Жұма, 26 Сәуір 2024
Дабыл 6944 9 пікір 15 Маусым, 2021 сағат 12:35

Ел қарызы өсіп, Ұлттық қор таусылуға жақын...

Мемлекет 2020 жылы Ұлттық қорға түскен қаржының 96%-ын жұмсады. Бұл туралы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаражаттың аударылмаған кездері де болған. Себебі, Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жекешелендіруден түскен қаржыны олардың сыртқы және ішкі қарызын төлеуге рұқсат берген.

«Енді, жағдай тұрақталған сайын оны барынша толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Өкінішке орай, Ұлттық қорға аударылуға жататын қаражаттың мақсатына сай аударылмау фактілері орын алған.

Бұл үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілеріне активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты олардың сыртқы және ішкі борышын өтеуге пайдалану құқығын беруіне байланысты. Мұндай практиканы тоқтатуымыз керек.

Жекелеген жағдайларда Бюджет кодексін бұза отырып, Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторы компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептелді. Тек 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспий серіктес компанияларынан 664 млрд теңге толық түскен жоқ»,- деді Годунова.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго», «Қазақтелеком», «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», «Тау-Кен Самұрық», «Samruk-Kazyna Construction», «Біріккен химиялық компания», «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты квазимемлекеттік сектордың компанияларына тексеріс жүргізу барысында, 60-қа жуық жүйелі проблемалар мен кемшіліктер анықталған. Мәселен, 41 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар, 340 млрд теңгеге активтердің тиімсіз басқарылғаны анықталған.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерін республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 2020 жылы 2019 жылдың деңгейінде сақталғанын атап өту керек. Бұл - 817 млрд теңге. Шамамен 20 млрд теңге пайдаланылмаған. Олар ҚБШ-ға (қолма-қол ақшаны бақылау шоттары) тұрып қалған. Бұрын жинақталған қалдықтарды ескере отырып, осылайша 56 млрд теңге «тоқталып қойылған». 2018 жылғы деңгейге қарағанда 3 есеге жуық өскен»,- деді Есеп комитетінің төрайымы.

Годунованың айтуынша, мемлекеттің қарызы жыл сайын өсіп барады.

«Бұл ретте Есеп комитеті соңғы жылдары айтқан тәуекелдер іске асырылуда. Қазір бұл 20,6 трлн теңге. Борыштың ЖІӨ-ге арақатынасы 29,4%-ға жетті және жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 27%-ға асты. 2014 жылға дейін мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейі ЖІӨ-ге шаққанда 22%-ы құрағаны кімнің есінде. Бірақ көтерілді. Біз сонда негіздемені көрмедік. Осыған байланысты қазіргі 29% жоғары деңгей болып көрінеді»,- деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін экономист Мақсат Халық мемлекеттің сыртқы қарызы 167 млрд доллар екенін айтқан.

«Осы қарыздардың ішінде мән беретін қарыз – ол Үкіметтің өз қарызы.  13 млрд доллар. Осы 14 млрд доллар өте маңызды қарыз. Мемлекет басымен жауап беретін қарыз.

Және бір мән беретін мәселе 40 млрд доллардан астам қарыз – өзге де секторлардың қарызы деп тұр. Сол түсініксіз болатын. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор отыр. Осы жылы жариялады. Квазимемлекеттік сектор қарызы – 21 млрд долларға жуық екен. Қалған 19 млрд долар өзге секторларға тиесілі. Оны да анықтау керек. Міне, осы қарыздарға мемлекет тікелей жауап беретін қарыздар»,-  деген болатын.

Экономистің айтуынша, Ұлттық қордың қазір қалған қаржысы 57 млрд доллар. Ал, өткен жылы 63 млрд доллар болыпты.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

9 пікір