Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3036 0 пікір 24 Мамыр, 2012 сағат 09:15

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Құлжадан Шихудың кірекеш арбасына отырып едім, жүгі ауыр болып, он күнде әрең жеткізді. Шілденің желсіз, қапырық ыстығы Шихуды шыжғырып тұрған шалқар түс уақытында Әмірқанның үйін іздей жөнелдім. Түскен деңімнен кезіккен біреу оның былтыр қарашада қайтып келгенін айтып еді. Қазір осындағы қолбасшылық штаптың қамдау бөлімінде қызметкер екенін де естіп шықтым.

Өзім алдыңғы жылы бір көрген кішкене қақпаны қағысыммен сарт-сұрт басып келген біреу ілгекті ағытты. Бойы менен сәл биіктей өсіп, ат жақты сұрыға айналған Әмірқан көйлекшең, әскери сары галифе сым мен жеңіл етік киіпті. Мені танымағандай, кіруіме жол босатып, босағада тұра қалды. Өзіме таныс сарғыштау көкшіл сұры көзі мен Үрімжідегі тергеуде жырылған құлағына қарап қойып, табалдырықтан аттадым. Шапкысын баса киген, ақ шашты, арықтау «кексе» жігіттің көзіне қарай түскісі келгендей үңілгенде, жүзімді тайдыра өттім алдынан. Су жаңа сұры мешпет-сым, сықырлақ батіңке киген менің әйтеуір оқыған кісі сияқты көрінуімнен болса керек, алдыма түсіп, кірер есікті нұсқады.

Қиыстау қарап тұра қалдым:

- Осында Құдайдың қара тышқан бейнесіндегі елшісін көрген жігіт бар ма?

- А, кімді айтасыз?! - дегенінде күліп жіберіп едім. Жалма-жан шапкымды көтеріп жіберіп маңдайыма қарай сала құшақтай алды.

ІІ

Құлжадан Шихудың кірекеш арбасына отырып едім, жүгі ауыр болып, он күнде әрең жеткізді. Шілденің желсіз, қапырық ыстығы Шихуды шыжғырып тұрған шалқар түс уақытында Әмірқанның үйін іздей жөнелдім. Түскен деңімнен кезіккен біреу оның былтыр қарашада қайтып келгенін айтып еді. Қазір осындағы қолбасшылық штаптың қамдау бөлімінде қызметкер екенін де естіп шықтым.

Өзім алдыңғы жылы бір көрген кішкене қақпаны қағысыммен сарт-сұрт басып келген біреу ілгекті ағытты. Бойы менен сәл биіктей өсіп, ат жақты сұрыға айналған Әмірқан көйлекшең, әскери сары галифе сым мен жеңіл етік киіпті. Мені танымағандай, кіруіме жол босатып, босағада тұра қалды. Өзіме таныс сарғыштау көкшіл сұры көзі мен Үрімжідегі тергеуде жырылған құлағына қарап қойып, табалдырықтан аттадым. Шапкысын баса киген, ақ шашты, арықтау «кексе» жігіттің көзіне қарай түскісі келгендей үңілгенде, жүзімді тайдыра өттім алдынан. Су жаңа сұры мешпет-сым, сықырлақ батіңке киген менің әйтеуір оқыған кісі сияқты көрінуімнен болса керек, алдыма түсіп, кірер есікті нұсқады.

Қиыстау қарап тұра қалдым:

- Осында Құдайдың қара тышқан бейнесіндегі елшісін көрген жігіт бар ма?

- А, кімді айтасыз?! - дегенінде күліп жіберіп едім. Жалма-жан шапкымды көтеріп жіберіп маңдайыма қарай сала құшақтай алды.

- Міне, Биғабіл! - деп кіргізді үйіне. Алдымнан шешесі, арт жағымдағы қарсы үйден әпеке-жездесі шығып үйіріле амандасты.

Әмірқанға Үрімжіден айрылысқаннан бергі жайды шәй іше отырып қысқаша сөйлеп бердім. Жездесі күрсіне түрегеліп, сыртқа шыға жөнелгенде, ауыз үйге әпекесі шығып, тамақ дайындығына кіріскендей болды.

- Әйтеуір көзің мен маңдайың қалпында қалыпты, Биға! - деп қызара күлімсіреген Әмірқан көзін сипап қалғанда, кәрі шешесі парлатып жіберіп, бетін орамалына баса қойды.

- Бұл жерде өзің тергелмедің бе? -деген сұрауыма Әмірқанның қайтарған жауабы күлдіріп жіберді:

- Шешем - аю, жезделерім - жолбарыс. Бұлардан мені әкете ала ма? Сақшыға өздері жауап беріп қайтарады да, өздері талап етіп, қызметке орналастырды.

- Үрімжіден қалай өтіп едің?

- Бар дәулетім - жезделерім емес пе? Таудағы бір жендет жездем барып Үрімжіден ала қашпай ма? Сенімен айрылысардағы уағдамыз бойынша Манас майданына қалуыма да көнбей, бөктерлей тартып отырып, шешемнің алдына бір-ақ түсірді.

Бір жайды сұрасаңыз қарсы сұрау қоя сөйлейтін әдетін әлі тастамаған қайсар Әмірқанға қызықтай қарадым.

- Ынтықбай, Серәлі, Салықтар менен кейін өтіп, осы үйде үш-төрт күн жатып қайтты, -деп тың хабар бастады ол, - үйлеріне аман жетіп, қызметке орналасып алыпты, бәрінен хат келді!

- Адрестері анық жазылып па... көрейінші?

Басқа да бірнеше сабақтастың адресі бар екен. Юсуп Қасым айтқан жоғары басшыларға «төңкерістік күшті ұйым құру» талабын көбейту әдісі табыла кеткендей болды. Бәрінің адресін қойын дәптеріме жазып отырғанымда, бір құмыра арақ алып, саңғырлай кірді әлгі жездесі. Енесі сыртқа шығып кетті.

- Мына тентекті бірнеше қатерден сақтап қалғаныңды естіп едім бауыр. Өз аузыңда қалған жалғыз тамшы түкірігіңді де емізгеніңді қалай ұмытайын! - деп күліп жіберіп күрсінді, - екі жас қана парқың болса да ең қамқор ағасы болыпсың! Үй ішімізбен ескеріп отырамыз. Сені осы үйге бір келтірсем деп жүр едім. Дәм айдап өзің келдің. Тағы бір ауыр қинаудан келіпсің, ер жігіттің басынан не өтпейді...

Осылай мөртін таба құйылған арақтан тағы бірді қағыстырып жіберіп едім, қазіргі ішкі ахуал жайында сөйлей кеткен дәрігер жезде жаңағы менің ойымдағы талаптың дәл үстінен түсті, «тура төңкерістік ұйым» көзқарақты, оқыған жұртшылықтың ортақ талабына айналып кеткен екен!

- Сен сияқты азаматтардың екі жақтан бірдей соққы жеген себебі де сол, қуаты жетерлік әшкере бір ұйымның болмағандығынан! -деп бір кідіргенде:

- Тездете ұйымдасып мұндай жуан-жуан қара күштерді шектемесек ол жіңішке қыршындарды қиып бітіреді, - деп мен қостадым, - әкімшілікті тағы да гоминдаңшыға айналдыра салады. Біз істі дұрысына тартпай тұра алмаймыз. Сонда сүйенетін ұйымымыз болмаса, тұншықтыра салу оларға оп-оңай!

Арақ ішуге жас шарты толмай отырған Әмірқан төңкерісшілдік шартын бізден асыра толықтады:

- Бітім сылтауын пайдаланбақ болып отырған гоминдаңға алдырып қоймауымыз үшін төңкерістік мұндай ұйым тіпті керек емес пе? Егер басшылар ұйымдастырмаса, өзіміз-ақ ұйымдасамыз.

Сөйтіп, төңкеріс басшылығына талап қоюшыларды Шиху ауданынан ұйымдастыруға жездесі де құлшынды. «Ұсыныс хат» жолданатын адресті айқындап жазып бердім. «Күн жарығын көрудің» осы талабы жөнінде әр аудандағы сабақтастарға Әмірқан екеуміз екеулеп хат жазуға кірістік...

Ертеңіне таңертең қызметіне кеткен Әмірқан сағат ондар мөлшерінде үйге жүгіріп кірді. Қолында шиыршықталған «Төңкерістік Шығыс Түркістан»  газетінің екі санын алдыма тастай салып отыра кетті.

Гоминдаң үкіметімен жасасқан он бір тармақты бітім жайында Ахыметжан Қасми жазған жарнама сипатты мақала басылған екен. Осы бітім арқылы «Шинжаңдағы барлық ұлт халқының теңдік мүддесін қорғауға» міндеттеліп, «Шынжаң өлкелік біріккен үкімет» құрылғандығын жариялапты. Шынжаңда баянды бейбітшілік орнауы үшін демократия толығымен іске асырылуы шарт екенін баса көрсетіпті. Қарсы жақтың бұл принципті орындау-орындамау жағдайын бақылап, бүлдіруіне төтеп беретін күшіміз - ұлттық армия өз қалпында, өзі жеткен орындарында сақталатындығын оқығанда ғана тиянақ тапқандай болдым. Соңында гоминдаң өктемдігіне қарсы барлық халықты ымырасыз төңкерістік қырағылыққа ұлт атауын қоспай шақыруы... ұтымды да жағымды сезілді.

Әмірқанға қарасам бас терісі аузына түсіп отыр екен. Алдындағы газетіне үңілдім. «Біріккен үкімет» құрамын жариялаған мақаланы оқыпты. Үкімет бастығы: Жаң жыжүң, орынбасарлары: Ахыметжан Қасыми, Бұрһан Шаһиді. Бас хатшы: Лю Миңчүн, орынбасалрлары: Әбдікерім Апбас, Сәліс...

- Көрдің бе, біз жақтың бәрі орынбасар, - деп қынжылды Әмірқан, - ұлттық армия Манас жағасында тұрып қалмай, Үрімжіге басып кіріп сөйлессе бұлай болмас еді ғой?

- Осылай боларын біз былтыр күзде-ақ айтқанбыз, Әміш!... Бас қолбасшылыққа бір кітап арыз да жазғанбыз. Әйтеуір мына «әпендіміздің» сөзінде сәуле бар екен, ұлттық армия жеткен жерінде сақталады; ашық көзі бар, қайраты молырақ ұйым құрылар... соңын күтелік...

Сөйлесе шығып, базарға бардық. Батыс жақ жарымы соғыста түгел күйреп кеткен қаланың ойрандалған күйік шеке дуалына бір жігіт шығып, айқайлап тұр екен:

- Есіл Шиху! Сені азат ету жолында құрбан болған қаһармандарым!...  Көл болып төгілген қан! Мыңдаған асыл достарым!... Сендердің қан-жан бодауларыңа келген үстемдігіміз жаудың жемі болғаны ма?... Тілінен шыққан тәтті заһарына уланғанымыз ба?... Қайда қалды тарих кегі. Қайда... қайда қалдың халық ары!... Отан зары ілінбегеніме құлаққа!

- Әне, анау бітімге наразылық жариялап тұр! -деп Әмірқан елеңдей ұмтылды.

- Ей, сен массың, түсіп кет, - деп ақырды біреу.

- Мас болса қазықтай дуалда бұлай тұра ала ма! Сөзі дұп-дұрыс! - деп бір өктем дауыс қарсы ақырғанда маңайындағылар дабырлап, даңғырлап ала жөнелді:

- Сөйлесін, соғыста жан қиған адамға бір сөйлеп алуды қимаймысың!

- Өз халқына айтпай кімге айтпақ бұл зарын?

- Сөйлей бер, қайткенін көріп аламыз! -деседі.

- Ей, халайық, жүрегі мәлім гоминдаңға Ахыметжан алданады деп ойлайсыңдар ма? -деп енді бір шашты жігіт жыпылықтата сөйлеп кетті, - неше мыңдаған қол бастаушы Ысқақбек, Дәлелқандар алданбақ па? Алданатын адамды олар жібермек пе?... Жеті қабат сұмдығын көріп, жаудың ажал қазанынан әрең құтылған мыңдаған саналыларымыз алданбақ па? Қойыңдар бассыздықты!

- Е, бас деген осының өзінде ғана болды, жүр, өтіп кетелік! - дедім де, жиылған халық арасынан Әмірқанды жетектей жөнелдім. Күйтіндегі Баянбайдан былтыр Шихуда деп естіген туысқаным есіме түсе кетті, - Әмірқан ей, осында, қала ішінде тұратын Қойбағар дейтін шалды білемісің?

- Білемін. Үйі тас жолға шығатын көшеде, ол нең еді?...

Оңтүстік жақ шеткі көшедегі бір ашық ауладан көрсеткен есікке кіріп барып едік, кішкене кезімде көрген аңқылдақ жеңешем жалғыз отыр екен, ұшып тұрды, Биғазыға ұқсатқандай, тани кетті:

- Япыр-ау, Биғанбысың? Әкең иманды болсын! -дей салмасы бар ма? Төріндегі сырмаққа жете етбетімнен түстім. Аңғалдықпен тосын айтылған мына «көңіл» көк болат найзадай түйреп еді. Жүрегім оқ дәл тиген елікше ыршып қалып омақасқандай болды. Енді бір сәтте тіршіліктің сол тетігі тілініп кеткені қайта сезілгендей бүріп, қолым да, аяғым да бауырыма тартыла берді.

- Бұлай неге тосыннан айта салдыңыз! -деп Әмірқан кейіп отыр екен.

- Қайдан білейін, балам-ау, үйінен келген екен деп қалыппын.

- Ол кісі қашан қайтыс болыпты?!

- Біз үшінші айдың бас кезінде естідік, сүзектен кетіпті... Былтыр күзден бері сүзек қатты тарады ғой?

Егіле, езіле солқылдадым. «Бар тілегін маған арнап, жан жүрегін маған жайған есіл әке, бар үмітін маған артушы еді ғой?... Сол «құлынының» өлі-тірілігін де біле алмай өткені ме?!... Өмір бойына жоқшылық тақсыретін тартып келсе де, қай бейуазға тарыдай зәбір тигізіп еді?!... Қара жүрек қатал тағдыр, тым болмаса соңғы минутында қасында болдырмағаның ба!... «Бармын әке» дегізбей, барлығыма сенгізбей, көз алдында басымды бір игізбей, бітпес өкініш, өшпес күйік уын тағы құйғаның ба жаныма!... Көргенінің барлығы көрдей түнек болып келіп еді ғой, ал мен күйіктен басқа не бердім, не пайдам тиді?...»

Бірнеше адамның көңіл-тоқтау айтып отырғаны еміс-еміс сезіледі. Көзі өшкіндеп бара жатқан үзілер кезеңде, кеберсіген ернін әрең қымырлатып, арман айтып жатқан әкем ғана айқын «көрінеді». Жайылған дастарқанға да, иілген бастарға да қарамай, қарауға мұрсам да жетпей шыға жөнелдім. Өзім  алғаш түскен деңге барып едім, Дөрбілжін  жаққа жүретін арба жоқ екен. Бірер күн аялдауға көндіре алмаған Әмірқан мен бір-екі туыс жігіт арба іздеп тұс-тұсқа жүгірді. Әмірқанның жездесі келіп, жүйрік тілмен көңіл айтты да, үйіне жетектеді...

Кешке жақын жалғыз атты арба табылып, сол үйдің қақпасы алдынан түн қата аттандым. Жолаушысы жалғыз мен ғана, Әмірқанға жақын біреудің арбасы екен. Шешесі барып, разы болар ақысын бере жалынып көндіріпті. Қанша қузағанмен жаны бар аттың оттауы, тынығуы керек қой, ол тыныққанда менің тынышым кетеді. Тынысым тарылып барып, көз жұмамын. «Әйтеуір аман қайттың ба құлыным» деген әкемнің үні естіледі. Қыблаға қарап жүгініп, мен үшін намаз оқиды. Отыра қалып, кішкенесінше алдына алады. «Биылша үйден шықпа, күшігім» деп аймалайды. - Арақ ішсең іш, тамақты көп жесең болғаны, саған келетін күнәнің барлығын өзім көтеремін, Құдай алдында жауабым дап-дайын!...»

Көз жасым сорғалап, үнсіз жылай түсемін арбадан, бет алдыма жүріп кетемін. «Осы ықыласың үшін не пайдам тиді әкетайым!... Қай киіміңе жамау болдым!...» - арбакеш ат жегіп шақырғанда бір-ақ қайтамын.....

Осы зармен езіліп-үгіліп, Дөрбілжінге бір аптада жетіп едім, үйімді Маралсу бойынан, қара құрым киіз үйден таптым. Жарас апарып салды. Көзім жұдырықтай болып ісіп, шашым ағарып келуінен білген шешем жылатпай қойды. Өзі де ширап алыпты. Аға-бауырлардың бәрі де, қайғы-қасірет көрсетпей, «күлімдеп» құшақтасты.

- Әйтеуір, өзің аман қайтсаң болмады ма, әкеңнің тілеуі қабыл! -дейді шеше.

- Ой, ынжық! - деседі ағалар көзіме қарап қойып. - Өзіңнің тірі қайтуың - әкеміздің тіріліп келуі емес пе?... Сен олай-бұлай болып кетсең ол кісі шынымен өлер еді, ауыра салысымен сенің амандығың үшін өзін құрбандыққа үш рет атаған!

- Қашан жан үзгенге дейін сені сұрап жатты, қырау! - деп Биғаділ турасынан тастады бір шақта. - «Келді ме», «келді ме» деп сұрай берді. Апам бізге: «қиналмай үзілсін, келді деңдерші» деп күбірледі соңында. Біз: «Биғабіл келді», «аман келді» деп дабырласып едік, көзін бақырайта қарап, аузын екі-ақ ашты да, үзілді!...

Осыны естігенде өзімді тоқтата алмай еңіреп жіберіппін. Бәрі жабыла ұрысты Биғаділге, зорланып ширап, тоқтата қойдым. Байқасам бәрі де жүдеу екен. Салмақпен сұрай отырып ұқтым; Биғайшадан басқасы сүзекпен түгел ауырып тұрыпты да, ең соңында әкем жығылып, өзі ғана кетіпті.

Қабақтарына қайғы болып үйіріліп тұрған басқа жәйттерді келісіммен айтып ауырлатпауға бекініскен екен: Оспанның күйеу болмақ ұлы да өліп, біздің үйге баққызған отыз ірі қарасы жұттан қырылыпты. Менің Шихаңзыдан мініп келген кері атым ұры қолына түсіп, Шағанобаға өткізіліпті. Қолдарында жалғыз сиыр ғана қалып тотиған соң, «қырсықты жұрттан» көшіп, осы таныс елі арасына - Маралсуға қайтып келіпті.

Зіл қасірет алдында бұл хал маған қайғы болып сезілмеді. Көңіл айтып, құран оқушылар қатарында Оспан молда да келіп көрісіп, ұзақ бір сүрені сыңғырлатты. «Е, Биған, инсанға тумақ - сүннәт, өлмек - парыз, бәріміз де осы бес күндік жалған дүниенің мейманымыз. Бақи дүниеге кетпейтін кім бар дейсің, қайғырма!... Артыңда өзіңдей балалары қалған Жәкеңде арман жоқ. «Атадан бала туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» депті. Иншалла, мұнан кейін өзің барсың орнында, істей алмай кеткен ісін өзің істеп, бұл дүниедегі ар-намысын өзің қорғайсың. Ата қарызы - Алла қарызы... ол дүниеде жүзі жарық болсын» деп қайтты.

«Жыланның аяғын» ғана емес, «қарасанына» дейін «көрген» бұл қудың «ата қарызы» деуінен атадағы «қарызын», баласынан өндірмек емеуіріні сезілсе де сескене қоймадым: «оның жұттан қуалап әкеліп тастаған малы Сарбаста емес, Орқашарда тұрса да қырылмас па. Қайта, Орқашардағы мал тез қырылыпты ғой! Әкенің бұл көңілшектігі маған түгіл, өзіне де қылмыс болмас, адалдық қасиет қой!»

Менің қайтып келгенімді естіген Төлеуғазы да «көңіл айта» келді. Үрімжіден әкелген шәйіменен қуаттанып алғанын киімінен де, шырайынан да көрсете жетті.

- Биғаш, «арналған киім тілеу тілейді» деген рас екен. Сенің қолды болып кеткеніңді естіген соң, былтыр менен киген етігіңді жалтыратып майлап сақтап едім, тілеуі дұрыс шықты. Аман қайтса өз қолыммен тегін кигізейін деп сақтағанмын... Өзің қаралы-жаралы болып қайтыпсың. Сен болмасаң барлық шәйім қарақшының қолында кететінін немесе жолда қалатынын ақымақ ағаң кейін түсінген... Өзім де қатты өкініп жүр едім... -деп жылпылдады.

- Сол етік сөзін соза берме, Төлеуғазы! - деп түйіле қарадым, - көңіл айта келсең рахымет, «етік кигізуге» келсек, қайт, керегі жоқ маған!

Мінезіме таңырқағандай аңыра қарап алған Төлеуғазы қайтадан маймөңкеледі:

- Биғаш, сен құтқарған сол шәйларыммен, Құдайға шүкір, байып алдым, сомам молайды. Бір шәй орташа бір өгізге өтті де отырды... Қайтыс болған аяулы ағамызға «бата оқырлығым» үшін... төрт өгізге ғана келген сол бір етікті қимаймын ба, тілеулі етік қой, өзің ки.

Ызадан маңдай терім бұрқырай қалды. «Не деп отыр мынау» деп жан-жағыма қарасам, үйде ешкім жоқ екен. Далада шәй қайнатып жүрген шешемнің қасына шықтым:

- Апа, мына аш бит бірдеме әкеліп пе еді?

- Сары қағазға ораған бірдеңені кебеженің үстіне қойған. Ашып көрмедім... не дейді?!

- «Төрт өгізге ғана келген бір етікті» бата оқырлыққа әкелген бе?

- Не деп тұрсың қарағым-ау?... Неге келген болса да «бата оқыр» деген қазақ салты емес пе?...

- Қой апа, бұл қазақ емес, қан сорғыш қандаланың дәл өзі! - дей сала үйге кіріп, буыншағын ашып қарасам, сол пәлелі етік пен бір бау қант екен. Сыпайылық үшін бір бау қантын шығарып алдым да, етікті қайта орап апарып, белдеудегі атының қанжығасына байлап кірдім:

- Менің «жаман» әкемнің бата оқырына «төрт өгіз» кетпейді, өз иманы өзінде, батаға да зәру емес! Бір бау қантың азалық құрмет есептелсін! ... Жетті, рахымет!

- Биғаш, жаман ағаң сөзге шорқақ қой, «төрт өгіз» деген сөзді қосып қателесіппін кешір!... Шын ниетіммен әкелгенім еді, ұсынған қолды қайта серпімей, алып қалшы!... Адамға адам керек екенін түсініп келісім, бұл даулы етік десең, маған көрсеткен жақсылығыңды басқасымен қайтарамын, ренжіме маған!

- Ренжіген мен емес, ренжіткен сен едің, екеумізге де аян ғой. Осы етік жайында жанаса кеткен жерімнен жанымды суырып ала жаздамап па едің, «төрт өгізді» тағы да атап кесетіп отырсаң қайтпекпін!

- Айып менде, айып менде, - деп қарқылдай күлді Төлеуғазы, - бұл жолы шын ниетпен жақын болуды көксеп келіп едім, сол жолдағы айыбымды өтеп сендірмесем болмайды екен!... Сен білетін азаматымызсың ғой Биғаш, әйтеуір аман келдің. Енді билікті бір қызметке шығуыңа сөз бар ма?... Өзің көп қайғырмай көңілді жүр! Кімнің әкесі өлмеген, артында сендей баласы қалған әкеде арман жоқ, бәрінен денсаулығың керек!

Төлеуғазы шәй ішіп қана, тілеулестігін, айыбын танитындығын білдіріп қана аттанды да, мен оның тілеулес-жақындығының да, айыбын-иманын тануының да «билікті» қызмет алуымда ғана екенін біліп аттандырдым.

- Елдің билікті-силықты қызмет дегеніне елікпе, қарғам, - деді шешем ол кеткен соң, - әділін айта салатын азаматқа мәнсап тұрақтағанын көргеміз жоқ. Әр қу келіп миыңды бір қажай бермесін, өз денсаулығыңа жайлы бір қызмет табылар!... Әйтеуір бұрынғыдай жалшы, кедей болмайтын сияқтымыз. Жалшының ақысы да бұрынғыдай құрдым емес....

Помещик жаңгүдейлер кеткен соң олардың жеріне ортақтасып егін салып алушыларға рұқсат етілген екен. Биыл Бигелді де, Биғазы да күш-көлігі барлармен ортақтасып егін салуға кірісіпті. Бұрынғы жалшылардың көбі осылай ортақшы болып кете беретін болған соң, жалақы да өсірілгенін айтты шешем.

Қарындасым басыма жастық қойып, көрпе төсеп берді де, шешем жалғыз сиырынан ұйытқан айранын бір жағыма, қаймақ-тарысын бір жағыма қойды. Әкемнің домбырасын ірге жағыма сүйеді:

- Дем ал, ішің пысса кітабыңды оқи жат, ешнәрсе ойлама!...

Осылай «ойлатпай» төрт-бес күн тынықтырған соң ғана тағы бір ауыр қазаны естіртті: Бағдарқан да өлген екен. Оның да аларлық құны, қайтарарлық кегі қалды дүниеде - шемендей толып шері қалды! Көңілін сұрай барғанымда Нұрасыл жайын біліп тапсырыпты. «Қайғыра бергенім қайсысына дес әпермек, жаурай берсең жау иілер ме?... Санадан солып, қурамай шыдауым керек..... «Тұрмыс - күрес» деген ғой!... Күрес, күрес, күрес!... Күйремеу үшін тек күресе біл!... Алдымен өзіңдегі күйреуіктікпен күрес!...»

Басымды көтере сала киім ауыстырып, көнетоз сақшы сарымды кидім де, сыртқа шықтым. Күн тал түске көтеріліп, шыжыған уақыт болса да, өзен бойының жасаңы жайлы дым лебімен ыстықты серпіп тұр. Ерте тұратын шешем мен Биғайша дем алып үйде жатыр. Биғаділ ағаларының егін суаруына көмекке кеткен. Шешемнің тезек теретін қабын қаттап-қаттап қолтығыма қыса жөнелдім. Жар қабақтан шығып, қалың шиге кірген соң ешкім көре қойған жоқ еді. Кере қап тезекті көтеріп, бір тұстан қайта түскенімде тұмадан су алуға келген құрбылас қызыл сары келіншек қарап тұр екен. Баяғыда орысша сауатсыздар курсысынан менімен бірге оқыған Бектемірдің жаңа түскен келіншегі.

- Мұның не, ей?! -деді.

- Мұным осы, танымайтын затың ба еді?!

- Үрімжіден оқып келген өнерің осы ма дегенім ғой!

- Өнерім көп, бәрін де біліп келдім, қайсысы керек еді өзіңе?

Сыңғырлай күлген келіншек сөзінің орайы енді келгендей тез сөйлеп қалды:

- Шашың ағарып келіп бүк түсіп жата беруіңнен шал болып, бітіп келген екен десем, білетінің қуантты ғой!

- Шын қуансаң шыжымымды босата салайын...

