Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2811 0 пікір 8 Мамыр, 2012 сағат 06:39

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Өзі «енді үш күн қамалсақ өлерміз» деген Қуатты сол қандала ордасынан үшінші түннің жарымында әкетіп еді. Сарыдан тұп-тұтас қан күреңге айналған татардың бірін төртінші түні іңірде, бірін түн жарымында жатқан жерлерінен екі сақшы сүйемелдей тұрғызып әрең әкетті. Мен жалғыз қалдым, жалғыз да емеспін-ау, құжынаған қалың қандала мені ғана ортаға алып, «аймалай» берді. Бұл түнде мен де дауалға сүйеніп тұрудан қалып, шалқамнан жатқанмын. Содан қанша уақыттан кейін алып шыққанын, алып шығып не істегенін білмеймін, бір кезде есімді шала-шарпы жисам, киімім шылқылдаған су екен. Әйтеуір бір жарық үйдің цемент еденінде жатқан сияқтымын. Шор болып жұмылып алған көздерім анда-санда зорға бір сығыраяды. Екі мырза баяғы күлімсіреген қалпында екі жағымнан төніп тұр. Еріндерінің жыбырлауына қарағанда сұрақ қойып тұрған тәрізді. Ісіп кеткен құлағым еш дыбыс естір емес. Ақ киімді біреу денемді аяғымен аударып, укол қойды. Онан соң аяғымен қайта аударып шалқалатты да, бетіме бірдеңе жаға бастады. Онысын қабағыма да, құлағымның қуысына да таптіштей жағып жатқанда ұйықтап кетіппін.

V

Өзі «енді үш күн қамалсақ өлерміз» деген Қуатты сол қандала ордасынан үшінші түннің жарымында әкетіп еді. Сарыдан тұп-тұтас қан күреңге айналған татардың бірін төртінші түні іңірде, бірін түн жарымында жатқан жерлерінен екі сақшы сүйемелдей тұрғызып әрең әкетті. Мен жалғыз қалдым, жалғыз да емеспін-ау, құжынаған қалың қандала мені ғана ортаға алып, «аймалай» берді. Бұл түнде мен де дауалға сүйеніп тұрудан қалып, шалқамнан жатқанмын. Содан қанша уақыттан кейін алып шыққанын, алып шығып не істегенін білмеймін, бір кезде есімді шала-шарпы жисам, киімім шылқылдаған су екен. Әйтеуір бір жарық үйдің цемент еденінде жатқан сияқтымын. Шор болып жұмылып алған көздерім анда-санда зорға бір сығыраяды. Екі мырза баяғы күлімсіреген қалпында екі жағымнан төніп тұр. Еріндерінің жыбырлауына қарағанда сұрақ қойып тұрған тәрізді. Ісіп кеткен құлағым еш дыбыс естір емес. Ақ киімді біреу денемді аяғымен аударып, укол қойды. Онан соң аяғымен қайта аударып шалқалатты да, бетіме бірдеңе жаға бастады. Онысын қабағыма да, құлағымның қуысына да таптіштей жағып жатқанда ұйықтап кетіппін.

- Тұр!- деген үн естілді бір кезде. Көзім де икемге келіңкіреп қалыпты. Екі қолымды тіреніп, басымды көтеріп отырдым. Екі мырза үлкен үстел төрінде, орындық арқалықтарына шалқалап жатыр. Түн екен. Тас төбеден абажурлы қос шырақ жанып тұр. Есік жақ бір бұрыштың төбесіндегі «шығырдан» өткізілген жіңішке жібек арқан астындағы үстелдің ірге жағынан ұршыққа ілінгендей, қос қабаттала керіліпті. Оның айналмалы қайыс екенін түсінсем де, қинаудың қай тылсымы екенін айыра алмадым. Төр жақ бұрышта мен білмейтін әртүрлі аспаптар жатыр. Тағы бір бұрышта жуан төрт сирақты, адам бойы, қоян жон, бүкіс дөңбек көрінеді. Қалай да етпеттетіп таңып дүрелейтін «сүйіктіміз» сияқты, екі жағындағы жалпақ белдіктер сол апай төске жабыстыра құшақтататын «жеңгелеріміз» шығар.

Соларға бажырая қарағанымды қызықтағандай екі мырза күлімсіреді. Мен де тез ширап, күлімсіреуге тырыстым.

- Неге күлесің?- деді ақ сары жай ғана шырай көрсетіп. - Алдыңдағы орындыққа отыр!

- Станокты... ұста дүкені сияқты екен,- дей салып, өзімді тағы да бекемдей түстім. Бірақ, суға тоғытқан ба, иә, дизенфекция насосы соншалық «жомарт» па, киімім сумен шылқылдап, тым ауыр сезілді. Төрт аяқтап әрең тұрып, орындыққа отырдым.

Ақ сары ақ сұрға қысқаша аударып отырып, менің аты-жөнімді, адресімді, орын-тұрағымды сұрап жазды да, расты мойындау жөніндегі өсиетін қысқаша айтып өтті. Әнеу күнгі өсиетіне қосқан жаңалығы - мұндағы «қамақ бөлмелерінің» қандала жөнінен қатерлі «ескі үй» екенін ескертуі ғана болды.

- Бес-алты күн ғана жатқанның өзінде-ақ есіңнен танып, өлім халіне түстің. Жеті-сегіз күн жатып қалсаң, өлгенің ғой! Шыныңа келмесең, мына Кыжаң ыза болады да, бір ай, тіпті одан да ұзақ жатқыза береді. Расыңды айт та құтыл!... Мен хұйзумын, мұсылманмын, саған жаным ашығандықтан айтамын: расыңа келсең - құтылғаның, жасырсаң - өлгенің өлген, ешкім ара түсе алмайды!... Ұйымдарыңды серіктеріңнің бәрі мойындап болды,- деп шын жанашырлық сырын айтқандай ақырын ғана күбірледі. Сонан соң. - Тезірек мойындай салмасаң - қиналып өлесің! Мойындағандарды түгел мектептеріне қайтармақ, жақсы, таза үйге шығарып, жақсы тамақ беріп жатыр, ұқтың ба?!

- Ұқтым,- деп мен де шын ниетке келгендей, басымды изеп-изеп қалдым. - Кыжаңға менің жауабымды дәл өз қалпында жеткізіңізші, расын айтайын.

Ақ сарысы аударып еді, ақ сұрсы «рұқсат» дегендей иегін нәнси қақты.

- Рас сөз әрқашан бір-ақ түрлі болады,- деп бастадым мен. - Екінші түрге айналса, өтірік болғаны. Өйтетіні, өтірік сан түрлі құбылмалы болады. Өтіріктің өтіріктігін де, растың растығын да сіздердей білімді, тәжірибелі адамдар тез-ақ айырады. Мен сіздерге өтірік айтып, өлмекші емеспін. Мен жаспын ғой, өлгім келмейді, жан керек маған!

Бұл сөзімді аудармадан тыңдаған Кыжаң тағы да иек қаға салды.

- Бірақ, көп сөз болмасын, ұйым мәселеңді, оған кім тартқанын, өзің не қызмет көрсеткеніңді ғана айтсаң болғаны,- деп қосты Кыжаң.

- Қандай ұйым ол?... Мен тек Гоминданның ғана мүшесімін, соны сұрайсыз ба?

- «Шығыс Түркістан» ұйымын айт!- деп Кыжаң үстелді тықылдатты. Ақ сары мұны ұйғырша аударды да, өз сөзімен өңдеп жіберді:

- ...Міне, ұйымдарыңның атына дейін белгілі бізге, айтқамын ғой, серіктерің расын айтпаған болса, бұл атты біз қайдан білеміз?

- Шығыс Түркістан!- деп мен аса ғажаптанғандай кезек қарадым екеуіне. - «Шығыс Түркістан!»... Бұл не деген сөз?... Біздің Гоминданға қарсы ұйым ба, иә, дос ұйым ба?!

Кыжаң жаман тілмен көсіп жіберіп, үстелді қойып қалды.

- Гоминдан досын қамай ма?...

- Ендеше, мен ондай дұшпанды мүлде білмеймін!- деп басымды бір-ақ шайқадым.

- Олай болса, неге қаштыңдар?- деген сұрауын ақ сары аударды.

- Қорқып қаштық.

- Неден қорықтыңдар?

