Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2584 0 пікір 8 Мамыр, 2012 сағат 06:49

Ясунари Кавабата. Жапон сұлулығынан нұр алған жырлар (жалғасы)

Көктемде - гүл,

Жазда - құс.

Күзде - Ай.

Қыс күндерiнде

Кiршiксiз аппақ қар.

Дзэн тақуасы Догэн (1200-1253) өзi жазған осы өлеңдi «Бастапқы бейне» деп атапты.

Қыстың күнгi Ай,

Сен бұлттар арасынан

Менi жымиып шығарып салып тұрсың.

Қарлы аяздан жаураған жоқсың ба?

Беймаза жел мазаңды алмаған болар?

Бұл данышпан Меэнiң (1173-1232) өлеңi.

Маған естелiкке қолтаңба берудi сұрағанда әрдайым осы өлендердi жазамын. Меэ өлеңiнiң алдында өлеңнiң жазылу тарихын түсiндiретiн алғысөз iспеттi мәтiн де бар.

Көктемде - гүл,

Жазда - құс.

Күзде - Ай.

Қыс күндерiнде

Кiршiксiз аппақ қар.

Дзэн тақуасы Догэн (1200-1253) өзi жазған осы өлеңдi «Бастапқы бейне» деп атапты.

Қыстың күнгi Ай,

Сен бұлттар арасынан

Менi жымиып шығарып салып тұрсың.

Қарлы аяздан жаураған жоқсың ба?

Беймаза жел мазаңды алмаған болар?

Бұл данышпан Меэнiң (1173-1232) өлеңi.

Маған естелiкке қолтаңба берудi сұрағанда әрдайым осы өлендердi жазамын. Меэ өлеңiнiң алдында өлеңнiң жазылу тарихын түсiндiретiн алғысөз iспеттi мәтiн де бар.

«1224 жылдың 12 желтоқсаны. Түн. Аспан бұлтты. Ай көрiнбейдi. Мен сарайға кiрдiм де малдас құрып отырып, жанарым жұмулы күйiмде терең ойға берiлдiм. Түн ортасы болғанда ұйқыдан сергу үшiн жоғарғы павильоннан төменгi павильонға түскемiн. Бұлт арасынан шыққан Ай сәулелерi қар бетiнде жамырай шағылысып жатыр екен. Мұндай серiгi бар маған қасқыр ұлыған түн қойнында ашық далада жалғыз қалу да қорқынышты емес едi. Бiраз бақылағасын орнымнан тұрып кеттiм. Ай да көрiнбей кеткен секiлдi болды. Түн ортасы ауғанын бiлдiретiн қоңырау соғылғанда жоғарғы павильонға тағы да көтерiлгем. Бұлт арасынан шыққан Ай бұл жолы да жарқырап тұр екен. Мен залға қарай аяңдадым. Ал, Ай болса бұлттармен бiрге ерiп барып, көршi таудың шыңдары арасына жасырынғысы келетiн әлпет танытты. Шамасы, екеумiздiң түнгi серуенiмiздi жан түкпiрiнде құпия сақтағысы келген секiлдi».

Сосын жоғарыдағы өлең жазылады. Мәтiннiң жалғасы мынандай: «Айдың тау шыңына қалай иек артқанын көргесiн, мен залға кiрдiм.

Мен баратын сол шыңға,

Кешiкпей, Ай,

Сен де кел.

Осы және келер барлық кештерде

Өтiнем, Ай, менiменен бiрге бол».

Меэ түннiң қалған бөлiгiн залда өткiздi ме, әлде таң алдында қайта оралды ма, белгiсiз. Жазба ол жайлы жақ ашпайды.

«Көзiмдi ашқанда таңалакеуiмдегi Айды көрдiм. Бiрқауым мезгiл күңгiрт бөлмеде отырған мен осы бiр жайлап төңiрегiме жүгiре бастаған жарықтың менiң нұрланған жан-дүниемнен шығып жатқанын, әлде Айдiкi екенiн аңғара алмай дал болғам.

Төгiп жатыр

Жаным жарық сәулесiн

Ал, Ай болса,

мұны өзiнiң

Бейнесi деп санайды».

