көрсетті Ол өзгермейтін үкімін.

 

Нән балықтың үстіне орнатты да жершарын,

Осы жерден таратты ырыздығын баршаның.

 

Төрт мезгілді пайда ғып,

Әрбірінің келбетін

Әрбір түрге енгізіп ажарлады жер бетін.

 

Таңғажайып тағдыр бұл!

Қандай ғажап сәттілік?! -

Күлше нандай жалғыз күн тұр ғаламды тоқ қылып.

 

Һай1 сипатты Құдірет егер бір сәт қаласа,

Хат танымас надан да кемелденер данаша.

 

Топырағына Сафидың2 жан менен тән бергесін,

Үйретті оған бар заттың есімінің әмбесін.

 

Раббысы жер-көктің түссе араша - сау қылад,

Мысқал залал шектірмес - кетсе үстіңе тау құлап.

 

Сахараны, тауларды топан суы шайғанда, ал

Ылғал болмай аяғы сау шықты Нұқ пайғамбар.

 

Өртемекке Халилді3 Нәмруд-кәпір жақтырды от,

Халил қадам баспастан жөнелді оттан бақ гүлдеп.

 

Қаһар желі Тәңірдің Ад4 қауымын жоқ қылды,

Һудқа5 ергеннің жүздерін сол самалға өптірді.

 

Балық жұтқан бір ұлық6 - Тәңір өзі сынаған,

Қырық күнде шығыпты пәк күйінде дін-аман.

 

Таңды түннен айырған Хақ-Тағала бұйырса,

Батыстағы - шығысқа жетер сәтте құйынша.

 

Қаласа Алла пендесін жеті қаттан өткізген,

Досын - қабы-қаусайын7 мақамына жеткізген.

 

Құрметтеп, сыйлы етсе, қолдаса Алла кімді егер -

Қызметіне жегіліп адамзат пен жын келер.

 

Тақ-Сүлеймен адам мен жын жұртының қожасы,

Бір жүзікке байлаулы тұрды олардың тобасы.

 

Бір теңгедей сол тасты Сүлейменге енші ету -

Мұнда мақсат - Жаббардың құдыретін көрсету.

 

Мұса-Кәлим8 қолында асатаяқ -

Тілесе,

Көпір болды жолына, аждаһа боп, біресе.

 

Кісі бойы ағаш-тын сыдырылған қабығы,

Құдыретін танытты бір асамен Тәңірі.

 

Көрсеткісі келсе егер Жаратушы әмірін -

Екі дүние сыяр ед қауызына тарының.

 

Рухуләмин9 егер де жая қалса қанатын -

Айналар ед пердеге - Жердің жүзін жабатын. -

 

Сол періште ұшып кеп Сидрадан10 демілде,

Хақ хабарын айтатын Мұхаммедтің жеңінде.

 

Бір құлының хақтығын танытса Алла-Тағала -

Куәлігін берер-дүр бесіктегі бала да.

 

Сол Шаһ Алла қадірлі қылам десе қай құлын -

Жатырса да ол зынданда, асырады айбынын.

 

Сүлейменге қызымет қылған сансыз құстардың

Білмес ешкім қисабын - болса да оған құштар кім?!

 

Бірақ һудһуд есімді титімдей құс елші еді,

Әміршіге құрметтің жоқ еді ешбір өлшемі.

 

Әшекейлеп әлемді, сұлу қылды түнді Алла -

Ай да екіге бөлінер - Досы­­­11 ишарат қылғанда.

 

Кәлим жүзі ұяттан күймесін деп шешті Алла -

Ніл-дария астынан шаң шығарды аспанға.

 

Тастауға Алла кеспесе құлын егер зейнетсіз,

Қайда жүрсін -

Ырзығын жеткізеді бейнетсіз?!

 

Мәриямға несібе жіберді Алла аспаннан,

Періштелер Мәсіхтің12 тартты алдына дастархан.

 

Хазірет Салих13 Хақ танып - болды үкімге пәруана,

Тастан шығып сол сәтте боталады аруана.

 

Бақытты ету қай құлын тек Жаббар-Хақ еркінде,

Ұлы құсап Халилдің14 тұрар болса сертінде.

 

Басын тігіп, құрбанға шалынуын хош көрді ол,

Кімді көрдің сен ондай Хақ жолына шешкен бел?!

 

Надандықтың шарабын жұтқан пенде бір кесе,

Баспас! -

Жәннат есігін ашып: «ішке кір!» десе.

 

Хақтың рахмет суынан жұлдыздар шөл қандырар,

Жолдан тайған пендесін бір тамшыға зар қылар.

 

Қараңыздар Тәліп15 пен Ләһапқа16 тұл-надан -

Ұлы дария бойында еріндері құрғаған.

 

Қашық болса от пен су - туу менен қазадай,

Неге ендеше шығады су ішінен нажағай?!

 

Сол сықылды шамның да жанбағы әлгі оттан-дүр,

Ал қара су жанарға шам құсатып жаққан нұр.

 

Қай құдырет-сипатын еске, мейлі, алмағын,

Пенде ақылмен жете алмас -

Тылсымына Алланың.

 

 

Расулдің (с.ғ.с.) сипаттары хақында

Рахметі ғаламның, жетекшісі хақ діннің,

Айтып сансыз салауат,

тілге есімін жад қылдым.

 

Құрайыштан таңдады Құдай діннің басшысын,

Үмбеті үшін өмірдің татқан барлық ащысын.

 

Жаралмас ед гауһар-пәк - атасы боп зәузаттың,

Дәлелі сол, расул - тәжін киді «Ләуләктің»17.

 

Патшалардың патшасы, діннің шамын жаққан жан! -

Рухуләмин уаһи18 жеткізді Оған Жаббардан.

 

Хақ-тағала есімін атады Оның - Мұхаммед,

Мақамдарды19 Ол жеткен - пенде айта алмас тұтам деп.

 

Көлеңкесі жоқ еді. -

Жасады Алла бар сыйын! -

Дәрежесін арттырып,

Көрсетті Оған Аршы үйін.

 

Қадам басса, хош иіс бұрқырады әтір боп,

Шаңқан бұлттар басына төңкерілді шатыр боп.

 

Екі дүние қауымы жамалына ғашық-ты,

Пәк дәреже Иесіне қабы-қаусайн нәсіп-ті.

 

Бұдан аспас шарапат - парыз-сүннет тұт қанша,

Тұтқаныңа берік бол Даббатуларз20 шыққанша.

 

Барлық діннен жоғары - ислам тұр сағада,

Осы сөзге куә-дүр -

Хазірет Уәжіп-Тағала.

 

Сипаттарын Расулдің сөз жетпейді жаттаса,

Өтер одан қай мадақ -

Хақтың Өзі мақтаса?!

 

Жеткей Оған үздіксіз рахметі Құдайдың,

Асхабтарын, отбасын жарылқа деп сұраймын!

 

 

Осы кітаптың жазылу себебі

Ақида, фиқһ ілімін - Хаққа жағу тәмсілін

Кітап қылып жаздым мен пәк тілінде парсының.

 

Оны көріп толқыды менің түркі достарым:

«Қылса дұға ұлықтар, құрса кітап жоспарын».

 

Түркі тілде ақида кітап келсе өмірге,

Шат болса оған жарандар -

Гүл бітер-ді көңілге.

 

Қылды өтініш достарым.

Болды сөйтіп себепкер. -

Тербетейін қаламды иә, Жаратқан, медет бер!

 

Ұғымымды ұстартып, жазам, бірақ қысқартып,

Кеңнен толғап кету де талап етер күшті артық.

 

Өйткені мен наданмын, менде қандай білік бар? -

Тұзағына ұяттың болып тұрмын кіріптар.

 

Қауызында дәні жоқ болсам-дағы бишара,

Үміт етіп достарым қылды неше ишара.

 

Қиын болар деп ойлап, дос көңілі кірлесе,

Тастай алмай сөздерін бәйіт жаздым бірнеше.

 

Ақиданы алға ұстап, сөзін тіздім сәтті ойдың,

«Дәрменсіздер қуаты» деп кітапқа ат қойдым.

 

Өзім сынды көңілі жарымжандар шаттансын! -

Деген ой бар, - азырақ насихаттан хат қалсын!

 

Насихатты тыңдамас дертті жандар діл-қаста21,

Қанша нөсер құйғанмен көгере ме тұл тасқа?!

 

Алла-Тағаланы тану (мағрифатулла) туралы баян

Құлдық не-дүр?

Хаққа - арзу!

Өзгесінен пәк кешіп,

Хаққа сіңіп,

Дидармен тұру мәңгі беттесіп.

 

Танып Қадир22-Құдайды, нәпсі-әуестен безіну,

Тыйым салған істерден өзін алыс сезіну.

 

Басты байлап мойынсұн, болам десең Хаққа құл,

Барлық істе тағдырға ыразылық тап кәміл.

 

Құдіретті Шаһыңнан үзілмесін үміт сәл,

Қорық тозақ отынан, нәпсі-есікке құлып сал.

 

Әһлі сүннет23 қуатын сіңір дәйім қаныңа,

Теріс үкім, қарсы ұғым жоламасын маңыңа.

 

Шын ақида білмеген - шайтанға оны құл сана,

Желге ұшарын хақ деп біл, мың жыл ғамал қылса да.

 

Мағрифатқа24 жетуден бір сәт ұзап, тыйылма,

Танымасаң Иеңді іс айналар қиынға.

 

Алған пенде тыйылмас Дидар-Талап әмірін,

Жақсы қоныс таба алмас -

Тәрік қылған Тәңірін.

 

Алла-Тағаланың Бірлігі хақындағы баян

Еш күдіксіз, күмәнсіз Бірсің, Барсың, Хақ-Тәңір,

Оған ортақ қосудан жамағатты сақта бұл.

 

Одан ешкім құтылмас, бұлжымайды пәрмені,

Құдыреті кемімес, ортаймайды дәрмені.

 

Барша әлемнің Иесі Ол, не істеуге де хақылы,

Басталмаған ешқашан жоқ және де ақыры.

 

Үнемі әзір - бар жерде, жоқ Жаббардың мекені,

Және мәлім уақыттан - Ұлықтың тыс екені.

 

Көзге түскен бейнеден, ойға келген нәрседен

Жаратушы, Тірі, Пәк - теңеспейді барша әлем.

 

Еш шүбәсіз, еш нәрсе ұқсамайды -

Тең емес!

Оған: Неге? Не үшін? - деп сауал қойған жөн емес.

 

Тәңір үкім етуші -

Үкімін еш өзгертпес,

Сипатына, Затына ақылмен еш көз жетпес.

 

Періштелер, нәбилер ақылменен жетпеді,

Бойсұнды тек бұйрыққа, пікірмен пәм етпеді.

 

Бірақ, құлы Құдайдың, сен берік бол ісіңе,

Пікір қылғын: Жаратқан, Құдыретіне, Ісіне.

 

 

Алла-Тағаланың сегіз сипатының баяны

 

Оның зати сипаты - сегіз.

Мәлім хатынан,

Ол сипаттар заты емес, басқа да емес затынан.

 

Тірі, Ілім, Құдырет, Көру, Есту, Қалауы,

Сөйлеу менен Жарату -

Сәуле болып тарауы.

 

Мәңгі Ол Тірі.

Мүмкінсіз басқаша Оның болуы,

Оған мәңгі өлім жоқ.

Әр жан тиіс өлуі.

 

Оның Тірі болуы тұр Сипатын танытып,

Бірақ тәнге тәуелсіз, болған емес жаны түк.

 

Керек емес Құдайға дүниенің көп, тіпті азы,

Барша ғалам Жомарты Ол, жоқ ешқандай мұқтажы.

 

Хақ-Тағала мұқтажсыз.

Мұқтаж болғың келмесе,

Көңіліңді жер-көкке құйқылжытпа, ендеше.

 

Көңілің тынбай талпынса зындан-дүние торына,

Шайтан сені өзінің бағыттайды жолына.

 

Тағы да бір Алланың сипатының аты - Ілім,

Нәрселерді біледі Ол әшкере һәм жасырын.

 

Заттарының жаратқан -

үлкен иә кіші ме,

Мәлім Оған өткені һәм болатын ісі де.

 

Тұруың мен жүруің, жақсылық пен жамандық,

Оған аян -

жетсе егер кімге қаза, амандық.

 

Нені мұрат тұтқаның, көңілге не алғаның

Тыс қалмайды бір сәтке назарынан Алланың.

 

Мағрифатқа жеткен құл - кеткен көңіл кіреуі,

Білер Қадир екенін сегіз сипат біреуі.

 

Жанды менен жансыз да, болған және болмаған,

Екі әлемде бар нәрсе назардан тыс қалмаған.

 

Зиян, пайда һәм қаза, жақсы, жаман - барлығы,

Есіңе тұт жаңылмай - Хақтың сызған тағдыры.

 

Халайықтың құлығы һәм қылығы қауманың -

Титтей бірі тыс қалмас тағдырынан Мәуләнің25.

 

Жаратушы қай істің болғандығын қаласа,

Сол сәтінде болады ол, тұрмайды ешкім араша.

 

Не істесе де еркі бар, Құдыретті Жолы кең,

Ешқашан да жүрме тек: жасады деп қолымен.

 

Бол мұқият, тіліңді сақта мұндай бәледен! -

Жаратушы Жан-Алла пәк жан менен денеден.

 

Кәлам-Хақта «қол» деген сөзді оқыды тіліңіз,

Ей, адамзат, ол Оның бір Сипаты, біліңіз.

 

Ғұламалар Құраннан берді дұрыс мағына,

Ал сен жан-жаққа ойыңды шашып алма тағы да.

 

Басар, Самиғ - Алланың сипаттары күмәнсіз,

Басар - Көру, Самиғты Есіту деп ұғарсыз.

 

Кім дүниеде бар болса - аспан үсті, жер асты,

Бәрін де Хақ көріп тұр,

бәрі де Оның қол асты.

 

Естіп, Көріп тұр бәрін күмәнсіз һәм шүбәсіз,

Ғайыптағы, іштегі бірдейлігін ұғасыз.

 

Естуі де, Көруі - құдыретінен Жаббардың,

Көз, құлақпен емесін, тән иесі, жадқа алғын.

 

Екі аяқты пенделер қардер көз бен құлаққа,

Ешнәрсеге Құдай-жан мұқтаж емес, бірақ та.

 

Кәміл болса, бауырым, ақыреттік иманың,

Достарына Құдайым көрсетеді Дидарын.

 

Ол Көрсету, ұқ, бірақ ұқпас оны талапсыз -

Еш нәрсеге ұқсамас - бейне, мекен, тарапсыз.

 

Шәксіздігін ұқтырып, тапқан Құдай амалын,

Көрсетудің жолын да жақсы білер Жамалын.

 

Кімде-кімнің егер де бүтін болса ақылы,

Хақтың Кәлам26 сипатын ол білуге хақылы.

 

Жаббар Сөзін сен, бірақ, хадис27 емес, қадым28 біл,

Ауыз, тілсіз айтқаны Хақтың оны кәміл-дүр.

 

Ауыз, тілсіз ұғыспас - мұқтаж оған халайық,

Мұқтажсыздық тек қана Жаратқанға ылайық.

 

Алла Сөзі хатталса, ел жаттаса, оқылып,

Адам ұлы, бұл істің хадис деген атын ұқ.

 

Жақсы білгін, бірақ та Хақ Кәламын, мақұл ма? -

Әріп пенен әуез жоқ Ол Кәләмның затында.

 

Жаратылған нәрседе не сипат бар, мысалға -

Бірі де жоқ Жаббарда, барлығынан тыс Алла?!

 

Бір Сипаты Алланың Ирадасы-Қалауы,

Оны білген кісінің жығылмайды жалауы.

 

Түссе бір қыл хайуаннан, тікен кірсе тәніңе,

Хақ Қалауы болғанын ұққын мұның бәріне.

 

Құмырсқаның қадамы көріне ме көзге аса,

Құмның титтей түйірін жел орыннан қозғаса;

 

Мейлі, олардан зор болсын, болсын, тіпті, кішкене,

Қалауынсыз Алланың болған емес ештеңе.

 

Жаратушы-Такуин - бір Сипаты Ұлықтың,

Құдай барлық істерді Жаратушы. Біл. Ұққын.

 

Сіз бен бізді дүниеге Жаратқаны секілді,

Бізбен бірге жаралды іс-әрекет не түрлі.

 

Түбегейлі еркіне қоймаса да тағдырды,

Таңдау еркін біздердің еркімізге қалдырды.

 

Ылайықсыз бүлікті, қылықты да ылайық

Істеп жатыр пенделер артып бойға мың айып.

 

Кеңшілік көп Аллада - сонша таңдау еркі бар,

Жазаға да әркімдер сол ісімен тартылар.

 

Кімнің төмен жалауы, кімнің жарық алауы? -

Барлығы да шүбәсіз Ұлық Алла қалауы.

 

Бірақ бізді Кең Құдай тыйды барлық харамнан,

Таңдау ырқы өзіңде - жесең шүбә-тағамнан.

 

Құдай біздің күнәлі ісімізге наразы,

Жақсы ісіңді ескерер тартылған күн таразы.

 

Кім: күнәға Тәңірі болды ыразы десе егер,

Хәкімдердің үкімі: кәпір дейді!

Кеше гөр!

 

Хақ-Тағала пендеге жасамады еш зұлымдық,

Елшілері арқылы жеткізді оған білім-құт.

 

Неше халық адасты.

Сол хақ-жолдан тайғандар

Зұлымдық қып өзіне екі өмірін ойрандар.

 

Екі дүние азабын тартса Жаббар алдыңнан,

Әділдігі ол Алланың -

ей, адамзат, қаңғырған!

 

Бар жаралыс - жандысы, жансызы да кетпес құр,

Оның мүлкі! -

Ешкімге - еш зұлымдық етпес-дүр.

 

Егер ғафу айласа, Фазылына тап болдың! -

Туралық пен ықылас жолы осы деп шаттанғын.

 

Бұрынғы өткен ғалымдар айтып кеткен ежіктеп,

Тағдыр-тәбділ29 бұл жолдар тым ғажайып нәзік деп.

 

Ешқашан да тағдырдың тап қылмағай ауырын,

Ұлық Жолдан адасып сорлап қалма, бауырым!

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

ТҮСІНІКТЕР

Һай1 - Алла-Тағаланың Тірі деген сипаты.
Сафи2 - Сафиуллаһ, Адамның (ғ.с.) құрметті есімі.
Халил3 - Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың құрметті есімі.
Ад4 - Алла-Тағаланың қаһарына ұшыраған қауым.
Һуд5 - пайғамбар.
Ұлық6 - Жүніс (ғ.с.) пайғамбарды балық жұтқаны жайлы хикая меңзеліп отыр.
Қабы-Қаусайын7 - Ғаршыдағы мақам.
Кәлим8 - Мұса (ғ.с.) пайғамбардың құрметті есімі.
Рухуләмин9 - Жебірейіл періштенің құрметті есімі.
Сидра10 - Әлемнің ең жоғарғы орыны.
Дос¬¬¬11 - Мұхаммед (с.ғ.с).
Мәсіх12 - Иса (ғ.с.) пайғамбардың құрметті есімі.
Хазірет Салих13 - пайғамбар.
Халилдің ұлы14 - бұл жерде Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) ұлы Ысмайыл (ғ.с.) сөз болып отыр.
Тәліп15 - Әбутәліп, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) немере ағасы.
Ләһап16 - Омар, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) немере ағасы.
«Ләуләк»17 - құддыси хадис: «Ләуләкә ләмә халақтул әфләкә» (Сен болмағанда дүниені жаратпас едім).
Уаһи18 - Хақтан келетін хабар.
Мақам19 - бұл жерде Мұхаммедтің Мәртебесі сөз болып отыр.
Даббатуларз20 - Заманақырда шығатын қорқынышты мақұлық.
Қаста21 - ауру, дерт.
Қадир22 - Алла-Тағаланың Құдырет (Толық күші жетуші) сипаты.
Әһілі сүннет уәл-жамағат23 - сүннетті ұстанушы һәм көпшілік деп атауға лайықты болған мұсылман қауымы.
Мағрифат24 - Алланы тану.
Мәула25 - Ұлық Ұстаз, Ие, яғни Алла.
Кәлам26 - Сөз, бұл жерде Хақ-Тағаланың құраны.
Хадис27 - айтылған, яки кейін мәлімденген.
Қадым28 - озалдан, түпбастаудан бар нәрсе.
Тәбділ29 - өзгерулі.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1421
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1253
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1013
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1075