- Өткен 44-ші жылдың қысында мектеп ханзу сабақтастарымызға мылтық, тіпті пулемет таратып беріп, ұлттық оқушыларды қаматты, түнде дәретке шықсақ мылтық атты. Үш түн бойы жатақханада дәрет қылдық. Артынан естісек, Үрімжі тауларына құралды «банды» келген екен. Биыл, осы жақында ғана «банды» тағы да көбейіпті. Алтай тауларынан ғана емес, Іле тауларынан да көп шығыпты деп естідік. Олар келіп Үрімжіні қоршай қалса, ханзу сабақтастар бізді қырып тастайды деп қорықтық. Бұл қорқынышымызға тағы бір себеп қосылды: Осы қыстық демалыста бізді үйімізге қайтармай қойды. «Жолда банды бар, қатынас бекіп қалды» дейді. Жол беки берсе әке-шешемізді мүлде көре алмай қаламыз ғой, үйге тез жетіп алайық деп қаштық.

- Сонда, бандыға барып қосылмақсыңдар ғой, солай емес пе?

- Жоқ, біздің үйіміз қалада. Қалада «банды» бола ма екен?

- Қаладан банды шықпайды деп кім айтты саған?

- Банды деген таудың жабайыларынан шығады, қаланың оқыған мәдениетті адамы «бандыға» қосыла ма?

Екі мырза бір-біріне қарап жымиысты. Шырайларында «осыншалық хабарсыз ба» дескендей аңырыс бар.

- Жақында Іледен не хабар жетті сендерге? - деп маған кірпік қақпай қадала қалды Кыжаң. Жарнаманы меңзеп отырғанын сезе қойдым. Бұл мырза да адамның бет құбылысынан ішін біле қоямын дейтін «гипноздардың» бірі болса керек. Бөгеле ойлансам-ақ «пәлеге» қосақтамақ тәрізді. Мен де түзу қарап, іркілмей қайырдым жауабын:

- Мен ілелік емеспін ғой, Іледе хат жазысып тұратын ешкімім жоқ.

- Бірге қашқандарыңның ішінде ілеліктер де бар ғой?

- Бар, олар да қаланікі. Үйлеріне аман жетіп алуды айтады.

Ойланысып қалды екеуі. Іледе болған оқиғаны ашық айтып тергемесе үстемдік ете алмайтынын ойласқан сияқты.

- Сендерді кім бірлестірді?- деп Кыжаң ыңылдай сұрады енді.

- Осы қашқан он тоғызымыз мектепке келгелі таныспыз. Былтыр қыста қорыққанымыздан бастап сырласпыз. «Биыл банды тағы да шықты» деген сайын қорқа сөйлесіп жүрдік. Қыстық демалыста үйді-үйімізге қайтып кетейік десіп едік, демалысқа қайтармай қойған соң, күн жылынысымен жаяу болсақ та жетіп алайық деп келістік...

- Үйлеріңе тура тартпай, Боғдаға қашқандарың бандыға қосылу мақсаттарыңды дәлелдемей ме?

- Үйге қарай тура кетсек, жаяу адамға өте алыс. Боғдада «банды» жоқ және бірнеше сабақтастың туысқандары, жиен, нағашы, бөле, құдалары көп екен. Солардан көлік, көмек сұрауға бардық, олар әскер шақырып ұстап берді...

Кыжаң ақыра тұрды орнынан:

- Ұйымыңды мойындаймысың, жоқ па?!

- Бірігіп қашқандарымызды ұйым десеңіз, осындай ұйым бар. Ал әлгі... әлгі немене еді?... А... шықсын түркін!.. шықсын түркін дегендеріңізді түсінбеймін де! Өтірік айтып сіздерді алдай алмаймын!

- Серіктеріңнің бәрі айтып отырғанда сен неге мойындамайсың?

- Сіздерді алдап құтылмақшы болса, өздері біледі, мен сіздерді алдамай, алалдығыммен қамқорлықтарыңызға ие болмақпын.

- Қамқорлық?... Мойындамасаң өлесің!

- Өтірікке мойындамағанды өлтірсеңіздер өлтіре беріңіздер! Бірақ, Жяң зұңсай ондай бұйрық түсірмес!

Кыжаң арт жағындағы электр кнопкасын басып қалып еді, сарт-сұрт басып екі жендет кіріп келді. Әлгі қос арқан тартқан үстелді ымдап қалды Кыжаң. Екі жендет екі білегімнен ұстап, арқан тұсына апарды да, қожаларына қайта қарасып алып, үстелдің төр жақ шетіне сүйреді мені. Бұл шетте қияметтің тағы бір жұмбақ қинауы барын сездім.

Бір жендет оң білегімнен ұстап, қолымды үстел бетіне тигізіп еді, екінші жендет бүйірдегі бір тетікті қайыра қойды, кәрі қасқырдың азуындай мұқыл тістер сап ете түсіп, қолымды білезіктігіне дейін жұтып ала қойды да, мыжып жіберетіндей, қысып бара жатты.

- Ей, шыныңды айта салмаймысың, қолыңнан айрыласың!- деп ақ сары қасыма жетіп келді де жендеттерге ханзушалап, тоқтата тұруды сұрағансыды. - Серіктеріңнің бәрі мойындаған ұйымды әшкерелей салсаң болмады ма, мынау қолыңды қазір-ақ мылжалап жұлып тастайды.

- Білмесем немді әшкерелеймін, басымды жұлып тастаса да расы сол. Ондай ұйымды біз білмейміз. Оларды шылғи өтірікке мойындатқан осы станок шығар. Қайтадан... әкеліп... тергеңіздер!... Қайтадан... расына келеді олар!... Олар... а.. олар өтірік....

Қаншалық шыдайын десем де соңғы сөзді еріксіз шыңғыра қостым.

- Тоқтат! - деді жендеттерге ақ сары. Екінші бір тетікті басып қалғанда тістер сәл босата беріп, қысқан бойы тоқтай қалды. Ақ сары Кыжаңына қарады.

- Мойындаймысың, жоқ па? - Кыжаң үстелін шарт еткізді. Мен де сақ ете түстім:

- Өтірікке ме?... расын айт деп тәрбиелеген өзің, енді өтірікке мойындамасам өлтірмекпісің?

- Шын ұйым бар!... айтпасаң өлесің!

- Жоқ!... Бар болса мен өзім білмеймін бе?

- Білесің, айтасың! - деді жағы қисайып, тістене қалған Кыжаң, - Мойындамасаң - қинап өлтіремін сені!... Апар сол камераға!- деп енді жендеттеріне сақылдады... Қашан шынына келгенше жатады.

«Қасқыр» аузынан қолым әрең шықты, мұқыл тістер кірігіп, жабысып қалған екен, шықса да жанынан айрылып шыққандай сылқ түсті. Тұла бойымнан тер шүмектеп ағып барады.

- Шынын айтып болдым, өтірік айтпадың десеңіз, қалай өлтірсеңіз өз еркіңіз, шыны керек болса, бұдан басқа шындық таба алмайсыз! Таба алмайтын себебіңіз, шындық біреу ғана! Айтқамын ғой, өзіңіз ойлануыңызды өтінемін, - дей салып жендеттердің алдына түстім.

Таң бозарса да әлі қап-қараңғы тұрған сол қандала ордасына қайта бардым. Қатарлас камералардың бәрінен күңіреніс, қиналыс үні естілді. Бәрі де хал жеткенше қандаламен қырқысып болып «мә, жесең жеге» келген сияқты, дәрменсіз ыңыраныс көп естілді. Мен де құлай кеттім...

Қолымның қақсауынан ба, әлде қандала шақпай ма, әйтеуір денем тыныш сияқты. Тісімді қатты басып тілдеп жібердім бір кезде. Анау бір уақыттағы Репқатша түтек бір ашу билей қалды. «Партизандар өз уағында келе қалса қасқырларға бұлай жем болмас едік қой, әттегене... Репқат!... Батырым!... Қаза болған-ақ шығарсың?... Таздың үнін дер кезінде өшіріп, жауды фактыден тотитып-ақ кетіпсің! Қолға түскен жарнамадан ұққан «Шығыс Түркістан» атын ғана ұстап отырып қалыпты ғой... Репқат!... Есіл аға!... Тірі қалсам құз жартастарға атыңды қашап жазармын!... Кел, Нұрияш, бірлесіп жырлайық, жоқтайық оны!... Қайдасың жаным, қайдасың?!... Қайдасың?!... Қайдасың?!- деп қатты айқайлап жіберіппін.

- Бақырма!- деп ақырды сырттан біреу ханзушалап. Басымды көтеріп алдым, есік саңлауларынан жаңа шыққан күн сәулесі түсіпті. Тұрып барып сығаласам, басына кенеп дорба кигізілген әркімді дәретке шығарып жүр екен. Сақшылар бұрынғыдай жұдырықтап, теуіп айдамай, сүйемелдеп әрең әкетіп барады. Тұтқындар өлім халыне түскен соң ұруды тоқтатқан сияқты, кенеп жамылыштан аяқ жақтары ғана көрінеді. Бірнешеуі біздің жолдастар екені байқалды. Бәрі кібіртіктеп-сенделектеп өтті. Жүрістерінен қайсылары екендігін айыра алмадым. Тергеу бастығының «тойғызып, борлап жатқаны осы болғаны ғой! - деп күбірледім. - Иә, расында мойындатқан-ақ екенсің аш қандала!»

