Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 4087 0 пікір 28 Маусым, 2021 сағат 11:22

Буырқанған баспасөз баһадүрі (жалғасы)

Басы: Буырқанған баспасөз баһадүрі 

ЖАН ДОСЫМ ЖАНБОЛАТ

Қазақтың маңдайалды журналистерінің бірі, абыройы асқақ азамат, жанының тазалығына жан жетпейтін Жәкеңді осылай атауыма құқым бар ма өзі деп те күдіктенетінім де рас. Әдетте дәрежелес адамдар ғана дос бола алады десіп жатады ғой. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Жәкең қайда , мен қайда!

Ол өзінің Алатауының тылсым тәжі Хантәңіріндей биік, мен болсам оның қасында Сарыарқаның қоңыр төбесіндей ғанамын. Ол – Нарынқолының шыңға біткен шынары, мен Қарағандымның қарағанындай қысқамын, қалай салыстырсаң да Жанболаттың жұлдызы жоғары тұратыны айдай анық.

Алайда Жәкең екеуміздің жан дүниемізді жалғастырып келе жатқан бір алтын арқау бар екені анық. Ол сезімге, міне, қырық жылдан асты қылау түскен емес. Мен осынша уақыт Жанболаттай асыл азамат, адал достың жан шуағына бөленіп келе жатқан бақытты адаммын!

Бір қызығы мен онымен студенттік өмірді артқа тастап барып табыстым. Бағымыз жанып оқуымыз бітер-бітпестен ол «Лениншіл жасқа», мен «Қазақстан коммунисіне» қызметке алындық.

«Жақсыдан – шарапат», – деген рас екен. Осы Жанболат менің ертерек үй алуыма да себеп болды. Ол кезде әсіресе қазақ баласы үшін бұл мәселенің ұшынып тұрған кезі. Ол екеуміз Радищев деген көшеде пәтер жалдап тұрамыз. Әлгі үйдің әйдіктігі сұмдық. Есіктен кірген адамға төрдегі адам қуыршақтай ғана болып көрінеді. Пәтер ақысын жалғыз өзім тарта алмаған соң Жанболатты жалынып жүріп көшіріп әкелген едім. Үйіміздің үлкендігі бар болсын, отын шақ келмейтін бір керемет болып шықты. Қанша жақсаң да қабырғасы сәл тершиді де қояды. Екеуміздің де келіншектеріміздің екінші сәбилерімізге жас босанып отырған кезі. Бір күні жұмыстан келсек, олардың қабақтары салыңқы. Содан бар отынды өртеп жағайық келіп. Үй де ептеп ысып, әйелдеріміздің де қабағы да жылыды. Әлгі дәу залдың ортасында қазақы дөңгелек үстеліміз бар. Соған енді отыра бергенімізде төбеден бірдеңе жалп ете түссін. Аспанға қарасақ, сұмдық-ай, тақтайлар арасынан жұлдыздар жымыңдап, ай көрініп тұр. Сөйтсек отты жаға берген соң шатырдағы бөшкенің ішіндегі су тасып төгіліп, төбені ойып түскен ғой. Амал не, Жәкең екеуміз дірдектеп жүріп әлгіні жауып қайта оралдық. Әйелдеріміз болса жандары ашып бәйек болып барларын аузымызға тосып жүр. Менің келіншегім медсестра еді, тіпті суға езіп ептеп спирт те ұсынды. Әлгіні ішкен соң бойым жылып, қара домбырамды алып, Кенен атамыздың «Ақ ешкі» әніне салып Жанболатқа қарап бірер ауыз өлең де шығарып жібердім:

Маңырайсың ақ ешкі-ау лағыңа, ой дүние-ай.

Жетпей қойдым Алматы тұрағыңа, ой дүние-ай.

Кел екеуміз, Жанболат, зарланайық, ой дүние-ай,

Жетер ме екен бастықтың құлағына, ой дүние-ай.

