Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
5209 8 пікір 3 Маусым, 2021 сағат 12:17

Ақылы жолдар: Халық наразы, Үкімет үнсіз

Кешелі-бері жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолдарға қатысты наразылықтарын білдіруде. Жүргізушілер ақылы жолды енгізбес бұрын, алдымен жолдың сапасына көңіл бөліп, жөндеуден өткізсін дейді. Ал министрлік болса "жоспар бойынша ақылы жолдар енгізіледі, алайда жөндеу көрмеген ақы алынбайды" деп отыр. 

Елімізде ақылы жолдарға қатысты наразылық мамыр айының 30 күнінен бастап өтіп жатыр. Кеше Шымкент қаласының маңында жүргізушілер жол жиегіне көліктерін қойып, ұзындығы бір шақырымға созылған наразылық акциясын өткізді. Олар "ақылы жолдардың бағасы тым қымбат, ал жол сапасы төленген ақыға сай емес" дейді.

Министрлік ақылы жолдар әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданып отырғанын жеткізді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстандағы республикалық маңызы бар 25 мың шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жыл сайын республикалық бюджеттен 40 миллиардтан астам теңге жұмсалатынын айтты. "Ақылы жолды енгізу арқылы бюджетке түсетін салмақты азайтамыз" дейді ол. Министрдің айтуынша 2025 жылға дейін елімізде 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы ету жоспарланып отыр. Биыл алғашқы 5,8 мың шақырым жол ақылы негізге көшпек.

Министрліктің мәліметінше қазіргі кезде елімізде 682 шақырым ақылы жол бар. Өткен жылы Нұр-Сұлтан - Щучинск, Нұр-Сұлтан - Теміртау, Алматы - Қорғас, Алматы - Қапшағай ақылы жолдарының учаскелерінен 5,7 миллиард теңге қаржы түскен, оның 5,4 миллиард теңгесі жолдарды күтіп ұстауға жұмсалған, ал қалғаны бюджетке аударылған. Министр наразылық білдірген жүргізушілердің шағымдары мен өтініштері «назарға алынады» дейді. Қазіргі уақытта ақылы жолдардың әр шақырымына 25 теңгеден ақы алынуда. Нарызылық білдірген жүргізушілер министрліктің жауабын "қанағаттандырарлық емес" деп бағалап отыр.

Abai.kz

8 пікір