Қайта тұрып абақты қабырғаларына үңілдім. Қандаланың өрбіген мол ұрпағы күрең сырға айналған өз аруақтарының үстінен ерсілі-қарсылы өріп жүр. Бір ғажабы, менің үстіме қаптамапты. Тергеу бөліміне кіргізерде малшындырған дизенфекция дәрісінен жолай алмай, мысы құрып жүрген сияқты, көбі менше әрең қыбырлайды.

Жендеттер мені де тұмылдырықтай жетелеп, ұрмай дәреттендіріп қайтты. Бұл реткі сықпа момы мен елу грам суды күндегі сатала аспаз емес, таза киінген бір лаухан1 әкеліп есіктен ұстатты да, сыртқы босағаға сүйеніп үңіле күбірледі маған. Ұйғыршаны ханзу үнінде қаудырлатып шала сөйлейді екен:

- Атаң-анаң бар?... Менің бала ұқшайды, әдемі бала ұқшайды! Ай-хай-хай, жап-жас өлу қиың-қиың, менде жүрек ауырады, - деп жанашылғанси кіржиіп, басын шайқап-шайқап қалды. - Бұл үкімет сен мойындайды, қоя береді. Сенікі ұқшайды, өзің ұқшайды, бірнеше шяухозыңды2 жақсы үйге шығарды, тамақты хоп-хоп жегізді. Қайтарамыз дейді. Сен де мойында,  мектеп қайтасың!... Бекер-бекер қиналып өлетін болмайды, мына жан жақсы, тірі жақсы. Өлесің, атаң-анаң жылайды, не болды!... Ұқтың?... мойында, қайт-қайт!...

- Ей, лаухан, жаның ашыса суды неге молырақ әкелмейсің?

- Әия, көріп қояды, осы үйге меніңді қамайды! Менің балаң көп, мен бахады!

- Өз балаңды бағу үшін әзәзілдік істеп, өтірікке мойында деп азғырып, елдің баласын қырғызбақсың ғой! Өз балаңды біреу осылай өлтірсе қайтер едің?... Алдай алмайсың бұл өтірігіңмен, біреуі тұмсығыңды жапыра өледі... Жоғал, кәрі сайтан!- деп айғай салдым.

- Бақырма, бақырма, менікі жанашиды айтады, - деп бүкшеңдей жөнелді. Сол лауханның екі камераға тамақ апарған кезінде ылғи осылай күбірлеп жүргені сезілді, қатарлас камералардан менше айғайлаған ызалы үн естіліп жатты.

Киімімдегі дәрі иісі тарап кеткен екен, екінші күні түнде денем қайта дуылдай бастамасын ба. Есіме енді түсті, мойын ораған көйлегім мен балақ таңғышымды тергеушілер жоғалтыпты. Майкамды шешіп алып, мойныма енді соны орадым. Бұрынғыдай түрегеп тұра хал жоқ. «Шие бөрі» өріп жүрген дауал мен киім сыртын сипап тастар артық қол да жоқ. Жалғыз қолым бет-ауыз бен құлақтан босар емес, сүйеніп отырып алып ыңырсудан басқа «шара» қалмаған. Түн ортасында есік ашылып, қол шырақ жарқ ете түсті. Ұйғырша сөйлеуінен ақ сары сұрқия екенін таныдым.

- Ей, ойланып болдың ба? - деп сұрады.

- Нені ойланамын, бар шынымды сөйлеп болғанмын.

«Мұсылман» тергеуші басқа камераға естілмейтін бәсең үнмен сөйледі.

- Өлуіңе енді тіпті жақын қалды, мен ақырғы рет сұрауға келдім. Расын айтсаң қазір-ақ құтқарамын.

Қатарлас камерадағылар естісін деп әдейі бар дауысыммен айғайлай жауап бердім:

- Басқадай расым жоқ!... «Шарқын түгін» деп пе едің, ондай ұйымды көрмеппін де, естімеппін!

- Ақырын сөйле!- деп зекіп қалды тергеуші.

- Ақтық рет ашық дауысыммен сөйлеп, ақ өліммен өлейін, ұйым мәселесі бізде жоқ, мүлде жоқ!... Мойындағандары болса темір қасқырыңызға қайта бір шайнатыңыз, менің айтқанымның рас екеніне сонда сенесіз.

- Ей, басқа сөзді қой, екінші қайталай келмеймін, айтатының болса, тез айт! Мұсылмандық үшін қайталап сұрарым тек осы ғана!

- Мұсылмандығыңыздан өтінерім «тек» мынау ғана: мені біреу іздеп келсе, «біз емес, біз асыраған мына қандалалар өлтірді» деп сүйегімді тапсырып беріңіз... Басқа сөз жоқ. Қош, ақыреттегі қарасат майданында көрісерміз әлі-ақ!- деп қалдым әдейі.

Тергеуші есікті қатты жапты да шақылдата құлыптап кете берді.

Жылдай күн батып, ғасырдай түннің және бірі жартылағанда есік тағы ашылды. Есек дәмелі тергеушім тағы сұрамақ шығар деп, үмітін мүлде кесе үзуге дайындалып едім. Жан құралын жалаңаш ұстаған қара киімді сақшы екен, «шық!» дегендей бұлғаң еткізді құралын. Жалғыз қолыммен дауалдан дауалға сүйене шығып алдына түстім. «Ұста дүкеніне» ілби беттегенімде шақ ете түсті де, сары ғимараттың арт жағындағы ала көлеңкені нұсқады. «Ататын алаңы сол болғаны ма» дегендей үңіле қарасам, жалғыз атты жеңіл арба тұр. Ақай айтқан кер жотаға осымен апарып ататынын немесе орын ауыстыратынын - осы екеуінің бірі болатынын сезіп, тыңая түстім, қолымның сырқырағаны да, қандаланың уыты да сезілмей қалды. Өлім жалмар болса өлігім масқараланбасын деген сезіммен мойын ораған майкымды сым қалтасына тыға салып, төрт дөңгелекті жадағай арбаға жетіп тоқтадым. Үстіне жабылған брезенттің қымырлап қалуынан бір адам жатқаны байқалды. Екі сақшы мені соған айқастыра шалқалатып, брезенттің қайрылған жарымымен жапты да, шетін баса отырды. Алдыда отырған бірі арбаны айдай жөнелді.

Темір шеңберлі дөңгелектердің шақ-шұқ шоқалақтауына қарағанда, шеткі көшемен кеткен сияқтымыз. «Енді мәңгі кеткен сияқтымыз» дегендей, «бейтаныс қабырласым» санымды қысып-қысып қалды, «атады» дегендей бір жазуды қайталай сыза берді. Менің ол жақтағы «қасқыр» шайнаған оң қолым икемге келер емес. Білегімді әрең жиып апарып, аяқ киіміне үйкедім. Қуаттың березент батинкасы бар еді, жуан тұғыр қысқа сирақты сол тәрізді. «Атпайды» деген белгі бергім келеді. «Өлімге айдаған адамды байламай, бұлай бос жатқызар ма» деп те, «бір үлкен қылмысқа зорлап болса да қол қойғызбай атар ма» деп те дәтке қуат дәлел айтқым келеді. Бірақ, Гоминданның қара ниеті әрқандай қара жазаға жете алатындығын ескеріп, өз дәлеліме өзім де сенбей, «бақыл бол, Нұрияш, ақтық рет бір көре алмай кеттім» деп қалғым да келеді.

Бұрыла-бұрыла шоқалақтап келген арба тоқтай қалғанда жүрегім өрекпи жөнелді. Қасымдағыны жерге үнсіз сүйрей түсіріп әкетті. Брезентті сиырып жіберіп жіберіп жалт қарадым. Төніп тұрған бір сақшы кеудемнен қойып жіберіп, брезентті жаба қойды. Қарақшының қолы қышығаны болмаса, ұратын жөні жоқ екен, екінші түрмеге келіп кіріппіз. Төртінші түрмеге кетерде көрген зал маңдайшалығындағы абажурлы шырақ маңайын айқын көрсетті. Қасымнан түсіріп әкеткені, өз сезгенімдей, Қуат екен, зал есігіне кіре бергенінде көріп қалдым.

- Түс!- деді маған біреуі. Мен де кірдім сол залға. Есік-есіктен өткізіп, ең түпке итермелеп әкелді де, шарқылдатып шойын құлыпты ашты. Бір кілтші, шырақсыз камераға итеріп қалып, есікті жапты. Шақ ете түссе де алғашқы кіргенімдей ырши қоймадым. Дәл төріндегі білектей-білектей темір торлы терезесінің жақын көрінуіне қарағанда, шағын ғана камера екендігі байқалады. Тақтай сәкіде қатарынан бес-алты адамның жатқанын ұйқы пысылынан байқадым. Шаңғыр ете түсті біреуінің аяғы, кісенді екен. Жүрегім зу ете қалды. Жағалай теңселіп келіп, бір кісілік бос орын барын білсем де, қандала таратқым келмеді. Есік жаққа ілбіп қайта барып, тас кірпіш еденге қисая кеттім...

Қатты ұйықтаппын. Түрме тұрғындарының бетіме төне қарап, сөйлесіп тұрғаны естілді бір шақта. Оянғаныммен «жайлы» орыннан қозғалғым да, көзімді ашқым да келмеді. Зіл батпан денем қыбыр етуді жақтырмайтындай. Ұйғыршасы да, шала тілді ханзушасы да бар бейтаныс үнділерден сиқыма көрімдік сұрардай жалт етіп қарауға зауқым да жоқ сияқты. Көзімді жұмған бойы жата бердім.

- Астағыфиролла, жүзі қаннан көрінбейді... Бұ қанқорлар қанға тойып қалған ба?- деді бір ұйғыр. - Мұншалық шашыпты, мақталы шапанымен қоса жеп қойса бір тұң қан пайда таппас па еді?

- Қансырап қатып қалған ба, тірі ме өзі?

- Тірі, демі бар екен,- деді бірі. - Бірақ қинаудан өлер шағында ғана шығарған сияқты ғой?.... Бір қолын шағыпты.

- Жас жігіт екен өзі,- деп біреуі үңілді, - дүңген бе, сібе ме?

- Емес, моңғол яки қазақ қой деймін.

- Қане, мен көрейінші,- дей жетті бір қазақ, - қазақ қой, анық қазақ. Бет-аузы ісіп кетіп танылмағаны ғой... балам, ей балам, ояншы, көзіңді ащы!

Мен көзімді сығырайтып әрең аштым, тағы да шор болып жұмылуға тақағандай. Селдір ақ сақал-мұртты, арық сұр қарт та көзін сығырайта төніп тұр екен:

- По, бейбақ-ақ, қабағын жауып алыпты ғой! Сызға жатып қалыпсың! Талып қалғаныңда сүйретіп әкеп тастай салған ғой тегі!... Жігіттер, көтеріп сәкіге жатқызыңдаршы!

- Жоқ ата, киімім толған қандала!- деп қалдым.

- Түсіндім, асыл азамат екен бұл,- деп бір кісенді ұйғыр құшақтай көтеріп алды мені, - бізді қандаладан аяп жатыпты.

Ақсақал мен семізше ханзу бүкшеңдей ұмтылысып, астыларынан төсеніш суырып, сәкідегі бос орынға төседі де ұзын қара мұртты ұйғыр кісенін шаңғырлата көтеріп келіп отырғыза қойды. Бас жағындағы одеялын алдыма тастай салды да:

- Бар киіміңді шешіп таста!- деп бұйырды. - Қазір адалаймыз!

Мен басқа киімімді шештім де ұялыстан жымиып, сымымның жанқалтасынан іш киімімді суырдым.

- Ұялма, балам, оны да  таста!- деді шал. - Лағнаттың ол абақтысын жақында мына Жамал да көріп шыққан.

Оң қолымның икемге келмей жатқанын көрген егде ханзу батпаққа тола қатқан батинкемді байпағыммен суырып тастап, сымымның балағынан тартты.

Жастау жігіттердің бірі көйлек, бірі қысқа ыштан әкеліп кигізді де дәрет бөшкесі тұрған бұрышқа апарды мені. «Моншасы» да осы бұрыш екен. Бұла денемдегі қанды дымдалған орамалмен ысқылап тазалап жатқанда, шалдар ашылған есік алдындағы күзетшіге адам санын айтып, шыныдай-шыныдай ақ момы мен бір шелек күріш көже кіргізіп алды...

Түрмеде көп жатқан ыспор тұтқындар сол күні кешке шейін мені сүндетке отырған жалғыз ұлындай, орап-шымқап күтумен болды. Киімімді жуып кептіріп те, бастан кешкендерін айтысып та үлгірді. Маған да сұрау аз қойылған жоқ. Көргенімді қысқаша айтып, жауап беріп болған соң, қатарымда отырған қарттан алдымен сұрағаным Нұрияның әкесі болды.

- Ата, Алтайлық екенсіз, Үмбетбай дейтін кісіні білесіз бе?

- Білуші едім, балам... Онымен қандай таныстығың бар еді?

- Ол кісінің інісінің баласы менімен сабақтас еді.

- Е...- деп алып күрсінді шал, - Үмбетбай осы төрт-бес күннің алдында ғана мына бізбен жандас «қабырда» жатқан. Денсаулығы жақсы, пәле-жаладан аман келіп еді. Өткен жарым айдан бері ол кісіні тағы бір қырсық шалған. Қазақ тыныш жүре ме, «осы Үрімжінің өзіндегі бір жаудан көрсетінді бар көрінеді. Күмәнданның саясатына таңып қинап жүр, қатты қорқытып жатыр» дегенді хабарлап еді маған. Бүгін бес күн болды, сол кісі «қабырында» (камерада) жоқ, қайда әкетілгені белгісіз... «Түрмеден босатамыз» деп үміттендіріп отырғанда ғайып болды.

Кәменнің ісі екенін сезіп, бойым түршіге жөнелді. Қандала шабуылдата келіп, дәл төбеме улы тісін басып қалғандай болды. «Соның ісі... Нұрияны жоғалтысымен шырмаған екен... Әкесі түрмеден шыға қалса қызын зорлап иемдене алмайтынын біледі ғой. Іздеусіз қалдыру үшін сол мықты әкені түрмеден шығармай құртпақ болғаны ғой» - деген оймен қынжыла отырып:

- Киім-кешегі мен көрпе-жастығы Камерасында қалып па, әкетіп пе? - деп сұрадым.

- Екі күннен соң әкетіпті, «қабырында» ешнәрсесі қалмапты.

- Онда басқа түрмеге ауыстырып жіберген шығар?

- Бізді біржолата алып қалу ниетінде болмаса, енді олай ауыстырар қисыны жоқ еді, балам, «қазақ-қырғыз ұйымының кепілдігіне шығарамыз» деп әр күні айтып, жақсы тамақтандырып жатқан қазақтары осы қатардағы «қабырларда» ғана... бұдан бөліп әкетудің.... құрып-өртеніп кетсін, бәрі қинау.

Бұл сөзден өзім үміттенер камераға келгенімді ұқсам да, Нұрия тағдыры серпілдірмей, баса түсті.

- Осында бірге жатқандардың ішінде тыңшы бар ма? - деп сыбырлап сұрадым қарттан.

- Жоқ, балам... тыңшыға не табылады бұл «қабырдан?»... Көре-көре көзі тесілгендер ғой бұлар. Ондайдың жағын ұсатып жібереді мына Жамалдар!

Таусылмас мұңын ұзақ сонар нақшасымен* толқытып, шалқасынан жатқан Жамалға қарадым.

- Бұл кісі де босап шығу үмітіндегілердің бірі ме?

- Бұл сегіз жылға кесілген. Әлі үш-төрт жылы бар. Бірақ, артында ақтап, іздеп-сұраушылары көп сияқты.

- Неге кісенделген?

- Бұл мықты сарт,- деп күлімсіреді қан-сөлден айрылған сұр шал. - Мұны қалқа моңғолдың шпионы деп Алтайдан ұстаған екен. Неше түрлі зығырықтан өткізіп, қинап-қинап, ешнәрсеге мойындата алмай кесіпті. Содан қызып ауырған адам. «Шың Дубан нақақ кессе, Гоминдан болған неме әділ болса неге босатпайды мені, сендер де сол қанқорсыңдар» деп соқтыға береді. Анау өлеңі айтылып болғанша ештеңе ұқпайды, еш сөзді тыңдамайды да.

Жамалдың асқақ әнін тыңдап, аянышпен қарай бердім. Мықты әнші, қарағайдай тік өскен, сымбатты адам екен. Қара қоңыр жүзі мен қасқа басынан, қайратты қара мұртынан еш қатерден тайынбайтыны көрініп тұр.

- Анау семізше лаухан не қылмыспен келген?- деп сұрадым.

- Ол келгелі үш жылға әлі тола қойған жоқ,- деп жымиды шал, - қытайлығы жоқ деп қамаған сықылды. Шонжы жақтікі, қазақ ішінде өскен, жерлік қытай. «Құйыршық» деп ұстаған бірнеше ел адамын ақтап сақшыға барғанда, «олай болса сен де банды» деп қосақтап айдап әкеліпті.

- Өзіңіз «құрал тапсырмады» деген қылмыспен келдім дедіңіз ғой, құралыңыз бар болса да тапсырмай қойғансыз ба?

- Жоқ, балам, өзім құрал ұстап көрмеген адаммын. Бір кезде жалғыз ұлыма қос ауыз құс атар сатып әпергенмін. Онысын қолқалай берген соң ұлым балдызына беріп жіберіпті. Балдызы тағы біреуге беріп жоғалтыпты. Соны тауып бере алмағаным ғана... Міне, жеті жыл болды, көрмеген қинауым қалмады сол үшін. Қазақ оңған ба, соны қозылатып көбейте берген сықылды.

- Оңбағаны бар қазақ емес, атқа мінер ел басылары шығар,- дедім мен, -  көрсетінді солардан болады ғой, халықты өз қорасындағы қойындай бөліп, ірітетін де, шірітетін де солар емес пе?

- Мұның миыма қонады балам, бөліп қана қоймай сүзістіре жүреді бірі мен бірін. Содан өзімізге-өзіміз жауығып телім-телім болдық та жүрдік қой... Кім ойлаған бұлай боларын? «Бөлінгенді бөрі жейді» деп айта жүріп-ақ ауыл басыларының етегіне жабысып бөліне кететініміз бар. «Иттің сорлысы көш басшыға ереді» дейді, сөйтіп жүріп аштан өлетін-ақ халық екенбіз.

- Сіз оқығансыз ба?- деп қалдым шалдың пікірлілігіне таңдана түсіп.

- Бізде оқу дерлік оқу бола ма, балам. Ескіше әптиектік қана бірдемем бар еді, одан да айрылып қалғанмын. Айтып отырғаным - көргенім ғана ғой. Көре жүрсек те көрмеппіз бұрын, осы түрмеде жатып ойландық.

Қарт осы сөзін айта салып, жанбасы астынан жамаулық боз шүперек алды да қара батсайы тысты тымағын жамай бастады. «Шыға қалсақ бүтінірек шықсын» деп күбірлеп көктеді.

- Балам, осы оқығандарыңнан оқымаған соқырлықтың өзін жақсы көріп қалдым,- деп қарт енді бір тақырыпқа көшті. - Оқығандарың үкіметке алданғыш келеді екен. «Ана үкімет», «жаңа үкімет», «мына үкімет» десіп алданады. Бәрінің бір үкімет екенін уақытында бірі ұқсашы!

- Бәрі солай емес шығар?

- Осыны бәрінен-ақ көргендеймін балам. Ең ақылды, көзді, оқыған деп сенетініміз Шәріпқан мархұм еді ғой, еститін шығарсың?... Сол да алданды ғой Шың Дубанға, ажалдың аузына өз машинасымен, өз еркімен шауып келіп түсті ғой!

- Шәріпқанды ғана емес, Совет одағын да алдап кетпеді ме, ол сұрқия?... Шақаң басқа не жөнінен алданыпты?

- Сол сұрқияңның түгі қызылдығына қызықты ма екен, алғашында тым белсеніп кетті Шақаң... Әлгі, алдымен кеткен бұқат бейсіні Шың Дубанға сол ұстатыпты деседі. (Ондағы Алтайдың дутыңы сол кісі ғой). Бұқаттың туысы Манкей де қолды болып келіп тергеушіге берген жауабында Шәріпқаннан сол кегін алыпты: «Шәріпқан Шың Дубанмен соғысу үшін Советтен Жеменей шекарасы арқылы көп құрал алды» депті ол мархұм...

- Ол кісілер айтпаса да айтты деп басқаларыңызды мойындатпақ болған ғой, тергеушілер осы жолы бізді де сол сұрқиялығымен қинады.

- Өтірік болса жандары шықсын, әйтеуір Шың Дубанның құрал жию қырғыны содан басталды ғой... Мені де шарпып күйдірген сол құрал, құс атарда не әкесінің құны бар дейсің әйтпесе! Мойындағаныңа молшылық-кеңшілік қыламын дегеніне алданған оқығандарымыз қырылып болды. Солардың ішінен әйтеуір Дәлелқан ғана қалқа моңғолға қашып құтылыпты. Алданбай қалған - біздің надан ақсақ1 қана. Қазір жақсы деседі ғой, жолдары болсын, кісілерімнің!

Төңкеріс жайында тұңғиық түрменің не естіп жатқанын білгім келді:

- Не жақсылықтарын естідіңіздер?

- Е, балам-ай, «ел құлағы елу» ғой... Өздеріңнің де темір қасқыр мен аш қасқырдан, ашаршылық тажалынан тез құтылып, мұнда келулерің солардың айбыны шығар. Олар күшеймесе, ең болмағанда жарым сүйектеріңді кемірмей, жап-жас сендерді шығарар ма?...

Әр күні түске дейін нақша айтып жататын Жамал бір күні таңертеңгі тамақтан соң терезе алдына таман барып еді. Бір кезде сәкіден түсе жүрелеп отыра қалып, терезенің төменгі көзінен баспалай сығалады.

- Бері кел, бері кел,- деді маған, - отырып қара, бұ гөйлердің саяси ойынын көрсетейін саған... Анау байлаулы сары жігітті көрдің бе? - деп түрме ауласының арғы шетіне таман, қолы байлаулы тұрған жігітті көрсетті. - Бұл - Алтайлық қазақ жігіт, мен танимын. Өңі сары болғандықтан алып шықты. Әне, әр камерадан ыңғай сарыларды жиып, байлап алып шықты. Осылардың бәрі де Шинжяңда туып-өскен азаматтар, бәрі де бізге таныс. Анау қырма сақал - құмылдық татар, мына бергі бұйра бас - шәуешектік орыс. Мына шыққаны құмылдық қазақ, анау ұзын сары ілелік орыс!... Анаған қара, тепкіленіп шыққаны... қарсылық көрсеткен сияқты, қарап тұр, оның аузын тұмшалап тастайды, көшеде сөйлеп әшкерелеп қояды деп қорқады. Ол ханзуша жақсы сөйлейтін ақсулық татар... Міне біз жақтан шыққаны сенің жерлесің. Бері қараса танисың әуелі, өзің құралпы ғана...

Жерлесің деген татарға көз алмай қарап тұрмын. Оны аржағындағы үш-үштен тізіліп жатқан жиырма шақты ақ сары, шикіл сары, көк көз күреңдерге апарып қосты. Бері қарап тұрса да көзім бұлдырап, тани алмадым.

- Бұларды қайтеді?- деп сұрадым Жамалға таңырқай қарап.

- Бұлардың көбі сары, кейбірі қоңырша болса да орысқа ұқсайды, көзінің көкшілдігіне қылмысты. Төрт көшеден соққылап өткізеді де «қолға түскен Совет әскері» деп жариялайды. Алтай мен Іледен басталған халық төңкерісін «Совет одағының шапқыншылығы» етіп дәлелдемекші... тұра тұр, тұра тұр, қақпа жақтан келе жатқан мына шикілдерге қара енді, бұлар - американдық қожайындары,- деп кідірген Жамал артымыздан ентелеген «қабырластарды» отырғызды, - терезеден көрініп қалмайық...

Мен көз алмай қарап қалдым. «Американдық» дегендерінің арасында еуропалық басқа елдердің тілшілері де бар сияқты. Бәрі де фото аппараттарын дайындай жетіп, әлгі байланған сарыларды сыртылдатып суретке түсіре бастады. Мен орнымнан ыршып тұрғанымды сезбей қалыппын:

- «Совет одағы Шинжяңға шапқыншылық жасады» деп дүниеге жар салмақшы екен ғой, мына саяси жалдаптар!

- Отыр, отыр!- деп Жамал иығымнан баса қойды. - Терезеден қарағанымызды көрсе бәрімізді жазалайды.

- Бұлар өздерінің анық шинжяңдық екенін неге айтпайды?- деп булыға түстім мен.

- Олай десе атып тастайтынын айтып қорқытып қойған. Сонда да айтатындарының аузы тұмшалаулы тұрмай ма?... Саясат әшкерелейтіндерді атып тастайтыны рас, «соғыс қылмыстысы» деп атып, жариялай салғандары бар!

Келген алты-жеті тілші суретке түсіріп болысымен «соғыс тұтқыны» аталған сарыларды толық құралданған сары аяқтар келіп айдай жөнелді.

- Енді көше аралата ұрып, «батырлықтарын» көрсетеді,- деп тістене күрсінген Жамал иегін ұстап, басын шайқап-шайқап жіберді де, кісенін шарқылдата қайтып барып, орнына құлай кетті. Қапалықтың тері кең маңдайынан бұрқырап, күреңіте құлады.

Гоминданның осылайша әшкере арсыздыққа көшіп, халықаралық зор жала жабуы Шығыс Түркістан төңкеріс өртінің өзін шала бастағандығының белгісі еді.

- Бұлардың ішінде расымен соғыста қолға түскендер бар ма?- деп сұрадым Жамалдан.

- Жоқ, бұлардың бәрі Құлжа соғысының алдында түрмеге айдалып келгендер ғой...

Жамалдың сөзін бір бұрышқа жантайған сұр шал бөлді. Ол сіріңкенің бір қорабын құлағына басып, енді біреуін аузына төсеп саңғырлады.

- Ей, не дейсің, анығырақ айтсаңшы?... Мә, Жамал, мә, менің құлағымның жайы келмей қалды, төртінші «қабырдан».

Кісенін шалдыр еткізіп ыршыған Жамал шалдың орнына жетіп құлады да, сөйлесе жөнелді (ірге кірпіштері арасынан өткізілген машина жіптен құрылған «телефон» екен). Көшеге айдалған сарылар жайында қысқаша хабарлап, екінші жауабында, мен туралы болу керек: «бүгін үшінші күн, бір жас жігіт келген... оқушы... Сыфан мектебінен» деп салып, соңынан естігенін маған келіп айтты:

- Жолдастарың осы залдың қарсы камераларына келіп орналасыпты.

- Нешеу екен?

- Олардың көргені он шақты...

Түрмеде көп жатқандардың қысым көре жүріп-ақ соншалық техникаласып алғанына таңдандым. Берік ынтымақ бар жерде алынбас қамал жоқ екенін енді анық көргендеймін. Бұл дүниеде бұларға естілмейтін хабар жоқ сияқты.

Содан төрт-бес күн өтіп, бойым үйреніп қалған кезімде қамаудағы әйелдердің қай камерада екенін сұрастырып едім. «Қазақ қыздың» ешқандай дерегі шықпады. Қайнатадан хабар тіпті жоқ. Дерттің ең ауыры осы Нұрия жайы болып, басымды уқалата берді.

- Балам, бұлай тұқырып отыра берсең қызбаға душарласасың, - дейді шал («қызбасы» жүйке ауруы екен). - Онан да мына Жамалша әндете бер.

Содан бастап әнші екеу болдық. Қарттың сүрленіп алған қатты жүрегін неше рет еріте мекірендіріп, неше рет езіп жылатып та алдым.

- Балам, осы сенің Нұрия дейтінің кім?- деп сұрайды шал. Ұйықтап жатып айғайлап қоятын сияқтымын.

- Қарындасым,- дей саламын. Шал басын изектетей отырып:

- Жассың ғой, балам, адамның басынан әр не өтеді. Талай-талай қызықты дүние өткен ғой бізден де, - деп күрсінеді. - Хабарсыз қалған кәрі ата-анаңның күйігі сенікінен де қиын шығар. Бәріне күйіне берсең не оңарсың? Тас түрме - тас бауыр, тастай бекіп алмасаң мыжып тастайды.

Көп көріп, «көзі тесілген» қарттың бұл сөзі зор қайрат бергендей ыршып тұрып, арлы-берлі жүріп кетемін. Тастай берік қайратқа мінгенсіп жүргенімнің өзінде де аспандай кең ойлы көз жаспен дымданып, «жаудырай қарап тұрады» маған, «біраз күн тауға шыға тұрайықшы» деп қалғандай сезіледі. Бордай боп қайта үгілемін. Оның аса ыстық жүрегі мені отқа түскен теміртектей майырады.

Бір жексенбі күннің түс кезінде Жамалға сырттан мәнті келіп қалды. Сенделіп мен жүрмін, Жамал мәнтіні қатарға тұрғызғандай іріктеп тізе бастады. Байқасам, бір бүрмелісін бірінші қатарға, екі бүрмелісін екінші қатарға, үш, төрт, бес бүрмелілерін тағы сол ретіне қарай тізіп отырыпты. Сонан соң үлкен аяққа бірінші мәнтіден бастап жара бастады да, ет аралас сәбіз қимаға тесіле қарап отырып әр мәнтіден екіден-үштен сәбіз әріп тапты. Ол әріптерді әлгі реті бойынша үш қатар етіп тізді де, кісенін шалдыр еткізе атып тұрды орнынан: «Жың», «Бұратала», «азат» деген үш сөзді жазу құрапты.

- Кел, Биғабіл, бәрің кел, бәрің кел!... Көріңдер мынаны: Жың мен бұратала Гоминданнан құтылыпты!... Алыңдар, қуанышқа, жеңдер мынаны!- деп өзі біреуін қолына алып отыра кетті. - Қашан азат болғанын көрсететін бір-екі сифр қоса салғанда ғой бізге қашан жететінін есептеп шығар едік!...

Осы қуаныштан үш күн өткеннен соңғы бір сәскеде тыртық тамақ хұйзу кілтші есік ортасындағы тесікті ашып қалып, менің атымды шақырды да:

- Мә, мынау анкет, толтырасың, қанша тез толтырсаң соншалық жақсы,- деп қағаз ұстата сала жөнелді. Кестенің сұрайтыны: өзім ең көп жазып әдеттенген аты-жөнім мен мекенім, ең ұзағы - жиырма жасымның кейінгі жарымы болған оқу тарихым, ең қиыны - бұл жолғы қашу себебім екен. Атқа жеңіл өтірігімді желдіртіп жіберіп, шапшаң толтырдым да, өткізе салдым.

Ертеңіне таңертең, ойламаған жерде сақам алшы тұрғандай, есік шалқасынан ашылды. Кілтшісінің «шықтың» деген сөзі көзімді шырадай жандырды. Бір ай ішінде-ақ бірге туғандай біте қайнасқан «қабырластарымды» қайта кіре бір-бірден құшақтай қоштасып шыға бердім.

Түрмеден шыққан адамға түнек те нұрдай көрінбей ме, сәскеге көтерілген күн қалай жарқырайды десеңші?! Тұнық аспан Нұрияшымның көзіндей жаудырап көрінгенде жалын атылғандай болды жүрегімнен. - «Аһ, қайдасың, Нұрым?!»...

Кілтшінің бастаған жағымен екі иін айналысыммен жарқ ете түсті жолдастарым, асхана алдында жуынып сүртініп жатыр екен. Түп-түгел!

- Ау, Биғаш, аманбысың?.. Денсаулық қалай? - деп алдымен Мұса жетіп, ең сағынышты інісіндей қыса құшақтап сүйді бетімнен. Бұрынғы жарау ғана қара түрмеден қаңылтақ қараға айналып шығыпты. Қаңбақтай көтеріп алдым...

- Осында қайтып келе жатқанымызда санынан шымшып амандасқанмын. Терісін қандала сыпырып алып қалмағаны анық,- деп езуін құлағына жеткізе күліп тұр. Бәрінен Ынтықбай ыстық амандасты:

- О, балуаным! - деуге ғана үлгіріп құшақтады ол. Қалың қабағының астындағы өжет көзіне жас іркіле қалды. Ешқайсымен күресіп көрмесем де, «балуан» атауы - сенің жауабыңмен жықтық дегені екен.

- Халықтың қалилары қырқай шалған ғой шырақтар,- деп Қуат анықтады бұл сөзді, - Халық талабы болмаса, біздің жауабымыз жыққанды қойып, жұқпас еді бұл жауызға! Мына Әмірқанның құлағы мен тамағына, ана Серәлінің иегіне қараңдаршы, жауаптан жығыларын, ертеңіне одан ұяларын білетін болса, осылай істей ме?...

Серәлінің иегінен қармақ салып асыпты, тесіп өткен қармақтың терең тыртығы тұр. Әмірқанды жіңішке сыммен қылқындырып, мойнын қиып түсіре жаздапты. Оған мойындамаған соң құлақтан іліп құлағын жыртып жіберіпті. Дәрігерге тіктірсе де мәңгілікке тілік ен салғандай. Осы ең жасымызды мойындатып алуға бар зұлымдығын жұмылдырған екен. Үйренген жауабынан сонда да жаңылмай, жаза баспай шыққан қайсар, Әмірқанды құшақтап сүйіп-сүйіп алдым.

- Мінеки балуан деген!... Мінеки батыр деген!...