Егер Сайге сакура ағашының ақыны болса, Меэ - Айдың жыршысы.

Ох, қандай нұрлы,

Ох, қандай нұрлы, нұрлы.

Ох, қандай нұрлы

Ох, қанда нұрлы, нұрлы, нұрлы,

Жарық Ай!

Өлең тебiренген, толқыған дауыстың дiрiлiн еске түсiредi. Түн ортасынан таң әлетiне дейiн Меэ жазған «Қысқы Ай туралы» үш өлең осындай. Өлең астарында Сайгенiң «Өлең жазып отырғанда оны жазып отырғаның туралы ойланба» деп келетiн өсиетi жатқаны да айқын. Отыз бiр буынды сөйлемнiң (жапонның ұйқассыз жазылатын танка деп аталатын өлең түрiнiң өлшемi - ауд.) көмегiмен Аймен таныс адамындай, тiптi жақын сырласындай әңгiмелескен ақын шеберлiгiне таң қалмасқа шара жоқ.

«Айға көз қадап қарап отырып мен Айға айналамын. Ай маған айналмақ. Мен табиғатқа сiңiсiп кетемiн».

Боттичелли мұрасын зерттеушi, арғы мен бергiнiң, Шығыс пен Батыс өнерiнiң есiмi әлемге белгiлi бiлгiрi, профессор Ясиро Юкио бiрде жапон өнерiнiң ерекшелiгiн өлең iспеттi бiр ғана жолмен былай түсiндiруге болады дегенi бар: «Достарың жайлы аппақ қарға, нұрлы Айға, әдемi гүлдерге қарап отырғандағыдан артық ешқашан терең ойлана алмайсың». Расында да, Айдың немесе қардың сұлулығына сүйсiнiс, жылдың төрт мезгiлiнiң тамаша көрiнiстерiне таңданыс сәтiнде, осы бiр әдемiлiктi алыста жүрген достарыңмен бөлiскiң келiп, жаныңның маза таппай шарқ ұратыны бар емес пе! Сұлулықты сезiну адам жанында әлдебiр сағынышты оятпақ, өмiр мәнiне үңiлдiрмек. Сана түкпiрiнде үлкен ұғымдар мен түсiнiктердiң тамыр жаюына ықпал жасамақ, қарапайым ғана «дос» сөзiн қасиеттi «адам» деңгейiне көтермек.

Бiрiн-бiрi ауыстырып отыратын жылдың төрт мезгiлiнiң сұлулығын сипаттайтын «қар, Ай, гүл» сөздерi жапон дәстүрiнде жалпы сұлулық жайлы түсiнiктiң де баламалары болып табылады. Тау, өзен, шөп, ағаш, табиғат құбылыстары, сонымен бiрге адам сезiмi де осы сөздердiң аясында суреттеледi. Догэн өлеңiндегi жылдың төрт мезгiлiн бiзге баяғыдан таныс, көнерген, ескiрген бейнелер деп шешсеңiз, ойланыңыз! Тiптi өлең емес деп айтуға да қақыңыз бар! Дегенмен, осы өлең қария Реканның (1758-1831) өлер алдындағы өлеңiне қандай ұқсас:

Мен кеткесiн

Не қалады артымда?

Көктемгi гүл,

Таудағы құс,

Үйеңкiнiң жапырағы күздегi.

Мұнда да Догэн өлеңiндегiдей қарапайым образдар, қарапайым сөздер. Бiр қарағанда мағынасы да жоқ секiлдi. Бiрақ олар өзара жымдаса, үндесе келiп, Жапонияның жан-дүниесiн, мәнiн ашып тұр. Сонымен бiрге, бұл - ақынның соңғы өлеңi екенiн де ұмытпаған жөн.