Астанам-ай, баспанаң-ай,

Біреу емес, екеу болды-ау

Жас балам-ай, ой дүние-ай!

Қайран дүние, салдың күйге

Жететін күн болар ма екен

Тәуір үйге, ой дүние-ай!

Содан суық тиіп ауырып, жұмысқа екі-үш күннен соң әрең шықтым. Жәкең болса жұмыстағыларға бәрін де айтып берген ғой. Олар да әжептеуір дүрлігісіп қалыпты. Содан бір күні Кеңес Юсупов ағам үй алып, қоныс тойын жасады. Үш бөлмелі сыңғырлаған жаңа пәтер. Үзіліс кезінде қолыма домбыра алып, баяғы Кенен атамыздың мақамына салып әлгі әнді айтып бердім.

– Ойпырым-ай!.. Мен қызметкерімді бүйтіп зарлатпаушы едім, – деп сондағы Құрекеңнің – бас редакторымыз Құрманбек Сағындықовтың қозғалақтап кеткені әлі есімде. Батыр Бауыржанның үзеңгілес серігі, айбатты да қайратты Құрекең ақыры ЦК-ның өзінен үш бөлмелі үйді жұлып алып берді.

– Өзіңнің де шарапатың тиді ғой, бірге тұрайық, – деймін Жәкеңе. Әлде намыс қылды ма, әлде «әрең жеткен үйінің қызығын өзі көрсін» деді ме екен, әйтеуір ол қашқалақтады. Жәкеңнің қадір-қасиетіне бойлап келе жатқан кезім. Оны жұртқа тастағандай болып қалай кетем. Мен де көшпей отырып алдым. Бір күні Талдықорғанның маңайында он адамның құшағы әрең жететін бір ғажайып ағаш жөнінде титтей ҚазТАГ хабары шығып, әлгіні Жанболатқа көрсете қойдым. Оның осындай табиғат ғажайыптарын жазуға құмартып, жолы айқындалып келе жатқан кезі. Есебім дәл шығып, Жанболатым ертеңіне-ақ жолға шығып кетті. Маған да керегі сол, екеуміздің бар мүкаммалымыз екі диван, төрт кресломызды көшеден ұстаған машинаға тиеп, екі келіншегіміз Шолпан мен Ләззатты кабинаға отырғызып, жаңа үйіме көштім де кеттім. Ол кезде қай үйдің алдында да балалары қараспай тастап кеткен орыстың ызалы кемпірлері үйір-үйір болып, өсек айдап отыратын. Қазақ көшіп келіп жатқанын көрсе, қорасына бөтен мал кіріп кеткендей тыжырынады ғой және. «Бүгін біздің үйге екі әйелі бар бір «казачонок» көшіп келді», – дейтін көрінеді әлгілер біріне бірі. Екі-үш күннен кейін мұрты едірейіп Жанболатым келіп тұр.

– Менің отбасымды көрдің бе?

– Міне, – деп бала емізіп отырған Ләззаттың бөлмесін аштым. Ол сәл сұрланыңқырап барып, бір кезде күліп-ақ жібергені. Әлдеқандай болады деп тұрған біздің де қаупіміз сейіліп, жадырап сала бердік. Үйіміздің іші де жылып кеткендей болды. Ұзамай өзінің құтты ұясы «Лениншіл жасынан» баспана алған Жәкеңнің отбасын қимай-қимай көшірісіп салдық.

Жанболат «Лениншіл жаста» қанаттанды, «Қазақстан коммунисінде» түледі, «Халық кеңесінде» қыранның өзіне айналып, «Егемен Қазақстанда» білікті басшыға айналды. Қайда жүрсе де қаламынан бір сәт те ажыраған емес. Теңіздің тереңінен маржан теріп, өз оқырманына олжа салумен болғаны бәрімізге белгілі. Оның шығармашылық жолын жоғарыда біраз әңгімеледік. Алайда әріптес бауырымның теңіздей тербелген бүкіл творчествосын айбарақтата ақтарып, түгел қотарып шығу қайда. Ол бір мақаланың жүгі емес. Біздікі теңіздің дәмін бір тамшысынан да білуге болады деген үкілі үміт.

«Журналист болу үшін, алдымен онымен ауыру керек», – дейді Жарылғап Бейсенбаев көкеміз. Ал Аупбаев онымен ауырмақ түгілі, ол жолда нағыз жанкештінің өзі болғанына құдай алдында куәміз. Бір-ақ мысал. Тельман Жанұзақов деген үлкен қаламгер Жанболатқа жақын адам еді. Сол кісі қайтыс болып, қоштасу рәсімі редакцияларға жақын 8-ші март көшесіндегі Кино үйінде өтетін болды.

– Жүр, кеттік, – деп «Лениншіл жастағы» Жанболатқа бармаймын ба. Ол әлдебір жедел мақаланы жазу үстінде екен.

– Сен бара бер, мен мынаны бітіріп кетейін, – деп қалып қойды. Екі көзінен жас парлап, алдындағы қағазға тырс-тырс тамады. Ол кезде автоқаламмен жазамыз, кейбір жазуы жасқа шыланып, жаймаланып жатыр. Жәкең сонда да жазудан танар емес. Ал мұны не дейсіз!?

Жанболат жалпы ағайын-туысқа жарлылау жігіт. Ал қазір одан бай адам жоқ. Өйткені ол осы уақытқа дейін сомдаған жүздеген кейіпкерімен бүгінде өзінше бір қауым ел, алынбас қамал. Оның сыртындағы шәкірттері мен мыңдаған оқырмандарын қосыңыз. Демек, Жанболат жалғыздықтан мәңгілік құтылған адам.

Жәкең қызмет атқарған басылымдардың бас редакторлары ол үшін ұлағатты ұстаз да болды. Сейдахмет Бердіқұлов, Кәкімжан Қазыбаев, Сарбас Ақтаев... Бұлар қазақ журналистикасының бір-бір таулары ғой. Олардың қол астында кімдер істемеді дейсің. Алайда бәрі бірдей Аупбаев бола алған жоқ, әрине. Мәселе, олардың бойындағы асыл қазынаны көре білгенде, ала білгенде ғой деп ойлаймын бұл орайда. Жәкең соны көрді, көсіп-көсіп алды да. Алайда өзі де қарыздар боп қалған жоқ. Олар туралы естелік, – эсседен бастап, кітапқа дейін жазып, мәңгілік ескерткіш орнатты.

– Өзіңе жылы сөз айтқан, жанашыр болған мұндай жандар туралы мына тірлікте қалай болғанда да әйтеуір бір лебіз айтып қалуың керек сияқты. Өйткені өмір мәңгі болғанмен, ғұмыр қысқа ғой, – деп тебіренеді ол аяулы ұстазы Сейдахмет Бердіқұлов туралы бітімі бөлек шығармасында.

Жәкең менің рухани әкем болған Құрманбек Сағындықов жөнінде қоймай жүріп естелік жаздырды.

– Жазшы өзің, құдай біледі, мойыныңнан бір жүк түскендей болып жеңілдеп қаласың, – дегені бар. Жаздым. Расында да, ұстаз алдындағы парызымның бір парасы өтелгендей болып марқайып қалдым.

Соңғы кезде мемлекеттік қызметті жағалап, таза журналистика ауылынан жырақтау қонған жайым бар. Бір кездегі сүйіп таңдаған мамандығымнан қол үзіп қалмасам, ол да осы Жәкеңнің арқасы. Бұл тұрғыдан мен оны досым, курстасым ғана емес, ешбір қымсынбастан ұстазым деп те айтар едім.

Жалпы, Жанболаттан мен өзім көп үлгі алғанымды да жасырмайын. Жас кезімде Сарыарқаның сайын даласында жылқы бағып өскен менмендеу, кеудемсоқтау, ә десе мә деуге дайын тұратын қызба едім. Ал Жанболат болса бақ қонып тақта отырса да, жайдақ мініп атқа отырса да кішіпейіл, қарапайымдылығынан, жібектей жайлылығынан бір айнымайтын жан. Сол мінезі жұғысты болып, әлгі айтқан оспадар қылықтарымнан біраз арылған сияқтымын. Бұл орайда жыр дүлдүлі Ұлықбек Есдәулетов:

Жанболаттың жүрегін ұғыңыздар,

Жақсылыққа жақтас боп тұрыңыздар.

Жібі түзу Жәкеңе жақындасақ,

Бәріміз де түзелер түріміз бар – деп дөп түскен-ау, дөп түскен!

Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Жоғарғы Кеңеске қызметке алындым. Қазақылығым үшін, қазақы қаным болғаны үшін қуғын көрдім. Сонда партком хатшысы болып теперіш көрсеткен Бабушкин дегенмен кейін Жоғарғы Сотта қызметтес болдым. Сәлемімді міңгірлеп алып, бетіме қарай алмай, алдымнан басын салбыратып өтетін. Сондағы таққан ең үлкен кінәсі шетелде жүргенде қазақша сөйлеппін. Осындай қысылтаяң шақта да Жәкең достық қолын созып, Кәкімжан ағамызға айтып жүріп, өзімнің ұшқан ұям «Қазақстан коммунисіне» қайтадан алғызды. Сонда ол жап-жас жігіт. Үлкен адамға сөзін қалай өткізді? Әлі күнге таңмын.

Жәкеңнің қай жақсылығын айтып тауысайын. Әсіресе мына бір жәйт өмірі есімнен кетпес. Дәл миымның ішінен ісік табылып, бүкіл отбасымыз болып бір үрейленгеніміз бар. Сонда алдымен Жанболат пен Ләззат жетті. Бірер күннен кейін Жәкең тағы келді.

– Сәуке, дәл осы аурудан Ләззатты қалай аман алып қалғанымды білесің ғой. Ойлап-ойлап былай шештім. Жедел демалыс алып, сені Алматыға апарып, өзім операция жасатып әкелетін болдым. Осы жерден құжаттарыңды дайындата бер, – деп тұр менің Жәкем.

Бұл енді ең жақын деген адамыңның да ауызынан шыға бермейтін сөз ғой. Оны қалай ұмытарсың. Достыққа адалдық осындай-ақ болар!

Жанболат – Әлихан әкеміздің ұлдан жалғызы. Бірге туғаннан жалғыз әпкесі бар. Аты – Аққағаз. Ал Жанболат болса қалам мен қағаздан бақытын тауып отыр. Бұл да бір таңғаларлық жәйт. Осы Аққағаз әпкеміз сонау қияндағы Нарынқолдағы қарашаңыраққа ие болып, Жанболаттың алаңсыз қызмет істеуіне үлкен жағдай жасаған аяулы жан екенін айта кеткен жөн.

Жәкең қанша жырақта жүрсе де ата-анасының алдындағы перзенттік парызын да адал өтеген ұл. Анасы Нұршаның бейітін ешкімді жолатпай, өз қолымен қалап шыққанын өмірден ертерек кеткен курстас досымыз Асқар Егеубаевтың егіле жазғаны бар.

Осыдан біраз жыл бұрын Астанадағы «Еснұр» деген мейрамханада Жанболаттың 50 жылдығын тойлағанымыз бар. Сонда абыз ағаларымыз – Шерағаң мен Ақселеу әріптес інісіне батасын беріп, иығына шапан жаппақшы болады. Жәкең сол арада өтініш айтып, ол шапанды Шерағаңның өз қолымен әкесіне жаптырған. Бәріміз де орнымыздан тұрып, ерекше ризалықпен қол соқтық.

Жалпы, біздің Жәкеңнің жан дүниесі тұмадай таза, шыныдай мөлдір. Тіпті оның тұла бойына тіктеп түскен күн сәулесінің өзі көлеңке түсіре алмас. Сондықтан да арқалы ақын Ұлықбек:

Алашымның айнымас қолғанаты,

Жанашыры, тірегі, шарболаты.

Жанболаттай періште болса қазақ,

Қазақстан болар ед жер жаннаты, – деп сүйсінген ғой.

Жәкеңнің жары Ләззаттың біз үшін, әсіресе біздің отбасымыз үшін орны тіптен бөлек. Бір кезде бір шаңырақтың астында бірге тұрып, бір дастарқаннан ас ішкенімізді жоғарыда айттым. Сонда осы Ләззат әйел болып бір артық сөз айтпады ғой. Адамға үнемі ақ пейілін білдіріп жүретін ақжарқын жан ол. Бізбен қатарлас тіл-әдебиетті бітірген. Сөз қадірін біледі. Жөн білетін, жол білетін жосықты жан. Мамандығы – ұстаз. Бұл саланың үлкен ғылыми атағының иесі де. «Құдай қыста берсе қыспай берсін, Көктемде берсе көктей берсін. Жазда берсе жазбай берсін. Күзде берсе үзбей берсін», – деген батаны мен осы Ләззаттан үйренгенмін.

Үйіне барған адамға қабағын да, тамағын да беретін өте қонақжай. Содан ба, олардың шаңырағынан қонақ үзілмейді. Әсіресе біреу келіп, біреу кетіп жатқан Астана көші кезінде олардың үйінде тұрушылар қарамы тіпті көбірек болды. Соған қатысты мына бір әңгімені әлі күнге күлісіп еске аламыз. Жәкеңнің үйіне алдымен сақалдары күректей болып алматылық Жетен шалдың анау атақты үш ұста баласы келіп Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген біраз жатып кеткен ғой. Одан кейін тағы бір сақалды жерлесі, жазушы Тұрлыбек Мәмесейітов біраз еру болған. Сонсын біздің қаумет сақал Тұрсын Жұртбаев барып біраз жатты. Бір күні көрші қыз, актер Боранбаевтың қарындасы Гүлжан Ләззатқа: «Ойпырым-ай, кішкентай үйлеріңізге қалай сыйғызып жатырсыздар. Осы үйлеріңізден түрлі-түрлі сақалдылар шығады ғой», – деген екен.

«Ұлы империяны билеген Сталин ақшаның не екенін білмейді екен», – деген әңгіме бар. Атақты Билл Гейтс де осылай дейді. Сол сияқты қаламмен ғана кеткен Жәкең де былайғы дүниеауи мәселелерге мүлдем жоқ адам. Ондай тіршіліктің бәрі Ләззаттың мойнында. Бірді екі қылып жүріп балаларының бас-басына дерлік шаңырақ көтеріп берді. Екі қыз, бір ұлдан көрген сүйкімділердің сүйікті әжесі қазір. Әрине, атақты аталарының жөні бөлек. Аңқылдаған ашық мінезді Ләззат Жанболаттың құдай бере салған бағы екені даусыз.

* * *

Осы эссемді жазу үстінде бір сұрақпен Жәкеңе үйіне телефон шалдым. Күн болса сенбі. Сағат түнгі он бір. Жанболат болса әдеттегідей қаланың сыртындағы үйіне кетіп, өндірте жазу үстінде екен.

– Шіркін, – дедім жұбайым Шолпанға, – мені бес минутқа ғана Президент қойса.

– Онда не істер едің?

– Жанболат Аупбаевқа «Еңбек Ері» атағын беріп үлгерер едім!

Соңы.

Сәулебек Жәмкенұлы,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Abai.kz

0 пікір