Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2402 0 пікір 28 Маусым, 2021 сағат 13:51

Трамп Байден әкімшілігіне қарсы митинг өткізді

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2021 жылы қаңтарда қызметтен кеткеннен кейінгі өз жақтастарының алғашқы митингісін өткізді. Ол Джо Байденнің көші-қон саясатын қатаң сынға алды, деп жазады ВВС.

Огайо штатының Веллингтон қаласында өткен митинг «Американы құтқарамыз» деп аталады. Трамп өз жақтастарының алдына шығып, 2020 жылғы қарашадағы президенттік сайлаудың нәтижелері бұрмаланған деп мәлімдеді.

Ол үшінші рет президенттік сайлауға түсе алатынын меңзеді. «Біз сайлауда екі рет жеңіске жеттік, үшінші рет өткізуге тура келуі мүмкін», - деді АҚШ-тың бұрынғы президенті.

Митингте Трамп ең алдымен Мексикамен шекарадан өтіп, елге кіріп жатқан мигранттардың көбею проблемасына тоқталды.

«Біздің елге миллиондаған адамдар келеді. Біз олардың кім екенін де білмейміз», - деген экс-президент Джо Байденнің әрекеті Трамп әкімшілігі жасағанға қарама-қарсы екенін атап өтті.

Байден әкімшілігі Трамптың көші-қон саясатын адамгершілікке қайшы деп атады.

Трамптың жеке жоспарлары түсініксіз болып қалса да, ол өз жақтастарын өкілдер палатасы мен сенатқа сайлауға түсетін республикашыларды қолдауға шақырды.

«Біз жақында Конгрессті, Американы қайтарып аламыз», - деді ол.

Abai.kz

0 пікір