Жұма, 17 Мамыр 2024
3782 1 пікір 18 Маусым, 2021 сағат 15:31

Қалың қалай, білім саласы?

Еліміздің егемендік алып, аяғынан тұрып, өз тағдырын өзі шеше бастағанына да отыз жыл уақыт өтіпті. Сол уақыттың ішінде еліміз қандай жетістікке жетті, халқымыздың болшағына, қоғамымыздың дамуына ерекше әсер ететін қандай мәселелерді шеше алды деген сұрақ әрбір, ұлтына шын жаны ашитын патриотты ойландыратыны сөзсіз. Әрине осы уақыт ішінде экономика саласында, әлеуметтік мәселелер бойынша көп істің атқарылып, бірқатар жетістіктерге жеткеніміз сөзсіз. Ол жетістіктерді күнделікті билік өкілдері де, тиісті салалардың мамандары да айтып жүр. Бүгінгі мақалада олардың бәрін айтып, қайталап жату артық нәрсе. Оның орнына біз бүгінгі күні қоғамымызды, оның әрбір мүшесін толғандыратын және осы отыз жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге жете алмаған, қайта егемендікке дейінгі деңгейімізден айрылып қалған,  проблемалық мәселердің бірін көтеруді жөн көріп отырмыз.  Ол бүгінгі күнгі мектептің, жалпы елдегі білім берудің жағдайы, оның сапасының төмендеп кетуі.

Қоғамда осы мектеп мәселесі бойынша, білім берудің сапасы жөнінде әңгіме көтерілгенде, көбінесе бүгінгі күннің жағдайын өткен кеңес үкіметі кезіндегі жағдаймен салыстыруға құмар. Салыстыра отырып, көпшілігіміз сол баяғы кеңес үкіметі кезеңінің білім беру саясатының дұрыстығын, сол кездегі білім сапасының жоғары болғандығын айтып жатады. Тіпті кейбіреуіміз сол кездегі біздің білім берудің деңгейі әлемде алдыңғы қатарда болды деп мақтанышпен де, сағынышпен де еске алып жатады. Мүмкін ол сөздің де жаны бар шығар, сол жетпісінші жылдардың мектеп бітірушісі ретінде мен өзім де ол пікірге ішінара қосыла аламын. Бірақ сол жылдары кеңес үкіметі кеңістігінің батыс елдерімен салыстырғанда ғылым жетістіктері бойынша, техникалық прогресс бойынша 40-50 жылдай артта қалғанын ескерсек, біз өзіміздің білім беру сапасын бағалауда артықтау кеткенімізді мойындауымыз қажет. Бірақ қанша дегенмен ол кездегі елімізде білім берудің белгілі бір, тұрақты да нәтижелі жүйесі болғаны сөзсіз. Ол көп жылдар бойы сынақтан өткен, өзінің өміршеңдігін біздің қоғамымыздың жағдайында дәлелдеген білім беру жүйесі болатын. Сол жүйеге сәйкес елімізде мұғалім кадрларын дайындайтын жоғарғы оқу орындары жұмыс жасайтын. Ол оқу орындары республикадағы мұғалім кадрларына деген сұранысты толығымен қамтамасыз етіп отыратын, сонымен қатар елде басы артық, жұмыссыз жүрген мұғалімдерді де байқаған емеспіз. Өйткені ол кезде жоспарлау органдары оның бәрін реттеп отыратын. Мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай жоғары болды деп айта алмаймыз, бірақ лайықты деңгейде болатын. Ең бастысы ол кезеңде қоғамда мұғалімдердің беделі жоғары болатын. Мұғалімнің айтқаны шәкірт үшін де, ата-аналар үшінде заң болатын. Біз жетпісінші жылдардың оқушылары бүгінгі күні ауылымызға келгенде, ата-анамызға сәлем бергеннен кейін бірінші кезекте мектепке соғып, ұстаздарымызға бас иіп, сәлем беріп, берген білім-тәрбиелері үшін рахметімізді айтып шығамыз. Өткен уақытты еске ала отырып біз сол кездегі ұстаздардың тек қана пән маманы ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан тәрбиеші де болғанын атап өткіміз келеді. Жетістіктерімізді мақтайтын, ал тәртіп бұзғанда, шектен шыққан кезде, сазайымызды да тарттыратын. Біз өз кезегімізде үйге келгенде ата-анамызға ұстаздарымыздың үстінен арыз айтпайтынбыз. Өйткені арыз айта қалсақ ата-анамыздан екінші қайтара таяқ жейтінбіз. Ата-аналарымыз да ешқашанда мектепке барып мұғалімдермен «разборка» жасамайтын. Мүмкін мен біздің кезіміздегі мектептегі ұстаздар мен шәкірттер арасындағы қарым-қатынасты тым әсірелеп жіберген болармын, әрине бірлім-жарым жоғарыда айтылғандай рамкаға сәйкес келмейтін жағдайлар да орын алатын кездер болған шығар. Бірақ ондай ахуалдар ол кездері өте сирек кездесетін. Тағы бір айта кететін жай ол кездері мектептің озат бітірушілері мұғалім мамандығын алуға тырысатын. Шамасы келгендер жоғарғы оқу орындарына, өз деңгейімен санасатындар педагогика училищелеріне баратын. Бірақ ол уақытта аталған оқу орындарына қабылдау талаптары өте жоғары болатын. Бір кластағы 25-30 бітірушінің бес-алтауы жоғарғы оқу орынына түссе, ол өте жоғары нәтиже деп есептелетін. Нәтижесінде жоғары біліммен мектепке жоғары сапалы маман оралатын. Мектепке жұмысқа келген жас маманға сол кездегі тәртіп бойынша мектепте көптен істейтін тәжірибелі ұстаздардың бірі тәлімгер ретінде бекітілетін. Тәлімгер ұстаз жас маманды көп жылдар бойы өзі жинақтаған жұмыс тәжірибесімен, ұстаз мамандығының қыр-сырымен таныстыратын. Ұстаздың кластағы оқушылар алдында өзін қалай ұстау керектігін, қандай жағдайларда шәкірттерді қолпаштап, ал қандай жағдайларда оларды ұрысып алу қажеттігін, шәкірттердің ата-аналарымен қандай қарым-қатынаста болу керектігін, нақты үлгілермен түсіндіріп отыратын. Соның арқасында ол кездегі мұғалімдер бүгінгі жас мұғалімдердің тарапынан жіберіп жүрген қателіктерден аулақ болатын.

Ал енді, білім беру саласының бүгінгі күнгі ахуалына келетін болсақ, ол көңіл көншітерліктей емес. Ондай жағдай бір күнде немесе бір жылда қалыптасқан жоқ. Бұл ахуал көп жылдар бойы үкімет тарапынан, мемлекеттік өкілетті орган – Білім және ғылым министрлігі тарапынан жіберілген жүйелі қателіктердің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Білім беру саласының осындай жағдайға келуінің себептері өте көп. Осы мақалада біз олардың ішінен бірнеше негізгілерін ғана атап көрсететін боламыз.

Бірінші себеп немесе қателік – ол өкілетті министрлік басшыларының жиі ауысуы және соған байланысты осы саланың дамуына бағытталған, әр министрдің кезінде қабылданған, бағдарламалар мен реформалардың қарама-қайшылықтары. Әр жаңадан келген министрлік басшысы өзінің қызметін бұған дейінгі қалыптасқан жүйені бұзып, саланы қайтадан реформалаудан бастауды әдетке айналдырды. Әрине белгілі бір мөлшерде реформа жүргізу қажет те шығар, біздің орыс ағайындарымыз айтқандай «нет предела совершенству». Бірақ реформа дегенді әуелі бірнеше білім беру мекемесінде немесе аумақта, пилоттық режимде, эксперимент есебінде жүргізу қажет емес пе. Сонымен қатар ол реформаны іске асыру бағдарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, оны талқылауға бүкіл республика жұртшылығы, оның ішінде бірінші кезекте қарапайым мұғалімдер қатысуы тиіс емес пе. Қандай да бір реформаның іске асуының басты кепілдігі – ол реформаның атқарылуына қажетті қаржылық және материалдық ресурстармен қамтамасыз етілуі. Соңғы жылдары жүргізілген реформаларды іске асыру барысында осы айтылғандардың көбісі ескерілмеді немесе формалды түрде, жабық негізде өткізілді. Бір ғана мысал ретінде қазіргі кезде жалпы білім беру жүйесіне енгізіліп, пайдаланылып жүрген, халық арасында «обновленка» аталған жаңа оқу жүйесінің іске асырылу тәжірибесін айтсақ жеткілікті. Сонау Ұлыбритания елінде немесе Сингапурда қалыптасқан оқу бағдарламаларын немесе жүйелерін әкеліп, біздің жағдайымызға икемдетпей, сол күйінде, қолданысқа енгізу үлкен қателіктерге ұрындырары сөзсіз. Оның үстіне бізде кез-келген жаңа нәрсені қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпей, жарым-жартылай қолданысқа енгізу әдетке айналған. Мектепте көп жылдар бойы істеп келе жатқан практик мұғалімдердің пікірінше  «обновленка» жалпы негізі жақсы оқу жүйесі, бірақ ол жүйені қолданысқа енгізумен қатар, оның материалдық, басқа да ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін шешпесе, ол тиісті нәтиже бермейді, қайта ол жаңа оқу жүйесіне деген сенімсіздік туғызады. Ол жүйе мүмкін республикада талантты балалар оқитын «Назарбаев зияткерлік мектептерінде», «Мирас», «Дарын», «Білім инновация лицейі» секілді оқу орындарында жақсы нәтиже беруі мүмкін. Бұл оқу орындары барлық оқуға қажетті қаржылық-материалдық ресурстармен, ең бастысы жоғары білікті мұғалім мамандарымен жасақталған. Әр оқу класында оқушылар саны 20 баладан аспайды. Профилдік пәндер бойынша кластар группаларға бөлінеді және сабақ жүргізуге мұғаліммен қатар, оның көмекшісі немесе тренер қатысып отырады. Ал бүгінгі күнгі жалпы білім беру мектептерінде осындай жағдайлар бар ма? Кластардағы оқушылар санының шамадан тыс толықтығы (30-35 баладан), үш ауысыммен оқу режимі, қаржылық-материалдық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, мұғалім кадрларының біліктілігінің төмендігі, осының бәрі жинақтала келе кез-келген реформаны жоққа шығарады. Қай салада болмасын, қандай да бір жаңалық енгізілерде бәріміз білетін медициналық қағидат «нұқсан келтірме» (не навреди) негізге алынуы қажет. Сонымен қатар, соңғы жылдары жалпы білім беру мектептерінде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген. Нәтижесінде мектептерде қалыпты балалармен қатар ерекше сипаттағы балалар, нақтылап айтсақ ақыл-ой қабылеті кенжелеп қалған балалар, қатар оқиды. Оқу жүйесін реформалау барысында осы факторлардың бәрі жеткілікті деңгейде ескерілмегенін баса айта кеткен жөн.

Жалпы осы оқу процессін реформалау кезіндегі Ғылым және оқу министрлігінің кейбір мағынасыз шешімдерін қарай отырып, оның авторларының жауаптылыққа қабылеттілігіне күмәндана қарайсын. Сондай шешімдердің бірі – ол мектеп шеңберінде үш тілділік принципті енгізуге байланысты кейбір пәндерді ағылшын тілінде жүргізу мақсатында, физика, химия, тағы да басқа пәндердің мұғалімдерін үш айлық дайындық курстарынан өткізу. Ағылшын тілін тек қана тұрмыстық деңгейде үйрену үшін, оны жылдап оқу керек, ал жоғарыда аталған пәндерден ағылшын тілінде сабақ беруді үйрету үшін қанша уақыт керек? Бұл не, министрліктің «жауапты» қызметкерлерінің кезекті «жауапсыз» іс-қарекеті ме, әлде елдегі білім беру саласын реформалау жұмыстарын жоққа шығаруға бағытталған қаскүнемдік пе? Мұғалімдерді осы секілді курстарда оқытуға және одан кейін ол мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы төлеуге мемлекеттік бюджеттен бірнеше жүздеген миллион теңге қаражат жұмсалатынын ескерсек, бұл шешімнің негізінде тек қана жауапсыздық емес, қылмыстық ниет те жатқанын аңғару қиын емес.

Ел мектептеріндегі білім беру сапасының құлдырауының тағы бір басты себебі – ол мектепке жоғарғы оқу орындарын бітіріп келіп жатқан жас мамандардың көпшілігінің білім дәрежесінің нашарлығы. Оның негізгі себебінің бірі педагогикалық жоғарғы оқу орындарында мұғалім мамандықтарына қабылдау талаптары әбден төмендегені. Бүгінгі күні мұғалім мамандығын кім таңдайды - кім экономика, заң саласы мамандықтарына, тым болмаса инженерлік мамандықтарға өте алмағандар, бірыңғай ұлттық тестілеуде төмен балл алғандар немесе тестілеу табалдырығынан өте алмағандар. Грант ала алмағандарға коммерциялық бөлімдердің есігі айқара ашық, ақша төлеген кез-келген талапкер, білім деңгейіне қарамастан, студент мәртебесіне ие бола алады. Нәтижесінде  жас маман-мұғалімдердің басым көпшілігі біліктілігі бойынша да, психологиялық тұрғыдан да, ұстаз деген жоғары мәртебеге сай келмейді. Бүгінгі күнгі жас мамандардың көбісі өздерін ұстаз есебінде сезінбейді, атқарып жүрген қызметін тек жалақы алатын, күнкөріс көзі ретінде ғана қабылдайды. Істеп жүрген жұмыстары көңілдеріне жақпағандықтан, олар ізденбейді, оқу процессін жақсартуға, қызықты өткізуге тырыспайды және ең бастысы оқушылармен қажетті қарым-қатынас орната алмайды. Біздің бақылауымызға және оқушылардың пікіріне сүйенсек, жас мұғалімдердің көпшілігі сабақ өткізу кезінде сыныпқа тапсырма беріп қойып, өздері ұялы телефондарына шұқшиып отырады немесе шығып кетіп, өздері сияқты әріптес мұғалімдермен әңгіме соғып тұрады. Тағы да ертеректегі, алпысыншы-жетпісінші жылдардағы ұстаздардың жұмыс тәжірибесін еске түсірсек, ол кездегі мұғалімдер 45минут бойы сабақты аяқтарынан тік тұрып өткізетін. Парта қатарларының арасымен әрлі-берлі жүріп, оқушылардың тапсырманы қалай орындап жатқанын тексеріп, бірімізге ескерту жасап, біріміздің басымыздан сипап, әйтеуір әрқайсымызға тиесілі көңіл аударып отыратын. Осы айтқанды қорытындылай келе түйгеніміз, ол бүгінгі күнгі жас маман-мұғалімдердің басым көпшілігінің біліктілік деңгейінің төмендігі, өздерінің атқарып жүрген қызметіне деген қызығушылықтың жоқтығы, олардың ұстаз атты жоғары мәртебеге сәйкес келмеуі, еліміздегі білім беру саласының мүшкіл жағдайға келуіне әкеліп соғуда.

Осындай жағдайдың қалыптасуының тағы бір басты себебі – ол республикадағы білім беру саласының материалдық базасының нашарлығы, мектептердің және оқушы орындарының жетіспеушілігі. Жоғарыда айтып кеткендей еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің көпшілігі оқушыларға шамадан тыс толы, мектептердің басым көпшілігі үш ауысымды режимде жұмыс істейді. Жергілікті атқару органдары осы бағыттағы жұмыстарды алдын ала жоспарлай алмайды, ал жоспарлаған күннің өзінде бүгінгі күні еліміз басынан кешіріп жатқан «бэбби бум»  мен миграция процесстері ескерілмейді. Нәтижесінде елімізде мектеп жасындағы балалар саны геометриялық прогрессия бойынша өсуде, ал мектептер мен оқушы орындар саны оған ілесе алмай, кенже қалып отыр. Қала немесе ірі елді мекендерді салудың бас жоспары бекітілерде, оның құрамында барлық әлеуметтік бағыттағы нысандар (мектептер, бала бақшалар, ауруханалар, т.б.) көрсетілуі тиіс. Қаладағы адам санының өсуіне байланысты бас жоспарға әлсін-әлсін тиісті өзгертулер енгізілуі қажет. Іс жүзінде осы талаптар орындала ма? Басқа қалаларда қалай екені бізге белгісіз, ал біз тұратын Ақтау қаласында жағдай мүлдем басқаша. Нақтылап айтсақ Ақтауда қала халқын мектеп орындарымен қамтамасыз ету мәселесімен ешкім айналыспайтын сыңайлы. Олай дейтініміз, қаланың ірі-ірі сегіз шағын ауданында мектеп атымен жоқ. Мысалы, қаладағы ең бір ірі жаңа 17-шағын ауданында, шамамен төрт мыңның үстінде мектеп жасындағы балалар бар. Мектептің жоқтығына байланысты осы балалар қыстың қатымыр аяздарында қаланың басқа аудандарына тентіреп, қатынауға мәжбүр. Бұған қаладағы автобус қатынасының сын көтермейтіндігін ескерсек, қаншалықты балалардың ауыр жағдайда екенін көз алдыңызға елестетуге болады. Облыс және қала басшылықтарына осы жағдай туралы айтқанда, олар осы шағын ауданда салынып жатқан мектеп туралы уәж айтады, бірақ ол мектептің, біріншіден – бар болғаны үш жүз балаға арналғанын, екіншіден – ол мектептің ағылшын тілінде оқытатынын, ал үшіншіден – мектептің жеке инвестордың қаржысына салынып жатқанын, айтпайды. Мінекей, осылай нақты істің орнына көзбояушылық, имитация. Ал қаладағы осындай қиын жағдайдың қалыптасуының шын мәнісіндегі себебі – ол қала ішіндегі жерлердің бәрінің жеке меншікке сатылып кетуі. Мектеп салуға жер жоқ, ал соңғы жылдары қалада «Халық ассамблеясы», «Ә. Кекілбаев атындағы мұражай», «Қ. Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана» секілді, әрқайсысы жарты шағын ауданның аумағын алып жатқан және сметалық құны төрт–бес мектеп салуға жететін, керемет ғимараттар салынып, іске қосылды. Мәрмәрмен апталып, хрусталмен күптелген осы алапат мәдениет және білім ошақтарына адам бара ма, бүгінгі күні олар қаншалықты қажет Ақтау тұрғындарына? Бұл сұрақтың жауабын оқырман өзі ойлап таба жатар. Тек бір ғана айтарымыз, сондай керемет ірі кітапхананың орнына әр мөлтек ауданнан он шақты шағын кітапхана салғанда, өте тиімді, әрі пайдалы болар еді.

Білім беру сапасының бүгінгі күні сын көтермейтін ауыр жағдайға келуінің тағы бір себебі – ол жергілікті тиісті департаменттер мен бөлімдер тарапынан мектептерден оқушылардың жоғары үлгерімін негізсіз талап ету болып табылады. Өз кезегінде мектеп басшылары да қарапайым мұғалімдерден тек қана жоғары көрсеткіштерді, көп жағдайларда оқушының білім деңгейіне сәйкес келмейтін, әділетсіз бағалар қоюды талап ету, әдетке айналған. Ал ондай жағдайға көнгісі келмейтін, әділетті, принципті мұғалімдер көбінесе  әкімшіліктік прессингке ұшырап жатады. Әрине жоғары үлгерімді талап ету қажет, бірақ сондай жақсы көрсеткіштерге жетудің дұрыс, әділетті жолы қандай. Бүгінгі күні мектеп басшылары осы проблеманы шешудің ең оңай жолын таңдаған сыңайлы. Біздің ойымызша мектептердің білім беру деңгейін анықтайтын рейтингтің басты өлшемі (критерий) ол мектеп оқушыларының әртүрлі олимпиадалар мен білім сайыстарына қатысып, оларда жеңімпаз атануы деп есептейміз.

Ұстаздардың мәртебесі туралы көп әңгімелеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Өйткені бұл мәселе жақын арада ғана қоғамның жіті назарында болып, үлкен талқылаудан өтті. Талқылау барысында көптеген қажетті, пайдалы ұсыныстар, кеңестер айтылды. Бірақ өкінішке орай олардың көбісі қабылданған заңнан өз орындарын таппады. Соған қарамастан, ұстаздар заңнамалық негізде арнайы мәртебеге ие болды. Осының өзі ұстаздар үшін үлкен жетістік деп есептейміз. Ендігі бір Үкімет тарапынан, Ғылым және білім министрлігі тарапынан күтілетін үлкен шаруа, ол осы заңның талаптарын іске асыру. Өйткені талай жақсы-жақсы заңнамалық құжаттардың қағаз жүзінде қалып қойғаны біздің жадымызда. Қазір уақытты босқа жібермей сол заңға ілесіп жүретін, заңды орындауға қажетті ережелерді қабылдау қажет. Біз тек осы заңның қаншалықты ұстаздар өміріне жақсы да жағымды өзгерістер әкелетінін үміттене күтеміз. Бір ғана қосымша айтарымыз, ол - әзір ұстаз қоғамда өзінің лайықты мәртебесіне ие болмай, тек қана білім беру саласында ғана емес, бүкіл қоғамдағы жағдай жақсы жағына өзгермейді. Апатқа ұшырап жатқан ұшақтар, салынып бітпей жатып қирап жатқан тұрғын үйлер, дәрігердің қателігінен ота столында өмірден кетіп жатқан қыршындар, осының бәрі елдегі білім беру саласының құлдырауының нәтижесі. Осыны әрқашанда Үкімет басшылары, жергілікті әкімдер, білім беру саласының басшы қызметкерлері есте ұстаса екен деген тілек.

Байқоңыров Сәмет Ықласұлы

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625