Рекан лашықта тұрды. Тау-тасты кездi. Балалармен ойнады. Шаруалармен әңгiмелестi. Әдебиет, дiн төңiрегiндегi дау-дамай, айтыс-тартыстарға барған жоқ. Ғұмыр бойы «жүзiңде күлкi, сөзiңде махаббат болсын» деген қағиданы ұстанып тiршiлiк кештi. Бiрақ басқа емес, дәл осы Рекан өз өлеңдерi мен каллиграфиялық өнерi арқылы кейiгi Эдо дәуiрiндегi өз замандастарының тоғышар талғамдарына қарсы бiтiспес күрес ашты. Көненiң мұрасына адал болып қалды.Өзiнiң өлер алдындағы өлеңдерiнде ол артына ештеңе қалдырмайтынын жазды. Шамасы, ол осы өлеңдерiмен өзi өмiрден өткеннен кейiн де табиғат әдемi қалпында қала беретiндiгiн жеткiзгiсi келген болар. Бұл өлеңдерден Реканның рухани-дiни жан-дүниесi, бабалар мұраты көрiнiс бередi.

Рекан Этиго (қазiргi Ниигата) провинциясында, мен «Қарлы ел» романында суреттейтiн өңiрде дүниеге келдi. Бұл Жапон теңiзi арқылы Сiбiрдiң суық желдерi жетiп жығылып жататын елiмiздiң солтүстiк қиыр шетi. Бүкiл өмiрi осында өттi. Жетпiс төрт жыл ғұмыр кештi. Әбден қартайған шағында, ажал алдында жатқанда санасы нұрланды. Маған өлiм құшағында жатқан ақынның сөнiп бара жатқан жанарында бүкiл солтүстiк табиғаты өзiнiң қайталанбас сұлулығымен қайта бiр көрiнiс берiп өткендей сезiледi.

Менiң: «Соңғы көз тiгу» деп аталатын эссем бар. Осы эсседе Акутагава Рюноскэнiң (1892-1927) маған қатты әсер еткен өлер алдындағы хатынан үзiндi келтiрген: «Мен, асылы өмiр сүру инстинктiнен өзiм байқамай жүрiп айырылып қалсам керек,- деп жазады Акутагава. - Жүйкем суықтаған. Мұп-мұздай әлемде тiршiлiк кешiп жатырмын. Өзiмдi өлтiру туралы ой миымнан шығар емес. Бiрақ табиғат маған бұрын дәл мұндай әдемi болып көрiнбеген-дi! Рас, сiздерге табиғатқа тамсанып отырған адамның өзiн-өзi өлтiру туралы ойлауы қисынсыз, күлкiлi болып көрiнетiн шығар. Бiрақ табиғат мен соңғы рет жанарымды тiгiп жатқандықтан ғана әдемi».

Акутагава 1927 жылы, отыз бес жасында өзiн-өзi өлтiрдi. Сонда мен «Соңғы көз тiгуiмде»: «Бұл өмiр қаншалықты ауыр болсын, өзiн-өзi өлтiру сананың нұрлануына алып бармайды. Менде Акутагаваға да, соғыстан кейiн өзiн-өзi өлтiрген Дадзай Осамуға (1909-1948) да не аяушылық, не жанашырлық сезiмi жоқ. Менiң авангардист-суретшi досым болды. Ол да жас кеттi және өзiн-өзi өлтiру туралы көп ойлайтын. «Соңғы көз тiгудi» жазғанымда ұдайы ойымда сол досым болды» деп жазғанмын.

Өзiн-өзi өлтiру рух мықтылығының белгiсi емес. Оған тақуа Иккюдiң (1394-1481) өмiрi дәлел. Иккю де екi рет өзiн-өзi өлтiруге тырысқан, бiрақ аман қалған. Бiрiнде суға кетiп бара жатқан жерiнен балықшылар құтқарып қалса, екiншi жолы сезiмқұмар ақынды өлiм құрсауынан махаббат алып шығады.