Тойға келгендей сәнді киінген ақ сұр Кыжаң жетті. Ақ жағаға қара галстугын қатыра байлап, сұр шляпаны бір шекесіне қондыра киіпті.

- Беттеріңді таза жудыңдар ма?- деп бәрімізге үңіле-үңіле қарап шықты. - Жағаны түзеңдер, түймені толық салыңдар... екіден тізіліңдер... тәртіпті жақсы сақтаңдар, а, өте жақсы сақтаңдар, үлкен кісі кездеседі сендермен. Оның алдында иіліп, аяқтарыңды қосып тұрыңдар... Ал, ілесіңдер менің артымнан!

Үлкен төрт көшеден өтіп, бұл күнде «Бау-ан слиңбо»1 аталған бұрынғы Дубан мекемесіне барып кірдік. Бәрімізді Жу шауляңның «қабылдау залы» алдындағы ұзын орындықтарға отырғызып, генерал келгенде қақшия қалатын жөн-жосындарын тәптіштеп үйретті.

«Сары аяқтардың әскери сары ала қолбасшыларын қарсы алармыз» деп отырғанымызда, жырық етек ұзын қоңыр торғын шапанның етегі сүйретіле жалбыраған дәу «Жаңгүдүй» мамырлай келе жатты. «Еркек» екенін қоңыр шляпасы әйгілегенімен де генералымыз тіпті қызық көрінді бізге: шүперек түйме-баулы, иінсіз жеңді қара торғын кеудешесін сыртынан кигендігінен жырық етек шапанының ұзын етегі «тайтайларының» белдемше көйлегіндей көлбеңдейді, «тәңірі» мол құйған шойын табадай қалың бет-жүзді, қисық көз, жуан тұмсық қара сұр аспансыған асқақ ханымша сыздана жетті.

- Бізге үлгі етпек «ұлы мәдениетімен» келді ғой, тікейіңдер!- деп күбірледі Ақай. Қазқтай қатып тұра қалдық. Арыстандай ажар, жолбарыстай жон көрсетпек раймен кекірейіп, көз құйрығымен шола қарап өтті генерал. Түп жақтағы бір есікке барып кірісімен, тергеушіміз қолын шошаң еткізіп, қабылдау бөлмесін нұсқады.

Жиырма-отыз адамдық қана кішкене зал екен. Қонақасыға даярланғандай таза ақ дастарқан жабылып ұзыннан тізілген үстелге әйнек стакандар мен термос, сигар, гүл сауыттар қойылыпты. Біз отырысымызбен ақ халатты әйел кіріп, стакандарға қайнаған су құйып, алды-алдымызға қойып шықты.

Ақай мен Серәлі «қандала ордасында» мұндай бір стакан судың неше адамға жететінін есептей күбірлесіп отырғанда ұзын етек генерал кірді. Тағы да шақ-шұқ қаздия қалдық. Ол есік жақтағы орындыққа шірене жайғасып, бізді қол ишарасымен отырғызды да нән қоңыр үнімен сыздықтата сөйледі. Аударушы сұрсы да нән үнімен тереңсіте-қымбатсыта, нақтап аударғанымен миымызға қонары үш ауыз ғана сөз болды: «сендер тым надан, өте мешеу оқушысыңдар, сондықтан, кімге алданғандықтарыңды да білмей қалдыңдар», «зор қылмыс өткізсеңдер де сол себепті бір рет, тек бір рет қана кеңшілік еттік. Жұңхуа Мингоның бұл қамқорлығына мәңгі борыштарсыңдар. Газеттерде үкімет алдындағы осы борыштарыңды жазыңдар», «бәрің жап-жас екенсіңдер, ішкеріге, әсіресе Чұңчиңге барып оқысаңдар көздерің ашылады» дей келіп, «толық түсінікті Ху чужаңнан» еститіндігімізді ескертті де, қайқая жөнелді.

Тергеушілер бастығы енді бізді сақшы басқармасына ертіп апарды. Ху гожынның қабылдау бөлмесі шыжыған ыстықтан терлеп келсек те тоңдыратындай ызғарлы сезілді бізге. Үш қабырғаға бірдей іргелете қойылған арқалықсыз ұзын орындықтарды боз қыраудай тозаң басыпты. Әйелдерді керуетінде  қабылдайтын бұл қан ішер бөлмесінде көптен-ақ ешкімді қабылдамаған сияқты. Есік жақ қарсымызға қойылған шағын қоңыр үстел мен екі орындық қана мұздай жарқырап, таза сүртіліпті.

Қою қара шашын жалтырата майлап, жыға тараған, қыры пышақ жүзіндей қоңыр сым-костюмды, ұзын бойлы қара сұр келе жатқанын ашық терезеден көрдік. Артынан сәулетті екі офицер дедек қаға еріп келеді. Қанталай шатынаған көзіне қарай сала ыршып тұрыстық. Ол бізді құтырған қасқырша ырсия шолып тұра қалды. Жалтыр үстелді сұқ саусағымен сипап жіберді де, арт жағына мойнын бұра түйілді. Екі офицер жарыса жүгірді сыртқа. Екеуінің қатар жүгіргені бір ғана үстел сүрткіш орамал екен. Біреуі соны ұстап, біреуі қосар  аттай бос шауып келді де, бірі әкелген орамалымен, бір алақанымен орындық үстелді ысқылап-ысқылап жіберді.

- Бүйтіп тапқан шендеріңді...- деп Қуат күбірледі.

- «Қан ішер» десе қан ішерім-ақ екен-ау!- деп сыздықтата Ақай жымиды. Сұраулы пішінмен таңырқай қарап Мұса отыр.

- Германияның шпиондық мектебінен өрбіткіш қандала нәсілдендіруді де жақсы оқыған екен-ау,- деп күбірледі бір орайда.

Екі қызметкер офицері орнын қанша ысқылап-сүрткенімен бастығы үстел-орындыққа жирене қарап, тік тұрған күйі сөйлей жөнелді. Әлгі екі сорлының бірі аудармашы екен. Басқарма бастығы ішкі ауқым жөнінен «Шығыс Түркістан» мәселесін ашпай, бұрыннан ел құлағына қанық «Оспан бандысының сегіз жылдан бергі лаңын» сөз етіп еді. Оның «толық құралды қарақшылығын», әліге дейін жойылмай «халықты бұлап-талап», «қырып» келе жатуы «жиянгердің» «тірек болып құтыртуынан» екенін сөйлегенде өз құтырығы да асқынып, жараған бураша зіркілдей жөнелді. Ақ көбік атқан езуі мен шоқтай қызарған көзі, әр сөзінің арасына «а» дыбысын нығарлап қосса да тістенулі қалпында ырсиятын ірі тістері атылғалы тұрған аса ірі жыртқыштай тым суық көрініс береді екен. Сөйте келіп, ең сойқанды бір сұрауды қойып кеп қалды бізге:

- Оспан бандыларын қаруландырып, құтыртып отырған кім?

Бұл қандестің ататпақ болып тұрғаны Совет одағы екенін білсек те, әдейі аңыра қарап жым-жырт отырып қалдық.

- А... кім?... Кім жауап береді?... Айтасыңдар ма, жоқ па?!

Ешқайсынымыз жауап қатпай тұқыра түсіп едік, ең үлкеніміз екені сақалынан танылатын Ақайды нұсқады:

- Сен сөйле!

- Оспанды қаруландырған жапон жиянгерлігі! - деп шімірікпей қатып тұра қалды Ақай.

- Қоянның миы құрлы миың жоқ екен! - деп зекіді Хугожын. - Алтай мен жапонияның арасы қанша жер екенін білмеймісің? Аралығында біздің өлкеміз, миллиондаған армиямыз тұрғанда жапон қайтып қаруландырмақ!... Сен жауап бер!- деп сонан соң Ынтықбайды, Шақанды, Қуатты, Салықты бір-бірден тұрғыза берді. Бәрі де сол бір жауаптан жазбады. «Жапон» аталған сайын атылып шығардай шақшия түсті қанды көз. Бәрін бір-бір тілдеп өте берді.

Бұл сұрауға Шинжяң көлемінде «жапоннан» басқа жауап лайық келмейтінін түсіндіргім келді. «Сонда осы боқтықтарымен өздерін тілдеу ғана дұрыс болатынын қоса түсінер» деген оймен рұқсат сұрай түрегеліп сөйледім.

- Оспан «бандысы» - біздің мемлекетіміздің жауы. Ішкі жауымызға, әрине, сыртқы жауымыз ғана көмектеседі. Жауға досымыз көмектеседі десек, тілдемек түгіл қайта түрмелеп қойсаңыз да дұрыс болар еді. Жапон фашизмі - елімізге көптен шапқыншылық жасап келе жатқан ең қас жауымыз ғой. Сондықтан, Оспанды жапоннан басқа ешкім де қаруландырған жоқ деп түсінеміз!

- Ы ... һы... - деп гүж етті Ху Гожын. - «Қызыл жиянгер» деген кім?

- «Қызыл жиянгер!» ... Ол немене? - деп мен таңданғандай өзінен сұрадым. - Ондай жиянгерді мүлде естімеген екенбіз. Біздің мемлекеттің маңында жапоннан басқа жиянгер жоқ, шекаралас досымыз - Совет одағы ғана бар. Оны бізге жау деп ешкім оқытқан емес... «Қызыл жиянгер» деп Жапонды айтып тұрған шығарсыз, әлде?

Ху Гожын ырсылдай күлді, күлкісінің өзі де ырылдағандай естілді.

- Сендерде ми жоқ!... Сендерді «адам» деп атағанның өзі ақымақ!- деп зіркілдеп алды да, бәсең үнге ауысып, түсіндіруге кірісті. - Бәрің отырыңдар!... Қызыл жиянгер сол «досыңның» дәл өзі. Оны «дос» деп саясат үшін ғана айтамыз, - деп бастады да, «Жұңхуа Мингоның нағыз жауы сол» екенін, «еліміздің ішіндегі бандыларды үздіксіз қаруландырумен ғана тынбай, өз армиясын Шинжяңға жіберіп үздіксіз шапқыншылық-қырғыншылық жүргізіп» жатқанын «ұғындырды». - Оған біздің құдіретті армиямыздың қылшығы да сынбады, біз жеңдік! - деп сөз соңында арландық көрсете тоқтады. - Мұны сендерге толық түсіндіру үшін ғана айтып тұрмын. Сендер оған алданып зор қылмыс өткіздіңдер, бұл рет кеңшілік еттік. Екінші рет қателессеңдер қатал жаза қолданылады. Қайта қателеспеулерің үшін ғана түсіндіргенім ғой. Мұны өзге ешкімге айтпайсыңдар! - деген ескерту өлекшіндігін қайта әшкерелей салды. - Бір адамға айтатын болсаңдар менен рахым күтпеңдер, ұқтыңдар ма? Ұқпаған мәселелерің болса осы жерде сұрап алыңдар, басқа жерде сөйлесеңдер бастарыңды мылжалаймын!

Ақай тым ибалы қалыпқа түсе рұқсат сұрап орнынан тұрды:

- Біз оншақты жыл оқып білмегенімізді бүгін сіздің сөзден ғана бідік, түсіндік. Қателеспеуіміз үшін үлкен қамқорлық еттіңіз, рахмет чужаң, - дегенде көгілдір сары көзі ойнақши қалды да, қырма қоңыр сақалы тікірейе түсті. Өлекшіндігін бетіне басқалы тұрғанын сезе қойдық. Алғысын қайталай айтты Ақай. Дәл «қызыл жиянгер» жағынан қателесе қоймаспыз, мың рахмет. Советтің «жиянгер» екендігін біз расында да білмейтінбіз. Білмейтіндігіміз «ақымақтығымыздан» емес, біз оқығаннан бастап оқытушыларымыз «дос» деп қана түсіндіріп келеді; жау екенін газеттен де көрмедік... газеттен «қызыл жиянгер» деген атау оқып көрдіңдер ме, сендер?!

- «Көрмедік», «ондай мақала да жазылмады», - деп біз шу ете түстік.

- «Мінеки, чужаң, сауатымызды сіз ғана аштыңыз. Осы түрмеге түсіп, сізден осындай «ұлы түсінік» алған біздің бақытымыз зор екен, біз енді қателеспейміз. Сізден түсініп алатын бір ғана сұрауым қалды. Ол былай: қалған сабақтастарымыз тіпті надан, «қызыл жиянгер» дегеннен мүлде бейхабар надан. Сіз «ешкімге айтпа» дедіңіз, басымыз үшін біз, әрине, айтпаймыз, газет те, оқытушылар да солай, айтпайды. Солардың бір тобы тағы да біз сияқты үйін іздеп қашса, біз сияқты ұсталып, сіздің алдыңызға келеді. Осы қиын жұмбақ «қызыл жиянгерді» сізге олар да айтып бере алмай қиналады. Олар да «қоянның миы құрлы миы жоқ» ақымақ емес пе, әрине, айтып бере алмайды. Сонда, білмеген оларды боқтайсыз ба, біліп тұрып айтпаған бізді боқтайсыз ба?

Ху чужаң бұл рет көбірек ырылдағандай күліп алды да, ұзағырақ «түсінікке» кірісті. Бұл реткі түсінігінен түйір таба алмай мезі болдық та әйтеуір, алғашқысындай арланша емес, өлекшінше қыңсылағанын ғана түсініп жымиыстық. Бірдемесін солай күбірлеп айтып бола сала, арландығы қайта ұстағандай адыраңдай жөнеледі.

- Бұл реткі ауыр қылмысқа сендерді надандықтарың жетектеді. Мұндай хайуан түйсігі қайта қателестіреді. Бұдан құтылып, адам болуларың үшін Чуңчиңге барып оқыңдар. Жұңхуа Минго үкіметі сендерді адам ету жолында қамқорлығын аямайды. Аэропланмен барасыңдар, әрқайсыңа қырық мың доллардан жол расхотын береміз. Бұдан үлкен қамқорлық қай елде бар... рас па, рас емес пе?!.. Қайсысың Кулидің қай қаласына барып оқимын десеңдер рұқсат, қырық мың деген соң сол қырық мың... Мына Жяу фугуан1 мен Уаң тілмашқа тізімделгеннен кейін мектептеріңе қайта тұрасыңдар. Аэроплан билеті алынып болған соң, ақшаларыңды қолдарыңа беріп, жолға саламыз. Солай ма, солай емес пе?!

- Үйімізді сағынғандықтан, өзіміз іздеп келген осы мектептерімізді де тастап қаштық қой,- деп бірнешеуіміз қатар көтерілгенде Ху Гожын есіктен шығып та үлгіріп еді.

- Әлі де хайуан түйсігімен сөйлеп отырсыңдар, ойланыңдар! - деп қайрыла жауап қайырды да, екі қызметкері біздің тізімді үстелге жайып жіберіп, бір-бірден сұрай бастады.

«Адам ету» дегені адам сайтан ету, «шпион заводына» жіберу екенін түсінген біздің жолдастардың ешқайсысы жазылмай, әлгі сөздерін қайталады. «Үкіметіміз шын қамқорлық еткісі келсе, үйімізге жіберсін, әке-шешемізді көріп, ақылдасып келейік» деген пікір айтысып отырып алды.

Сыфан мектебінен тәртіп меңгерушісі мен «түйе» журынды шақыртқан екен. Ху Гожын олармен кеңсесінде айырым сөйлесті де, сабақтас он екімізді соларға тапсырып берді. Екі «ұстаз» есіркеген рай көрсетті. Екеуі де қасқыр еркелетіп, айдаһар аялағандай «елжірей» күлімсірейді.

- Әйя, қатты жүдепсіңдер, тозқыпсыңдар! - деп меңгеруші бастай жөнелді де:

- Сіз де сынған кірпіштей, майрылған қылыштай азыпсыз-ау!- дегенді күлімсірей күбірлесіп біз ілестік.

 

Әділетті тергеушім, сол кезеңде біздің тозуымыз да, аяздай қысқан тәртіп меңгерушінің ызғары сынып, азуы да анық еді. «Құдай есіркегенде» сізге де жоғары жақтан бір нұсқау келе қалса, мұзыңызға жылы нұр құйғандай аза қалуыңыз ғажап емес шығар. Қасқырдың қоян болуы мен қоянның қасқыр болуы адамзат қоғамында асусыз кезең, өткелсіз өзен емес қой, ысқыра бермесеңіз екен!

Осы тарауға байланысты өзіңізге айтылған осы пікірден зор қылмыс жоқ-ақ шығар. Өмір өзгереді дейтін «қанқұйлы» кері төңкеріс сөзімен қазіргі жаһаннам ошағында жатқан оңшылдар ғана езеуреп өліп жатпай ма, көреген қырсығым!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



1 Лаухан (ханзуша) - шал, қарт деген сөз.

2 Шяухозы (ханзуша) - жас жігіт, бозбала.

* Нақша (ұйғырша) - ән, өлең.

1 «Ақсақ» деп Оспанды атайды, Оспан бір аяғына оқ тигендіктен сылти басады екен.

1 Бау-ан слиңбо (ханзуша) - амандық сақтау қолбасшылық штабы.

1 Фугуан (ханзуша) - адютант, көмекші офицер.

0 пікір