Бірге отырған екі-үш үй түскі дамылдан тұрған екен. Тезек теріп келгеніме бір кемпір аңыра қарап тұра қалды:

- Қарағым-ау, мына ыстықта тезек тергенбісің?!

- Қайрат тергенім ғой апа, мұның аты - айығу!

- Бәсе, ақылды едің ғой қарағым, қайраттанғаның жақсы!

- Қайтсын байқұс бала, қайғыға басыла бермейін деп істеп жүргені ғой! -деп оған іргелес кемпір күрсіне күбірлеп тұрғанда, үйден шешем шықты:

- По, балам-ай, мұның не мына ыстықта, тезек деген әне, жал болып үйіліп жатпай ма?... Сен кіріспе бұл боқтыққа!

- Мұныңыз - тәтті ұйқыдан безіп жүріп, құзғын сәріде суды кешіп жүріп жиған боқтың тапасы, еңбектің ең жапасы, мұны енді қой, апасы! Менің тергенім - айығудың санасы, жұмыстың сарасы, «сарасы» болатыны - қаралы шешені тірі сақтай тұрудың шарасы. Енді қой, апасы!

Тыңдап тұрғандар құптай күлді. Шешем де күле итермеледі мені үйге. Алғашқы кемпірге қайтарған жауабымды оның өзі сыртта басқаларға қайталап айтып түсіндіріп тұрғанда, шешем мені шектеуін үйде қайталап айтып түсіндірді.

- Балам, «дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» деген. Қазірше жақсы киініп, жақсы жүр! Оқып келген баласы боқ шоқып кетіпті демесін!... Дұшпан ұстатқан нахақ түрмеден келдің. Ақталып келгеніңді көрсет, ізіңе түсетін дұшпаның көп...

Ертеңіне таңертең тұсымыздағы үлкен жолмен өтіп бара жатқан арбаға отырып қалаға келдім де, алдымен Бағдарқан марқұмның үйіне барып көңіл айттым. Шешесі Нұрасыл өлімі жайында туыс-туғандарының, достарының ізденіп жүргенін жылай отырып сөйледі. Қырлы, мықты азаматтардан Құрышбек, Кеңесбайлар алдыға түсіп, Жолдыбай, Қанас сияқты тілді ақсақалдарға Бағдарқан жазған арызды көтерте, көп адам қосылып ізденіпті. Махкама шарғияға да, қазіргі аудандық үкіметтің сот-тергеу қызметін істейтін халық бөліміне де кірген екен. «Тексерейік» дейтін жауапты да толық ала алмай торығып шыққанын айтқан қарт ананың зарына шыдай алмадым, бір шыны шәйді әрең іштім де, Құрышбекті іздей жөнелдім.

Тамшылық жұмысынан түскі тамаққа қайтқан үстінен дәл түсіппін. Менің Іледен қайтқанымды естісімен үйге жылай жетіп құшақтаған қайратты аға тағы да құшақтап апарып, төріне отырғызды.

- Өлген адам өлді, тірі қалғаны тірлігін көрсету керек, келгенің жақсы болды, -деп бастады сөзін, - өлгеннің жалғасы - тірісі, өндіре алмай кеткенін тірісі өндіреді. Бұл тірілер өндіре алмаса, одан қалған тірілері өндіреді... әйтеуір өндіреді. Өлмейтін, тіршілігі бар, күшті аталатын халық осылай болады, Биған!.... «дау арымайды, алтын шірімейді», біздің аталатынымыз алтын емес, жан алғыштың жаны! Нұрасыл құны жөнінде үкіметтен осыны талап еттік. Бізге өз рулас азаматтарымыз ғана емес, осындағы бар ұлттан жоқтаушы азаматтар ілесті. Адам жегіштері Кәкім байды қорғады...

- Не дейді сонда, қалай ақтайды?!

- Махкама шарғиясы: «арақ ішетін адамның өлімі тексерілмейді» деді. Одан бүкілдей түңіліп шықтық. Халық бөлімі: «ол маскүнем екен, мас болып барыпты да, батпақты қара суға құлапты» дейді.

- Не дәлелі бар оның, мастықтан жығылып жүргенін кім көріпті?!... Дәрігердің анықтау қағазын көрсеттіңіздер ме?! Денесіндегі темір шоқпар таңбаларын Қарасудың бақалары сүзіп түсіріп пе екен!

- Көрсеттік, айттық қалқам, айттық! -деп Құрышбек ызамен аралас мырс-мырс күлді.

- Нұрасылға Кәкімнен басқа, оның жалдаған жендеттерінен басқа өш адам бар ма екен, тексеріп көріп пе халық бөлімі? Гоминдаң өлтірген болса, атқан мылтық иә шапқан қылыш ізі болмай ма?

- Айттық, «басқадай өштескен адамы болса осындағы халықтан сұрап, айғағын тауып, мастықтан өлсе оның дәлелін тауып беріңіздер! Ондайлар табылмаса ердің ажалы Кәкімнен болғанына біздің дәлеліміз көп» деп, білетініміздің бәрін шұбырттық. «Әлі де тексеріп көрерміз» дей салды соңында. Бұл - жеңілгеннен айта салған ғана сөз бұйдасы. Кәкімнің гоминдаң жендеті екенін, жендетін мәнсапқа гоминдаң ғана көтеруге тиіс екенін айта бергендігімізден болса керек. Былтыр Мыңбекті қызметінен босатып қана қойды. Сонда да оны «құрметті кісі» атап, қорғаушыларын тіпті көбейтіп жатыр. Мол пара жеген бір бастық бар сияқты.

- Олай болса, бастық атаулысына ескертіп қоймадыңыздар ма?...  Қан ішкен қарақшыны қорғаушы да қан ішкен есептеледі, факт буып тұрған Кәкімді кім қорғаса, ертең күн ашылғанда сонысымен бірге өзі де бірге құртылады. Осыны ептеп қана ескертіп байқадыңыздар ма?

- Мұны добалдай қып кім айта алар? -деп күлді Құрышбек, - қанша есептесе де тым қышқыл ғой, құйрығынан түйреп шамдандырып алмайық дедік.

- Шамданса шамдансын, мен айтайын! Сессіз серт айтылмайды, Кәкім де сеспен айта жүріп, сертін орындады. Біз сонысын ғана өзіне қайтарамыз!... Дәлелге бедел емес, дәлел ғана төтеп бере алмақ. Бізді тойтара алатын дәлелі болмаса, күн көзін ешқандай ұлық алақанымен жаба алмайды. Халықты гоминдаң да құрта алмаған, халықты құрта алмаса, дәлелді жаба алмайды!

- Осыны айтсақ та құлағына асар ма қазір?!

- Құлағына аспаса да құлақтансын. Көпті, заманды құрта алмайтынын біліп, құрсағымен ақылдасады!

Құрышбек разы болғандай қарқылдап күлді:

- Жә, онда былай болсын, сен бұл іске кіріспей, сыртта тұр; осыны өзің айтқандай тәптіштеп жазып берсең болғаны, аяғына қоятын көп қолды мен құрайын.

Дайындап қойған сөзімді сол жерде жазып беріп едім, басын изей түсіп, сылқ-сылқ күле түсіп оқып шықты:

- «Ептеп» дегеніңе мен біз сұғады екен десем, жылқының майындай сіңіртіп, бүкіл денесіне қатер жүгіртіпсің-ау! Сенделектер-ақ. Жарапсың қалқам, жарапсың, аман бол!... Тергей алмайтын нанымды ескерту болыпты. Осы бойынша тағы бір қузап көрелік...

Тамақ ішіп, түс ауғанша тынығып алдым да, қызыл көпірден өтіп, соғыста күйреген ана мектебіме қарай аяңдадым. Былтыр жазда болған төңкерістік соғыста бүкіл майлы-жайыр теріскейіндегі аудандардан осы мектеп қана шығындалғанын естігенмін: тұс-тұсынан төнген шабуылдан қысылған сары аяқ жендеттер қаланың басқа жерінен пана таба алмай, дөңдегі темір шатырлы берік мектепке бекініп алыпты. Шатыры мен терезелерінен пулимет сақылдатып алдырмай, көп бөгепті. Ұлттық армия полкы мен партизан қосынының бөгелетіні ішіндегі мың шақты сары аяқтың қуаттылығы емес, аты бар аяулы мектептің қымбаттылығы болыпты да, қимай тұрып қалыпты. Аяулысын аяса, оны далдаланған ажал қирата беретінін түсінген соң ғана көзді жұмып, бір тал мина жіберген екен. Мектеп түтіні көкті, жалыны жауды басып, бір-ақ құлапты.

Күйреген керпіш, күйік топырақ төмпешіктерінің біріне шығып тұрып қалдым. «Алтын бесік ана мектеп, дал болып сен қалыпсың, шал болып мен қайтыппын, -деп дауыстап қалып едім, сол сезім екпінімен сөзімді жалғастыра түскім келді, - сенің ашқан көзің міне, менің басқан ізім қайда?!...»

- Көзің барр-ақ екен! - деп арт жағымнан біреу күліп жібергенде жалт қайрылдым, Ораз екен, - басқан ізін сұррайды тағы да! -дей келіп құшақтады. Әкеме көңіл айта беріп, көз жасын мөлт еткізді.

- Жылама, жылама... мен бұл суды тауысып алғанмын, қойдым жылауды!

- Жүрр үйге, - деп қолтықтап ала жөнелген Ораз біраз үнсіздіктен соң сөйледі, - мына дуалмен қорршалған, осы мектебіңнің жатақханасы емес пе еді, қазірр баталион казаррмасы болып тұрр. Осы жатақхананы босатып беррсе де осындағы ең жақсы, ең кең мектеп боларр еді!...

- Өй, «р» байқұсты әлі жаныштап жүрмісің?... «и» ды құртып болып, осыған кезіккен бес-алты жылыңның ішінде неше миллион «р» ды ысырап қылдың, жетер енді?!

- Менің тілімді мазақ ете беррсең, түрмеге кете берреді екенсің, сен де қой енді шыррағым... жә, бұл рреткі түррмеге қалай түстің, соныңды айтшы!...

Әңгімелей келіп, қақпасының алдына тоқтадық. Желкесіндегі потайдың керпішінен тағы бір үй салып алған екен.

- Осы потайдағы құзғындардан қорқып, біз де қыррға шығып кеткенбіз. Сенің әкеңе шешемді қосып жіберріп қайттық, - деп мұңайған Ораздың қолын енді мен алып, көңіл айттым. Сырттан дабыр естіп, баласын құшақтай шыққан келіншегі үйіне қайта кіре жөнелді, - әне, қатын сені құшақтап көррісу дәмесімен кіррді. Жаңа мен жылайын дегенде жыламай қойып едің, жыламасаң да осы құшағын пайдалансаң қалай! Әкем қыррға кеткен!

- Қой мылжыңды. Балаңның бауы берік, өмірі ұзақ болсын, төлеуі бар өлімнің арманы жоқ...