Киотодағы Мурасакинода орналасқан Дайтокудзи храмына барушылар көп. Мен де жиi барып тұрамын. Осындағы шәй iшетiн бөлменiң қабырғаларында Иккюдiң каллиграфиялық қолтаңбалары сақталған. Солардың арасында екi жазба маған тым ыстық. Бiрiнде «Будданың әлемiне кiру оңай, Iбiлiстiң әлемiне кiру қиын» деп жазылған. Осы сөздер санамда жатталып қалған. Оқырмандарыма да қолтаңба ретiнде берiп тұрамын. Рас, бұл сөздердi әр түрлi түсiнуге болады. Мағынасы шексiз. «Будда әлемiне кiру оңай» деген сөзден кейiн, «Iбiлiс әлемiне кiру қиын» деген сөздi оқығанда Иккюдiң өзi бүкiл ғұлама болмысымен менiң жан-дүниеме кiрiп келе жатқандай сезiледi. Бүкiл саналы тiршiлiгiнде ақиқатты, мейiрiмдi, сұлулықты iздеп өтетiн өнер адамының «Iбiлiстiң әлемiне кiру қиын» деген астарлы сөздiң тасасында жатып өзiне арбап шақыратын қорқынышты әлемге де бiр рет кiрiп көру құмарлығы оянатындығы анық. Өнердiң мұраты да көрсем, бiлсем емес пе! Ол сол үшiн де өнер адамы. Бiрақ кейiн қайтар жол қандай болмақ? Мiне, мәселе осында. Оған рухы әлсiздердiң шамасы келмек емес.

Будда секталарының екiге бөлiнетiндiгi белгiлi. Бiрi адам жандүниесiне көмектi сырттан күтсе, екiншiсi, адамның өз рухының талпынысы арқылы жол табуға, хақиқатқа жетуге болады деп санайды. Жапондар ұстанатын дзэн-буддизм осы екiншi жолды дәрiптейдi. Жапон мықтылығының бiр құпия сыры осында. Оның өз қолынан шыққан әрбiр дүниеге барынша әдемiлiк беруге тырысуы да өмiрдiң әрбiр қас-қағым сәтiн бағалауға үйреткен осы тәрбиеде жатыр. Жапон қолынан шыққан әрбiр дүние - жапон рухының көрiнiсi.

Меэ мен Сайге бiр-бiрiмен жүздесiп, пiкiр алысып тұрған. «Тақуа Сайге келгенде, ұстаз өлең туралы ой толғайтын. Менiң өлеңге деген көзқарасым өзгелердiкiнен бөлектеу дейтiн. Гүлдi, құсты, Айды жырлайын, мына әлемнiң барлық көрiнiстерiн суреттейiн, бiрақ мұның бәрi шындап келгенде, құлақ құрышын қандырып, көздi алдар бос елес қана. Бiз жазған өлең қалай ақиқат бола алмақ? Өйткенi, гүл туралы жазғанда гүлдi ойламайсың ғой. Ай туралы жазғанда Айды ойламайтының тағы рас. Расында, бiз, өзiмiз құмартқан, өзiмiзге ұнаған нәрсенiң бейнесiн ғана жасаймыз. Кемпiрқосақ шықса түссiз аспан боялғандай көрiнедi. Күн шықса жарқырағандай сезiледi. Бiрақ аспан өздiгiнен боялып, өздiгiнен жарқырамайды ғой. Мiне, бiз де осы аспан секiлдi, өз жан-дүниемiздiң шексiз кеңiстiгiнде әр қилы заттарды бояу iзiн қалдырмай өзiмiзге ұнайтын әр түрлi түстерге бояймыз. Және осындай поэзия ғана Будда ақиқатын бейнелеп бере алмақ деп түйiндейтiн» (шәкiртi Тэнси Кикайдың «Меэ өмiрбаянынан»).

Бұл сөздерден жапондық, дәлiрек айтқанда, Шығыстық «бос сана, «болмыссыздық» идеялары аңғарылады. Менiң әңгiмелерiмнен де «болмыссыздықты» тауып жататыны бар. Бiрақ бұл Батыстық түсiнiктегi нигилизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бағыттар. Менiңше, еуропалықтармен бiздiң жан-дүниелерiмiздiң негiзiнде әр түрлi бастаулар жатыр.

Жылдың төрт мезгiлiнiң әдемiлiгiн, суреттеуге арналған Догэннiң «Бастапқы бейне» деп аталатын маусымдық өлеңдерi - терең ойға шомған сананың жаратылыс құпиясын шешуге талпынысы.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір