Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Алаң 3014 2 пікір 18 Маусым, 2021 сағат 13:11

Азық-түлік бағасы неге аспандап кетті?

Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінде азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты жауап берді. Жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 6,7% өскен. Бұл ресми статистика. 

Жұмыртқа бағасының өсуіне 2020 жылы құстардың қырылуы әсер етті дейді агенттік. Құс жемінің қымбаттап, құстарға вакцина егу субсидиясының тоқтатылуы да оған себепкер болған. Жұмыртқа бағасын ұстап тұруға бөлінген қаржы уақытылы бөлінбеген, ал жұмыртқаға бөілнетін субсидия 50%-ға қысқарған. Салдарынан 34 ірі құс фабрикасының 5 жабылып қалған. Бұл нарықтағы жұмыртқа бағасының қымбаттауына әкелген.

Құс етінің қымбаттауына да жоғарыда келтірген факторлар әсер еткен. Сонымен қатар электр энергиясының 15%-ға қымбаттауы құс етін өндіру бағасына да өз әсерін тигізген дейді мамандар.

Қарақұмықтың дүкен сөрелерінде аспандап кетуіне 2020 жылы қарақұмық өсіру 10,9%-ға азайғаны себепкер болуда. Қарақұмық егу алқаптары 2018 жылдан бастап 41,6%-ға дейін кеміген. Бұл сөзсіз нарықтағы бағаға кері әсерін тигізіп отыр.

Қант бағасының аспандауына көптеген факторлар әсер етуде. 2019-2020 жылдары қант өндіру 29%-ға дейін азайған, ал қант импортының деңгейі орасан, 66%-ды құрайды. Қант қызылшасын егу алқаптары 2018 жылы 17 мың гекта болса, 2020 жылы 15,2 мың гектарға дейін азайған. Ресей және беларусь тасымалдаушылары бағаны өсіріп жіберген. Бұл еліміздегі қант бағасының өсуіне себепкер болды.

Күнбағыс майының өсуіне импорт үлесінің 30%-дан жоғары болғандығы әсер етуде. Ал өзге жеміс-жидек өнімдерінің қымбаттауына жыл сайынғы маусым айына дейін жететін көкөніс пен жеміс-жидек қорының таусылуы әсер етіп отыр дейді мамандар.

Бұл ресми жауап. Ал шынайы тұрғыдан баға көлемі 6.7% емес, 30-40%-ға дейін артып кеткенін дүкендегі бағалардан анық көруге болады. Бұл Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі саясатының жұмысын көрсетіп берді. Ішкі нарықты толық қамтамасыз етпей, сыртқа экспорт негізінде әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату көріністері де байқалған. Аталмыш фактілер азық-түлік бағасының аспандап кетуіне өз әсерін тигізді.

Abai.kz

 

2 пікір