- Ей кемпір, ей! - деп үй жағына дабыстай жөнелді Ораз, - мына ынжық байыңды арртынан аңдып келе жатсам, өрртенген мектепке келіп, «сен дал болыпсың, мен шал болыппын» деп жылады. Бассал да көрріс, жоқтауыңнан екі добалдай адамның өліміне жыламаса, обалың маған болсын, боздат!

- Соңынан мен сөйлей кірдім келіншекке:

- Сен жылатсаң, мен мүлде уанбай қоямын,  астыңа түсіп те, үстіңе шығып та жылай беремін. Көріссең пәлеге қалғаның!

Төсегінің алдына бір тізеленіп алып, расында боздатуға дайын отырған келіншек орнынан күле түрегеліп, құшақтаса келіп амандасты.

- Сонда да шүррлерін жібермеуін қаррашы! -деп Ораз отыра кетті. Баласын құшақтап сүйе барып, төрге жүгіндім. Бұл отырысымнан құран оқуға дайындалғанымды білген келіншек дастарқан әкеліп жайды. Мен, құран орнына қазақша сөйлей жөнелдім:

- Марқұмдар біздің тоқтаусыз жылауымызға лайық, ең қадірлі ата-ана, біз үшін жандарын жайнамаз етіп, біздің өмірімізді ғана тілеп өткен, біз үшін ең ұмытылмас ата-ана. Көп жылап, сол тілектерін селге кетіре жаздадым. Сендер де селге кетірмеңдер! Арттарына - құлындарыңа өмір-береке берсін, Аллаһуакбар!

Оқыған құраным осы ғана. Қабыл болып дәл тигенін жалғыз келіннің солқ-солқ ете түсуінен түсініп бет сипадым. Бетін Ораз да ықыласпен сипап, дастарқан жиған соң қалжыңына қайта басты:

- «Сен дал болыпсың, мен шал болыппынды» осы қатынына айтарр-ақ деген үмітпен көррістірмек едім. Амал не, топырраққа айтқанша, дәл тиерр жеріне айтсаң, мен де жылар едім ғой!

«Ерлі-зайыпты» екеуміз бір-бірімізге қарасып алып, қатар күлдік. Қып-қызыл келіншек құлпырып-жұтынып тұрса да, оның бала тапқаны рас та, менің шашым ағарып, шал болып қайтқаным рас қой!

Мұнан соң қалжыңды тоқтатып, алдағы іс жайын әңгіме еттік. Ораз әлі өзінің жеке жұмысында жүр екен. Қызмет сұрануға «пәле-жаладан» қорқатын әкесі көнбепті. Мен қызметті әкімшілік саласынан талап етіп, халық бөліміне орналассам, өзі адвокаттық  істеуге әкесін көндіре алатындығын айтты.

- Сәрсен Саясатты халық бөлімінен түсіріп, қазақ ерлерр мектебінің ғылми меңгерушілігіне шығаррды. Сен енді халық бөліміне сұрран, - деді ол, - тамырр, сен мықты істей аласың, далдаңа мен де баррайын. Қарра жұдырықтаррдың төрешілдігінен күн көрре алмайтын сияқтымыз!

Оны жеке баспен ешкім жеңе алмайтындығын Құлжадағы ахуалмен қосақтап айттым да, төңкерістік әшкере ұйым ғана шектей алатындығын түсіндірдім. Сөйтіп, Дөрбілжіннен де соны талап етушілерді ұйымдастыруға келістік.

- Мен нерв жағынан әлсіреп қалдым, «шал болдым» деп бекер «жылағаным» жоқ, - деп күлдірдім сонан соң, - әркіммен шармаяқтаса бермей, тыныш қана оқытушылығымды істемекпін!

- Сәрсен барған мектеп тып-тыныш қана қоярма сені?!

- Оқу-ағарту бөлімінің бастығы Тынысқан екен ғой, ол біздің тынысымыз емес пе, соның тыныш қойғызуын талап етпеймін бе? «Сот» болып халыққа қанша пайда жеткізермін, оқытушылық істесем, сүтті сиыры болатындығыма сенемін!

Ертеңіне оқу-ағарту бөліміне кіріп келсем, Тынысқанның үстеліне еңкейіп Сәрсен де тұр екен. Мені Тынысқан құшақтай амандасқан соң Сәрсен де құшақтамасын ба. Кішпейілдігін асыра көрсетті. Жүрегі тым ыстық адам болған сияқтанып көрінді. Мен де «тыныш қызмет» тапқанымды сезініп құлшындым. Талаптары бойынша қолма-қол өтініш жазып ұсынысыммен жаңа тағайындалған әкім - Нұрсапаға кіргізіліп, тып-тыныш бекітіліп те шықты. Тұрмыс жайымды ескеріп, өткен екі айға жалақы беруді де бекітіпті. Кассірі санап әкелген ақшасын тып-тыныш алып шыға бердім.

Көреген тергеушім, былтыр күздегі соғысқұмарлығымнан алған қылмыс өніміңізден осы тараудағы тынышқұмарлығымнан алатын қылмыс өніміңіз анағұрлым артып-ақ түсер. Қырман толсын! Тыныштыққа қандай жау құмартатынын айтып жүргеніңізде аузыңызға өзім түсе қалмадым ба. Тыныштық-тыныштық деп «үздіксіз төңкерісімізді»* түншықтырғысы келетін, жауларға қарсы шоқпарлы қолымызды байлағысы келетін «түзетімпаздардың» атақты әуені емес пе бұл! Тарихи «түзетімпаздық» қылмысымды әшкерелеп, қақпаныңызды дәп басқан-ақ шығармын-ау!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Маузейдің: «сотциализм - үздіксіз төңкеріс дәуірі» деген.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1407
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1240
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 997
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1067