Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Ақмылтық 5158 34 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 12:50

Путиннің тікелей эфирі және Назарбаев

30 маусым күні Ресейде Путиннің дәстүрлі негіздегі халықпен тікелей эфирі өтті. Путин халықтан түскен сұрақтарға жауап берді. «Барлығы да шынайы сұрақтар әрі нақты жауаптар болды», - деп хабарлады Ресей БАҚ-тары.

18 мәрте халықпен тікелей эфир өткізген Путин барынша толымды жауап беруге тырысты. Тікелей эфирді өткізуге арналған арнайы «Мәскеу Путинге» атты қосымша да жасалған. Оны соңғы мәлімет бойынша 650 мың адам жүктеп алған. Алайда сұрақтардың басым бөлігі жаңашылдыққа қарамастан тікелей қоңырау шалу және SMS хабарламасын жіберу арқылы іске асты.

Әрине, алғашқы сауал пандемияға қатысты болды. Көпшілік «Ресейде жаппай локдаун бола ма» деген сұрақты білгісі келді. Путин Ресейдегі көптеген аймақтардың карантиндік шараларды күшейтіп жатуы дәл осы локдаунды болдырмау үшін екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол вакцина алуға шақырып, 23 млн ресейлік вакцина алып үлгергенін, өзі де «Спутник» вакцинасын салдырғанын ақпарат ретінде жеткізді. Ол вакцина мәселесінде Батысты да түйреп алуды ұмытпады.

«Көріп тұрғанымыздай бізде бәрі де керемет, Құдайға шүкір елімізде «AstraZeneca» мен «Pfizer» вакциналарын алып, қайғылы жағдайлар болғандай фактілер тіркелмеді», - деді ол. Ол вакцина алған видеосын неге жарияламағанын да түсіндірді.

«Оның не қажеті бар. Вакцинаны мысалы қолға емес, басқа жерге салса, оны да көрсету қажет болар ма еді», - деп қысқа қайырды Путин.

Путин Украина президенті Зеленскиймен кездесуге қатысты сауалға да жауап берді.

«Украина неге бізге дос емес елдердің тізіміне кірмейді? Өйткені менің ойымша украин халқы бізге жау халық емес. Мен бұл жайлы талай айтқам, тағы да қайталайын: Менің ойымша орыстар мен украиндар тіпті бір халық.

Ал Зеленскиймен кездесуге қатысты айтар болсам, өз елін сырттан басқаруға беріп қойған адаммен кездесудің қажеттілігі қанша? Украинаға қатысты маңызды сұрақтар Киевте емес, Вашингтонда, кей жағдайда Берлин мен Парижде шешіледі. Сондықтан не жайлы сөйлесуге болады? Алайда мен кездесуден бас тартпаймын, бастысы не жайлы сөйлесетінімізді анықтап алу», - деді ол.

«Қырым жағалауында Ұлыбритания кемесін атқылап, батырып жіберсек, әлем үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрмас па еді» деген сауал қойылды. Путиннің жауабы былай болды:

«Біріншіден бұл арандату болды. Олар бізді арандатты және олардың бұл әрекеті қырымдықтардың таңдауына құрметсіздік. Екіншіден біз ол кемені батырып жіберсек те, әлем үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрмас еді. Өйткені олар бұл соғыста жеңімпаз болып шықпасын түсінеді. Бұл өте маңызды дүние», - деді Путин.

Осылайша ол өз халқын Ресейдің аса қуатты әскері бар деген тұжырымға тағы да бір сендіріп қойды. Бұл жауабы сыртқы аудиторияға емес, ішкі аудиторияға негізделгені байқалып-ақ тұр.

«Ресейге АҚШ санкция салмақ, Байденмен онда не үшін кездестіңіз» деген де сұрақ қойылды.

«Ресейге қандай санкция салса да, қалай қорқытса да, Ресей даму үстінде. Ресейдің экономикасы өсіп, қорғаныс саласы өте қуатты деңгейге жетті, көптеген сала бойынша біз әлем елдерін артта қалдырдық, тіпті АҚШ-тың өзін де кей салада озып кеттік», - деп бір халқының көңілін көтеріп қойды.

Әрине, Ресейдің АҚШ-қа қарсы қоятын не экономикалық, не саяси, не әскери құралдары аз. «Рычагтары» жеткіліксіз. Сондықтан да ол «санкция бізді керісінше қуатты етуде» деген риториканы әр жерге тықпалауда.

Путиннің тікелей эфирі айтарлықтай жаңалыққа толы болды дей алмаймыз. Сол бұрынғы ән. «Мықтымыз, қуаттымыз», «тиіскеннің тірсегін қиямыз», «өсіп жатырмыз, өніп жатырмыз», дейді. Бір қызығы Путиннің тікелей эфиріне хакерлік шабуылдар да көп жасалып, байланыс үзіліп кеткен сәттер де көп болды. Ол туралы жүргізушілер де әр минут сайын «байланыс нашар болып тұр» деумен қайталап отырды.

Путиннің тікелей эфирінен кейін, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимирдің Мәскеуде кездесуі басталды. Бұл бір күтпеген жайт десек те болады. Екі жыл бойы пандемиялық шектеулерге байланысты барлық шаралар, тіпті ЕАЭС отырыстары да онлайн форматта ұйымдастырлып келген еді. Ал «Мәскеуде вирус өршіген сәтте Елбасы Кремльге не үшін барды» деген сұрақ әр адамның басында қылт еткені анық. Кездесудің толық форматы жарияланған жоқ. Жарияланған қысқа видеоларға қарап, кездесу көбіне кеңес алмасу негізінде өткенін аңғаруға болады.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1481
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1338
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1088
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1130